Мәида сүресі, 169-бөлім, 98-102 аяттар
Мәида сүресі, 169-бөлім, 98-102 аяттар
"Мәида" сүресінің 98-99 аяттары:
اعلموا ان الله شديد العقاب و ان الله غفور رحيم ما علي الرسول الا البلاغ والله يعلم ماتبدون و ماتكتمون .
"Біліңдер! Күдіксіз А... қатты азап иесі, шынында А... өте жарылқаушы, ерекше мейірімді. (98) Пайғамбарға жалғастыру ғана міндет. А... көрнеу істегендеріңді де, жасырғандарыңды да біледі. (99)"
Кейбір адамдар пайғамбарлар қажылық пен оның салттары туралы және басқа да саладағы нұсқауларды өз ойынан шығарған және қалаған адамына жаза мен сауап береді деп ойлады. Осы аяттар мұндай бекер ойларға былай деп жауап береді: "Біріншіден, пайғамбар А... тарапынан келген үкімдерді жеткізуші. Ол өз ойынан еш нәрсе қоспайды да, еш нәрсені кемітпейді. Екіншіден, сауап пен жазаны пайғамбар емес, А...-ның өзі береді. А... тағала нұсқауын орындағанға сауап жазады, ал бағынбағанды жазалайды. Сондықтан міндеттемелер мен жазалар А...-ның тарапынан, пайғамбар ол жерде ешқандай рөл атқармайды". Сонымен қатар дінді мойындап, иман келтіру үшін пайғамбар халықты мәжбүрлей алмайды. Ол ешкімді де өз уағыздарын қабылдауға күштемейді. Өйткені иман - ішкі сезім. Кімнің көңілінде иман бар екенін, ал кімнің көкірегі күпірлікке ластанып, сырт көзге иман келтірген болып көрінуге тырысатынын тек А... ғана біледі. Осы аяттан үйренетініміз:
Біріншіден, мүмін әрдайым қорқыныш пен үміттің арасында болуы тиіс. Яғни өзінің қателіктері үшін берілетін жазадан қорқып, А...-ның рақымы мен кешіріміне үміттенуі керек.
Екіншіден, пайғамбардың міндеті – халықты дінді қабылдауға мәжбүр ету емес, оны жеткізу ғана болып табылады.
Үшіншіден, А...-ның алдында құпия мен айқын бірдей болғандықтан, екіжүзділік пен көз бояушылықтың пайдасы жоқ.
"Мәида" сүресінің 100-ші аяты:
قل لايستوي الخبيت و الطيب و لواعجبك كثره الخبيت فاتقواالله يا اولي الالباب لعلكم تفلحون.
"(Мұхаммед .с.): "Сені арам нәрсенің көптігі қызықтырса да, лас пен таза бір емес. Ендеше, әй ақыл иелері! А...-дан қорқыңдар, әрине құтыласыңдар",-де. (100)"
Мүміндердің дін мен сенімдерге деген сезімдерін әлсірететін істердің бірі – тарихта кәпірлердің көптігі мен мүміндердің аз болуы. Бұл аят пайғамбарға (с) былай дейді: "Дұрыстықтың өлшеуі көпшілікте емес. Егер бір қоғамда көпшілік дін мен пайғамбарлардың жолына қарсы жүрсе, бұл сенімнің дұрыстығына нұқсан келмейді. Ақиқат дегеніміз - А... тарапынан берілетін және адамның ақылы оның жақсылығын түсінетін нәрсе". Сол себепті А... тағала осы аяттың соңында ақыл иелеріне былай дейді: "Бақытқа жетеміз десеңдер, А...-ға және Оның тарапынан келген нәрсеге көңіл қойыңдар! Өйткені ол ақиқат пен жалғанның өлшемі". Өйткені әдемілік пен көріксіздік, азғындық пен пәктік, жақсылық пен жамандық ешқашан бір болмайды. Бір қоғамдағы адамдардың көпшілігі арсыздық пен азғындыққа салынуы себепті олардың ісінің жамандығы кетіп, жақсылыққа айналады деуге бола ма? Мысалы, бір бөлмеде бес адам отыр делік. Олардың төртеуі темекі шегіп ауаны ластайтын болса, тек біреуі ғана таза ауаға зәру болмақ. Сонда кімдікі дұрыс? Әлгі адам жалғыз болғандықтан таза ауамен дем алу үшін бөлмеден шығып, қалған төртеуі бөлмені түтінге толтыруы тиіс пе? Осы аяттан үйренетініміз:
Біріншіден, көпшілік – дұрыстықтың да, артықшылықтың да дәлелі бола алмайды. Сондықтан: "Ұятқа қалмайын десең, көпшілікпен бірге бол",-дейтіндердің қисыны ақыл мен Құран қисынына сәйкес келмейді.
Екіншіден, барлық адамдардың ақылы бар болғанымен, олардың көбі қоршаған әлеуметтік жағдай мен салт-дәстүрлер бойынша өмір сүреді. Бірақ ақылмен жүретіндер аз. Сондықтан олар көпті құрағанымен, бұл олардың істерінің дұрыстығына себеп бола алмайды.
Үшіншіден, нағыз бақытқа жету үшін ақылмен қоса, имандылық пен тақуалық та қажет. Осылайша адам илаһи өлшемдер бойынша ақиқат пен жалғанды ажырата біліп, дұрыс шешім қабылдайды.
"Мәида" сүресінің 101-102 аяттары:
يا ايهاالذين آمنوا لاتسئلوا عن اشياء ان تبدلكم تسوكم و ان تسئلوا عنها حين ينزل القرآن تبدلكم عفاالله عنها والله غفوررحيم قد سئلها قوم من قبلكم ثم اصبحوا بها كافرين
"Әй, мүміндер! Егер айқындалса сендерге жаман болатын нәрсені сұрамаңдар. Құран түсірілгенде оны сұрасаңдар білдіретін еді. А... оны кешті. А... аса жарылқаушы, өте жұмсақ. (101) Расында сендерден бұрынғы бір ел де сөйтіп сұрап, сонан кейін оған қарсы болған еді. (102)"
Сұрақ қою – білім мен даналықтың кілті болғанымен, кейбір сұрақтар пайдасыз болумен қатар, қоғамда бірқатар түйткілдер тудыруы мүмкін. Мысал үшін, егер соғысып жатқан бір үкіметтен: "Қоймада қанша бидай бар?",-деп сұрасақ, халыққа нанның жетіспеуі мен сыртқы жаудың қысымының күшеюіне себепші болады. Діни істерде пайғамбар халыққа қажетті мөлшерде айтып, түсіндіреді. Кейбіреулер сылтау үшін сұрақ қояды. Кейде мұндай сұрақтарға берілген жауап, қоғамда түйткілдер тудыруы мүмкін. Тіпті кейбіреулер берілген тапсырмадан жалтару үшін сұрақ қояды. Мұның мысалы, хазірет Мұса (ғ) заманында исраил қауымына бір сиырды бауыздау тапсырылған еді. Бірақ олар бұл тапсырманы қиын деп сылтауратып, сиырдың түсі, пішіні, жасы және т.б белгілері туралы сұрай береді. Олардың сұрағына жауап берілген кезде әлгіндей сиырды табу қиынға соғады. Рауаяттарда жазылғандай, пайғамбар (с) халыққа қажылық туралы әңгімелегенде, бір кісі: "Қажылықты жыл сайын орындау керек пе? Әлде өмірде бір рет қана парыз етілді ме?",-деп сұрайды. Пайғамбар (с) жауап бермейді. Ол өзінің сұрағын тағы бірнеше рет қайталайды. Сонда А...-ның елшісі: "Осыншама сұрап не болды? Егер қажылықты жыл сайын орындау парыз етілген болса, оны өзім айтар едім",-дейді. Осы аяттан үйренетініміз:
Біріншіден, әр нәрсені білу қажет те, пайдалы да емес. Сондықтан білімнің пайдалысын үйрену керек. Ренжітетін және қоғамда кикілжің тудыратын істерді білудің қажеті жоқ.
Екіншіден, адамдарға кейбір нұсқауларды артпау А...-ның кешірімділігіне жатады. Түсіну қабілеті жоқ адамдарға кейбір ақиқаттар айтылса, олар оған күпірлік танытуы мүмкін.