Жел 27, 2016 19:38 Asia/Almaty

Мәида сүресі, 167-бөлім, 92-94 аяттар

"Мәида" сүресінің 92-ші аяты:

و اطيعواالله و اطيعواالرسول واحذروا فان توليتم فاعلموا انما علي رسولناالبلاغ المبين .

"А... және пайғамбарға бойсұныңдар, (оларға қарсы келуден) сақтаныңдар. Егер (бойсұнудан) бас тартсаңдар, пайғамбарымыздың міндеті (А...-ның әмірін) ашық жеткізіп қою ғана екенін біліп қойыңдар. (92)"

Естеріңізде болар өткен бағдарламада талқылаған аяттарда А... тағаланың құмар ойындар мен арақтан аулақ болуға бұйырғанын баяндадық. Осы аят былай: "А...-ның осы нұсқауын орындаңдар! Пайдасы өздеріңе тиеді. Ондай істердің салдарынан қорқыңдар. А...-ның үкіміне теріс қарап, А... мен оның пайғамбарына нұқсан келтірдік деп ойламаңдар. Өйткені пайғамбардың міндеті – А...-ның нұсқауларын жеткізу ғана",-дейді. А...-ның нұсқауларын орындау Оған ешқандай пайда бермейтін тәрізді, оны орындамау да ешқандай зиян келтірмейді. Осы аяттан үйренетініміз:

Біріншіден, пайғамбарлардың міндеті – илаһи жолдауды халыққа қабылдату мен орындату емес, оны жеткізу ғана. Олар халыққа түсіндіруді қалайды, ал халық таңдауға ерікті.

Екіншіден, А...-ға бағыну пайғамбарға бағынумен байқалады. Сондықтан Құранда айтылған нұсқаулармен қатар, пайғамбардың сүннетін де ұстану керек.

"Мәида" сүресінің 93-ші аяты:

ليس علي الذين آمنوا و عملواالصالحات جناح فيما طعموا اذا مااتقوا و آمنوا و عملواالصالحات ثم اتقوا و آمنوا ثم اتقوا واحسنوا والله يحب المحسنين .

 "Иман келтіріп, ізгі істермен шұғылданғандар егер (арамнан) сақтанып, сене отырып, ізгі іспен шұғылданса, одан соң (арамнан жалғасты сақтанып), сенсе, одан соң да сақтанып, ізгі істермен шұғылданса, (өткенде талғамай) жеген нәрселері күнәға жатпайды. А... жақсылық істеушілерді ұнатады. (93)"

Рауаяттарда айтылғандай, шарапқа тыйым салу жөніндегі аят түскен соң кейбір мұсылмандар осы аят түскенге дейін шарап ішкен адамдарды жағдайы туралы сұрақ қояды. Сонда осы аят түсіп оларға былай деп баяндайды: "Осы үкім түскенге дейін болғанға жаза жоқ. Тек тақуалықты ұстанып, бұрынғыны қайталамау керек. Құмар ойындары мен шараптың орнына жақсы істер істеп осы жолда берік болу керек". Бұл аятта "тақуалық" пен "иман" сөздері үш рет қайталанып, оның өмірде маңызды рөл атқаратынын аңғартады. Адам баласы дүние мен ақыретте бақытқа жетуі үшін жүрегімен иман келтіріп, іс жүзінде тақуалықты сақтауы тиіс. Осы аяттан үйренетініміз:

Біріншіден, басқаларға жақсылық істеу иманның жоғары деңгейін көрсетеді. Сондықтан да А... жақсылық істеген адамды жақсы көреді.

Екіншіден, жалғыз иман жеткіліксіз, амал қажет. Амал ізгі және жақсы болуы тиіс.

Үшіншіден, иманның құр атауы және уақытша болуы пайдасыз. Иман өмір бойы жалғасып, түрлі салаларда байқалуы тиіс.

"Мәида" сүресінің 94-ші аяты:

يا ايها الذين آمنوا ليبلونكم الله بشي من الصيد تناله ايديكم و رماحكم ليعلم الله من يخافه بالغيب فمن اعتدي بعد ذلك فله عذاب اليم .

"Ей, мүміндер! Көрмей тұрып А...-дан қорқатындарды білу үшін, А... қолдарың, найзаларың жетіп тұрған түз тағыларымен сендерді сынайды. Кімде-кім бұдан соң шектемеден шықса (яғни ихрамда тұрып аң ауласа), ол азапты жазаға душар болады. (94)"

Осы және одан кейінгі аяттар қажылық үкімдері мен қажылық амалдарын орындау үшін Меккеге келген адамдар жайлы. Қажылық кезінде иһрам киген қажыға аң аулауға болмайды. Бұл жердегі қызықты жайт, қажылық кезінде кейде аңдар адамға қолмен ұстауға болатындай қашықтыққа жақындайды. Бірақ осындай үкім арқылы А... тағала адамдардың қайсысы оның әміріне бойсұнғанын, ал қайсысы нәпсіге еретінін сынайды. Құранда А... тағаланың басқа да сынақтары кездеседі. Соның ең әйгілісі Адам-ата мен Хауа-ананың пейіштегі оқиғасы. Өкінішке орай олар бұл емтиханнан өте алмай, тыйым салынған ағаштың жемісін жейді. Әрине А... тағала өзінің шексіз білімімен біздің амалдарымызды біліп тұрады. Сондықтан оның емтиханы бізді тану үшін емес, бізге өзімізді танып, қабілеттерімізді дамытып, кемелдік жолдарын білу үшін беріледі. А... тағала адамның амалдары бойынша жаза мен сауап береді. Өйткені біз де біреуге оның өнерпаз болғандығы үшін ғана емес, оның көрсеткен өнері үшін сыйлық береміз. Мүміндер А...-ға бойсұндық дейді, бірақ бұл сөздер сынау барысында ғана дәлелденеді. А... тағаланың нұсқауын орындаған кезде ғана оған бойсұнған боламыз. Біз шарап пен басқа да арам етілген нәрселерден аулақ ұстанған кезде ғана емес, тіпті халал нәрседен де бас тартқанымызда А...-ға бойсұнғанымыз дәлелденеді. Осы аяттан үйренетініміз:

Біріншіден, емтихан – Жаратушының барлық адамдарға, әсіресе мүміндерге арнаған міндетті дәстүрлерінің бірі.

Екіншіден, тақуалық пен иманның өлшемі жұрттың көзінше күнә жасамау емес, ішкі қорқыныш болып табылады.

Үшіншіден, қажылық кезінде А... тағала адамның бойсұну сезімін тәрбиелеу үшін оған көптеген халал етілген нәрселерді харам етті.