Жел 27, 2016 19:42 Asia/Almaty

Мәида сүресі, 163-ші бөлім, 76-80 аяттар

"Мәида" сүресінің 76-шы аяты:

قل اتعبدون من دون الله مالايملك لكم ضرا و لانفعا والله هوالسميع العليم. 

"(Ей, Мұхаммед!) Оларға: "Өздеріңе пайда да, зиян да тигізе алмайтын, А...-дан басқа бір нәрселерге шоқынамысыңдар?",-деп айт. А... – бәрін естуші, білуші. (76)"

Өткен бағдарламада оқылған аяттарда христиандардың хазірет Исаны (ғ) құдай деп санауына тоқталған болатын. Осы аят сол тақырыпты жалғастырып: "Мәсіх (ғ) сендерге ешқандай пайда мен зиян келтіре алмайды, ендеше оған қалай табынасыңдар?",-дейді. Бір пайғамбар А...-ның рұқсатынсыз адамның өмірінде ешқандай рөл атқара алмаса, табынуға тұрмайды. Осы аяттан үйренетініміз:

Біріншіден, сәл ойланған кезде құдайға серік қосудың жалғандығы анықталады. Сондықтан А... тағала адамдарға "сендердің өміріңе әсер ете алмайтын істерге қалай табынбақсыңдар?" деген сұрақ қояды.

Екіншіден, А...-дан басқа ешкім адамның қажеттіліктерін шешу түгілі, оны толық білмейді.

"Мәида" сүресінің 77-ші аяты:

قل يا اهل الكتاب لاتغلوا في دينكم غيرالحق ولاتتبعوا اهواء قوم قدضلوا من قبل واضلوا كثيرا و ضلوا عن سواء السبيل .

""Ей, кітап иелері! Діндеріңде орынсыз шектен асып кетпеңдер. Бұрын өздері азғындап және көптеген адамдарды аздырған, (сондай-ақ) тура жолдан тайған қауымның зауық-нәпсісіне берілмеңдер",-де. (77)"

Кітап иелерінің өздерінің пайғамбарларына қатысты шектен тыс шығуы туралы аяттардан кейін осы аят олардың әсірешілдік етуіне тыйым салып былай дейді: "Илаһи пайғамбарлардың кемелдігін айтқан кезде шектен шықпаңдар және оларға ақиқатқа жатпайтын нәрселерді байланыстырмаңдар". Адамзат тарихы әлсіздік пен әсірешілдікке толы. Адамдардың бір тобы пайғамбарларды қарапайым адамның деңгейінен де төмен түсіріп, оларды надан әрі ақымақ деп санаса, басқа бір тобы оларды асыра мадақтап, Құдайдың дәрежесіне дейін көтерген. Ал шын мәнінде пайғамбарлар – кәдімгі адамдар. Олар тек өздерінің пәктігі мен ізгілігі арқасында ғана илаһи аянды қабылдау қабілетіне ие болған. Осы аяттың жалғасы яһудилер мен христиандардың әсірешілдігін, табиғаттағы нәрселердің құдайылық қасиеттері бар деп сенген мүшріктердің теріс нанымдарымен салыстырады. Осы аяттан үйренетініміз:

Біріншіден, діни негіздер ортаны ұстанады. Діни тұлғаларға қатысты әсірешілдік дінге жатпайды.

"Мәида" сүресінің 78-79 аяттары:

لعن الذين كفروا من بني اسرائيل علي لسان داود و عيسي بن مريم ذلك بما عصوا و كانوا يعتدون كانوا لايتناهون عن منكر فعلوه لبئس ما كانوا يفعلون. 

"Исраил ұрпақтарынан кәпір болғандарға Дәуіттің және Мәриям ұлы Исаның тілімен (яғни Забурда, Інжілде) қарғыс айтылды. Бұл, олардың қарсыласқандығынан және шектен асқандығынан болды. (78) Олар өздері істеген жамандықтан бірін-бірі тимады, олардың қылықтары тым жаман! (79)"

Пайғамбарлар илаһи мейірім мен рақымдылықты әкелуші болғандықтан, ұлтшыл әрі менменшіл бола алмайды. Олар өз қауымындағы күнәларға қатысты үнсіз отырмайды. Тарихи рауаяттарда айтылғандай, Исраил қауымы сенбі күнін демалыс қылу туралы А...-ның үкімін бұзғанда, хазірет Дәуіттің (ғ) ашуы мен қарғысына ұшыраған еді. Сондай-ақ осы қауымның ақсақалдары хазірет Исадан (ғ) аспаннан "дастархан" түсіруін тілегенде, ол хазірет дұға оқып, "дастархан" түседі. Сонда олардың бір тобы осы илаһи мұғжизаны мойындамай, хазірет Исаның (ғ) қарғысына ұшырайды. Аталмыш аяттың жалғасы әлеуметтік байланыстағы бір маңызды мәселеге тоқталып былай дейді: "Күнәһарлар күнә жасап, илаһи ережелерді бұзып қана қоймады, қайта қоғамдағы жақсы тұлғалар да оларға үндемей, бұзақылықтарының алдын алмады". Осы аяттан үйренетініміз:

Біріншіден, пайғамбарлар мейірімді болғанымен, олар илаһи заңдарды бұзушылармен күресіп, кейде ашуланып, оларды қарғайды.

Екіншіден, Исраил қауымының тарих бойындағы заң бұзушылығы мен бұзақылығы баршаға мәлім.

Үшіншіден, А...-ның ашуына күнәһарлар ғана емес, олардың қылықтарына үндемейтіндер де душар болады.

Төртіншіден, қоғамда жамандықтан тыю әр мұсылманның міндеті.

"Мәида" сүресінің 80-ші аяты:   

تري كثيرا منهم يتولون الذين كفروا لبئس ما قدمت لهم انفسهم ان سخط الله عليهم وفي العذاب هم خالدون .

"Олардан (яһудилерден) бірсыпырасының кәпірлермен дос болғанын көресің. Олардың өздері үшін алдын-ала даярлаған істері тым жаман, сондықтан олар А...-ның кәріне жолығып, мәңгілік азапта қалады. (80)"

Осы аят Исраил қауымының тарихын баяндай келе, Ислам пайғамбарына (ғ) былай дейді: "Олар Ислам діні келмес бұрын және Ислам таралған кезде де мұсылмандармен дос болудың орнына, кәпірлермен жақын болуды жөн көрді. Пайғамбарлардың оларға ашуланып, қарғауы себептерінің бірі де осы". Осы аяттан үйренетініміз:

Біріншіден, кәпірлердің қандай да болмасын басшылығын қабылдау А...-ның ашуын тудырады.

Екіншіден, қиямет адамның осы дүниедегі амалдарының нәтижесі. Сондықтан тозақтың отын адам өзі тұтатады.