Мәида сүресі, 148-ші бөлім, 18-22 аяттар
Мәида сүресі, 148-ші бөлім, 18-22 аяттар
"Мәида" сүресінің 18-ші аяты:
وَقَالَتِ الْيَهُودُ وَالنَّصَارَى نَحْنُ أَبْنَاء اللّهِ وَأَحِبَّاؤُهُ قُلْ فَلِمَ يُعَذِّبُكُم بِذُنُوبِكُم بَلْ أَنتُم بَشَرٌ مِّمَّنْ خَلَقَ يَغْفِرُ لِمَن يَشَاءُ وَيُعَذِّبُ مَن يَشَاءُ وَلِلّهِ مُلْكُ السَّمَاوَاتِ وَالأَرْضِ وَمَا بَيْنَهُمَا وَإِلَيْهِ الْمَصِيرُ ﴿۱۸﴾
"Яһудилер мен насаралар: "Біз Алланың ұлдарымыз және сүйген жандарымыз",-деді. Оларға: "Олай болса, Алла не үшін сендерге күнәларыңа қарай азап тартқызады?",-де. Затында сендер де Алланың жаратқан адамысыңдар. Алла қалаған адамын жарылқайды, қалаған адамын жазалайды. Жер мен көктің және ол екеуінің арасындағылардың иелігі Аллаға тән. Ең соңғы барар таянақ та соның алды. (18)"
Христиандар хазірет Исаға (ғ) адамның дәрежесінен жоғары дәреже беріп, оны құдаймен теңейді. Осы аят былай дейді: "Олар өздерінің пайғамбарын басқа пайғамбарлардан артық деп санаумен қатар, өздерін де басқа діндегілерден артық деп есептейді. Олар өздерінің құдайдың перзенттері мен достары екеніне және азап пен жазадан құтылатындарына сенеді". Бұл арадағы қызықты жайт, яһудилердің де осындай бұрыс сенімі бар. Олар өздерін ғана азаптан құтылып, бақытқа жетеміз деп ойлайды. Құран осындай артықшылық талап етуге былай деп жауап қайтарады: "Хазірет Иса (ғ) да өзге адамдар сияқты бір адам. Оған ерген сендер де басқалар секілді адамсыңдар. Тақуалық пен ізгі амал жағынан болмаса, ешкімнің біреуден артықшылығы жоқ. Қияметте азаптан құтқаратын атақ емес, амал". Осы аяттан үйренетініміз:
Біріншіден, тіпті дін мен иманды желеу етіп ұлтшылдық пен артықшылық талап етуге болмайды.
Екіншіден, діни тәкәппарлық кез-келген дінге ерушілерге қауіп төндіреді.
Үшіншіден, "біз пейшке барамыз, басқалар тозаққа түседі" дейтіндей жәннат пен тозақты үйлестіру біздің қолымызда емес, Алланың қолында. Ол өзінің хикметі мен даналығы бойынша әр күнәһарды жазалап, қалаған адамын кешіреді.
"Мәида" сүресінің 19-шы аяты:
يَا أَهْلَ الْكِتَابِ قَدْ جَاءكُمْ رَسُولُنَا يُبَيِّنُ لَكُمْ عَلَى فَتْرَةٍ مِّنَ الرُّسُلِ أَن تَقُولُواْ مَا جَاءنَا مِن بَشِيرٍ وَلاَ نَذِيرٍ فَقَدْ جَاءكُم بَشِيرٌ وَنَذِيرٌ وَاللّهُ عَلَى كُلِّ شَيْءٍ قَدِيرٌ ﴿۱۹﴾
"Ей, кітап иелері! "Бізге (сауаппен) қуантушы, (азаппен) қорқытушы елші келмеді" демеулерің үшін, пайғамбарлардың арасы үзіліп қалған бір кезде сендерге елшіміз келді. Сендерге расында қуантушы, әрі қорқытушы елші (Мұхаммед (с)) келді. Алланың барлық нәрсеге құдіреті жетеді. (19)"
Тарихи деректер бойынша, Ислам пайғамбары (с) 570 жылы дүниеге келіп, 610 жылы пайғамбарлыққа тағайындалған. Яғни хазірет Мәсих (ғ) пен хазірет Мұхаммед (с) пайғамбарлығының арасы шамамен 600 жыл болған. Сол аралықта ешқандай пайғамбар келген жоқ. Бірақ жер жүзі илаһи дәлелдерсіз қалған емес. Әйтеуір Алланың дінін уағыздаушылар болды. Осы аят яһудилер мен христиандар болсын барлық кітап иелеріне: "Алла сендерге Ислам пайғамбарын (с) жіберді. Бұрын сендерге пайғамбарлар келгендіктен, оған басқалардан гөрі тезірек иман келтіріп, оның дінін қабылдауға тиістісіңдер",-дейді. Осы аяттан үйренетініміз:
Біріншіден, пайғамбарлар келген соң адамға "мен білмедім, мен түсінбедім" деген сылтау қалмайды.
Екіншіден, пайғамбарлар жақсылық пен ізгілікті сүйіншілеп, ауыр жаза мен азапты ескертеді.
"Мәида" сүресінің 20-шы аяты:
وَإِذْ قَالَ مُوسَى لِقَوْمِهِ يَا قَوْمِ اذْكُرُواْ نِعْمَةَ اللّهِ عَلَيْكُمْ إِذْ جَعَلَ فِيكُمْ أَنبِيَاء وَجَعَلَكُم مُّلُوكًا وَآتَاكُم مَّا لَمْ يُؤْتِ أَحَدًا مِّن الْعَالَمِينَ ﴿۲۰﴾
"Өз кезінде Мұса қауымына айтты: "Ей, қауымым! Алланың сендерге берген нығметін еске алыңдар. Ол өз кезінде іштеріңнен пайғамбар шығарды әрі өздеріңнен патша шығарды, сендерге дүниеде ешкімге берілмеген жақсылық-нығметтерді (теңізді жарып ортасынан жол ашу, бұлтты сая қылу, аспаннан тамақ түсіру қатарлыларды) берді. (20)"
Осы аяттан бастап әрі қарай Алла тағала хазірет Мұсаның (ғ) Исраил қауымымен әңгімелесуіне тоқталады. Бұл әңгіме Алланың осы қауымға берген ерекше нығметтерін еске алумен басталады. Осындай нығметтерге осы қауымның арасынан хазірет Жүсіп (ғ) пен хазірет Сүйлеймен (ғ) секілді пайғамбарларды шығару жатады. Бұл пайғамбарлар билік құрып, аталмыш қауымның абыройы, күші мен салтанатын асқақтатты. Бірақ бұл қауым осы нығметтерге немқұрайлық танытқандықтан, перғауынның күшіне бағынып, оның құлдары мен күңдеріне айналады. Хазірет Мұса (ғ) сол өткен салтанатты күндерді еске ала отырып, осалдықтан құтылып, бұрынғы күш пен абыройға жету үшін өз қауымын қозғалыс пен қоныс аударуға шақырады. Осы аяттан үйренетініміз:
Біріншіден, пайғамбарлық, билік пен еркіндік нығметі аса зор илаһи нығметтердің бірі болып табылады. Сондықтан оның қадірін білген жөн.
Екіншіден, тарихтан сабақ алайық. Исраил қауымы Алланың ілтипатымен зор нығмет пен құдіретке жеткен соң, қорлық пен құлдыққа түсті.
"Мәида" сүресінің 21-22 аяттары:
يَا قَوْمِ ادْخُلُوا الأَرْضَ المُقَدَّسَةَ الَّتِي كَتَبَ اللّهُ لَكُمْ وَلاَ تَرْتَدُّوا عَلَى أَدْبَارِكُمْ فَتَنقَلِبُوا خَاسِرِينَ ﴿۲۱﴾ قَالُوا يَا مُوسَى إِنَّ فِيهَا قَوْمًا جَبَّارِينَ وَإِنَّا لَن نَّدْخُلَهَا حَتَّىَ يَخْرُجُواْ مِنْهَا فَإِن يَخْرُجُواْ مِنْهَا فَإِنَّا دَاخِلُونَ ﴿۲۲﴾
"Ей, жұртым! Алла сендерге жазған қасиетті жерге (қазіргі Құдысқа) кіріңдер, артқа шегінбеңдер, әйтпесе (екі дүниеде) қасірет шегіп қаласыңдар",-деп. (21) Олар : "Ей, Мұса! Ол жерде күші мығым бір ұлт (Зад елінің қалдығы Амалиқалар) бар, олар шығып кетпейінше, біз ол жерге әсте кіре алмаймыз. Олар шығып кетсе, сөзсіз кіреміз",-деді. (22)"
Хазірет Мұса (ғ) Исраил қауымынан джихап пен талпыныс жасап, Шам мен Бейтулмұқаддас аймағына барып, ондағы залым әкімдермен күресуді талап етеді. Бірақ олар көптеген жылдар бойы перғауынның қол астында өмір сүргендіктен, әбден қорқақ болып қалған еді. Олар Мұсаға (ғ) былай дейді: "Біз мұны істей алмаймыз және күресетін шамамыз жоқ. Егер олар өздері қасиетті жерден шығып, оны бізге тапсырса, біз баруға дайынбыз". Осы аяттан үйренетініміз:
Біріншіден, илаһи діндерді ұстанушылар қасиетті жерлерін залымдардан тартып алуы тиіс.
Екіншіден, өзіңді кішірейтіп санау мен осалдық таныту дұшпанмен күресте жеңіліске себеп болады.