Жел 27, 2016 20:47 Asia/Almaty
  • Иранның танымал тұлғалары (97)

Тимурилер дəуірінде өнердің дами түсуінің ең маңызды факторларының бірі – өнерсүйер әрі өнерлі шахзадалар мен сарай маңындағылардың болуы. Олар өз қолдауларымен өнердің гүлденіп-дамуына айрықша үлес қосты. Бағдарлама жалғасында осы шахзалардың кейбіреулерімен таныстырып, олардың Иранда өнердің дамуы үшін жасаған талпыныстары жайлы баяндаймыз

Айтып өткеніміздей, Тимурилер заманы Иранда билік еткен əулеттердің ең салтанатты дəуірі болды. Тимурилер əулетінің өнер мен мәдениетті  қолдауының арқасында Иранның мәдениет пен өркениет тарихында жарқын дәуір қалыптасты. Бұл дәуірдің маңызды ерекшелігі билік басында мәдени тұлғалардың болуында. Сұлтан Хосейн Байқараның  дана әрі өнерсүйгіш уәзірі Әмір Низамеддин Әлішер Науаи осы дәуірдегі көрнекті тұлғалардың бірі саналады. Ол х.қ.ж.с.б. 844 жылы рамазан айының он жетісінде (1441 жылдың ақпан айының тоғызында) Герат қаласында зиялы отбасында дүниеге келген. Білімін жетілдіргеннен кейін Сұлтан Хосейн Байқара билік басына келген соң уәзірлердің басшысы болып тағайындалып, халыққа айтарлықтай қызмет етті. Сол заманда басқа қалалар мен ауылдардағы өнер иелері сұлтан Хосейн Байқараның сарайына ағылатын болған. Олар Әмір Әлішер Науаидың қолдауына ие болып, Иранның өнер мен әдебиет қорына мәңгілік туындылар қосқан. Әмір Әлішер Науаи сарай маңындағылардың кекшілдігі мен қызғанышы салдарынан уәзірліктен бас тартып, сұлтан Хосейн Байқараның бұйрығымен екі жыл бойы Астарабад уәлаятының билеушісі болып, х.қ.ж.с.б. 906 жылы сол жерде қайтыс болған.

Тимурилер дəуірінде өнердің өркендей түсуінің ең маңызды факторларының бірі өнерсүйер әрі өнерлі шахзадалар мен сарай маңындағылардың болуы екендігінде күмән жоқ. Олар өз қолдауымен өнердің гүлденіп-дамуына айрықша үлес қосқан. Тимурилер үшін осы істегі басты үлгі Ақсақ Темірдің өзі болған.  Ол Самарқанд қаласын абадтандыру жəне гүлдендіруге бар күшін салған. Ол көптеген сəулетшілер, кəсіпшілер, өнер иелері, қолөнершілер мен ойшылдарды басып алған жерден таңдап, Самарқандқа жіберіп, оларды өзінің сарайын одан ары көркейте түсу үшін пайдаланған. Одан кейін оның орынбасарлары да осы тəсілді ұстанған. Тимурилер шахзадаларының саяси билігінің уақыт өте келе құлдырағанына қарамастан, өнерге деген құштарлық арта түсіп, олардың сарайлары ұлы мəдени-көркемдік қозғалыстардың орталығы саналып, атақты өнер иелері мен ұлы əдебиетшілердің болуы олардың мəдениетке жақындығын одан ары арттырды.

Тимури əмірлерінің қасында сарай маңындағылардың көбі мен осы əулеттердің мүшелері өнер мен өнер иелеріне жомарт болған. Ақсақ Темір мен Шахрухтың бірнеше жұбайының қолдауымен көптеген ғимараттар салынған. Шахрухтың балалары да мəдениет пен өнерге құштар болған. Олардың кейбіреулері бірінші дәрежелі ұстаздардан кем болмаған. Шахрухтың үлкен ұлы мырза Ұлықбек әкесінің бұйрығымен Самарқандта билікке жеткен кезде бұл қаланы толық мағынадағы ғылыми‑мәдени орталыққа айналдырды. Астрономия ғылымында дарынды да қабілетті болған Ұлықбек ардақты ойшылдар, соның ішінде Айседдин Джамшид Кашанидің көмегімен Самарқандта үлкен де теңдессіз обсерватория салған. Ол әртүрлі ақындар мен өнер иелеріне де ерекше көңіл бөліп, оларды қолдауда аянып қалмаған.

Алайда осы замандағы ең өнерлі әрі өнерсүйерлер мырза Байсұңқар бен Шахрух болған. Көптеген тарихшылар мен зерттеушілердің пікірі бойынша, оның өзі ақын, каллиграф және музыканы сүюші әрі әлемдегі өнер мен кітап сүюшілердің ең үлкен қолдаушысы саналады. Оның шеберханасында көптеген кітапшылар мен суретшілердің тобы парсы әдебиетіндегі теңдессіз кітаптарды әрлеумен айналысқан. Мырза Байсұңқардың өзі ақын, каллиграф және музыкаға ынтық адам болған. Байсұңқардың «Шахнамасы» осы патшаның бұйрығымен соның заманында жасалған Фердоуси «Шахнамасының» өте құнды нұсқаларының бірі болып табылады.

Сұлтан Хосейн Байқара сияқты өнерсүйер билеушілермен қатар Әмір Әлішер Науаи сияқты дана әрі өнерсүйер уәзір болған. Өзі қабілетті ақын әрі өнер иесі болған Науаи мәдениет пен өнерді дамытуға бар күшін салып, ирандық өнер иелеріне қолдау көрсеткен. Оның Тимурилер заманындағы өнер тарихындағы маңыздылығы соншалықты, бүкіл Тимурилер дәуірінде одан басқа адам өнерге көңіл аудармаса, оның ғана болуы жеткілікті еді. Сондықтан Науаидің кезеңі Иранның өнер тарихындағы ең жарқын кезең болып табылады. Әмір Әлішердің қажымас талпынысы мен өнер мен өнер иелеріне таусылмас қызығушылығы оны бірегей тұлғаға айналдырды. Науаидің қолдауымен көптеген ғимараттар салынған. Көптеген өнер иелері, соның ішінде Құлмұхаммад Ауди, Бехзад пен сұлтан Әлишах Әмір Әлішер Науаидің аппаратындағы жақындар мен тәрбиеленушілер болған.

Әмір Әлішер өнердің барлық саласындағы өнер иелерімен тікелей байланыста болып, оларға қолдау көрсетіп, олардың қабілеттерінің ашылуына себеп болған. Оның қолдауының саясында көптеген өнер иелері – әдебиетшілер, сәулетшілер, музыканттар, суретшілер мен каллиграфтар тәрбиеленіп, өскен. Оның өзі парсы және түркі тілдерінде көптеген кітап жазған.  Әлішер Науаидің аты және қолдауымен көптеген кітаптар жазылған.  

Осы ирандық ойшыл әрі уәзірдің маңызды мәдени шараларына өнер иелерін қолдауы жатады. Әмір Әлішер Науаи Гераттың әдеби және көркемдік мектебін шарықтау шегіне жеткізген, ал қаланы поэзия, проза, музыка, сурет салу, каллиграфия және алтынмен аптау өнерлерінің орталығына айналдырған. Фахри Херави «Маджалес ун-Нафаес» атты кітабында Әмір Әлішердің өмірбаянына тоқталып: «Оның тәрбиесін алған теңдессіз каллиграфтар, оқушылар, жасампаз, суретшілер, алтынмен аптаушылар, иллюстраторлар, жазушылар мен ақындар болған. Оның өзі осы өнердің түрлерінен, соның ішінде ақындықтан хабардар болған»,-деп айтқан.

Сұлтан Хосейн Байқараның заманында теңдессіз сирек кітаптарды жасауға көп қаражат жұмсады. Атақты каллиграф Сұлтанәли Машхади жастық шағында сұлтан Абусаидтың шақыруымен Гератқа барып, кейінірек сұлтан мен Әмір Әлішердің назарына алынып, қолдауына ие болған.  Бұл өнер иесі Әмір Әлішердің «Маджалес ун-Нафаес» атты кітабын Әмірдің сарайының ауласындағы мәрмәр хауыздың тасына өте әдемі жазумен қашап жазған. Захиреддин Бабыр өзінің естеліктерінде Моулана Сұлтан Әли Машхадидің күніне отыз бәйіт өлеңді сұлтан Хосейн Байқараға, жиырма бәйіт өлеңді Әмір Әлішерге жазғанын айтқан. Әмір Әлішердің аппаратындағы басқа каллиграфтардан Сұлтанәли Қаени, Моулана Сұлтанәли Сабз Машхади, Моулана Сұлтан Мұхаммад Хандан сияқты атақты каллиграфтарды атауға болады. Олар парсы тіліндегі құнды кітаптарды әдемі парсы жазуымен жазуда айтарлықтай рөл атқарған.

Иранның осы атақты уәзірінің маңызды мәдени шараларының бірі ғалымдар мен зерттеушілерге өлшеусіз қолдау көрсетіп, олардың мәртебесін жоғары көтеруі болған. Сол заманда Әмір Әлішердің қолдауына ие болған көптеген ғалымдар оған арнап кітаптар жазған.

Әмір Әлішер Науаи кәсіпшілер мен өнеркәсіп саласындағы өнер иелеріне ерекше көңіл бөлген, өйткені ол сәулет өнеріне, ғимараттар пен көпірлер салуға ерекше қызыққандықтан Иранның әрбір өнерін осы ғимараттарды әсемдеу үшін пайдаланған. Мысалы, қолөнер түрлері бойынша өте әдемі тас мінберді айтуға болады. Бұл заманда Әмір Әлішердің бұйрығымен тас мінбер Гераттың жамағат мешітіне қою үшін жасалған. Бұл мінберден ешқандай белгі қалмаса да,  Хантемір жазған сипаттамадан оның әдемілігі мен көркемдігіне көз жеткізуге болады. Хантемір осы жөнінде: «Жұпар жүзім ағашынан жасалған ескі мінбер сынып қалғандықтан, Әмір Әлішер мәрмәр тастан мінбер жасауға бұйрық берді. Әмірдің адамдары қажетті тасты іздестіріп, ақыры Хаваф уалаятынан мәрмәр тас тауып,  оны иесінен толық бағаға сатып алып, аз уақыттың ішінде осы қасиетті кесенеге жеткізген. Тас қашаушы ұстаз Шамседдин тастан теңдесі жоқ мінбер жасады»,-деген. 

Тегтер