Қаң 01, 2017 19:51 Asia/Almaty

Бақара сүресі, 177-179 аяты


Мейірімді де рақымды Алланың атымен бастаймын.

 

 

 

لَّيْسَ الْبِرَّ أَن تُوَلُّواْ وُجُوهَكُمْ قِبَلَ الْمَشْرِقِ وَالْمَغْرِبِ وَلَكِنَّ الْبِرَّ مَنْ آمَنَ بِاللّهِ وَالْيَوْمِ الآخِرِ وَالْمَلآئِكَةِ وَالْكِتَابِ وَالنَّبِيِّينَ وَآتَى الْمَالَ عَلَى حُبِّهِ ذَوِي الْقُرْبَى وَالْيَتَامَى وَالْمَسَاكِينَ وَابْنَ السَّبِيلِ وَالسَّآئِلِينَ وَفِي الرِّقَابِ وَأَقَامَ الصَّلاةَ وَآتَى الزَّكَاةَ وَالْمُوفُونَ بِعَهْدِهِمْ إِذَا عَاهَدُواْ وَالصَّابِرِينَ فِي الْبَأْسَاء والضَّرَّاء وَحِينَ الْبَأْسِ أُولَئِكَ الَّذِينَ صَدَقُوا وَأُولَئِكَ هُمُ الْمُتَّقُونَ ﴿۱۷۷﴾

 

"Жүздеріңді шығысқа, батысқа жөнелту бір игілік емес. Бірақ кім Аллаға, ақырет күніне, періштелерге, кітаптарға, пайғамбарларға иман келтірсе және жақындарына, жетімдерге, міскіндерге, жолда қалғандарға, қайыршыларға және құл азат етуге жақсы көре отырып, мал сарып қылса әрі намазды толық орындап зекет берсе, өзара байласқан уәдесін орындаушы, таршылықта, қиыншылықта және соғыс кезінде сабыр етуші болса, міне солар шыншылдар әрі солар тақуалар. (2:177)"

Құранның күрделі аяттарының бірі болып саналатын осы аят, ғылыми-ахлақтық және сенім тұрғысынан жақсылықтың Исламдағы маңызды қағидаларын баяндайды. Алланың Елшісі (с) айтқандай: "Бұл аятты орындаған әркімнің иманы толық болады". Қыбланың өзгеруіне байланысты аяттарда айтқанымыздай, осы тақырып төңірегінде яһудилер көп жанжал шығарып, оны маңызды мәселе деп көрсетпекші болады. Сондықтан бұл аят оларға: "Алланың діні қыбла мәселесімен ғана шектеледі деп ойламаңдар, илаһи діндер негізгі үш бөлімнен тұрады және діннің барлық бөлімдерін толық орындаған кісі ғана нағыз жақсылық істеуші болып табылады. Діннің бір бөлімі сенімнен тұрады, яғни адам Аллаға, періштелерге, кітаптарға және пайғамбарларға шын иман келтіруі тиіс",-деп жауап береді. Әрине иман келтірумен қатар намаз секілді міндетті ғибадаттарды орындап, садақа мен зекет түрінде мұқтаждарға қарасу да, діннің бір бөліміне жатады. Жаратушымен байланыс орнатудың бір өзі жеткіліксіз, сондықтан бұл байланысты илаһи және адамгершілік серттерге сабырлы әрі берік болу секілді ахлақтық негіздерді сақтай отырып жалғастыру керек. Бұл аят парыз етілген зекетті де, міндетті етілмеген садақаны да беретін адамды – игі мүмін деп атайды. Өйткені кейбір адамдар кедей-кепшіктерге көмектескенімен, зекет бермейді. Ал кейбіреулер зекет берсе, кедей-кепшіктерге немқұрайлықпен қарайды.

 

 

يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُواْ كُتِبَ عَلَيْكُمُ الْقِصَاصُ فِي الْقَتْلَى الْحُرُّ بِالْحُرِّ وَالْعَبْدُ بِالْعَبْدِ وَالأُنثَى بِالأُنثَى فَمَنْ عُفِيَ لَهُ مِنْ أَخِيهِ شَيْءٌ فَاتِّبَاعٌ بِالْمَعْرُوفِ وَأَدَاء إِلَيْهِ بِإِحْسَانٍ ذَلِكَ تَخْفِيفٌ مِّن رَّبِّكُمْ وَرَحْمَةٌ فَمَنِ اعْتَدَى بَعْدَ ذَلِكَ فَلَهُ عَذَابٌ أَلِيمٌ ﴿۱۷۸﴾

 

"Әй мүміндер! Сендерге қысас (есе қайтару) парыз етілді: Азатқа азат, құлға құл, әйелге әйел (өлтіріледі). Дегенмен оған туыс жағынан кешірілсе, оның ережеге үйлесуі екінші жақтың да оған дұрыс төлеуі қажет. (Егер қысас кешіріліп, құнға тоқтаса, алушының орынсыз егеске қысас істемеуі, берушінің де дұрыс орындауы керек.) Міне осы, Раббылары жағынан жеңілдік және мәрхамет. Ал кімде-кім бұдан кейін шектен шықса, (кек сақтаса) ол үшін күйзелтуші азап бар. (2:178)"

Ислам адамдарға тек жеке тұлға жағынан ғана емес, қайта оның әлеуметтік өмірі тұрғысынан да қауіпсіз қоғамға ие болуы үшін белгілі ережелер қойған. Әр қоғамда кездесетін келеңсіздіктердің бірі – кісі өлтіру. Ислам адамды өлтіруге және оның қайталануына жол бермеу үшін және адамдардың қауіпсіздікті сезіну үшін қысас заңын қойған. Осы заңға сәйкес адам әдейі өлтірілсе, қылмысқа ұшырағанның қаны зая болмауы үшін және басқалардың адамның өмірін қиюына жол бермеу үшін өлтірген кісі өлім жазасына кесіледі. Әрине қысаста әділет сақталуы тиіс. Сондықтан өлтіруші мен өлгеннің арасында теңдікті сақтау үшін ер адамның орнына ер, әйел адамның орнына әйел қысас етіледі. Егер өлтіруші мен өлгеннің жынысында айырмашылық болса, олардың құнының айырмашылығы төленуі керек. Бұл заңның маңыздылығын, жәһилият кезінде арабтар арасында тайпаның бір мүшесі өлтірілсе, олар бір адамның орнына айыпкер тайпаны қырып-жоюға дейін барғанын, осылайша ұзаққа созылған соғыстардың пайда болғанын білгенде түсінеміз. Алайда әділетке негізделген Ислам бір жағынан өлген бір адам үшін бірнеше адамды өлтіруге жол бермейді. Келесі жағынан өлімге ұшырағанның туыстары оның құнын алып, немесе алмай, өлтіргенді кешіру жолын қалдырған. Әрине егер өлгеннің туыстары құн сұрайтын болса, өлтіргенге төле деп қысым жасамауы тиіс, және ол да құнды төлеуге немқұрайлы болмауы тиіс, яғни екі жақ та қолайлы жолды таңдап, Құдайдың нұсқауынан аттамағаны жөн. Өйткені керісінше жағдайда қияметте азапқа душар болады. "Бақара" сүресінің 179-шы аяты бұл заңның қоғамдық өмірдегі тіршілік сыйлаушы рөліне тоқталып, былай дейді:

 

 

 

وَلَكُمْ فِي الْقِصَاصِ حَيَاةٌ يَاْ أُولِيْ الأَلْبَابِ لَعَلَّكُمْ تَتَّقُونَ ﴿۱۷۹﴾

 

"Әй ақыл иелері! Сендер үшін қысаста (кісі өлтіргенді өлтіруде) тіршілік бар. Әрине сақсынарсыңдар. (2:179)"

Өкінішке орай, өздерін ақыл-ой мен пікір иелеріміз деп санайтын кейбір адамдар "қысас заңының" салдарына көңіл аудармастан, кісі өлтіргенді өлтірумен өлген адам тірілмейді? Сендер қысасты орындаумен тағы бір адамды өлтіріп, кісі өлтіруші боласыңдар ғой? деген сұрақ қозғайды. Қазіргі таңда адамзат құқығын жамылып осы сұрақты қозғап отырғандарға Құран жауап қайтарып: "Адамзат қоғамының өмірін әділет пен қауіпсіздіксіз қабылдау мүмкін емес. Сол себепті осы екі мәселені қамтамасыз ету үшін кісі өлтіргенді қысас ету қажет. Мысал үшін бір адамның денсаулығын сақтау үшін оның бұзылған дене мүшесін кесіп тастау қажет",-дейді. Негізінде қысас жеке бастың кек алуынан бұрын – қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз етуші болып табылады. Шындығында, қазіргі таңда қай мемлекетте қылмыс көп?  Қысас заңы толық болмаса да орындалатын елдерде ме, әлде қысасты – "адам өлтіру заңы" деп санайтын адамзат құқығын қорғаушы елдерде ме?

Ал енді осы аяттардан үйренетін тәлімдерге назар аударайық:

Біріншіден, кедейлер мен әлсіздерге көмек етпей және адамзат құқығын құрметтемей Аллаға иман толық болмайды.

Екіншіден, иманның шындығының тағы бір белгісі - Алла жолында мал-мүлік сарып ету болып табылады.

Үшіншіден, кедейлік пен соғыс тәрізді ауыр оқиғаларға сабыр ету иманды күшейтеді. Ендеше иманның беріктігі жақсы тұрмыс және қауіпсіздік жағдайында ғана сыналмайды.

Төртіншіден, Ислам кейбір заңдар секілді емес, кісі өлтіргенді тек қысаспен ғана жазаламайды және кейбір заңдар секілді оны тек кешіру керек деп санамайды, қайта қысас үкімімен қатар кешіру мен құн төлеуді де қабылдайды.