Ақп 19, 2017 16:21 Asia/Almaty
  • Иранның танымал тұлғалары (103)

Әмір Әлішер Науаи – әртүрлі салаларда құнды қызмет атқарған әлемдік тұлға. Ол өзінен кейін мәңгілік туындылар қалдырған. Бұл бағдарламада осы тұлғаны таныстыруды жалғастырамыз.

Лидия Иганианстың пікірі бойынша, «Әмір Әлішер Науаидің туындыларынан сезілетін мәдениет пен өркениеттің хош иісі моңғол шапқыншылығы салдарынан қалыптасқан қанды соғыс ғасырында әрбір тарихшы мен әдебиеттанушы үшін шөл даланың ортасында ұзақ жол жүріп, құрғақ та аптап ыстық өткелдерден өткеннен кейін жеткен оазиске ұқсайды».

Әмір Әлішер Науаи

Әмір Әлішер Науаидің туындыларының көбі түркі‑шағатай тілінде жазылған. Қазір бұл тілді көне өзбек тілі деп атайды. Ол өзінің өзбек тіліндегі өлеңдерін «Хазаен ул‑Маани» деп аталатын үлкен жинаққа топтастырып, оны төрт бөлікке бөлген. Сол себепті Әмір Әлішердің «Хазаен ул‑Маани» атты кітабы тәжік тілінде «Төрт жинақ» деген атпен танымал.

Әмір Әлішер осы жинағының әрбір бөлігін Әмір Хосроу Деһлевидің өлеңдер жинағына еліктеп атаған. 55000 бәйіттен тұратын бұл өлеңдер жинағы ақын өмірінің төрт кезеңінде жырланған қасида, ғазал мен қыталардан тұрады. Науаи балалық, жастық, орта жас және егде тартқан кезде шығарған өлеңдерін тәртіп бойынша «Ғараеб ул‑сағр», «Навадер ул‑Шабаб», «Бадайе ул‑Васат» және «Фаваед ул‑Акбар» деп атады.

Әмір Әлішер Науаидің Ашхабадтағы ескерткіші

Осы төрт жинақта бәрінен бұрын көзге түсетін және ерекше орынға ие өлең – ғазал. Бұл жинаққа шолу жасағанда Әмір Әлішердің ғазал айтудағы шеберлігін көруге болады.

Науаи сол заманда кең таралған және ақындардың жеке сезімдерін білдіретін ғазалдың шектеулі мазмұндарынан асып, оған әлеуметтік өмірдің құбылыстары мен өзінің өмірлік тәжірибесін қосты. Ол түркі‑өзбек ғазалын толығымен жаңа дәрежеге көтеріп, оны мазмұн мен қалып тұрғысынан байытты.

Әмір Әлішер нәзік сөздер, сөз тіркестері, тың терминдер мен араб-парсы сөздерін шеберлікпен қолдану арқылы поэтикалық сезімдер мен қиялдарды жеткізіп, өмір мен табиғаттың құбылыстарын сипаттаудағы тілдің құдіретін жоғарылатты.

Әмір Әлішер Науаи өлеңдер жинағының бір бетіндегі сурет

Әмір Әлішердің төрт жинағынан, әсіресе ғазалдарынан оның ой‑пікірімен танысуға болады. Ол гуманитарлық және адамгершілік бағыттағы ақын болған. Ол өзінің барлық саяси және әлеуметтік, әдеби және мәдени жұмыстарын халықтың материалдық және рухани жағдайын жақсартуға арнаған.  Адамның қайғысына  жаны ашитын Науаи халықтың қамын ойламайтын кісіні адам деп санамаған.

Әмір Әлішер Науаи адамдар арасында достық пен тілеулестіктің болуын, дұшпандық пен қайшылықтың жойылуын қалаған. Ол әлем тұрғындарына «Бір‑бірімен жауласу адамға лайық іс емес, бір‑бірімен достасу – басты нәрсе» деген.

Науаи жан-тәнімен ақиқат пен әділетті қорғаушы болған. Ол қоғамның тыныштығы мен әл‑ауқатын әділетті жүйе мен әділ билеушінің болуына байланысты санаған. Бұл ой‑пікір оның әртүрлі поэмаларында, әсіресе «Хамсе» шығармасында, соның ішінде «Ескендір бөгетінде» әдемі суреттелген.

Адамның жақсы қасиеттері, әсіресе білімге құштарлық, жомарттық, адамгершілік, шыншылдық, мейірбандық, қанағат, өз‑өзіне сенімділік, тыныштық пен болашақты ойлау өміршең мәселелер болып табылады. Бұл мәселелер Науаидің өлеңдерінде, әсіресе қыталары мен рубаиларында қуатталды. Керісінше жағымсыз қасиеттерді, соның ішінде жәһілдік, надандық, ақымақтық, зұлымдық пен озбырлық, шектен тыс талап етушілік, сараңдық, ашкөздік, қиянат, халыққа зорлық-зомбылық жасау, алдау және басқа теріс қылықтарды айыптаған. Әмір Әлішер әрдайым мейірімді, талапты әрі еңбекқор адамдарға алғыс айтып, оларды ынталандыруда ешбір істен бас тартпаған, ал қоғамға салынған салмақ саналатын жалқаулық пен бос сенделушілікті өз өлеңдерінде сынаған.

Әмір Әлішер Науаи

Науаидің келесі әдеби туындысы 40 хадисті парсы тілінен түрік тіліне аударған 40 рубаидан тұрады. Бұл кітап Абдуррахман Джамидің тура осындай мазмұндағы парсы тіліндегі кітабы негізінде құрылған. Шын мәнінде оны Джамидың кітабының түркі‑шағатай тіліндегі аудармасы деп санауға болады.

Өткен бағдарламаларда айтылғандай, Әмір Әлішер өзінің ұстазы, танымал ирандық ақын Абдуррахман Джамидың ықпалымен сопылық пен мистикада Нақшбандия тариқатына қосылған. Сондықтан осы тариқаттың түпкілікті мәселелері де оның туындыларынан көрініс тапқан.  

Тарихшылар Әмір Әлішердің мазхабы туралы ортақ пікірге ие. Тарихи құжаттардан Әмір Әлішердің хазірет имам Әли (ғ.) мен Ислам пайғамбарының (с.) әулетіне ынта-ықыласы айқын байқалады. «Назм ул‑джаваһер» атты кітабы оның  хазірет имам Әлиге (ғ.) деген ықыласының ең жоғары көрсеткіші болды. Түрік тілінде жазылған «Назм ул‑джаваһер» атты кітабы осы ынтаның ең маңызды дәлелі саналады. Бұл кітап танымал шиіттік ғалым шейх Табарси тарапынан жинастырылған хазірет имам Әлиге (ғ.) телінген  хадистердің жиынтығынан тұратын «Наср ул‑Лайали» кітабының проза тіліндегі аудармасы болып табылады.

Әмір Әлішер Науаидің ескерткіші

Науаи кітаптың кіріспесінде: «Сұлтан Хосейн Байқараның маған білдірген мейірбандығын өтеу үшін патшаға лайықты сыйлық дайындағым келді, бірақ не істерімді білмедім. Кенеттен ғайыптан періште аян беріп: «Егер Оманнан лайықты інжу алғың келсе, велаяттың шексіз теңізінен сұра»,‑деді.  Сол кезде Науаи: «Періштенің аяны жанымды жылатқаннан кейін хазірет имам Әлидің (ғ.) «Наср ул‑Лайали» кітабын аударуға кірістім. Өйткені велаяттың теңізіне сүңгуші алып шыққан інжулер мен  жетекшілікпен таныс зергердің қолымен берілетін маржандарды ақыл‑кеңесті қабылдайтын құлақтарға лайықты санадым»,‑деп түсіндірді». Бұл кітап түркі тілінде жазылған 260 рубаиден тұрады. Хантемірдің жазуынша, Науаидан бұрын ешкім түркі тілінде рубаи жазбаған.

Тегтер