Иран ертегілері мен аңыздары (104)
Аспан мен жұлдыздардың адамдардың өміріне әсер ететіндігіне сену – Иранның мифологиясына қатты әсер еткен ойлардың бірі. Бұл сенім сырттай қарағанда вавилондық мифологиядан бастау алған сияқты. Өйткені зерттеушілер астрология ғылымы Вавилоннан басталған деп санайды.
Француз жазушысы Фелисин Шале (Felicien Challaye) «Ұлы өркениеттердің қысқаша тарихы» атты еңбегінде мынадай пікір білдіреді: «Халдейліктер кейбір күндерді жақсы, кейбір күндерді жаман деп санап, апта күндеріне қасиетті жұлдыздардың атауын берген. Грекия мен Рим кейін осы тәсілді пайдаланған». Митралық сенім бойынша да жұлдыздарға назар аудару мен оларды қасиетті санауды көптеп кездестіруге болады.
Қазіргі заман зерттеушісі Хашем Рази «Мехр діни рәсімдері» атты еңбегінде осы діннің наным-сенімдерін талдап, мынадай пікір білдірген: «Планеталар астрологиялық кеңістікте өте қуатты құдайлар болған. Бұл құдайлар халықтың тағдыры мен бақытын анықтауда өте әсерлі рөл атқарған».
Сол себепті ежелгі Иранның қоғамында бал ашу мен жұлдызға қарап болжам жасау жүйесі үстем болған. Бұл халық ауыз ертегілерінен де бір негізгі мәйек ретінде көрінеді. Ертегілерде кез-келген маңызды істі атқару үшін жұлдызшылар бал ашып, астролябия арқылы болашаққа болжам жасаған. Халық ауыз ертегілерінің бірі саналатын «Атақты әмір Арсылан» атты романнан болжам айту мен балгершілікті көптеп көруге болады: «Арсылан «тез бол» дейді. Қажы орнынан тұрып, қойнынан астролябияны алып шығып, күнге қарсы қойып қарағанда Арсыланның жұлдызының бұлыңғыр екенін көреді. Оның жұлдызын шаң-тозаң басып, әлсіреген екен. «Салам мен Турдың әскерін жинап өзімен бірге әкеткеніңде бір адам тірі қалмас еді» деп ойлайды».
Халық ауыз туындылары арасында ең көне роман болып саналатын «Жәуәнмәрт Самак» атты құнды кітапта Хуршид шахзаданың тағдыры астрологтың көмегімен бақыланады.
«Шебер астрологтар мен білгір хакімдер Хуршид шахзаданың туған кезіндегі жұлдыздардың жағдайын есептеп, қатты қамығып, аспан денелерінің айналымы мен әрбір жұлдыздың байланысынан туындайтын үкімдерге сүйеніп, шахзада басқа елдің бір қызына ғашық болып, қайғыға бататын болады деген болжам айтады. Сәті түсіп, қызбен жолығуға үміт пайда болғанда жігіттің жағдайы жақсарады. Шахзада өз үйінен алшақта, бөтен елде ісі оңға басып, жеті елге билік етіп, патшалық еткен кезде ешбір патша істемеген істі істейді. 40 жыл билік құрады. Патшалық кезінде тұтқынға алу, зынданға қамау сынды әртүрлі қиындықтарды көп көреді. Бұлардың арты жақсылыққа ұласа ма, жоқ па тек құдайлар біледі».
Сефевилер дәуіріне тиесілі халық ауыз ертегісі саналатын «Хосейн Күрд Шабестари» атты ертегіде Иранның ұлы ойшылы шейх Бахаи болжам жасайды. Бірақ мұндағы қызық жайт, шейх Бахаидің математика ғылымына сүйеніп болжам жасауында жатыр.
«Шах шейх Бахаиді оңаша шақырып: «Шейх, менің Балхқа барғаным дұрыс па, жоқ па, қарашы»,-дейді. Шейх математика ғылымы негізінде ойлап: «Құрбаның болып кетейін. Шахтың Балх қаласына баруы қажет емес»,-дейді».
Енді Иранның аңыз-әңгімелер әлеміне саяхат жасап, «Иран әпсаналары» атты құнды еңбектен сіздер үшін таңдалынып алынған «Чоғундуз» атты ертегінің жалғасын тыңдауға шақырамыз.
Айтып өткеніміздей, Ибраһим есімді ұл патшаның қызына ғашық болған екен. Жанұясы оны бұл істен бас тартуға шақырғанымен пайда болмайды. Ибраһимнің бөле ағалары оған кәсіп қылсын деп, 100 тұман береді. Ол осы ақшаға қапқа салынған айдаһар, содан кейін бір күшік пен бір мысық сатып алады. Ибраһим кептерге айналған айдаһар, күшік пен мысықты ертіп алып әлгі қаладан кетеді. Жолда үш дәруішке кездеседі. Ибрахим асатаяққа айналған кептердің көмегімен жолда кездескен үш дәруіштен хазірет Сүлейменнің сақинасын, қабы мен қазығын алады. Бұл заттардың әрқайсысының өзіндік қасиеті бар екен. Кептердің бұйрығымен күшік пен мысыққа айналған перілер өз бейнелерінен шығып, Ибраһимге қызмет ететін екі нөкерге айналады. Кептердің өзі сұлу қызға айналып, басынан өткенін Ибраһимге баяндап береді. Кетер алдында керек болған жағдайда шақырарсың деп екі тал шашын Ибраһимге беріп: «Патша қызына жету үшін сақина арқылы Хишам диюден көмек алу қажет»,-дейді. Хишам дию Ибраһимнің тапсырысымен патша қызын сарайымен оның алдына алып келеді. Бір кемпір қыз бен сарайды табуды өз міндетіне алады. Оны тапқан кезде қыздың көмегімен сақинаны қолға түсіреді. Содан кейін Хишам дию олардың қызметіне келіп, қыз бен сарайды бастапқы орнына қайтарады.
Ит пен мысық сол маңда болған тышқандардың қаласына шабуыл жасап, оларды қалаға барып, сақинаны тауып әкелуге мәжбүрлейді. Бір ақсақ тышқан мен бір соқыр тышқан сақинаны тауып әкеледі. Көптеген оқиғалардан кейін сақина Ибраһимнің қолына жетеді. Ибраһим қайта қол жеткізген сақинаның көмегімен Хишам диюге қыз бен оның сарайын қайтадан оның алдына алып келуге бұйрық береді. Дию оның айтқанын екі етпей орындайды.
Патша да болған оқиғадан хабардар болған соң кемпірді қыздың соңынан баруға мәжбүрлейді. Кемпір амалсыздан көп жолды өткеріп, қыздың сарайына жетеді.
Ибраһим аң аулауға кеткен екен. Ит пен мысық сиқырланған бейнелерінен шығып, қызыл киім киіп, қолдарына қанжар алып сарайды күзетіп тұрған еді. Олар кемпірді көргенде алға жүріп: «Кері қайт. Болмаса, басыңды аламыз»,-дейді. Кемпір қанша жалынса да, әлгілер құлақ аспай: «Қожайынымыз келгенше осында тұруың керек»,-дейді. Кемпір кеш батқанша тұрады. Ибраһим қайтып оралып, көзі кемпірге түскенде іштей: «Осы жолы да мені алдаймын деп ойлай ма? Келгеніне өкінерліктей етіп, басына әңгіртаяқ ойнатамын»,-деп ойлайды. Ұстап әкелген құланын сарайға апарып сойып, кәуәп қылып жейді. Шаршағаны басылғаннан кейін кемпірді шақыртады. Патшаға «Қызыңа мың рет адам жіберіп алдыртсаң да, мың бір рет оны қайтарып аламын. Қыздың менің жанымда қалуын қабылдасаң, ісім жоқ. Ал соғысам десең, мен дайын» деп хат жазады. Хат жазып біткен соң кемпірдің құлағы мен мұрнын кесіп алып: «Хатты патшаға апар»,-дейді. Кемпір сандығына отырып, патша сарайына қайтып оралады. Ибраһимнің өзіне қарсы бас көтергенін көрген патша әскерін дайындап, жолға шығады. Сол күні Ибраһим патшаның не істейтінін көру үшін аң аулауға бармаған еді. Сарайдың төбесінде адымдап жүріп, патша әскерінің алыстан келе жатқанын көреді. Алдымен ит пен мысыққа хабар беріп, содан соң пері қыздың шашын жағады. Қыз ілезде жетіп келеді. Ибраһим оған барлық жағдайды баяндап береді. Қыз оған «қаймықпа» деп айтып, жігерлендіреді. Патша әскерінің күл-талқанын шығаратындай диюлер мен перілерді алдыртады. Ибраһим қолындағы сақинаны жылдам бұрап, «Сүлеймен патшаның мейірбандығы үшін» деп ант етеді. Жер қақ айырылып, бес дию сыртқа шығып, көзді ашып-жұмғанша дию мен перілердің әскерін құрады. Патша әскері келіп жетеді. Қарсы жақта дию мен перілердің әскерінен ине шаншар жер қалмайды. Екі әскер бір-біріне лап беруге дайын тұр еді. Пері қыз Хишам диюге: «Адам баласының қаны жерге тамбайтын болсын. Патшаны атымен бірге аспанға көтеріп, сол жерде қызының Ибраһимнің әйелі болуына келісімін сұра, болмаса быт-шыты шығатындай жерге лақтырып жіберетініңді айт»,-дейді. Хишам жылдам орнынан қозғалып, патшаны атымен қосып аспанға көтеріп, пері қыздың айтқанының бәрін патшаға жеткізеді. Патша алдымен зығырданы қайнап, ашу шақырғанда Хишам: «Бұл сөзді қой. Ибраһим үшін не істейтініңді айт. Қызыңды бересің бе, жоқ па?»,-дейді. Патша келіседі. Хишам оны қыздың сарайына қарай апарады. Пері қыз ілезде айдаһардың бейнесіне еніп, сарайдың алдына тұра қалады. Патша мен Хишам жеткенде айдаһар патшаға қарай от шашады. Патша қорыққанынан Хишамға жабысып: «Құтқара гөр, бірдеңе істе»,-деп жалынады. Хишам патшаны қыздың сарайына апарып, сол жерде Ибраһим мен қыздың некесін қияды. Жеті күн, жеті түн тойлатады. Той аяқталғанда патша қызына қарап: «Осында қаласың ба, әлде менімен бірге қалаға қайтасың ба?»-деп сұрайды. Қыз: «Күйеуімнің жанында қаламын. Бұл жақсы жер»,-дейді. Патша әскерін алып, қалаға қайтып оралады. Ибраһим мен патшаның қызы ұзақ жылдар бойы бақытты өмір сүріпті. Біздің ертегіміз соңына жетті, ал қарға үйіне әлі жеткен жоқ.