Нау 05, 2017 17:39 Asia/Almaty
  • Иранның танымал тұлғалары (104)

Бүгінгі бағдарламада Әмір Әлішер Науаидің прозалық және поэзиялық туындыларымен қысқаша таныстырамыз.

Айтып өткеніміздей, сұлтан Хосейн Байқараның данышпан әрі өнерсүйгіш уәзірі Әмір Низамеддин Әлішер Науаи осы дәуірдегі көрнекті тұлғалардың бірі саналады. Ол х.қ.ж.с.б. 844 жылы 17 рамазанда (1441 жылдың 9 ақпанында) Герат қаласында зиялы отбасында дүниеге келген. Білімін толықтырғаннан кейін Сұлтан Хосейн Байқара билік басына келген соң уәзірлердің басшысы болып тағайындалып, халыққа айтарлықтай қызмет еткен. Бұл заманда басқа қалалар мен ауылдардағы өнер иелері сұлтан Хосейн Байқараның сарайына ағылған. Олар Әмір Әлішер Науаидің қолдауына ие болып, Иранның өнері мен әдебиеті қорына мәңгілік туындылар қосқан. Әмір Әлішер Науаи х.қ.ж.с.б. 906 жылы Астарабадта қайтыс болды.

Әмір Әлішер Науаи

Бүгінгі әдебиетте осы жазушының беделі мен артықшылығына себеп болған нәрсе жазушылықтың тақырыбы мен формасының тазалығы мен теңдессіздігі болды. Бірақ классикалық парсы әдебиетінде ондай емес еді.  Ақын кең таралған рәсімдерді ұстанып,  сол салаларда өз өнерін қоғамның талқысына сала алатын.

12 ғасырдағы ұлы ирандық сөз шебері Низами Шығыста танымал болған кейбір әдеби мазмұндар негізінде «Хамсе» атты топтама тудырды. Низами жырлаған мазмұндар одан кейінгі жазушылар мен ақындар үшін  әдеби бағамдаудың ресми өлшеміне айналды. Кей жағдайда бұл ақындардың өмір сүрген уақыттары бірнеше ғасыр айырмашылығына ие болған.

Низами Гәнджави

Низами өзінің атақты «Хамсесін» жырлағаннан бері хамсе жазу әдеби дәстүр мен поэтикалық басымдық саналады. Хамсе жазудағы сәттілік ақындық құдіретті дәлелдеудің ең биік өлшемі мен критерийі саналады. Өйткені Хамсені тудыру үшін тек бес поэма жазу жеткіліксіз. Поэмалар Низамидің бестігіне ұқсауымен қатар атауы мен поэманың құрылымы, мазмұны мен кейіпкерлері, мәні мен мазмұны, көркемдік құралдары тұрғысынан төлнұсқа болуы керек және кейде поэзияны дамыту мен әдебиетті кемелдендіруде жаңашыл болуы тиіс. Сол себепті хамсе жазу өте ауыр іс. Хамсе жазуға бет бұрған ақындардың көбі өз туындыларын аяқтай алмай, сыннан сүрініп, жеңіліс тапқан.  

«Хамсе» тақырыбын қолға алған әрбір жазушы негізгі тақырыпқа аздап өзгеріс енгізіп, кейіпкерлердің ерекше көңіл-күйін баяндаған. Осылайша ескі тақырып жаңа түстермен боялып, жаңа әдеби қалыпқа еніп отырған. Жаңа «бестіктер» тіл мен әдеби талғам тұрғысынан замандастары үшін түсінікті болған. Осы ақиқаттың арқасында «бестіктердің» тарихи тақырыптары көптеген әдеби буындар үшін өзінің әдеби маңыздылығын сақтап қалған. Низамиден кейін үнділік-ирандық атақты ақын Әмір Хосроу Дехлеви, одан екі ғасырдан соң Әмір Әлішер Науаи өздерінің бестік шығармаларын жазды.

Әмір Хосроу Дехлеви

Орыстың ұлы шығыстанушысы Бертельс «Науаи мен Низами» атты еңбегінде: «Әмір Әлішер өз поэмаларының кіріспесінде өзіне дейінгілердің есімдерін мақтанышпен атап, Низамиді «Махзан ул-Асрар»-дың (Құпиялар қазынасының) жауһары, ал Әмір Хосроу Дехлевиді «Үндінің болат қылышын қолға алған ержүрек дарабоз, гүлдердің айналасында шөп-шаламдай шашылған барлық адамдардың арасындағы Низамидің жалғыз лайықты ізбасары» деп атаған»,-деген.

Әмір Әлішер өзі мен өз «бестігі» туралы: «Мен өз шығармаларымның Низами мен Дехлевимен салыстырғанда шахмат тақтасында ақ пен қара тастардың арасында әрдайым жерге құлап, аттар мен пілдердің аяғының астында тапталатын жаңқадай болатындығынан қорқамын»,-деді.

Әмір Әлішер Науаидің туындылары

Әмір Әлішердің «бестігі» түркі әдебиетіндегі бірегей туынды болып саналады. Бұл бестік сол заманда кең таралған хамсе жазу дәстүрін жалғастыру болғанымен, тікелей еліктеу саналмайды. Онда тың да жаңашыл дүниелер көп.  Әмір Әлішер өзінің бестігінде өзіне дейінгілердің дәстүрлі тақырыптарын таңдаса да, бұл тақырыптар жаңа тәсілмен түркі халықтарының ауызекі әдебиетінен алынған немесе  ақынның өзі шығарған әңгімелерімен байытылған. Әмір Әлішердің туындыларын сынаушылардың көбінің сенімінше, ол хамсені жырлау арқылы толығымен жаңа шығарма жазып шыққан.  

Бұл бестік түркі тілдес халықтардың әдебиетінде ерекше маңыздылыққа ие. Науаидан кейін оның кейбір поэмаларына түркі тілдес ақындар қызығушылық танытып, сол стильде назиралық шығармалар жазылған. Х.қ.ж.с.б. 10 ғасырда өмір сүрген қос тілді ақын Моулана Мұхаммад Фзули (х.қ.ж.с.б. 970 жылы қайтыс болған) өзінің «Ләйлі-Мәжнүн» поэмасын әзербайжан тілінде жырлап, Науаиге үлкен құрметпен қарап, оны ұлы ұстаз деп атаған. Әмір Әлішер Науаидің ұстазы әрі досы, ирандық ұлы ақын Моулана Нуреддин Абдуррахман Джами Әмір Әлішердің осы туындысына зор маңыздылық беріп, «Ескендірнама» мен «Һафт оуранг» атты поэмаларындағы Әмір Әлішердің ақындық құдіретін мадақтаған.

Әмір Әлішердің 5 дәптер мен 27 мың бәйіттен тұратын бестігі төмендегідей: «Хейре ул-Абрар» поэмасы х.қ.ж.с.б. 888 жылы жазылып, Низамидің «Махзан ул-Асрар» мен Әмір Хосроу Дехлевидің «Матла ул-Анвар» туындыларын еске түсіреді; «Фархад пен Шырын» поэмасы  х.қ.ж.с.б. 889 жылы жырланып, Низамидің «Хосроу-Шырын» және Әмір Хосроу Дехлевидің «Шырын мен Хосроу» туындыларын еске түсіреді; Әмір Әлішердің үшінші туындысы «Ләйлі-Мәжнүн» Низами мен Дехлевидің осы аттас туындыларын еске түсіреді; х.қ.ж.с.б. 889 жылы жазылған «Саба-е Сайяре» атты туындысы Низамидің «Жеті сұлуы» мен Әмір Хосроу Дехлевидің «Жеті жұмағын» еске түсіреді. Ал Әмір Әлішердің «бестігіндегі» бесінші поэма «Ескендірдің бөгеті» деп аталады. Ол х.қ.ж.с.б. 890 жылы жазылып, Низамидің «Ескендірнамасы» мен Әмір Хосроу Дехлевидің «Ескендір айнасы» туындыларын еске түсіреді.

Науаи тез танымал болған бұл поэмаларды екі жылдың ішінде жазып шыққан. Бұл ақынның өзі үшін таң қалдыратын ерлік болған. Ол бір өлеңінде өз жұмысын адамның қабілетінен жоғары деп атап, өзі өмір сүрген ғасырда ешкімнің мұндай істі атқара алмағанын айтқан.

Әмір Әлішер Науаи

Алайда Әмір Әлішер Науаидің түркі тіліндегі прозалық туындылары арасында бәрінен маңыздысы – х.қ.ж.с.б. 897 жылы жазылған «Маджалес ун-нафаес» деп аталатын тазкере-өмірбаяндар жинағы. Оны шығыс-түркі әдебиетінің  алғашқы тарихы деп атауға болады. Бұл кітапта түркі тілдес 459 ақынның аты аталған. Олардың барлығы дерлік парсы тілінде де өлең жазған.  «Маджалес ун-нафаес» Әмір Әлішердің замандастары немесе одан сәл ертерек өмір сүрген ақындардың өмірі қамтылған алғашқы әдеби тазкере болып табылады. Автор осы еңбегінің кіріспесінде оны Джамидің «Бахарестаны» мен Доулатшах Самарқандидің «Тазкере уш-Шуара» еңбектерін толықтыру мақсатында жаздым деп айтқан. Түрік зерттеушісі Тоған бұл кітапты Джамидің «Нафахат ул-онс» кітабының толықтырмасы деп атаған. Бірақ Джамидің бұл еңбегі сопылық тазкере, ал Әмір Әлішердің еңбегі әдеби тазкере болып табылады.  Бұл екеуінің арасында ұқсастық жоқ. Әмір Әлішер бұл еңбегінде ақындар жайлы қысқаша, бірақ толық мәлімет беріп, таныстырып, олардың туындыларына қатысты өзінің сыншыл ойларын ұсынған. Әмір Әлішердің бұл еңбегі бірнеше рет парсы тіліне аударылған.

Әмір Әлішердің түркі-шағатай тіліндегі туындыларының көптігі оның еңбектерін түсіну үшін сөздіктердің жазылуына себеп болды. Сол заманда Сұлтан Хосейн Байқараның бұйрығымен «Бадайе ул-Лұғат» еңбегі жазылған. Тале Герати (Инани) кейін х.қ.ж.с.б. 1084 жылы оны қайта жазып, оны басқа сөздіктердің жазылуында пайдаланған. «Лұғат-е Абушока» – авторы белгісіз келесі сөздік.  Ол 10 ғасырда Анатолияда жазылған. Онда Науаи, Лотфи мен басқа да шағатай тілінде жазатын ақындардың туындыларының үлгілері келтірілген. Надер шах Афшардың арнайы хатшысы Мырза Мехди Астарабади да «Санглах» сөздігін жазып, оның кіріспесінде Әмір Әлішер Науаи туындыларының қателіктерін жою үшін осы кітапты қолға алғанын айтқан.  

Тегтер