Сәу 23, 2017 16:06 Asia/Almaty
  • Иранның танымал тұлғалары (109)

«Роузат уш Шохада» – Моулана Хосейн Ваез Кашефидің ең маңызды кітаптарының бірі. Бағдарламаның жалғасында осы кітапты таныстырамыз.

Ирандық танымал тұлғалар – әлемдік мақтаныштар

Айтып өткеніміздей, «Моулана Хосейн Ваез Кашефи» деген атпен танымал Камаледдин Хосейн бен Әли Сабзевари Тимурилер дәуірінде (х.қ.ж.с.б. 9 ғасырда/ григориан күнтізбесі бойынша 15 ғасырда) өмір сүрген ирандық еңбекқор жазушы, діни ғылымдардың білгірі, астроном, Құран тәпсіршісі, математик, ықпалды әрі көрнекті уағыздаушы болған. Ол бастауыш білімін сол заманда ғылым-білімнің ордасы болған Сабзевар қаласында алып, содан соң Мешхед пен Герат қалаларына аттанған. 

Сабзеварвардағы Моулана Хосейн Ваез Кашефиге арналған ескерткіш

Ол ұзақ жылдар бойы діни тағылымдар мен ақлақтық қасиеттерді уағыздап, үгіт‑насихат жасаумен айналысқан. Сұлтан Хосейн Байқара билік басына келіп, оның білікті уәзірі Әмір Әлішер Науаи өнер мен әдебиет майталмандарына қолдау көрсеткен соң Кашефидің орны мен танымалдығы арта түсті. Ұлы хадисшілер мен ғұламаларға берілетін уағыз бен құтпа айту орны Гератта Кашефиге берілді. Кашефи Джами арқылы Нақшбандия тариқатымен танысқан. Сонымен қатар Кашефиден проза мен поэзия саласында көптеген еңбек қалғанын айттық. «Роузат уш‑Шохада» – оның  ең көрнекті шығармаларының бірі. Бағзы замандардан бері бұл кітап имам Хосейнді (ғ.с.) жоқтау жиындарында, әсіресе мұхаррам айы кезінде көп оқылады.  

Моулана Хосейн Ваез Кашефидің «Роузат уш‑Шохада» кітабы Тимурилер дәуірінің соңғы жылдарында жазылған ең маңызды әдеби және тарихи еңбектердің бірі болып табылады. Оның танымалдығы мен таралымы Сефевилер мен Қаджарлар заманына дейін жеткен. Бұл кітапта автор алдымен пайғамбарлар тарихын толығымен жазып, содан соң Ислам пайғамбарының өмірін баяндап, кейін басқа имамдардың өмірбаяндарын келтірген. Бұл кітапта Кербалаға қатысты бөлім басқа бөқлімдерге қарағанда толығырақ жазылған. Автордың осы кітапты жазудағы мақсаты Кербала оқиғасын баяндау болған.

Зерттеушілер «Роузат уш‑Шохада» кітабының мұсылмандар арасында бағзы замандардан келе жатқан ауқымды ықпалы мен өзінен кейін қалдырған таңғажайып әсерінің себебін оның жазылу стилі деп атаған. Олардың сенімінше, «Кітаптың тақырыбының маңыздылығынан бөлек, тартымды жазу стилі бұл кітаптың шиіттер арасында мәңгілікке сақталуының ең маңызды факторы болды. Шын мәнінде, егер жазушының мұндай стилі болмағанда және осындай шешендік және көркемдік бейнелеулер қолданылмағанда, ол осыншама жетістікке жетпеген болар еді». Кашефи х.қ.ж.с.б. 2 ғасырдың жартысындағы ең көрнекті жазушылардың бірі болған.

«Роузат уш‑Шохада» кітабының ең көп танымалдығы оның әдемі сөз тіркестеріне байланысты. Кашефидің осы мәңгілік туындыда қолданған сөз тіркестері автордың қартайған кезінде жазылған.   Ұстаз Расул Джафарианның сенімінше, «Бұл кітаптан әдемі сөздер мен сөз тіркестерін таңдап алу  қиын, өйткені оның қай жері таңдалса да, басқа жері әдемірек әрі тартымдырық көрінеді. Кез-келген шараға орай ең әдемі әрі әуезді өлеңдерді таңдау кітапты одан ары тартымды ете түседі».

«Роузат уш‑Шохада» кітабы

Кашефи бұл кітапта Сағдидің «Гүлстанындағы» тәсілді көбірек пайдаланып, Сағдидің мұсаджа прозасын ұстанған. Кашефидің әуезді сөйлемдері оның туындысына ерекше әуезділік сыйлады. Осы негізде бәрінен бұрын «Роузат уш‑Шохада» кітабының танымалдығы өлеңдей әуезді сөйлемдер мен тартымды әңгімелер мен дастанның элементтерін қолдануында деп айтуға болады. Сол себепті автордың өз туындысының тарихи қырына емес, әдеби және көркемдік ерекшеліктеріне көбірек назар аударғанын айтуға болады. Кейде өз мақсатына жету үшін тарихи шындыққа сәйкес келмейтін хикаялар шығарған.

Кашефидің Ашура мен басқа да тарихи мәселелерді баяндау үшін таңдаған стилі – тарихи-әпсаналық стиль. Ол мақсаты тарих болса да, тарихи әңгімелер қалыбында шектеліп қалмаған. Кітаптың жер-жерінде кейбір көріністерді майын тамыза әңгімелегені соншалықты, кей тұстарда тарихи деректіліктің аясынан шығып кеткені айқын. Мұндай стиль жалпы халық арасында өте жақсы қабылданады. Зерттеушілер мен сыншылардың сенімінше, осындай сөз тіркестері адамның ақылын ғана емес, психикасына да әсер етіп, оқырманның бүкіл жан-дүниесін баурап алады. Ол көп жағдайда адамдардың келбеті мен соғыс алаңын егжей-тегжейлі сипаттаған.

Кашефи Кербала оқиғасын баяндауда эпостық ұғымдарды өте әдемі қолданды. Бұл кітапта шәһид пен шәһид болу ұғымының ауқымды қолданылғаны соншалықты, мұны сол замандағы парсы тіліндегі мәтіндерден азырақ кездестіруге болады. Кашефи Кербаланы саяси сипаттан бөліп қарағандықтан, шәһид болу ұғымын жеріне жеткізе тарату арқылы парсы тілін осы ұғыммен толтыра түскен деп айтуға болады.

«Роузат уш‑Шохада» кітабында қолданылған  кейбір хикаялар ойдан шығарылған. Олардың тарихи негізі жоқ. Сол себепті бұл кітап ғылыми сенімділіктен кенде. Мысалы,  Хашем бен Атабенің Кербалада шәһид болуы шындыққа жанаспайды. Бұл адам бірнеше жыл бұрын Сафиин соғысында шәһид болған. Осындай жағдайлар Кашефидің сенімді әдебиеттермен қоса, сенімсіз дереккөздерін пайдаланғанын көрсетеді. Бұл зерттеушілердің  аталмыш кітапқа тарихи еңбек емес, әдеби туынды және тарихи роман деп қарауына себеп болды. Тарихи романның ерекшелігіне дұрыс тарихи деректердің ойдан шығарылған әңгімелермен астасып, оқуға тұрарлық мәтіннің ұсынылуы жатады. «Роузат уш‑Шохада» кітабы осындай ерекшелікке ие.

Зерттеушілер Кашефиді Ашура оқиғасына рухани қатынасты таратушы санайды. Ол – тарихты зерттеген сопы адам. Кашефидің әлем мен ондағы дүниелерге деген көзқарасының зерттеуіне әсер етіп, одан басым түскені анық.  Ол жазған тарихты сопылық тұрғысынан баяндалған тарих санау қажет. Кашефи бір жағынан уағызшы, екінші жағынан Нақшбандия ағымын ұстанушы сопы, үшінші жағынан Ахл-е бейтті жақсы көретін мұсылман, төртінші жағынан жазушы, әдебиетші әрі ақын болған. Ваез Кашефидің болмысындағы қасиеттердің барлығы «Роузат уш‑Шохада» кітабының  қалыптасуы мен пайда болуына өз үлесін қосқан. Алайда кітаптың идеологиялық қыры екі элемент – Ахл-е бейтті сүю және сопылыққа ынта танытудан бастау алған. Сопылықтың табиғаты орын алған кез-келген оқиғаға метафизикалық сипат береді. Осы көзқарас бойынша, әрбір оқиға өзіндік рухани әсер беру үшін орын алады. Бұл оқиғалар діни істер тарихына жеткенде осындай сараптамалар арта түсіп, материалдық қырларға азырақ көңіл аударылған.

Кашефи  «Роузат уш‑Шохада» кітабының басында өз сараптамасының негізін  айтып өткен. Сопы рухани тұрғыдан жоғары дәрежелерге жету үшін әлемді өзі үшін қиындата түседі. Мұнымен қоса,  мистиктердің көзқарасынша, Құдай да пайғамбарлар мен әулиелердің қадірін арттыру үшін оларды көптеген қиындықтармен бетпе-бет келтіреді. Әлемнің діни тарихы осындай қиындықтардан тұрады. Барлық пайғамбарлар мен әулиелер осындай қиындықтардан өтеді. «Роузат уш‑Шохада» кітабының соңына дейін Кербала көтерілісінің болмысы мен оның саяси мақсаттары жөнінде бірде-бір сөз айтылмаған. Бұл Ваез Кашефидің мистикалық көзқарасына байланысты. Ваез Кашефидің көзқарасы тұрғысынан Кербала шәһидтерінің мына дүниедегі орны нашар болған. Олар жақсырақ жерге кетті.  Бұл дүниеде не үшін қалуы керек? Ваез Кашефидің көзқарасы бойынша,  Ахл-е бейтті сүюшілер, соның ішінде имам Хосейнді (ғ.с.) сүйетіндер үшін қалған ең жақсы іс – жоқтап жылау. Бұл оларды қиямет күні құтқарып, шапағат етеді.

Егер көздер Кербала шәһидтері үшін жас төксе,

Бақыт нұрынан үдей түсер жарыққа ие болады.

Шәһидтердің әмірі жайлы ойлап,

Көзіңнен қанды жас ағыз.

Бүгін Хосейн үшін жас төгетін кез-келген адам

Ертең күлімдеген жүзбен мерейлі төрде отырады.

Тегтер