Сәу 29, 2017 13:38 Asia/Almaty
  • Иранның танымал тұлғалары (111)

Бүгінгі бағдарламада Моулана Хосейн Ваез Кашефидің "Ақлақ-е Мохсени" атты кітабымен таныстырамыз.

Ирандық танымал тұлғалар – əлемдік мақтаныштар

Айтып өткеніміздей, «Моулана Хосейн Ваез Кашефи» деген атпен танымал Камаледдин Хосейн бен Әли Сабзевари – Тимурилер дәуірінде (х.қ.ж.с.б. 9 ғасырда/григориан күнтізбесі бойынша 15 ғасырда) өмір сүрген ирандық еңбекқор жазушы, діни ғылымдардың білгірі, астроном, Құран тәпсіршісі, математик, ықпалды әрі көрнекті уағыздаушы. Ол бастауыш білімін сол заманда ғылым-білімнің ордасы болған Сабзевар қаласында алып, содан соң Мешхед пен Герат қалаларына аттанған. Ол ұзақ жылдар бойы діни тағылымдар мен ақлақтық қасиеттерді уағыздап, үгіт‑насихат жасаумен айналысқан. Сұлтан Хосейн Байқара билік басына келіп, оның білікті уәзірі Әмір Әлішер Науаи өнер мен әдебиет майталмандарына қолдау көрсеткен соң Кашефидің мәртебесі көтеріліп,  танымалдығы арта түсті. Ұлы хадисшілер мен ғұламаларға берілетін уағыз бен құтпа айту орны Гератта Кашефиге берілді. Ваез Кашефи проза мен поэзия жанрында көптеген еңбектер жазған. Өткен бағдарламаларда "Роузат уш-Шохада" жəне "Футувватнаме-е сұлтани" атты еңбектерін талдадық. 

Сабзевар қаласындағы Моулана Хосейн Ваез Кашефидің ескерткіші

"Ақлақ-е Мохсени" (Мохсенидің ақлағы) немесе "Джавахер ул-асрар" (Құпиялар қазынасы) атты кітап – Ваез Кашефидің практикалық хикмет жəне саясат саласындағы ең маңызды еңбегі. Бұл кітап х.қ.ж.с.б.900 жылы жазылған. Кашефимен замандас тарихшы Хантемір бұл туындыны Кашефидің көзі тірісінде оның ең маңызды əрі танымал 7 еңбегінің қатарына жатқызған. Ян Рипко бұл туындыны ақлақ тақырыбында парсы тілінде жазылған үшінші еңбек санаған. Қажы Насыреддин Тусидің "Ақлақ-е Насери" жəне Жалаледдин Мұхаммад Даванидің "Ақлақ-е Жалали" екі философ пен діни білгір тарапынан жазылған. Бірақ Кашефиде философияға ынта болмаған, оның еңбегі осы тұрғыдан аталған екі автордан ерекшеленеді. Тимурилер заманында өмір сүрген ғалымдар   жалпы таза философияға аса құмар болмаған. Кашефи де өз заманының перзенті. Сол себепті "Ақлақ-е Мохсени" еңбегі жұрттың арасында кең таралып, Забихулла Сафаның айтуынша, «соңғы ғасырларда ақлақ саласында танымал болған кітаптардың» біріне айналды. Кашефи өзінің «әр-Ресале әл-Алие фи әл-Ахадис ун-Набавие» атты кітабының бірнеше тарауын саяси ақлаққа арнап, осы тарауларда билеушілер, уәзірлер мен әмірлердің әдебі мен міндеттері туралы сөз қозғаған. Ваез Кашефидің практикалық хикмет пен саяси ақлаққа көңіл аударуының себебі оның Тимурилер үкіметі, әсіресе Сұлтан Хосейн Байқара сарайы маңындағылармен тығыз байланысы болды.

Хосейн Ваез Кашефидің парсы тіліндегі "Ақлақ-е Мохсени" еңбегінің танылмаған, белгісіз нұсқасы қазір Вена қаласындағы доминикан шіркеуіндегі жеке кітапханада сақтаулы.

Парсы тіліндегі саяси ақлақ туралы кітаптар «саясатнама жазу» және «шариғатнама жазу» болып екіге бөлінеді. Саясатнамалар толығымен саяси кітаптардан бастап ақлақтық сипатқа ие саяси жолнұсқаулар беретін жалпы әдет-ғұрыптар туралы кітаптарды қамтиды. Қажы Низам ул-Мүлк Тусидің «Саясатнамасы» парсы тілінде жазылған саясатнамалардың ең жақсы үлгісі болып табылады. Мавардидің «Ахкам ус-сұлтание» кітабы парсы тіліндегі ең маңызды шариғатнама болды.

Аталмыш екі түрдің арасында осы екеуінің қосындысынан тұратын  кітаптарды табуға болады. Зерттеушілер мұндай кітаптарды «шариғат сипатындағы насихатнама деп атаған. Моулана Хосейн Ваез Кашефидің «Ақлақ-е Мохсени» кітабын осындай туындылардың бастамасы деп атауға болады. Саяси насихатнама ақлақ пен саясатты байланыстыратын буын болып табылады. Ол Ежелгі Ираннан басталып, ғасырларға созылған. "Ақлақ-е Мохсени" кітабы шариғатнамаға қарағанда насихатнама кітаптарына көбірек ұқсайды. Бұл кітапта барлық практикалық хикмет кітаптары сияқты адамның мәдениетке ұмтылысы, қоғамды қажет етуі, соның артынан қоғамдардың  заңды қажет ететіні жайлы сөз қозғалған. "Ақлақ-е Мохсени" кітабында ислам дәуірінде парсы тілінде жазылған көптеген шариғатнамалар сияқты заң шариғат заңы деп саналған, ал патшалар  исламның ұлық пайғамбарының орынбасарлары және шариғат заңын сақтаушылар деп аталған. Кашефи кітабының басында патшалық дәрежені пайғамбарлық мәртебе санап, шариғат заңы сақталуы үшін патша бәрінен бұрын өзі осы заңды ұстанып, іске асыруы керек деп қуаттаған.  

Кашефи өмір сүрген кез Тимурилер билік құрған заманмен тұспа-тұс келеді. Түрік әулетінен шыққан Тимурилер х.қ.ж.с.б. 8 ғасырдың аяғынан бастап бір ғасыр бойы Иранда билік құрып, моңғолдардан заңды күш алып отырған. Шын мәнінде Ақсақ Темір Шыңғысханның ұрпағы емес, алайда Шыңғыс  әулетіндегі қыздармен үйлену арқылы Шыңғыс ұрпақтары тарапынан қойылған хан ретінде моңғолдардан заңдылық алуға тырысқан. Оның орынбасарлары да осы жолды ұстанған. Ақсақ Темірдің өзінен кейінгілерге қалдырған үкіметі түрік-моңғолдық әскери жүйе мен ислам мәдениетінің әртүрлі элементтерінен құралған. Бұл үкімет моңғолдардан қалған ирандық жерлерді мұраға алғандықтан әдетте ирандық қалыпқа ие болған.

Кашефи өзінің кітабында билеушіге 40 қасиет керек деп санаған. Бұл 40 қасиетті ол 40 тарауда баяндаған. Ол әрбір тарауда алдымен тақырыпқа байланысты аят, хадис немесе рауаят, содан соң тарихи хикая келтіріп, соңында сөзін бірнеше жол өлеңмен аяқтап отырған. Тараулардың кейбіреуінде  талқыланған тақырыпқа сәйкес тарихи хикаят немесе өлеңдер көбірек беріліп отырады. Кітапта келтірілген өлеңдердің көбі – Ваез Кашефидің өз өлеңдері. Ал кейбіреулерін басқа парсы тілді ақындардың өлеңдер жинағынан алған. Ғибадат, ықылас, сабырлық, тәуекел, кеңесу мен шара ойластыру, ержүректік, мүмкіндікті пайдалану, жақсы атқа ие болу –  Кашефидің патшалар ие болуы тиіс деп санайтын 40 қасиеттің қатарына жатады.

"Ақлақ-е Мохсени" кітабындағы хикаяттар да оған дейінгі ақлақ туралы еңбектерден алынған. Оның хикаяттарынан оған дейінгі басқа еңбектерде жоқ тақырыптардың алуандығы көзге түседі. Александр Македонский, Ежелгі Иран патшалары, Тахери мен Самани үкіметтері, Аббаси үкіметінің қызметкерлері, Ғазнави және Селжұқ әулеттері билеушілерінің аттары "Ақлақ-е Мохсени" кітабының хикаяттарында бірнеше рет аталған.  "Ақлақ-е Мохсени" кітабы хикаяттарының маңызды ерекшелігі – оларда тарихи қателіктердің аздығ.  

Тимурилердің түрік-моңғол билігі заманында Сұлтан Хосейн Байқара сарайына жақындардың бірі Ваез Кашефи жазған "Ақлақ-е Мохсени" еңбегін саяси насихатнама санау қажет. Онда саясат пен билік ақлақпен байланыс тапқан. Билеушілердің амалдары дағдарысты жағдай тудырған дәуірде Кашефи төзімді де ойшыл тұлғасымен ирандық ойлау дәстүрінде ақлақтық саясатты баяндап, биліктің заңдылығы мен баяндылығын ақлақтық принциптерге қатысты деп санаған. Осы негізде елді басқару әдет-ғұрпы әділет пен діндарлық сияқты принциптерді сақтаумен қатар сипатталады. "Ақлақ-е Мохсени" кітабында бұл принцип ақлақтың негізі болып, күрделі түсіндірмеге ие болмаса да,  әртүрлі көзқарастар мен діндарлар тарапынан әртүрлі кезеңдер мен жерлерде расталады. Ортақ ақлақтан Кашефи заманындағы қажеттіліктің тайпалық және діни соқыр сенімнен ада абадтандырылу мен әділет екенін көруге болады.

Кашефидің туындыларын сынайтын кейбіреулердің пайымдауынша, Ваез Кашефи саясат саласында насихат айту шеңберінен шықпай, хикаят айтумен шектелген. Сол себепті және оның туындыларының әдеби стилінің қарапайымдығына байланысты "Ақлақ-е Мохсени" кітабын практикалық хикмет саласындағы көрнекті еңбектердің қатарына қосуға болмайды. Бұл кітаптың қарапайымдығы соншалықты, Кашефи хикаяттарды таңдауда да дәлдік пен қатаңдықты сақтамаған, тек міндетін атқаруды ғана ойлаған.

Тегтер