Иран ертегілері мен аңыздары (106)
Проза тілінде жазылған халық ауыз ертегілерінің ең көрнекті ерекшеліктерінің бірі олардың пайғамбарлар туралы әңгімелердің архетипін пайдалануы екендігін айттық. Иранның халық ауыз ертегілерінің көбінде пайғамбарлар туралы әңгімелер тыңдарманды көбірек тарту үшін пайдаланылған.
Пайғамбарлар туралы әңгімелердің тарих бойында қасиетті кітаптардағы әртүрлі рауаяттармен де, әртүрлі ұлттардың аңыз-ертегілері мен тарихи тұлғалары жайлы әңгімелерімен де араласып, әпсаналық сипатқа ие болғанын айттық.
Иранның прозалық және поэзиялық әдебиеті Исламның Иранға келген алғашқы ғасырларынан бастап-ақ Құран тағылымдары мен әңгімелерінің ықпалында болып, содан нәр алған. Осылайша парсы әдебиетінде әртүрлі тұспалдардың (талмих) түрлері пайда болған. Пайғамбарлар халық ауыз ертегілерінде басты әрі ерекше орынға ие болған. Халық ертегілерінде пайғамбарлар үш түрлі рөл атқарған: олар кейіпкерлердің бірі ретінде әңгіме желісіне қатысқан; ертегіде олардың заттары мен құралдары сияқты нышандар келтіріледі; пайғамбарларға қатысты әңгімелерге ұқсас оқиғалар қайта шығарылады.
Кейбір ертегілерде пайғамбарлар тағдырды шешуші рөл атқарады. Олар шынайы дүниеде немесе ұйқы әлемінде кейіпкер немесе оның әскеріне көмектесіп, олардың қиындықтарының түйінін шешеді.
Қызыр – аңыздар мен ертегілердегі сүйікті тұлға әрі кейіпкердің демеушісі. Қызыр халық ертегілерінде өте айшықты рөл атқарады. Парсы әдебиетінде Қызырға қатысты аңыздарда кейде Ескендірдің тостағаны және Қызырмен байланысы болғандықтан Джамшидтің тостағаны туралы ертегілермен астасып кеткен, кейде Джамшидке қатысты рауаяттармен қатарлас келтірілген. «Хавараннама» атты еңбекте Қызыр жәуәнмәрт Амру Зимариге көмекке келеді, ал «Хамзанамада» өмірдің барлық қиын тұстары мен күрестерде Хамзаға жетекшілік етеді. Хамза үнемі Қызырдың қолдауына ие болып отырған. «Хамза» ертегісінде Хамза Қызырды Қап тауынан көреді. Қызыр оған тамақ беріп, диюдің белгілерін айтады. Хамза атының тұяғы жарылғанда Қызыр пайда болып, өз қолымен оның атының тұяғына таға шегелейді. «Джунейднама» атты романда да Джунейд қанатты пыраққа отырып, таудың басына қонып, сонда Қызыр пайғамбармен кездеседі. Қызыр оны Сана Бадр қаласындағы Рашиденің жанына апарады. Романның кейіпкері жүз жылдық жолдарды құбыжық, қанатты пырақтар, перілер және Қызырдың көмегімен бір сағатта жүріп өтеді.
Енді Иранның аңыз-әңгімелер әлеміне саяхат жасап, «Иран әпсаналары» атты құнды еңбектен сіздер үшін таңдалынып алынған «Хазірет Сүлейменнің алмасы» атты ертегінің жалғасын тыңдауға шақырамыз.
Айтып өткеніміздей, баяғы өткен заманда бір патша болыпты. Оның Малек Мұхаммад, Малек Ибраһим және Малек Джамшид деген үш ұлы болыпты. Патшаның үлкен де таңғажайып бағы бар көрінеді. Патша өлер алдында ұлдарына баққа кірмеңдер деп кеңес береді. Бір күні үлкен ұл баққа кіріп, құланды көріп, соның артынан жүреді. Жол бойында құлан оған бірнеше сұрақ қояды. Ақыры бір қаланың қақпасына жетеді. Ұлды патшаның алдына апарады. Патша: «Жылдар бойы тілге келмеген қызымды таңға дейін сөйлете алсаң, оны саған тұрмысқа беремін, болмаса басыңды аламын»,- деп шарт қояды. Екінші ұл үлкен ағасы келмегендіктен патшалықты Малек Джамшидке тапсырып, үлкен ұлды табуға аттанып, тура ағасының кебін киеді. Малек Джамшид те ағаларынан хабар жоғын көргенде бас киімін киіп, қамданып далаға қарай жолға шығады. Ағалары кеткен жолмен жүріп отырып құлан келіп, сөйлейтін жерге жетеді. Сонда құлан алдынан шығып, оның ағаларына айтқан сөзді қайталайды. Шахзада құланның артынан еріп қаланың қақпасына жетеді. Құлан жігітті қақпаның алдында күттіріп қойып, қайтып келемін деп кетіп қалады. Малек Джамшид: «Айналада не бар, не жоғын білгенім дұрыс. Мына құланның сырын білетін адам бар ма екен?»,- деп ойлайды. Бірнеше қадам жүргенде бір күркеге кезігеді, онда бір кемпір отыр екен. Ол Малек Джамшидке бажырая қарайды. Малек Джамшид кемпірге жақындап: «Сен мұнда не істеп отырсың?»-деп сұрайды. Кемпір күліп, Малек Джамшидті күркеге кіріп отыруға шақырады. Шахзада ішке кіргенде оған су мен қорқор алып келіп: «Малек Джамшид, сен мұнда қайдан жүрсің? Мұнда не үшін келдің?»-деп сұрайды. Малек Джамшид болған оқиғаның барлығын кемпірге баяндап беріп: «Енді құланның қайтып келуін тосып отырмын»,-дейді. Кемпір құланның атын естігенде бетін тыжырайтып, оны балағаттап жібереді. Малек Джамшид таң-тамаша қалып: «Құланды неге балағаттайсың?»,-дейді. Кемпір: «Малек Джамшид, өзіңнің жастық шағыңды ая. Құланның тұзағына түсуші болма. Бұл құлан – осы қала патшасының қызы. Өзін құлан кейпіне енгізіп, шөл даланы кезіп жүреді. Жігіттерді алдап, патшаның алдына апарады. Жігіт келген кезде өзін қайта қыз қалпына келтіріп, бөлмесіне барып ауырған болып, сөйлемей қояды. Патша жігіттерді «қызымды сөйлет» деп мәжбүрлейді. Егер сөйлете алмаса, бастарын алады. Осылайша осы күнге дейін 200 адамды өлтірді»,-дейді.
Малек Джамшид мұны естігенде ағалары үшін қамығып, өзінің қандай тұзаққа түсіп қалғанын ойлап, үрейленеді. Содан кемпірге қарап: «Мен енді не істеймін?»-деп сұрайды. Кемпір: «Мен саған алма беремін. Ол хазірет Сүлейменнің алмасы. Бүгін кешке сені сөйлетсін деп, қыздың бөлмесіне апарғанда осы алманы білдіртпей шырақтың астына қойып, «Қызым саған айтам, келінім сен тыңданың» кейпінде алмамен сөйлес. Алдымен «Хазірет Сүлейменнің қабірінің бұрышымен ант етемін» деп айт та, алмаға бүгін аман қалуым үшін сөйле де»,-дейді.
Малек Джамшид кемпірден алманы алып, қалтасына салып, қақпаның алдындағы өзінің бастапқы орнына барып тұрады. Тағы баяғы ер адам келіп, жігітті патшаның алдына апарады. Патша Малек Джамшидке қарап: «Менің қызым сөйлемейді. Егер бүгін түнде оны сөйлете алсаң, оны саған беремін. Егер сөйлете алмасаң, екі ағаң сияқты таңертең басыңды аламын»,-дейді. Малек Джамшидті қыздың бөлмесіне апарады. Түн болғанда не істесе де, қыз тілге келмейді. Бұл қыздың өздігінен сөйлемейтінін көргенде білдіртпей алманы қалтасынан алып шығып, шырақтың астына қойып, алмаға қарап: «Ей, алма, Хазірет Сүлейменнің қабірінің бұрышымен ант етемін, бүгін аман қалуым үшін сөйле»,-дейді. Антты естігенде алма сөйлей бастап, бір ертегіні баяндап береді.