Маусым 18, 2017 04:05 Asia/Almaty
  • Рамазан – Алланың айы 22

Исламның ұлық пайғамбары: «Алланың әр пендесі Қадір түнін шындық, ықылас және иманға сенім артып, ояу өткізеді. Өйткені, бұл түні Жаратушы күнәларды кешіреді»,- деген.

Алла Тағала мың айдан артық деп атаған түнге сәлем! Әр сәті илаһи мейірімділік пен рақымға толы және Алла елшісінің жүрегіне Құран түскен түнге сәлем!

Имам Садық (ғ.с.) Қадір түнінің  жоғары  орыны туралы: «Рамазан айының жүрегі – Қадір түні»,- деген. Сондықтан Рамазан айын дұрыс түсінгісі келген адам оның жүрегі Қадір түнін дұрыс түсінуі керек. Қадір түні ғибадат жасап, Құран оқу жүректі Алланың махаббатын қабылдауға дайындайды. Қадір түні – ойланып, маңызды шешім қабылдау үшін жақсы мұрсат. Қадір түні – тағдырды анықтайтын түн. Әр адам өзі үшін ең жақсы  тағдырды қалайды. Бірақ, ең  жақсы тағдыр ойлануды қажет етеді. Құран жіберілген бұл түні періштелер топ-тобымен жерге түсіп, мүміндердің жиындарын аралап, оларға сәлем беріп, дұғалары үшін «әмин» айтып, таңды атырады. Уа, Алла! Қадір түні кешіресің деген үмітпен өзіңе қараймыз. Бүгін сәресіне дейін ояумыз. Жүрегіміздегі өз махаббатыңның дәндерін тәубенің жасымен суарып, жанымызды рақымыңның жаңбырымен тазартамыз. Уа, Алла! Күнәларымызды кешіріп, несібемізді арттыр!    Қадір түнінің  танымал дұғаларының  бірі «Джоушан Кабир» дұғасы саналады. Көркем әрі құнды мәтінге ие бұл дұғада Алла Тағала  ұлы әрі айбынды болып еске алынады. Адам Алланың сипаттарын айтып, Алланың рақымының аспанына көтеріліп, болмысы рухани кеңістікке  батады. «Джоушан Кабир» дұғасының бір бөлімінен: «Уа, адасқандарға жол көрсетуші, дауыстағандардың дауысын естуші, пана тұтушылардың панасы, алаңдаушыларға қауіпсіздік сыйлаушы, мүміндерге көмектесуші, кедейлерге рақым білдіруші, күнәһарларды кешіруші, мұқтаждардың дұғаларын орындаушы! Өзіңнен басқа Құдай жоқ. Бізді өрттен құтқар, Жаратушым»,- деп оқимыз.

         *******************************

«Ясин» сүресінің 11-ші аяты:

"إِنَّما تُنذِرُ مَنِ اتَّبَعَ الذِّکرَ وَخَشِیَ الرَّحمٰنَ بِالغَیبِ ۖ فَبَشِّرهُ بِمَغفِرَةٍ وَأَجرٍ کَریمٍ

«Шын мәнінде сен үгітке еріп, Рахманды көрмей-ақ қорыққан кісілерге ескерте аласың. Ал оларды жарылқау және құрметті сыйлықпен қуант!»     

Бұл аят адамдардың жол нұсқауды қабылдауына тоқталады. Өз болмысының дауысына немқұрайдылық танытатындар өздерінің ақылдарымен ойланбайды, басқалардың дәлелдерін қабылдамай, өздерін илаһи жол нұсқаудан мақұрым етеді. Алайда басқалардың сөзін тыңдап, ойланатындар үшін әрқашан дұрыс жолды көрсететін есіктер ашық. Алла Тағала  пайғамбарға (с.ғ.с.): «Сен тек илаһи аяттарды (Құранды) тыңдайтындарға әсер ете аласың» деген. Құрайыш халқы ешбір адам Исламның ұлық пайғамбарының шындығын естімесін деп, кейбір адамдарды хазірет Алланың үйінде және Қағбаның айналасында  Құран оқып отырған кезде айқайлап, жанжал шығаруға мәжбүрлейтін. Осылайша, олар Құран аяттарын адамдардың құлағына жеткізбеуге тырысты. Сол себепті, бұл аятта Құранды тыңдап, аяттарына сай ғамал етіп, Алладан шынайы қорқатын адамдардың ғана дұрыс жолға нұсқалатыны туралы айтылған. Бұл аятта Алладан шынайы қорқатын деп айтылу себебі мұнафықтарға қатысты. Өйткен, олар халықтың алдында өздерін Алладан қорқатындай көрсететін, ал жалғыз қалғанда Алладан қорықпайтын.  Кейбір уақытта адам танымал адамды көрген кезде оның алдында кішіпейілдік танытады. Бұл күпірілік пен азаптан қорқудан өзгеше. Бұл аятта кішіпейілдік Алланың атымен бірге тұрып, мүміннің кішіпейілдігінің үмітімен аралас екенін көрсетеді. Адам Аллаға ғибадат жасайды, бірақ өз ғамалына риза болмай, илаһи азапқа түсемін деп қорыққанымен, Алланың рақымынан үмітсіз қалмайды.

Дұрыс жолға нұсқауды қабылдайтын,  Құранды тыңдап, ешкім көрмей, жалғыз қалған кезде де Алладан қорқатын адамдар екі сыйға ие болады: біріншісі – Алла олардың күнәларын кешіреді, екіншісі – оларға үлкен сый беріледі. Бұл жерде Алла Тағала гүл мен өсімдік өсіргісі келетін жерді алдымен арам шөп, тас және басқа да қажетсіз нәрселерден босатып, содан кейін тұқым себетін бағбан сынды Алланың сыйына ие болуға лайық болсын деп, басында адамды ластықтар мен жамандықтарынан тазартып, мәңгі өмір сүретін жаннатқа апарады.

    ************************************** 

«Рухы саудың – дені сау»  және «Рухтың саулығы организмнің дұрыс қоректенуіне байланысты» деген сөздерді көп естіген боларсыздар. Бұл туралы имам Реза (ғ.с.): «Күш, мүмкіндік, рух пен психика ішектердің функциясына байланысты»,- деген. Нәпсі дегеніміз – адамның рухы. Ол торға түскен құс сынды. Адамның дені сау болса, рухы да сау болады. Қазіргі таңда кейбір тамақтардың адамның ахлағы мен іс-әрекетіне әсер ететіндігі анықталды. Мәселен, жүзім уайым-қайғыны басып, көңіл-күйді көтереді.

Халим

 Көңіл-күйді көтеретін тамақтардың бірі  «Халим» саналады. «Халим» – (бидай және қой еті немесе тауық етінен пісірілетін қою көже) қасиетті Рамазан айында ирандық ораза тұтушылардың көп ішетін тамақтарының бірі. «Халим» көшелерде сатылады. Ауызашарға жақындаған кезде «халим» сатып алғысы келетіндердің үлкен кезегін көруге болады. «Халим» сатылып жатқан көшеден бидай мен даршынның хош иісі сезіледі. «Халим» – тағамдық құндылығы жоғары тамақ. «Халим» ирандықтардың ауызашар және сәресі кезінде көп жейтін тамағы, тіпті балалар да бұл тамақты жақсы көреді. Халимді пісіру үшін бидай, қой немесе тауық еті пайдаланылады. Бидайдан пісірілетін болған соң бұл тамақ адамды жақсы тойдырып, организмді магний және  темірмен қамтамасыз етеді. Егер, бұл тамақты дайындау үшін кебекті бидай қолданылса, ас қорыту жүйесінің кейбір аурулары, ішек пен кеуденің  обыры сынды аурулардың пайда болуына тосқауыл қойылып, қанның құрамындағы холестерол мен қан қысымын төмендетіп, қандағы қанттың мөлшерін бақылауға алып, жүрек ауруларын азайтады. Сонымен қатар іштің жүрмеуі және тоқ ішек обыры сынды аурулардың алдын алу үшін пайдалы. Диетологтардың айтуы бойынша, «халим» өте пайдалы тамақ. Алайда, тұрып қалған, ескірген «халимді» жемеген дұрыс. «Халим» протеині жоғары әрі ұзақ қорытылатын тамақ. Сондықтан, оны сәресі кезінде жеу көп уақытқа дейін адамға аштықты сездірмейді.

 

Тегтер