Maм 24, 2018 02:50 Asia/Almaty

Алланың айының ең жақсы күндерін пайдаланып, Құран оқып, оның терең мағынасы туралы ойланып, рухымыз бен жанымызды оның мөлдір бұлағымен тазартайық. Бұл илаһи кітапты ойланып оқу керек. Құран Кәрім – ол туралы зерттеп, ойланған сайын сырлары мен жаңа шындықтары көбірек ашылатын кітап.

Исламның ұлық пайғамбары: «Құран – ең жақсы жолға нұсқаушы. Бұл – толық мәліметтер мен ағартушылық пен шындықтарға толы кітап. Оның сыртқы және ішкі мағыналары бар. Сыртқы көрінісі – үкім мен бұйрықтар, ішкі терең болмысы – білім. Оның сырты әдемі, іші терең мағынаға ие. Құран негізге ие – оның ғажайыптары шексіз, шындықтары әрқашан жаңа, аяттары дұрыс жолға нұсқайтын шырақ және хикметтің бұлағы»,- деген болатын.

Алайда мұндай кітап тек оқу үшін жіберілген жоқ. Құран Кәрім – Алла Тағала, илаһи есімдер мен сипаттар, таухидтің сыры, илаһи пайғамбарлардың ерекшеліктері, ғайып әлемнің сырлары, адамзат қоғамындағы сүннеттер, адамдардың өздері мен өткен және келешек буындар туралы мәлімет алу үшін ең жоғары білімге ие кітап. Құран сондай-ақ, адамға мәңгілік бақытына жету үшін қажет қоғамдық, құқықтық, экономикалық және саяси жүйелерге ие.

Құранға бағыну адамды залымдарға құлшылық етуден құтқарып, сондай-ақ, надандық, ырымшылдық және шайтандық нәпсілерден босатып, адамды ішкі және сыртқы пәктікке, даму мен адамгершілік жолына нұсқайды. Құран шындықты жалғандықтан ажыратуға үйретеді. Бұл ерекшеліктерді тану арқылы Құран Кәрімнің айбыны мен оның басқа илаһи кітаптардан артықшылығы анықталады.

Егер адам абсолюттік қараңғылыққа түссе, ол үшін барлық нәрсе бірдей болады. Өйткені, қараңғыда нәрсені ажыратып, жолды табу мүмкін емес. Егер азғана жарық адамға көмекке келсе, айырмашылықтар айқын байқалып, жолды табуға мүмкіндік туады. Құран өзін жарық беріп, дұрыс жолға нұсқайтын нұр деп атайды. «Ниса» сүресінің 174-ші аятында: «Әй, адам баласы! Сендерге Раббыларыңнан дәлел келді. Сондай-ақ, сендер үшін бір ашық нұр (Құран) түсірдік»,- деп айтылды.

Құранның көзқарасы бойынша адамды дұрыс әрі дамитын жолға нұсқайтын барлық нәрсе нұр саналады. Мәселен, ақыл – адамның болмысындағы жол көрсететін ең маңызды күш. Құран әрқашан бұл мәселені қуаттап, ақылдылар мен даналарды мадақтады. Құранның магниттік өрісіне түсу үшін бұл илаһи кітап баршаны оның аяттары туралы ойлануға шақырады. Ой, ойлану, хикмет және ғылым деген сөздерді қолдану Құран аяттары туралы ойланып, оларды зерттеп, терең білім мен шыңдыққа жетуге болады деген нәтижеге жеткізеді. Бүгін ғалымдар бұл илаһи кітаптың әртүрлі аяттарында көптеген құпия бар деген нәтижеге жетті. Алла Тағала «Сад» сүресінің 29-шы аятында: «(Мұхаммад с.ғ.с.) саған бір мүбарак Кітап түсірдік; аяттарын түсінсін әрі ақыл иелері үгіт алсын»,- деп айтқан.

 

Алла Тағала бұл аятта Құранның жіберілуінің мақсатын ойлану деп атады, яғни халық аяттарды оқып, оларды тек илаһи сөз тіркестері деп қанағаттанбай, олардың мақсаты туралы ойланып, бұл мақсатты ұмытпауы қажет. Ойлану – істердің нәтижелері мен салдарларына көңіл бөлу. Сондықтан илаһи аяттар туралы ойлану Құран Кәрімнің ойлары мен ақыл-кеңестерін қабылдап, шындықты тану болып табылады. Жаратушының сөзі туралы ойланып, Құранның шындықтарын ашуға талпыныс жасау – илаһи берекені пайдалану үшін ең маңызды құрал. Құран Кәрім илаһи аяттар туралы ойланбастан жүректері тазаланады деп күтетіндерді айыптап, оларға Құран аяттары туралы ойлану қажеттігін қуаттайды. Хазірет Әли (ғ.с.) бұл туралы: «Құран аяттары туралы ойланыңдар, өйткені, Құран – жүректердің көктемі»,- деген болатын.Құран Кәрімге ғашық болудың ең маңызы әрі ең жоғары кезеңі оның тағылымдарына сай амал ету саналады. Бұл илаһи кітап жеке адам мен қоғамға қажет көптеген құнды ақыл-кеңестер мен тағылымдарға ие. Сол насихаттар дұрыс түсініліп, дұрыс орындалса, әлем өзгеріп, жамандықтар мен ластықтардан құтылады.

Аятолла Хаменеи баршаны Құранға сай амал етуге шақырып: «Егер Құранға сай амал етуді Құранды жаңғыртатын негіз санап, оны тек оқумен қанағаттанбай, қоғамымызды Құрани еткіміз келсе, оған сай амал етіп, оған сеніп, Құранның уәделерін шындық деп білуіміз керек»,- деді.

 

Құран туралы ойланудың бірнеше кезеңі бар: Құранның орнын тану – Құран туралы ойлану кезеңдерінің бірі. Құран әдеттегі сұхбат емес. Құран анық тілмен айтылған және ешбір өзгеріссіз Алланың елшісіне жіберілген Алланың сөзі. Құран – ақиқат. Ол теңдессіз әрі оған ұқсас жоқ Алла тарапынан жіберілді. Оның түскен мекені – Исламның ұлық пайғамбарының жүрегі. Олардың екеуі де жоғары  орынға ие, сондықтан бұл тақырыпты жүрекпен қабылдау Жаратушының сөзінің маңыздылығын арттырады. Сонымен қатар ақылға ие болып, оны дұрыс жолға нұсқау үшін пайдалану – Құрандағы ойланудың шарттары. Ұлы Алла: «Бұл – қасиетті кітап. Оның аяттары туралы ойланып, оларды дұрыс пайдалансын деп, оны саған жібердік»,- деген.

Құранды дұрыс түсініп, оған сай амал ету үшін жүректі таттардан тазарту – ойланудың келесі шарты. Құран Кәрім «Әл-Имран» сүресінің 7-ші аятында: «Ол Алла саған Құран түсірді. Оның ашық мағыналы аяттары бар. Солар – кітаптың негізгі іргетасы. Екінші ұқсас ұғымда аяттар бар. Ал жүректерінде қыңырлық болғандар, бұзақылық іздеп, ұқсас мағыналы аяттардың ұғымын іздестіріп соңына түседі. Оның ұғымын Алла ғана біледі. Сондай-ақ ғылымында озат болғандар: «Бұған сендік. Барлығы Раббымыздың қасынан» дейді. Бұны ақыл иелері ғана түсінеді»,- деді. Адам Құран туралы ойланып, оғанс сай амал етіп, бақытына жете алады. Жаратушы «Фатыр» сүресінің 29-шы аятында: «Әрине, Алланың Кітабын оқып, намазды толық орындағандар және өздеріне берген несібемізден көрнеу, көмес түрде тиісті орынға жұмсағандар еш түгемейтін бір сауда (сауап) үміт ете алады»,- деді.

Моласадра «Уақие» сүресіне кіріспе сөзінде: «Көптеген терең ойлы кітаптарды зерттеген кезде өзімді адаммын деп ойладым, бірақ қырағылығым ашылған кезде өзімнің шынайы білімге ие емес екенімді көрдім. Өмірімнің соңында Құран мен Мұхаммед пен оның әулеті туралы ойлануға шешім қабылдадым. Осы уақытқа дейін ісімнің негізсіз болғанына көзім жетті. Себебі, өмір бойы нұрдың орнына көлеңкеде тұрыппын. Қайғыдан денем қызып, жүрегім қатты соққан кезде илаһи рақым менің қолымнан ұстап, Құранның сырларымен таныстырды. Мен тәпсірді бастап, Құран туралы ойландым. Уәһи үйінің есіктерін қағып, перделер ашылып, періштелер маған: «Сізге Алланың сәлемі болсын! Жаннатқа кіріңіз»,- деді»,- деген болатын.

Бұл күндері біз де илаһи дастарханның қонағы болып, илаһи аяттар туралы ойланып, илаһи мәңгілік жаннатқа қарай қадам басамыз деп үміттенеміз.

 

Тегтер