Маусым 02, 2018 17:07 Asia/Almaty

26-шы жыл қатарынан Рамазан айында Жаратушының халықты өз қонағы болуға шақыруымен тұспа-тұс Құран көрмесі де адамдарды нұр мен жарық дүниесіне шақырады. 50 мың текше метр кеңістіктегі Құран көрмесінен ғылым, өнер, балалар, әйелдер мен халықаралық бөлімдерге бөлінген түрлі-түсті кітаптарды көруге болады. 26-шы Құран көрмесі қасиетті Рамазан айының 4-19 күндері өтуде.

Көрмеге кіріп келген кезде сурет пен каллиграфия өнерінің ұстаздары Құран аяттарын көрерменге тамашалауға ұсынады. 20 Халықаралық Құран ұйымы, 32 халықтық ұйым, 16 университеттік орталық пен 15 діни орталықтың көрменің жұмысына қатысуы оның маңыздылығын арттырды. Көрмеге әлемнің жеті мемлекетінің өкілдері мен Ирак, Малайзия, Әзірбайжан және басқа елдердің Құранға қатысты ондаған қайраткері  қатысуда.

Құран көрмесі

Құран – ең соңғы илаһи кітап және илаһи кітаптардың ішіндегі адамзатты дұрыс жолға нұсқайтын ең кемелі. Сол себепті діннің негіздері, ахлақ ережелері, мұсылманның қоғамдық, саяси  және экономикалық қарым-қатынастары, тіпті ой-пікірлері мен іс-әрекеттері илаһи кітап тағылымдарының ықпалында болып, бастау алады. Құран өзін дұрыс жолға нұсқаушы деп атап: «Негізінде осы Құран ең тура жолға салады...»,- деді. («Исра» сүресі, 9-шы аят). Алла Тағала дұрыс жолды анықтап: «...Шындыққа және тура жолға салатын бір Кітап тыңдадық». («Ахқаф» сүресі, 30-шы аят) деді.  Құранның дұрыс жолға нұсқаушы рөліне байланысты Құран Кәрім көрмесі «Құран – жол нұсқаушы шырақ» деген ұранмен жұмысын бастап, 60-тан астам мамандандырылған отырыс өткізіп, деректі және қысқаметражды фильмдер мен анимация фильмдерін, сондай-ақ Құран мен пайғамбар әулетіне қатысты өнер өнімдерін ұсынуда. 26-шы Құран көрмесі Құмның әйгілі ғұламасы аятолла Собханидың жолдауымен басталды. Ол Құран Кәрімнің мәңгілік мұғжиза және адамзаттың келешек ұрпағы үшін қалатын естелік екендігіне тоқталып: «Құран табиғат сияқты. Құпия-сырға ие табиғат туралы ғалымдар пікірталас жүргізіп, заңдарын ашқанымен, осы күнге дейін оның тек бір кішкентай бөлімін ғана ашып, көптеген бөлімдері құпия қалды. Табиғат осындай ерекшеліктерге ие. Құран Кәрім – Алланың кітабы. Сондықтан шексіз, Құран табиғат сынды»,- деді. Аятолла Собхани осыдан 14 ғасыр бұрын түсірілген Құранның әсерін оның шексіздігінің белгісі деп атап: «(Мұхаммад с.ғ.с.): “Егер адамдар, жындар осы Құранның ұқсасын келтіруге   жиналса,  тіпті олар, бір-біріне көмекші болса да келтіре алмайды” де»,- деп айтты. («Исра» сүресі, 88-ші аят).

Иранның Мәдениет және исламдық бағдар министрі Сейед Аббас Салеһи 26-шы Халықаралық Құран Кәрім көрмесінің ашылу рәсімінда бұл илаһи кітапты исламдық өркениетті қайта жандандырудағы бастама ағымы деп атап: «Исламдық революция ағымында ықпалға ие болған адамдар өздерінің исламдық наным-сенімдеріне Құран  тағылымдарын зерттеу арқылы ие болғандар болды. Сөйтіп, олар революция кезінде сындарлы рөл атқарды»,- деді. Сейед Аббас Салеһи ой-өріс пен диалог арқылы Құранға қарай қадам басып, Құран тағылымдары туралы пікір алмасу жиындарын кеңейту қажет екендігін қуаттап: «Ислам әлемі исламдық тағылымдардың терең мағынасын Ираннан табуы үшін Құран тағылымдары саласындағы жұмыстарды арттыру керек»,- деп баса айтты.

Құран тарихы саласындағы ең көне жазбалар болып мұражайлар мен кітапханаларда және әртүрлі орталықтарда орналасқан  исламдық кезеңнің бастапқы жылдарындағы еңбектер саналады. Бұл жазбаларды зерттеу Құран тарихы туралы әртүрлі мәселелерді анықтайды. Исламның  бастапқы ғасырларына жақынырақ жазылған кітаптар жазылу әдісі, қырағат және басқа ғылымдармен байланысты болуы тұрғысынан маңызды. Құран Кәрім көрмесінің ашылу рәсімінде хазірет Әли (ғ.с.)-ға қатысты Құран нұсқасының тұсауы кесілді. Бұл рәсімде Түркияның танымал кітаптанушысы Тайар Алти Қулач: «Бүгін бізге сахабалар кезінен жеткен кітаптардың бірін куә болып отырмыз. Мұндай кітаптарды зерттеу біз үшін Құранның маңыздылығын көрсетеді. Зерттеулердің арқасында бұл кітаптың Куфе мен Медине және Шамда жазылғанын түсіндік. Бұл кітап хиджридің оныншы жылының ортасында жазылған. Оны жазған адамдар бір-бірін көрмеген. Жазбалардан олардың айырмашылығы байқалады» деді.

 

Мәдениет пен исламдық бағдар министрлігінің Құран мен Пайғамбар әулеті істері жөніндегі орынбасары Абдолхади Фикхи Құран көрмесінің ерекшеліктеріне тоқталып: «Бұл ислам әлемінің бұл ең үлкен оқиғасы саналмағанымен, әлем деңгейіндегі көрме саласындағы оқиғалардың бірі болып табылады. Негізінде бұл көрменің ең негізгі ерекшелігі ретінде оның тек көрме емес, бұл Құрани жұмыстардың ең үлкен фестивалі екендігін атау керек. Жыл бойы Құранға қатысты әртүрлі жұмыстардың нәтижесі көрмеде ұсынылады. Халықтың әртүрлі таптарының мәдени, өнер және мәдениет салаларындағы зерттеу жұмыстары көрме бөлімдерінің бірі бола алады. Келесі бөлімі ғылыми, мәдени және өнер өнімдері,  үшінші бөлімі халықаралық бөлім болып табылады. Өзін студент деп таныстырған көрмені тамашалушылардың бірі Құран көрмесін Құран мәдениетін тарату мен жастарды дұрыс жолға нұсқау үшін өте әсерлі деп бағалап: «Құран өздерін жамандықтардан тазартып, илаһи нұрды қабылдауға дайындағандар үшін ерекше әсер етеді. Адамның ішкі болмысы тазарып, шындықты білу ынтасы артқан сайын оның Құранмен қарым-қатынас орнату  мүмкіндігі де артады. Иранның әйгілі ақыны Моулави өлеңдерінің бірінде адам мен Жаратушының қарым-қатынасы туралы баяндап: «Күннің нұры барлық нәрсеге түседі, бірақ солардың арасында ішкі құрылысының арқасында күннің нұрын пайдаланып, әдемі қызыл түске айналатын дара тас бар. Күннің көзі басқа тастарға да түскенімен, олар өзгеру мүмкіндігіне ие болмағандықтан, сол тас күйінде қалады. Үздік қарилердің Құран оқып отырған жағымды дауыстары көрменің кеңістігін әтірге бөлеп, жақсылық пен бақытқа жету үшін Құранның мәтіні мен мағынасынан пайдалану керек деген ойды одан сайын нығайта түседі.

 

 

Тегтер