Илаһи жетекшілер (45)
Топтамамыздың бүгінгі бөлімінде имам Мұхаммад Бағердің (ғ.с) сенім, сана, фикһ, калам, пәлсәпа салаларындағы ауытқушылықтар және бидғаттармен күресі және нағыз исламдық мәдениетті тарату жолындағы талпыныстары жайлы сөз қозғаймыз.
Өткен бөлімдерде имам Бағердің (ғ.с) алдына қойған биік мақсаттарының бірі мәдени революцияны жүзеге асыруға қатысты жайттарды талдадық. Жетекшіліктің қоғамдағы жоғары орнын түсіндіру, имамға махаббат пен сүйіспеншілік таныту қажеттігі, діни және саяси қырағылықты арттыру, халықпен қатынас орнатып, оны нығайту, қоғамдық санаға ағартушылық жұмыстарын жүргізу хазіреттің атқарған шараларының қатарын құрайды. Бесінші имамның мәдени революция жолында жасаған маңызды қадамдарының бірі ғылым мен дін жолындағы көрнекті тұлғаларды оқытып, тәрбиелеуі болды. Бұл әрекеттің басты мақсаты сол зиялы қауымның шынайы исламдық мәдениетті насихаттау арқылы бидғаттар және ауытқушылықтармен күресіп, таза мұхаммадтық (с.ғ.с) Исламды қорғап, Әмәви әулеті бұрмалаған Жаратушы мен оның дініне қарсы жалған «ислам дінінің» болмысын әшкерелеу болды. Имам Бағер (ғ.с) бұл салада айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізіп, тарихта есімдері қалған көрнекті тұлғаларды тәрбиеледі. Бағдарламамыздың жалғасында сіздерді сол тұлғалардың кейбіреуімен таныстырамыз.
Мұхаммад ибн Мослем – жоғары діни әрі ғылыми дәрежеге ие болып, көп еңбек сіңірген көрнекті тұлғалардың бірі. Ол: «Имам Бағерден (ғ.с) отыз мың хадис, имам Садықтан (ғ.с) он алты мың хадис үйреніп, соларды жаттап алып, ойымда бір сұрақ туындаса, оны имам Бағерден (ғ.с) сұрап алатынмын»,- деген.
Осындай зиялы қауым өкілі, ислам әлемінде жоғары мәртебеге ие данышпандардың бірі Джабер ибн Язид Джофи болды. Ол Куфада жоғары әлеуметтік мәртебеге ие болып, діни, тарих, хадис, тіпті саяси мәселелер жөніндегі маман ретінде танымал болды. Джабер бесінші имамның (ғ.с) тәрбиелік мектебінен фикһ пен калам салаларындағы мәселелер мен тақырыптарды қамтып, жетекшілік жолының ізбасараларына толық түсіндіретін елу мыңға жуық хадисті үйренді.
Имам Бағер (ғ.с) мектебінен тәрбиеленіп шыққандар білім алып, хадис үйреніп, оны тарату және халықпен тікелей жолығып, олардың сауалдарына жауап беру және ғылыми және діни пікірталастарға қатысудан бөлек фикһ, калам, хадис және Құран тәпсірі секілді түрлі салаларда еңбектерін жазып қалдырды. Имам Бағер (ғ.с) осы көрнекті тұлғалардың серпінді де сындарлы ислам мәдениетін сақтап, таратуда атқарған елеулі рөлдеріне қатысты маңызды пікір білдірген. Ол хазірет Абан ибн Тағлиб жайлы былай деген: «Уа, Абан! Мәдине мешітіне барып, халыққа менің шиіттерімнің арасында сен секілді ұлы әрі ықпалды адамдардың болғанын қалайтыным жайлы пәтуаны жеткіз». Өзінің ұлы әкесінің ауқымды ғылыми саладағы талпыныстарына куә болған имам Садық (ғ.с) имам Бағердің (ғ.с) мектебінен шыққан бірнеше түлек жайлы: «Егер бұл адамдар болмағанда әкемнен қалған хадистер мен тағылымдар жойылар еді. Бұл адамдар – Алла тарапынан халал және харам деп бекітілген ұғымдарға негізделген дінді сақтаушылар және әкемнің сенімді адамдары»,- деп айтқан.
Бесінші имамның ғылыми және мәдени салалардағы талпыныстары мен жоспарлары қоқан-лоққылар, уландырушы әрі дұшпандық үгіт-насихаттық сипаттағы қысымдар, психологиялық соғыс отын тұтату мен жеке басқа қастандық жасау секілді әрекеттерге толы кеңістікте жүзеге асырылғанын айтып кеткен жөн. Имамның осындай жағдайда айтарлықтай жетістіктерге жетуі, мәдени революцияны жүзеге асырып, Әмәви әулетінің жоспарларына қарамастан таза мұхаммадтық (с.ғ.с) Ислам дінін қайта жандандырып, оны сақтауда үлкен қадамдар жасай алғаны хазіреттің ерекше даналығын көрсетеді.
Имам Бағер (ғ.с) құрған ғылыми орталықтың сан және сапа тұрғысынан маңызды болғандығы соншалықты, ислам әлеміндегі көрнекті тұлғалардың барлығы ол хазіреттің ғылыми деңгейі алдында өздерін төмен санаған. Хакам ибн Утайба имам Бағер (ғ.с) өмір сүрген кезеңдегі атақты әрі көрнекті үлемдердің бірі болған. Ол хазіреттің алдына келген кезде өзін қатты төмен санағаны соншалықты, Абдулла ибн Ата Маки есімді данышпандардың бірі бұл жайлы: «Ол өз тайпасы арасындағы ұлылығына қарамастан, имам Бағердің (ғ.с) алдына келгенде ұстазының алдында тұрған кішкентай бала секілді болды», - деп айтқан.
Шиіттік үлемдерден бөлек сүниттік үлемдер де имам Бағерді (ғ.с) керемет тұлға ретінде сипаттаған. «Саваиқу-м-Мохриқа» еңбегінің авторы шафиилік үлем әрі заңгер Шаһаб ад-Дин Ахмад ибн Хаджар Хайтами ол хазірет жайлы былай деп жазған: «Абу Джафар Мұхаммад Бағерге білім есіктерін ашып, ғылыми салалардағы мәселелер мен қиындықтарды шешкені үшін «Бағер» деген лақап берілген. Ол тағылымдар мен түрлі ілімдердің жасырын әрі танылмаған сырлары мен қазыналарын ашып, ахкамның ақиқаттары мен ғылымдардың хикметтерін баяндады. Сол себепті оны "ғылымдардың есіктерін ашушы; білімнің туын желбіреткен тұлға", яғни «Бағер» деп атап кеткен». Бұл данышпан имам Бағердің (ғ.с) ғылыми салада алатын жоғары орнын сипаттағаннан кейін ол хазіреттің ахлақтық және ғылыми қасиеттерін баяндап: «Оның жүрегі нұрға толы, білімі терең, ғамалы көп, рухы мен жаны мөлдір, іс-әрекеті мен ахлағы өте жағымды болды. Өз өмірін толығымен Құдайға құлшылық етіп, бағынуға арнаған. Хазірет ирфандық тұрғыдан мадақтаушылардың оны сипаттауға қабілеті жетпейтіндей теңдессіз әдеп мен дәстүрді сақтаған», - деп жазған.
Имам Бағердің (ғ.с) атқарған келесі үлкен ісіне Аһле бейт мектебінің ізбасарлары арқылы шиіттік ерекшеліктерді бейнелеп, сипаттауы жатады. Имам осылайша шиіттердің іс-әрекеттері, болмыстары мен әдістерін өзгерту арқылы олардың көзқарасы мен беталыстарына өзгерістер енгізіп, оң әрі сындарлы үлгі-өнеге ұсыну арқылы Әмәви әулеті билеушілерінің қоғамдық пікірге таңған қате пікірлерін түзетуді көздеді. Өзімшіл билеушілер мұсылман қоғамының арасында негізсіз жағымпаздану мен мақтау әдеттерін таратқан болатын. Сол себепті халық мақтау мен мадақтауларға риза болып, сынды көтере алмай, ренжіп, тіпті өткір реакция білдіріп отырған. Имам Бағер (ғ.с) қоғамда үстемдік еткен мәдениетке түбегейлі өзгеріс енгізу мақсатында негізгі және түпкілікті көрсеткіштер жобасына көшіп: "Сен біздің жетекшілікті сылайтын достарымыздың қатарынан емес екеніңді біл. Тек, егер мен айтқан белгілерге берік болсаң, сонымен қатар, егер қаланың барлық тұрғындары сені жамандайтын болса, оған ренжіп, өкпелемейтін болсаң, егер сені мақтап, лайықты адам деп таныса, оған масаттанып, қуанбайтын болсаң ғана осы адамдардың қатарына кіресің",- деп, адамның жалған тұлғалық қасиеттерінің орнына шынайы адамгершілік қасиеттерін бағалаудағы негізгі көрсеткіштерді баяндап, сөзін жалғастырды: "Өзіңді Құранның жолына сал. Егер Құран Кәрімде көрсетілген бағытта қадам жасайтын болсаң, сені ынталандыратын құндылықтарға бет бұрып, саған игі ғамал етуге кедергі жасайтын құндылықтарға қарсы ұғымдардан аулақ боласың. Тек осындай жағдайда ғана қадамың берік болады. Егер сен Құранда бекітілген жол мен бұйрыққа қарсы әрекет ететін болсаң, өзің лайық емес мақтау мен мадақтауларға алданба, олардың әсеріне берілме",- деп баса айтқан.
Имам Бағер (ғ.с) осындай ұстанымдары арқылы бір жағынан Әмәви әулетінің үстемшіл билеушілерінің қоғамға таңған мәдениетімен күресуді көздесе, басқа жағынан өз тұлғасын бағалауда тек Құранға иек арту үшін Құранның бағдарымен жүретін адамдарды тәрбиелеуді қалады. Адамдардың мақтау мен мадақты жандары сүйіп, жамандауды жандары жақтырмайтыны табиғи жағдай. Жағымпаз адамды өтірік мақтауларымен тәкаппарлықтың тұзағына түсіреді. Хабардар дұшпандар мен хабарсыздар жамандау арқылы адамның жүрегіне өшпенділіктің дәнін егеді. Алдамшы мақтаулардың әсеріне түспей, айтылған сындарға ренжімеу үшін бесінші имамның айтып кеткен жолын ұстану қажет. Имам ол жайлы былай деген: "Теріс кеңістік тудырудан аулақ болып, Құран мен илаһи өлшемдерге қарай қадам басып, анықталған көрсеткіштер, міндеттелген және тыйым салынған шарттардың көмегімен өзімізді бағалап, шынайы тұлғамызды осы шарттар негізінде қалыптастырайық. Бұл – толық сеніммен, еш алаңдаусыз Құдайдың тура жолында берік қадам басып, бақытқа кенелудің әдісі". Бесінші имамның ағартушылық әрекеттеріне қарамастан, өздерінің діни міндеттеріне сай амал етпейтін жауапкершіліктен қашқан бір топ адам Аһле бейттің жетекшілігі мен достық қарым-қатынасына наразылық білдіріп, ертеңгі қиямет күні жалған достық жайлы уәж айтып, барлық ауытқушылықтарына қарамастан Алланың қаһары мен тозақтың отынан аман қалады деп ойлайды. Имам Бағердің (ғ.с) пайымдауынша, өтіріктің сызығы анықталған. Ол: "Құдайдың атымен ант етемін. Біздің қолымызда Ол тарапынан біреуді ақтау туралы үкім жоқ. Біз бен Құдайдың арасында ешқандай туыстық байланыс жоқ. Құдайдың қалауына қарсы әрекет еткен адам үшін қандай да бір дәлел де біздің қолда жоқ. Біз тек илаһи әмір мен бұйрықтарға бағынып, оның тыйымдарын сақтау арқылы Құдайға жақындай түсеміз. Сондықтан кімде-кім Құдайдың бұйрықтарына бойсұнып, бағынатын болса, біздің жетекшілігіміз Ол үшін пайдалы болмақ. Ал кім илаһи бұйрықтарға бағынбайтын болса, біздің жетекшілігіміз бен достығымыз Ол үшін түкке тұрмайтын болады. Сол себепті шамадан тыс паңданып, тәкаппарланып кетпеңдер",- деп айтқан.