Жел 08, 2018 19:15 Asia/Almaty
  • Иранның танымал тұлғалары (163)

Бүгінгі бағдарламада Иранның танымал суретшісі Камаледдин Бехзад Сұлтаниді таныстырамыз.

Бүгін сіздермен бірге Үлкен Хорасанға аттанып, Тимурилер заманындағы Гератқа сапар шегіп, х.қ.ж.с.б. 9-10 ғасырда өмір сүрген Иранның кескіндеме өнерінде Герат мектебінің негізін қалаған ирандық танымал суретші Камаледдин Бехзад Сұлтанимен таныстырамыз. Камаледдин Бехзад Сұлтани – өте танымал жаңашыл суретші. Оның тәсілі Иранның кескіндеме саласында жаңа жол ашып, ирандық кескіндеме саласындағы жетістіктері ұзақ жылдар бойы Иран, Үндістан, Түркия мен Орта Азия өнерпаздарының назарында болды. 

Табриздегі Камаледдин Бехзад Сұлтанидің мүсіні, Биланкуһ көшесі, Бағмише

Камаледдин Бехзад Сұлтани х.қ.ж.с.б. 855-865 жылдары (1460 жылы) Герат қаласында жабық базардың жанында дүниеге келген. Оның маңдайына ирандық кескіндеме өнеріне жаңа жоба әкелу жазылған екен. Атын«Камаледдин» деп қойыпты. Ол үздіксіз ізденісін аяқтап, кемелдік деңгейіне жетер кезде өзіне "Бехзад" деген ат таңдап, осы есіммен танымал болған. Сол замандағы танымал тарихшылардың көбі, атап айтқанда "Рашиди тарихы" кітабының авторы Мырза Мұхаммад Хейдар Дулати мен "Холасе-е тауарих" кітабының авторы Қазы Ахмад Монши Қуми осы ирандық танымал суретшіні херавилік суретші әрі Сұлтан Хосейн Байқараның кітапшысы "Мирәк" деген атпен танымал Амир Рухолланың шәкірті санаған. Камаледдин Бехзад ата-анасынан ерте айрылған. Оның туыстарының бірі болуы ықтимал Рухолла Мирәк оны өз қамқорлығына алған деседі. "Хабиб ус-сейр" кітабы авторының айтуы бойынша, қажы Мирәк сол заманда кескіндеме мен кітап әрлеу саласында теңдессіз әрі ғимараттар мен үйлердің қабырғаларындағы тақташалардың бетіне жазуға өте шебер болған. "Хабиб ус-сейр" кітабының авторы Қажы Мирдің айтуынша, Гераттың ғимараттары мен үйлерінің көбіндегі тақта жазбаларды Мирәк жазған. Тарихи кітаптарда Рухолла Мирәк пен пір Сейед Ахмад ТабризиКамаледдин Бехзадтың ұстаздары ретінде аталған.

Бехзад өте жас болғанына қарамастан ұстаздарынан алған тәлімнің арқасында кескіндеме өнерінде аз уақыттың ішінде танымалдыққа жеткен. Ол өзінің алғашқы демеушісі Әмір Әлішер Науаидің қолдауының арқасында өнер саласында үлкен мүмкіндіктерге ие болып, оның ынталандыруы мен қолдауына сүйеніп, ой-сана мен көркемдік тұрғыдан тәрбиеленді. Бехзад өте жас кезінде Сұлтан Хосейн Байқараның бұйрығымен патша сарайына жол тартқан. Оның өнері осы өнерсүйер патша мен оның дана уәзірі Әмір Әлішер Науаидың назарында дамып, кемелденді. Сол кезде Бехзад Гераттағы өнер үйіне ұстаз ретінде қабылданып, шәкірттерге миниатюра өнерін үйретті. Ұстаз Камаледдин Бехзадтың ең маңызды туындылары осы кезеңде жазылды. Әмір Әлішер Науаи өнер үйіне қажет барлық бояулар мен кескіндеме құралдарын алдыртып отырған. Ұстаз Бехзад өз туындыларымен қоса, Гераттағы өнер үйінің залдарының бірінің қабырғалары мен төбесін бірқатар шәкірттерімен бірге миниатюралық суреттермен көмкерген. Ол залды содан бастап "Сурет үйі" деп атаған. Гераттағы Сұлтан Хосейн Байқараның сарайы әдебиет пен өнер майталмандарының бас қосқан жері болған. Олардың арасында Тимурилер әулетінің дана уәзірі Әмір Әлішер Науаи, ақын Джами мен тарихшы Хандемир болған.

Камаледдин Бехзад туындыларының үлгілері

Камаледдин Бехзадтың өмірі екі кезеңде екі түрлі басқару жүйесінде өтті. Оның өмірінің бірінші кезеңі, яғни х.қ.ж.с.б. 9 ғасырдың екінші жартысы Гератта тимурилік Сұлтан Хосейн Байқараның билік құрған кезде өтті. Өмірінің екінші бөлігі, яғни х.қ.ж.с.б. 10 ғасырдың бірінші жартысы Сефеви әулетінің алғашқы патшаларымен тұспа-тұс келген. Шын мәнінде, Камаледдин Бехзад екі ғасырды екі түрлі билік аясында бастан кешкен. Ол, сондай-ақ,  осы екі әулет ортасында "Шейбак хан" деген атпен танымал өзбектердің басшысы Мұхаммадхани Шейбанимен де кездескен. Алайда бұл оның өміріне әсер ете қоймаған. Қазіргі заман зерттеушісі Яқуб Ажандтың айтуынша, "Бехзадтың өмірінің 50 жылы Гератта Хосейн Байқараның билігі кезінде өткен. Ол осы патшаның сарайында шеберлігін шыңдаған".

Бұл заманда Герат абадтандыру мен сыртқы салтанат тұрғысынан маңызды әрі теңдессіз қала саналған. Салтанатты ғимараттар мен бақтар, алаңдар мен шулы базарлар осы заманның белгілерінің қатарына жатады. Мұнымен қоса, Гераттың медреселері де Тимурилер заманында ерекше дамыған. Медреселердегі көптеген кітапханалар сол дәуірдегі танымал ғалымдар, ақындар, каллиграфтар мен өнерпаздардың еңбек ететін жері болған.

Осы қаланың көптеген кітапханаларының арасында Сұлтан Хосейн Байқара мен өнерпаздарды тәрбиелеген уәзір Әмір Әлішер Науаидың кітапханалары әдебиет пен өнердің сирек кездесетін қазынасын жинаған.  Каллиграфтар, суретшілер, кітап әрлеушілер, кітап түптеушілер кітаптардың ерекше нәзік нұсқаларын жасап, оларды әрлеуде әріптестік жасап, сонымен қатар бір-бірімен бәсекелесіп отырған.

Камаледдин Бехзад Әмір Әлішер Науаи мен Сұлтан Хосейн Байқараның алдында жоғары орынға ие болған. Сұлтан оған "Екінші Мани" деген ат берген. Бехзадтың аз уақыттың ішінде көтерілгені соншалықты, барша жұрт  оны ұстаз деп таныған.  

Сұлтан Хосейн Байқара х.қ.ж.с.б. 898 жылы Бехзадты патша кітапханасының басшылығына тағайындаған.Осылайша Сұлтан Хосейн Байқара сарайының барлық өнерпаздарын басқару ісі оған тапсырылды. Ол сол жерде кітаптарды әрлеу және сурет салумен айналысып, кітап әрлеу саласында жоғары дәрежеге жеткен. Бехзад Сұлтан Хосейн Байқара қайтыс болғанға дейін кітапхананы басқарған көрінеді. Осы 20 жылдың ішінде сарайдағы көптеген көркемдік жобаларды орындаумен қатар, Бехзад атақты шәкірттер, соның ішінде Қасым Әли Чехрегоша, Моулана Юсеф, Аға Мирак Исфахани, Шейхзада Хорасаниді тәрбиелеп шығарған. Ол Иранның кескіндеме өнеріне енгізген көптеген жаңалықтарымен  Герат мектебінің негізін қалады.

Сұлтан Хосейн Байқара

Х.қ.ж.с.б. 912 жылы "Шейбак хан" деген атпен танымал Мұхаммад хан Шейбани Гератқа шабуыл жасап, Тимурилер әулетін құлатты. Бұл заманда  Бехзад Гератта қалды. Х.қ.ж.с.б. 916 жылы шах Исмаил Сефеви Гератты басып алды. Өнердің алуан түріне, соның ішінде кескіндеме өнеріне қызыққан шах Исмаил Камаледдин Бехзадтың танымалдығы жайлы естіп, оны қызметке алуды қалаған.  Ол Гератты басып алғаннан кейін Бехзад пен сол жердің көптеген өнерпаздарын өзімен бірге Табризге алып кеткен. Бехзад өз өмірінің 26 жылдан астам уақытын Сефевилердің сарайында өткізді. Аржанд "Герат мектебі" атты кітабында былай деп жазған: "Бұл кезең Камаледдин Бехзадтың өнер тұрғысынан дамып, пісіп жетілген кезі болды. Ол өзінің қарым-қабілетінің арқасында Сефевилер дәуірінің басындағы көркемөнер бағдарламаларына қатысып, Табриздің кескіндеме мектебінің қалыптасуына әсер етті".

Бехзадты х.қ.ж.с.б. 928 жылы шах Исмаил Сефеви патша кітапханасының басқарушысы етіп тағайындады. Кітапхананың барлық жұмысы, нұсқа жазушылар, суретшілер, әрлеушілер, кесте жасаушылар, алтынмен әрлеушілер, көгілдір бояу жасаушылардың істерін басқару оған тапсырылды. Бехзад сұлтан Тахмасп Сефевидің заманында да осы қызметті атқарған.

Бұл кезеңде Бехзад қартайған еді. Сол себепті жұмыстарды біртіндеп айналасына жиналған шәкірттерге тапсырып, өзі көбінесе оларды түзетумен шектелген. Бұл іс одан бұрын ескі шығыс шеберханалары мен көнекөз ұстаздар арасында кең таралып, дәстүрге айналған болатын.

Камаледдин Бехзад х.қ.ж.с.б. 942 жылы қайтыс болды. Кейбір деректерге сәйкес, ол өмірінің соңына дейін  Табриздегі Сефевилер сарайында болып, сонда қайтыс болған. Камаледдин Бехзадтың мазары Табриздің Сорхаб ауданындағы шейх Камал Ходжандидің қабірінің оңтүстік жағында орналасқан көрінеді. Басқа бір деректерге сәйкес, Бехзад шах Тахмасп Сефевидің дәуірінде сарай маңындағылардың қызғанышы мен қастандықтарына төзе алмағандықтан Гератқа қайтып оралып, сол қалада қайтыс болған.  Гераттағы Мұхтар тауы маңында сейіт Абдулла Мұхтардың мазарының жанында бір құлпытас бар. Тастың бетіндегі жазбаларға қарағанда бұл жерде Камаледдин Бехзадтың қабірі болуы әбден мүмкін.  Мазардың беті қошқыл түсті мәрмәр таспен жабылған. Оның бетіне атақты "Хәфт қалам" стиліне ұқсас тәсілмен жазбалар ойылып жазылған.

Камаледдин Бехзадтың Мұхтар тауы маңындағы құлпытасы – Герат