Жел 19, 2018 14:31 Asia/Almaty
  • Илаһи жетекшілер (54)

Армысыздар, құрметті оқырмандар! Бүгінгі бағдарламада имам Мұса Каземнің (ғ.с) өмірлік жолын талдауға арналған соңғы бөлімді назарларыңызға ұсынамыз

Алланың жар болуымен топтамамыздың өткен бөлімдерінде жетінші имамның (ғ.с) өмірлік жолын талдап, қарастырған болатынбыз. Енді осы тақырыпқа арналған соңғы бөлімді назарларыңызға ұсынамыз.

Хазірет Мұса Казем (ғ.с) барлық саяси-әлеуметтік салаларда белсенділік танытуымен қатар, өз заманының көрнекті ғылыми және діни тұлғаларына білім беріп, оларды тәрбиелеуде үлкен жетістіктерге қол жеткізді. Фикһ, рауаят, калам, тәпсір мен пікірсайыс секілді салалар бойынша бұл ұлағатты ұстаздың тәрбиесін көрген шәкірттерге ешкім тең келмейтін. Хазіреттің шәкірттері мұсылмандарға қызмет етуде де баршаға үлгі-өнеге болып, халықтың аузынан түспейтін. Жетінші имам шәкірттерінің рухани ұлылығы мен ерекше тұлғалық қасиеттері қарсыластардың, әсіресе Аббаси әулетінің билеушілерін таң қалдыратын. Халифтер олардың халықтың жүрегіне жол табу арқылы көтеріліске шығып, Аббасилердің езгісінен әбден шаршаған халықтың да оларға қосылуына алаңдаған еді.

Бағдарламаның жалғасында жетінші имамның (ғ.с) тәрбиелік мектебінен өткен шәкірттерді таныстырамыз.

Осындай шәкірттердің бірі – Ибн Аби Умайр. Ол имам Казем, имам Реза мен имам Джавадтың (ғ.с) имаматқа жетекшілік кезеңдерін жақсы ұғынып, түсінген. Ол өз ғасырындағы атақты данышпандардың қатарында болып, шиіттер мен сүнит үлемдерінің арасында үлкен беделге ие болған. Ибн Батта әл-Қомми секілді кейбір мұхаддистер оның жазған еңбектерінің санын 94-ке жетеді деп жазған. Алайда, өкінішке орай, олардың басым бөлігі оның көзі тірісінде, кейін имам Реза (ғ.с) шәһид болғаннан кейін талан-таражға түскен. Ибн Аби Умайр амалсыздан қолында қалған еңбектерін 40 томға жинақтап жазып, еңбегінің атын "Ән-Науадир" (النُوادر) деп атаған. Ал кейбір еңбектерінің тек атаулары ғана сақталған, атап айтқанда "Әл-Мағази" (المغازی), "Әл-кәфр уль-иман" (الکفر و الایمان), "әл-Бәдаа" (البداء), "Әл-Иһтаджу филь-имама" (الاحتاج فی الامامۀ), "Әл-Мәлаһим" (الملاحم), "Ән-Науадир" (النَوادر), "Яум ул-ляйля" (یوم و لیلۀ), "Әт-Тауһид" (التوحید) және басқа да бірқатар кітап қалған.

Джахез атты сүниттік данышпандарының бірі ол жайлы былай деп жазған: "Ибн Аби Умайр барлық тұрғыдан біртуар тұлға еді. Аббаси үкіметінің бір қызметкері Ибн Аби Умайрды шиіттердің есімдерін білетіні жайлы хабарды жеткізеді. Оны тұтқындап, шиіттердің аттарын айту үшін азапқа салып, қоқан-лоққы жасайды. Бірақ, ол қатты қарсылық танытып, олардың есімдерін атаудан бас тартады. Сол кезде оны жалаңаш күйде екі құрма ағашының арасына керіп, жүз рет қамшымен соғып, мал-мүлкінің бір бөлігін тәркілейді. Алайда ол қарсыласуын тоқтатпай, Аббаси әулеті халифтерінің діннен безген қылмыскерлік болмысын әшкерелеуді жалғастырған". Шейх Мофидтің жазбаларына сәйкес, кейін оны жеті жылға абақтыға қамаған.

Ибн Аби Умайрдың ғылыми және саяси беделінен бөлек, оның бойына жоғары ахлақтық және адами қасиеттер дарыған еді. Бір кісі оған қарыз болған екен. Сонда Ибн Аби Умайрға өз қарызын қайтару үшін әлгі адам өз үйін 10 000 дирхамға сатыпты. Ибн Аби Умайр бұл ақшаны қайдан алғаны жайлы сұрап: "Атаңнан мұра қалды ма, әлде қазынаға қол жеткіздің бе?",- дейді. Сонда ол өз үйін сатқанын айтады. Ибн Аби Умайр: "Имам Садық (ғ.с): "Тұрғын үйдің мәселесі несие мен қарыздан бөлек. Сондықтан мен бұл ақшаны қабылдай алмаймын",-деген",- деп жауап береді.

Каземи мектебінің келесі түлектерінің бірі Сафуан ибн Меһран саналады. Ол басқа ұлы данышпандар оның рауаяттарына сілтеме жасайтын ерекше әрі беделді тұлғалардың бірі болған. Оның ахлақтық игі қасиеттер тұрғысынан шыңдалып, жетілгені соншалықты, имам Казем (ғ.с) оны мақтап, басқаларға үлгі еткен. Сафуан ибн Яһия да имам Каземнің (ғ.с) жолдасы әрі оның тәрбиелік мектебі түлектерінің бірі болған. Атақты әрі ұлы үлемдердің бірі Шейх Туси ол жайлы: "Сафуан хадис үлемдерінің арасында өз заманындағы ең беделді әрі тақуа адам саналған",- деп жазды.

Сафуан сегізінші имамның (ғ.с) жанынан табылып, ол хазіреттің алдында жоғары орынға ие болған. Имам Джавад (ғ.с) Сафуанды мадақтағанда: "Құдай менің оған риза болғаным үшін Сафуанға разы болсын. Ол ешқашан менің және әкемнің бұйрықтарын жерге тастамай, оларға бойсұнған",- деп айтқан. Имам Казем (ғ.с) оны сипаттағанда оның орнына қатысты: "Мұсылман үшін басқаруға деген құмарлықтан асқан қатер жоқ. Басқарушылыққа деген құмарлықтың қаупі шопаны жоқ бір отар қойға екі аш қасқырдың тап беруінен бетер. Алайда Сафуан басқарушылыққа құмар емес",- деп айтқан.

Имам Садық (ғ.с) пен имам Каземнің (ғ.с) өмір сүрген кезеңінде имамның тәрибелік мектебінің түлектеріне "Мүмин әл-Тақ" деген лақаппен танымал Мұхаммад ибн Әли ибн Нұғманды жатқызуға болады. Ол Куфадағы базарда "Тақ әл-Маһамел" деген жерде қызмет атқарған. Ол екі имамның алдында ерекше орынға ие болған. Қос имам да оны жақын жолдастарының қатарына жатқызған. Имам Садық (ғ.с) өзінің кейбір серіктерін қабілеттерінің төмендігіне байланысты калам ғылымындағы пікірталастарға қатысуға жол бермеген. Бірақ, олар туралы жазғанда: "Мүмин әл-Тақ қарсыластармен пікірталасқа түседі, бірақ аңшы сұңқар секілді өз құрбанының үстінен тап беріп, оны шеңгеліне түсіреді"-, деген. Жетінші имамның (ғ.с) өте танымал болған шәкірттерінің бірі Һишам ибн Хакам саналады. Х.ж.с.б төртінші ғасырда өмір сүрген атақты библиограф Ибн Надим былай деп жазды: "Хишам көрнекті шиіттік шешен әрі исламдық тағылымдарды, соның ішінде имамат мәселесін өте жақсы талдап, баяндайтын адамдардың бірі әрі калам ғылымы бойынша ерекше шеберлікке ие тапқыр әрі зерек тұлға болған".

Хишам көптеген еңбек жазып, басқа мазһабтар мен діндердің үлемдерімен назар аударарлық пікірталастарға түскен. Сол пікірталастардың бірін назарларыңызға ұсынамыз.

Бір күні имам Садық (ғ.с) жас Хишамнан Басра мешітінде Омар ибн Амид Абдал Тамими Басримен болған пікірсайысын жақын және сенімді серіктеріне баяндап беруді сұрайды. Сонда Хишам: "Сіздердің алдарыңызда сөз сөйлеуге ұялып тұрмын",- дейді. Имам оған: "Сізге бұйрық бергенде, оны орындаңыз",- дейді. Хишам: "Оның мешітте отырып халыққа түрлі тақырыптарда, атап айтқанда имамат дәрежесін теріске шығару және оның қажеттігі жайлы айтатынын естіген едім. Сонда мен халықтың арасынан өтіп, оның жанына жақын келіп: "Уа, данышпан. Мен бөтен жерден келдім. Бірнеше сұрақ қоюыма рұқсат бересіз бе?",- дедім. "Қандай сұрағың бар, балам?",- деді. Сонда мен: "Көзің жоқ па?",- деп сұрадым. Сол кезде ол ашуланып: "Бұл не деген сұрақ!",- деді. Мен: "Менің сұрақтарым осындай деңгейде болмақ",- деп жауап бердім. Сонда ол: "Сұрақтарың жөн-жосықсыз болса да, сұра",- деді. Мен: "Көзің бар ма?",- дедім. Ол: "Ия",- деп жауап берді. Мен кідірместен: "Сол көздерің арқылы нені көресің?",- деп сұрадым. Ол болса: "Түрлі түстер мен формаларды",- деді. Мен:"Мұрның бар ма?",- деп сұрадым. Ол: "Ия", -деді. Мен: "Оны қалай пайдаланасың?",- деп сұрадым. Сонда ол: "Түрлі иістерді сеземін",-деді. Мен тағы: "Аузың бар ма?",- деп сұрадым. Ол: "Ол арқылы тағамдардың дәмін сеземін",- деп жауап берді. Сосын соңында: "Ми мен сезім түйсігің бар ма және оларды қалай пайдаланасың?",- деп сұрадым. Ол: "Менің барлық іс-әрекетім осы ми арқылы жүзеге асады. Түсініксіз жағдайда дене мүшелерім осы ми мен сезім түйсігіне жүгінеді",- деді. Мен: "Онда Құдай сол ми мен сезім түйсігін күмәнді жою үшін оны дене мүшелерімізді басқаруға берген. Сондықтан біз оны қажет етеміз",- дедім. Ол болса: "Ия, дұрыс айтасың, дәл солай",- деп растады. Мен болсам: "Құдай дұрыс пен бұрысты ажырату үшін сенің дене мүшелеріңді имам мен түйсіксіз қалдырмайды. Бірақ барша адамзат баласын адастырып, күмән мен қайшылықта күмәнданған сәтте шындыққа көз жеткізу үшін имам әрі жетекшісіз қалдыра ма?",- деп сұрадым.

Сол кезде Омар ибн Амид үнсіз қалып: "Сен қайдан келдің?",- деп сұрады. Мен: "Куфадан келдім",- дедім. Ол: "Сен Хишамсың ба?",- деп сұрады. Сосын мені өзінің орнына отырғызып, содан кейін мүлдем тіс жармады. Біраз уақыт өткен соң өз орнымнан тұрып, жиыннан кетіп қалдым",-деді. Сонда имам Садық (ғ.с) күлімсіреп: "Саған бұл қисынды пікірді кім үйретті?",- деп сұрайды. Хишам: "Уа, Алланың елшісі, не айтарымды білмеймін",- деп жауап береді. Имам: "Ей, Хишам. Құдайдың атымен ант етемін, бұл пайымдау Ибраһим мен Мұсаның жазбаларында жазылған",- дейді.

Бағдарламаның соңында жетінші имамның өмірлік жолы мен оның шарықтау мен құлдыраулары, әлеуметтік, саяси, ғылыми және мәдени әдіс-тәсілдерін қорытындылай келе былай деп айтуға болады: Ол хазірет Аббаси билеушілерінің алдында көреген жоспарлары мен кесімді әрі табанды ұстанымдары арқылы олардың болмысын әшкерелеп, халықтың жүректеріне жол тауып, мәдени және саяси тұлғаларды тәрбиелеп шығару арқылы өзінің орнын нығайтты. Һарун Аббаси осы мәселеге қатысты қатты алаңдап, қауіптенген еді. Сол себепті жетінші имамды тұтқындап, абақтыға қамауға бұйрық береді. Ол хазірет Куфа мен Басраның түрмелерінде Аббаси әулеті сарайына жақын қызметкерлері атармандарына ықпал етіп, оларды өзіне тартты. Сондықтан Һарун хазіретті Бағдадтағы түрмелердің біріне жіберуге бұйрық шығарып, өзінің ең қатыгез әрі ең пасық жалдамалыларының біріне хазіреттің басына қиын жағдай орнатып, ауыр азаптаулар арқылы имамның табандылық рухын мұқалтуға бұйырды. Бұл қарсыласу мен сабырлық үлгісінің өзінің ақиқатты талап еткен ұстанымдарынан бас тартпайтынын түсінгенде Һарун жетінші имамды (ғ.с) уландырып, шәһид етуге бұйрық береді. Осылайша, ол хазіреттің тарихтағы жарқын әрі жігерлендіруші өмірінің дәптері х.ж.с.б. 182 жылы ережеп айының жиырма бесі күні жабылып, ислам әлемін қайғыға батырды.

Қымбатты оқырмандар, осымен бүгінгі бөлім өз мәресіне жетті. Келесі бағдарламаға дейін аман-сау болыңыздар!