Жел 25, 2018 14:38 Asia/Almaty
  • Илаһи жетекшілер (55)

Бүгінгі бағдарламада шиіттердің сегізінші имамы хазірет имам Резаның (ғ.с) өмірімен таныстырамыз.

Құрметті оқырмандар, Алланың жар болуымен Пайғамбардың (с.ғ.с) әулеті – Аһле бейттің (ғ.с) өмірлік жолымен таныстыруға арналған топтамамыздың кезекті бөлімінде имамат пен жетекшіліктің сегізінші жарық жұлдызы хазірет Әли бин Мұса ар-Резаның (ғ.с) өмірін талдаймыз.

Хазірет х.қ.ж.с.б. 148 жылы зиқаде айының он бірініші жұлдызы Мединеде дүниеге келген. Оның есімін «Әли» деп қойып, кейін Реза деген лақап ат берілген. Ол хазірет әкесі жетінші имам (ғ.с) шәһид болғаннан кейін ислам үмбетіне имам болып, жетекшілік етудің қауіпті жауапкершілігін мойнына алғанда шамамен отыз бес жаста болған. Имам Резаның (ғ.с) өмір сүрген негізгі мекені Мәдине болғанымен, хазірет әлеуметтік, мәдени және саяси жағдайдан хабардар болып тұру үшін ара-тұра Мекке мен Ирак және Иранға сапармен барып тұратын. Хазіреттің имаматқа басшылық мерзімі жиырма жылға созылды. Бұл мерзімді үш кезеңде бөліп қарастыруға болады: бірінші кезең хазіреттің жетекшілігінің алғашқы онжылдығы саналады. Бұл Һарун Аббаси билік еткен, оның езгісі мен қулығына толы кезеңге сәйкес келеді; екінші кезең Һарунның қазасынан кейін билік тізгіні оның ұлы Амин Аббасидің қолына жеткен бес жылдық уақытты қамтиды. Ал имам Реза (ғ.с) жетекшілігінің соңғы бес жылдық үшінші кезеңі болса, Мамун Аббасидің билік еткен кезеңнің басымен, оның мұсылмандардың кең байтақ территориясына толық билік орнатқан мезгілмен тұспа-тұс келеді.

Сегізінші имам (ғ.с) осы үш кезеңде сол күннің саяси-әлеуметтік және мәдени жағдайына байланысты алдын-ала есептелген және мақсатты әдіс-тәсілдер арқылы имаматқа жетекшілік ету атты қатерлі жауапкершілікті өз мойнына алған болатын. Ол хазіреттің ең негізгі қиындығы ата-бабалары жетекшілік еткен кезеңдердегідей сырттай мұсылман көрініп, ислам қоғамын алдап, билік еткен өзімшіл билеушілер саналады. Әртүрлі жолдармен шынайы шиіттік имамдардың ықпалы мен беделін түсіруге талпыныс жасаған Аббаси әулеті билеушілерінің барлық қысымдары мен қоқан-лоққыларына қарамастан халық шынайы исламның көрінісі мен махаббаттың ошағы болған имамдарға қарай күннен күнге жақындай түскен еді. Сол себепті Аббаси әулетінің билеушілері пәк имамдардың (ғ.с) орындарының нығаюынан қауіптеніп, олардың жетекшілігімен халықтың көтеріліске шығып, бұл билеушілердің исламға қарсы билігінің көзін жоятынына қатты алаңдаған еді. Осыған байланысты Һарун жетінші имамды (ғ.с) Мәдинеден Бағдадқа жер аудартып, тіпті өзінің баскесер жендеттерінің бақылауында болса да, оның абақтыда өмір сүруінен де қауіптенгендіктен жетінші имамды уландырып, шәһид еткен еді. Сосын өз сарайындағы қызметкерлеріне жетінші имамның (ғ.с) дарға асылып өлгені туралы куә беруге бұйрық берді.

Имам Реза (ғ.с) имамат басына келген соң ислам қоғамындағы саяси-мәдени жағдайға байланысты имаматқа басшылық орнын нығайтып, "вақефие" секілді тура исламнан ауытқыған кейбір мектептердің қоғамдық пікір деңгейінде тудырған бұрмаланушылықтарының алдын алу мақсатында ашық түрде өз жолын қууға шақырып, халифат басшылығы мен ауытқушылық пікірді тудырушылар атты екі қарсылас майданмен ашық түрде күресуге кірісті. Имамның (ғ.с) бұл кезеңдегі саяси және сенімдік күрестерінің ашық әрі ауқымды болғаны соншалықты, ол хазіреттің жолдастары мен жақындарының зәресін алып, олар Аббаси үкіметінің тұншықтырушы жағдайында имамның өмірі үшін қорқып, ол хазіреттен ашық күрестен бас тартып, өз ата-бабалары секілді "тақийа" принципін ұстануды сұрайды. Хазіреттің серіктерінің бірі Сафуан ибн Яһия былай деді: "Имам Реза (ғ.с) Мұса ибн Джафардың (ғ.с) қазасынан кейін белгілі бір мәселелерді көтеріп, сол үшін біз хазіреттің өміріне қауіптеніп, оған: "Сіз өзекті мәселені ашық айттыңыз. Біз Һарун сіздің өміріңізге қастандық жасайды деп қатты қауіптеніп отырмыз",- деді. Сонда имам: "Қалағанша тырысып, күш салсын. Ол маған қарсы еш нәрсе істей алмайды",- деп жауап береді.

Мұхаммад Амин Аббаси әкесінің өлімінен кейін мұсылмандарға билік етудің жауапкершілігін мойнына алды. Алайда оның билік еткен кезеңі бүліктерге толы болды. Соның ішіндегі ең маңыздысы Мамун атты бауырымен текетіреске түсуі саналады. Имам Реза (ғ.с) да осы мүмкіндікті барынша пайдаланып, бүкіл қоғам арасында исламдық тағылымдарды таратып, халықтық негіздерді күшейтті. Хазірет үмбет пен имамат арасындағы рухани және сенімдік қатынастарды күшейту мақсатында қоғамның саяси құпияларын әшкерелеп, болжау арқылы өз серіктерін жасырын ақиқаттардан хабардар етті. Хосейн ибн Башар былай деген: "Имам Реза (ғ.с) маған: "Абдолла (Мамун), Мұхаммадты (Амин) өлтіреді",- деді. Сонда мен: "Һарунның ұлы Абдолла Һарунның ұлы Мұхаммадты өлтіре ме?",- деп сұрадым. Ол хазірет: "Ия, Хорасандағы Абдолла Бағдадтағы Һарун ар-Рашидтың жұбайы Зүбәйдәның ұлы Мұхаммадты өлтіреді",- деді. Соңында дәл осылай болып, Мамун өз бауырын өлтіру арқылы билік басына отырды".

Мамун өз бауырын өлтіргеннен кейін Аббаси әулеті сарайының оның саяси беделге ие болуына негіз болатын ғылыми әрі рухани тіректің жоғын сезеді. Сондықтан ол бұл бос орынды Аббаси билік жүйесіндегі жағымпаз ғалымдармен толтырады. Ол сондай-ақ, сол кездегі ислам қоғамы мен Аһле бейтке жақтас көптеген көзі ашық топтардың имам Резаға (ғ.с) ерекше ықылас білдіретінін және ол кісінің халықтың жүрегінде ерекше орын алатынын жақсы білген. Сол себепті Мамун өзінің сұрқия мақсаттарын жүзеге асыру үшін имам Резаның орнын пайдаланып, Аббасилердің қанауы мен езгісінен шаршаған халықтың ашуын басу үшін имамның халықтың арасындағы құрметін пайдаланып, пайда болған тәртіпсіздікті доғару мақсатында хазіретті халифаттың астанасы Мервке шақыртады.

Мамун өзінің арам жоспарын жүзеге асыру үшін Фазл ибн Саһл секілді өз заманында өмір сүрген кейбір саяси тұлғалармен ақылдасып, іске кіріседі. Ол имам Резаны (ғ.с) Мединеден жер аударту туралы бұйрық шығарады. Мамун халықты алдау үшін имаммен бірге аттанатын саяси қайраткерлерден құралған топты бірге жібереді. Имам Хиджаздан Басраға дейінгі жолда орналасқан әрбір қалаға кіргенде халықтың санасын ағарту үшін олармен кездесіп, сұхбаттасқан. Имам Резаның (ғ.с) жер аударып бара жатқанынан хабардар болған халықтың түрлі топ өкілдері имаммен тікелей кездесу мүмкіндігін пайдалану үшін барынша тырысып, хазіреттің ғылыми және рухани білім қазынасынан сусындап, өз ойлары мен рухани дүниелерін байытқан.

Ғылыми орталық болған Нишабур қаласының жергілікті тұрғындары, әсіресе зиялы қауымы мен данышпандары пайғамбардың (с.ғ.с) Аһле бейті мен құтқарушы тағылымдарымен көбірек танысуға асық болған қалалардың бірі еді. Келбетті, рухани тұрғыдан терең білімді әрі сыпайы сегізінші имам үстіне қарапайым шапан киген күйде халықтың алдына келеді. Барша халық ол хазіреттің құнды сөздерін есту үшін сап түзеп, шаттық дауысы жан-жақтан естілді. Кенет айнала сілтідей тынып, бір ғана дауыс естілді. Ол сөз бастаған имамның дауысы еді. Сенімнің ең негізгі әрі түбегейлі принципі, яғни жалғыз Құдайға сенім жайлы сөз сөйлеп, өзінің пәк ата-бабаларынан ұрпақтан-ұрпаққа айтылып келген Ұлы Алла Тағала тарапынан Жебірейіл періште арқылы Алла елшісіне (с.ғ.с) жеткізілген сөздерге сілтеме жасап былай деді: "کلمة لا آله إلا الله حصنی فمن قال لا اله الا الله دخل فی حصنی و من دخل فی حصنی امن من عذابی", яғни "Алладан басқа ешбір Құдай жоқ" калимасы – менің берік қамалым. Осы сөзді айтқан әрбір адам менің қамалыма кіреді, ал қамалға кірген адам менің азабынан аман қалады".

Осы рауаятта назар аударарлық және "алтын тізбек" деп аталып кеткен маңызды жайттардың бірі мынадай: бұл рауаятты сегізінші имам өзіне дейінгі пәк имамдардың әрқайсысын аттарын атап, олар оны пайғамбардан (с.ғ.с), ол хазірет бұл сөзді уәһи періште – Жебірейілден, Жебірейіл тікелей жалғыз Құдайдың айтқан сөзін жеткізген. Ол хазірет тауһидті берік илаһи қамал ретінде атаған кезде оны 4000-ға жуық адам жазып алған. Керуен жолға шығайын деген кезде имам оларға: "ولکن بشرطها و شروطها و انا من شروطها", яғни "Сендердің жеңіліске ұшырамайтын тауһид қамалына кірулерің үшін белгілі бір шарттар қойылған. Мен сол шарттардың бірімін. Басқаша айтқанда, егер біз, яғни шынайы илаһи имамдар мен жетекшілер қоғамға билік ететін болсақ, барлық ширктер, күпірліктер мен рия солғын тартып, қоғамда бір Құдайға бағыну рухы орнайтын болады",- дейді. Осылайша сегізінші имам Мамунның заңды билігіне күмән келтіріп, пайғамбардың (с.ғ.с) қазасынан кейін билік тізгінін әділетсіз түрде қолға алып, таухид мәдениетін шетке ығыстырған адамдардың барлығының заңды түрде әрекет етпегенін айтты. Сондықтан надан билеушілер араға жік салып, құрбандық пен Алланың алдындағы таңдаулы тұлғалар мен пайғамбардың (с.ғ.с) шынайы жетекшілері мен халифтерге террор жасап, оларды шәһид ету арқылы қоғамның бірлігін нығайтатын жетекшіліктен алыстатты.

Қымбатты тыңдармандар, сегізінші имамның (ғ.с) нұрлы әрі қасиетті сөздерінің астарында жатқан басқа да маңызды жайттар жайлы бағдарламамыздың келесі бөлімінде баяндаймыз. Келесі кездескенше сіздерді бір Аллаға тапсырамыз. Сау болыңыздар!