Қаз 23, 2019 19:35 Asia/Almaty
  • Иранның танымал тұлғалары (179)

Бүгінгі бағдарлама "Шейх Калини" деген атпен танымал шейх Абу Джафар Мұхаммад бен Яқуб бен Исхаққа арналады.

Бұл бағдарламада ирандық ойшыл, факиһ, хадисші туралы сөз қозғаймыз. Ол ислам әлемі мен Ирандағы хадис ғылымының басты тұлғаларының бірі саналады. Бүгінгі бағдарлама "Әл-Кафи" атты құнды кітаптың авторы "Шейх Калини" деген атпен танымал шейх Абу Джафар Мұхаммад бен Яқуб бен Исхақ Разиге арналады. 

Шейх Калини

 

 

"Шейх Калини" деген атпен танымал шейх Абу Джафар Мұхаммад бен Яқуб бен Исхақ Рази – х.қ.ж.с.б. 3 ғасырдың екінші жартысы мен 4 ғасырдың бірінші жартысында өмір сүрген ең атақты данышпан, факиһ әрі хадисші. Шейх Калинидің туған кезінен ешқандай ақпарат жоқ. Қолда бар мағлұматтарға сәйкес, бұл ұлы хадисші х.қ.ж.с.б. 258 жылы имам Хасан Аргяридің имаматтығы дәуірімен бір мезгілде Иранның ең көне қалаларының бірі Рейдің маңындағы Калин ауылында дін мен ғылымға жақын отбасында дүниеге келген. Шейх Калинидің әкесі мен бөле ағасы өз заманындағы атақты ғалымдар мен хадистанушылардың қатарында болды. Калини бастауыш білімін туған жері Калинде осы екі адамнан алған. Содан соң білімімін жетілдіру үшін Калиннен Рейге барды. Рей ол кезде үлкен қала болатын. Ол қалада әртүрлі мазхабтар мен ойлар бір-бірінің жанында жақсы дамып жатты. Алайда бұл тыныштық кейде саяси қозғалыстар салдарынан бұзылатын. Исмаилиттер ағымы Иранды басып алу мақсатында басқа ағымдар мен мазхабтардан артық қаражат жұмсап, өз пікірі мен ойларын таратып, насихаттауға кірісті. Сол себепті Рей исмаилит ағымы, шафеи, ханафи және шиіт мазхабтарының ойлары тоғысқан жерге айналды. Калини бұл жерде білім алумен қоса, басқа мазхабтар мен ағымдардың ойларымен танысып қана қойған жоқ, шиіттерді ақиқат жолынан тайдыруды көздеген кейбір ағымдардың шынайы болмысын түсінді.

Жас Калини Рей қаласында сол замандағы ұлы ұстаздардан хадис ғылымын үйреніп, ұстаздарына хадис туралы жазу, пікірталастыру және сұхбаттасуға өзінің лайық екенін көрсетті. Калини оқуын жалғастыру үшін Құмға аттанды. Онда ол имам Асгяри (ғ.) немесе имам Хадидің (ғ.) заманында хадистерді өз құлақтарымен естіген соңғы адамдардың көбімен кездесіп, ұлы ұстаздардан білім алды. Калини шиіт имамдардың (ғ.) хадистерін жинау үшін көптеген ауылдар мен қалаларды аралап, қай жерде хадисші көрсе, содан хадис үйренген. Куфа – Калинидің білім алып, хадистер жинау үшін барған қалаларының бірі. Ол заманда Куфа ірі ғылыми орталықтардың бірі саналған. Өз сапарларында Куфаға бас сұқпаған, ол жердің ғалымдарынан білім алмаған хадисші мен зерттеуші кемде-кем.

Калини сол замандағы қалалар мен ауылдарда ондаған ұстаз бен хадисшіден білім алып, хадис үйренгеннен кейін ақырында Бағдадқа жетті. Ол әртүрлі жерлерге саяхаты барысында өзінің білімін көрсетіп, сол өлке халқының санасына шынайы исламның бейнесін қалыптастырды. Сондықтан Бағдатқа кіргенде бейтаныс адам болмады. Шиіттер оны мақтан тұтып, сүнниттер оған құрметпен қараған. Наджашидің айтуынша, Калини өз заманында  шиіттік ғалымдардың көшбасшысы, Рейде олардың жарқын келбеті, хадис жинау мен жазуда олардың ең сенімдісі болған. 

Өмір сүрген мезгілі мен мекеніне байланысты әр адамның өмірі әрдайым дәрістер, тәжірибелер, қиындықтар, өкініштер, қайғылар, қуаныштар, көптеген жеңілістер мен жеңістерге толы болады. Өмір жолы әрдайым жайлы бола бермейді. Адамдар өмір жолында көптеген кедергілер мен түйткілдерге ұшырайды. Тиісті хабардарлыққа ие адам бұл түйткілдерді өмірдегі дамудың тосқауылы санамайды, керісінше  кедергілерді өзінің ержүректігі, құдіреті, әлсіздігі мен иманын сынау деп біледі.  

Шейх Калини – өзінің берекелі өмірі барысында көптеген талпыныс жасап, көп қиындықтардан өткен адамдардың бірі. Ол шиіт имамдарының жолдары мен сөздерін қайта жандандыру үшін көп талпыныс жасаған. Ол осы маңызды іс үшін өзінің отаны, әке-шешесі мен басқа жақындарын тастап, Рей, Құм, Куфа, содан кейін Бағдатқа қоныс аудару арқылы адам төзгісіз көптеген қиындықты бастан өткеріп, сол замандағы көптеген ғалымдардан білім алған. Шейх Калини үздіксіз талпыныстарының арқасында өз заманындағы хадис ғылымында ең жоғары дәрежеге жетіп, тарихтағы ең ірі хадисшілердің бірі ретінде танымалдыққа жеткен.

"Әл-Кафи"  кітабы

 

 

Шейх Калини – Ислам мен мұсылмандарға көп қызмет еткен тұлғалардың бірі. Ол көп кітап жазу арқылы исламға көп еңбек сіңірген. Кітаптарының ішіндегі ең маңыздысы – "әл-Кафи". Калини туралы сөз қозғау ғылымдар мен тағылымдар жинауда шиіттердің барлық талпыныстары туралы айтумен бірдей. Шиіт және сүннит ойшылдардың көбі Калинидің аты аталғанда оның хадис саласындағы қажырлы еңбегі алдында бас иіп, құрмет білдірген. Калиниді әртүрлі лақап аттармен атаған. Солардың ең танымалы – "Сақа ул-Ислам". Ол  ислам дәуірінде "Сақа ул-Ислам" атағын алған алғашқы ислам данышпаны. Халық шейх Калиниді сөзі мен ісі дұрыс адам деп таныған. Ол хадистер мен рауаяттарды тануда асқан шеберлікке жеткені соншалықты, сүнниттер мен шиіттер оны өздерінің діни зерттеулерінің дереккөзі санаған. Сол себепті оған "Сақа ул-Ислам", яғни исламдағы сенімді адам деген атақ берген.

Шейх Калини берекеге толы ғұмыры барысында ұлы шәкірттер тәрбиелеп шығарды. Олардың әрқайсысы данышпан болды. Сондай-ақ, оның жазбалары мен кітаптары одан кейінгі ғалымдар мен оқымыстылардың зерттеулерінің түйінін шешетін материал болған.

Калини 70 жаса дүниеден озды. Оның өмірінің көп бөлігі, бөгде жерде азап шегіп, ізденіс жасап, зерттеулер жүргізіп, кітап жазумен өтті. Оның қайтыс болған жылы туралы пікір қайшылығы бар. Бір пікір бойынша, ол х.қ.ж.с.б. 329 жылы шағбан айында, басқа біреудің айтуынша, х.қ.ж.с.б. 328 жылы қайтыс болып, шиіттердің ғана емес, исламның басқа мазхабтарын ұстанушылардың қабырғасын қайыстырып, Бағдатты түгелдей азаға батырған. Бағдат ақсақалдарының бірі Абу Ғират Мұхаммад бен Джафар Хасани оның жаназасында Құран оқып, шиіттер қайғыға толы жүрекпен оның қадірлі денесін Бағдаттың "Баб ул-Куфа" базарында жер қойнына тапсырған.

 

Шейх Калинидің Бағдаттың "Баб ул-Куфа" базарындағы кесенесі

 

Осы тақырыпты келесі бағдарламада одан ары жалғастырамыз.