Қаз 29, 2019 19:29 Asia/Almaty
  • Иранның танымал тұлғалары (180)

Бүгінгі бағдарламаны Шейх Калинидің тұлғасы мен еңбектерін таныстыруға арнаймыз.

Айтып өткеніміздей, "Шейх Калини" деген атпен танымал шейх Абу Джафар Мұхаммад бен Яқуб бен Исхақ Рази – х.қ.ж.с.б. 3 ғасырдың екінші жартысы мен 4 ғасырдың бірінші жартысында өмір сүрген ең атақты данышпан, факиһ әрі хадисші. Қолда бар мағлұматтарға сәйкес, бұл ұлы хадисші х.қ.ж.с.б. 258 жылы имам Хасан Асгяридің имаматтығы дәуірімен бір мезгілде Иранның ең көне қалаларының бірі Рейдің маңындағы Калин ауылында дін мен ғылымға жақын отбасында дүниеге келген. Шейх Калинидің әкесі мен бөле ағасы өз заманындағы атақты ғалымдар мен хадистанушылардың қатарында болды. Калини бастауыш білімді туған жері Калинде осы екі адамнан алған. Содан соң білімін жетілдіру үшін Калиннен Рей, Құм, Куфа мен Бағдад қалаларына барды. Ол Имам Асгяри (ғ.) мен имам Хадидің (ғ.) өз аузынан тікелей хадис естіген соңғы адамдармен кездесіп, ұлы ұстаздардан білім алды. Калини шиіт имамдарының хадистерін жинау жолында көп қиыншылық көріп, көптеген ауылдар мен қалаларды аралады. Сондай-ақ, айтып өткеніміздей, ол ислам дәуірінде сөзі шын, ісі дұрыс және хадистер мен рауаяттарды тануда ерекше шебер болғандықтан "Сақа ул-Ислам" деген атаққа ие болған алғашқы ислам ғалымы. Калини х.қ.ж.с.б. 329 жылдың шағбан айында, басқа бір дерек бойынша 328 жылы қайтыс болып, Бағдадтың "Баб әл-Куфа" базарында жерленген.  

 

 

"Шейх Калини" деген атпен танымал шейх Абу Джафар Мұхаммад бен Яқуб бен Исхақ Рази – өткір де жан-жақты ойшыл. Ол өз заманының мәдени, діни және әлеуметтік келеңсіздіктерін жақсы білген. Ол әртүрлі мазхабтар мен ағымдардың пікірлері мен ойлары тоғысқан кезеңде өмір сүрген. Сол себепті оқумен бірге басқа мазхабтар мен ағымдардың ой-пікірлерімен танысып, терең түсінуге талпынған. "Әл-Рад әла әл-Қарамате" атты кітап – оның өз заманындағы мазхабтар мен ағымдардың ойларымен таныс болғанын көрсететін еңбек.

Калини кезінде карматтар зәртушт, мани және исламдық ойлардың қосындысынан туындаған өзіндік ойларымен мұсылмандардың сенімдері мен қасиетті құндылықтарымен күрескен. Шейх Калини "Әл-Рад әла әл-Қарамате" атты кітабын осы ағымның бұрмаланған ойларын сынап жазып, мұсылмандарға таныстырып, исламның түпкі ойларының ауытқуының алдын алды. Бұл ағым исламдық ойларды бұрмалауды көздеген еді.

Шейх Калинидің заманында халық Ислам пайғамбары әулетінің сөздерінен қатты алшақтап кеткен болатын. Калинидің өмір сүрген кезі имам Хасан Асгяридің (ғ.) имаматымен тұспа-тұс келіп, оның білім алған кезеңі хазірет Маһдидің (ғ.) кіші ғайыбымен бір мезгілде болды.

Бұл кезеңде кейбіреулер жалған хадистер шығарып немесе бар хадистерді бұрмалау арқылы хазірет имам Маһдидің жоқтығын өз мақсаттарына пайдалануға тырысқан. Тура осы заманда Ислам пайғамбары (с.ғ.с.) мен Аһл-е бейттің мұрасы болып табылатын хадистердің жойылып кету қаупі сәт сайын сезілді, өйткені хадистанушылар сиреп, имам Заман ғайып болған соң шиіттер бұл қымбат сөздерден мақрұм қалып бара жатқан еді.  Осындай жағдайда исламның әртүрлі мазхабтарына жататын үлемдер тарапынан рауаяттар мен хадистер қорын сақтап қалу үшін талпыныстар басталып, бүкіл ислам мемлекеттерін қамтыды. Талпыныстардың ауқымды болғаны соншалықты, бұл ғасыр зерттеушілер арасында "Хадис ғасыры" деген атпен танымал болды. Хадис ғылымымен сусындағысы келетіндер бір қаладан екіншіге барып, бір ортадан екіншіге ауысып, өз білімдерін арттыру үшін рауаятшыларды іздеген.

 

Калин қаласындағы Калинидің ескерткіші

Бұл заманда сүнниттердің талпынысы зор болғаны соншалықты, қазір Аһл-е сүннетте бар мағлұматтар дәл осы ғасырда жиналды деп айтуға болады. Шамамен бір ғасырға созылған бұл кезеңде Аһл-е сүннеттің "Саһаһ сете" деп аталатын алты томдық хадистер кітабы жазылды. Хадистерді баяндауда Аһл-е бейт пен Пайғамбардың басқа серіктері мен хадисшілерге бөліп-жарып қарамаған сүнниттер х.қ.ж.с.б. 3 ғасырда хадистерді тіркеп жазуға кіріскен кезде олардың айтылған кезінен 300 жыл өткен еді. Шиіттер исламның басқа мазхаб  өкілдеріне керісінше Аһл-е бейтке жататын адал имамдарға ие болу нығметін бағалап, Пайғамбар қайтыс болғаннан кейін 250 жыл бойы имамдардың аузынан хадис пен рауаяттарды естіп, жазып алып отырған. Шейх Калини хадистерді жинай бастаған кезде, яғни «кіші ғайып» кезінде әлі де арнайы адамы арқылы имаммен байланысуға мүмкіндік бар еді.  Ол кезде Имам Хади (ғ.) мен имам Хасан Асгяриден (ғ.) тікелей хадистер естіп, баяндайтын адамдар болған. Бұл заманда 4 арнайы адам халық пен имамның арасын байланыстыратын. Осы 4 арнайы адам арқылы Калинидің бейкүнә имаммен байланыста болуы әбден мүмкін.

Зерттеушілердің пікірі бойынша, "кіші ғайып" атты қысылтаяң шақта өмір сүрген шейх Калини өз заманына қажет нәрсені жақсы түсініп, діннен алшақтау қатерін сезінген болатын. Сол себепті Аһл-е бейттің хадистері мен тағылымдарын жинауға шешім қабылдайды. Сөйтіп халыққа Ислам пайғамбарының жанұясынан қалған сөздерді пайдаланып, құтқарылу жолын көрсетуді көздеді. Ол әртүрлі ислам қалаларына саяхаттап, хадис айтушылардың ойындағы қазыналарды бір жерге жинап, әлем халықтарының әрдайым Аһл-е бейттің тағылымдарын пайдаланып, ақиқат жолын тауып, адасудан аман қалуын көздеген. Шейх Калинидің заманында қарапайым халықпен қоса, үлемдер мен данышпандар да рухани қиындықтар өмір сүрген. Өйткені олар да бейкүнә имамның жоқтығынан ғылым мен хикметтің қайнар бұлағынан кенде қалған еді. Басқа жағынан оларда  барлық діни мәселелер мен үкімдерге жауап беретін сенімді дереккөзі болмады. Шейх Калинидің жылдар бойғы қиыншылығы мен машақатының нәтижесі "әл-Кафи" деп аталатын құнды жинақ түрінде  мұсылмандар  мен  діни үлемдердің ықтиярына берілді. Осы күнге дейін қандай мазхабтан болса да, бұл кітапты қажетсінбеген бірде-бір ғалым мен діни зерттеуші табылмағанына мың жылдан аса уақыт өтті.

Калини өз өмірінің 20 жылын "әл-Кафи" атты құнды кітапты жазуға арнады. Бұл кітап – төрт томдық кітаптың біріншісі, хадистер мен шиіттік фикһтің дереккөзі. Бұл кітап Калинидің ең үлкен туындысы саналады. Сондай-ақ, ислам қоғамындағы хадис саласында бұдан беделді кітап жазылған жоқ. Бұл кітап 11 ғасыр бойы шариғат үкімдерін растауда ең ірі шиіт хадисшілер мен факиһтердің дереккөзі болып келеді. Келесі бағдарламада осы құнды кітаппен көбірек таныстырамыз.