Иранның туристік тартымдылықтары (11)
Бұл бағдарламада Хузистан облысындағы қалалардың бірі, яғни Шуш тарихи қаласымен таныстырамыз.
Хузистан облысы көрнекті жерлерге толы. Бұл ойпатта таңғажайып қалалар бар. Олардың әрқайсысы Иранның тарихы мен мәдениетіне деген көзқарасымызды кеңейтіп, тереңдете алады. Ахваздың солтүстігінен 135 км қашықтықта орналасқан Шуш тарихи қаласы – әлемдегі ең ежелгі қоныстардың бірі. Оның тарихы б.з.д. шамамен 4200 жыл бұрын басталады. Бұл қала ұзақ жылдар бойы ежелгі иламдықтар өркениетінің орталығы және Ахменилер империясының қысқы тұрағы болған. Қалаға кіре берістен-ақ оның көне салтанатын көруге болады. Өйткені қалаға кірер жолда Шуш археологиялық кешені орналасқан. Онда көптеген тарихи ескерткіштер бар.
Шуш тарихи қаласындағы екі ескерткіш – «Чоғозамбил» ғибадатханасы мен Шуштың археологиялық кешені әлемдік мұра тізіміне енгізілген. Ежелгі өркениеттен қалған басқа да көптеген тарихи ескерткіштер отандық және шетелдік туристердің назарына алынған. Шуштың археологиялық кешені 2015 жылы әлемдік мұра тізіміне тіркелген. Ол әлемнің сирек кездесетін ең тартымды тарихи кешендерінің бірі. Онда Шапур сарайы, Ападана сарайы, сарайдың шығыс қақпасы, «Һадиш» қақпасы, 15-ші қала, Шуштың орталық мешіті, ислам дәуіріне тиесілі ғимараттар, қорған (акрополь) төбелер және француздардың қамалы бар. Бұлардың әрқайсысы туралы сағаттар бойы әңгімелеуге болады. Шын мәнінде Шуш – әлемдегі ең көне қалалардың бірі. Қаланың айналасындағы төбелерден алғашқы отырықшылықтың және аймақтағы ірі сауданың белгілерін көруге болады. Бұл төбелер «Жетітөбе» деген атпен танымал.
Төбелердегі ғажайыптардың бірі – иламдықтардың зираты. Онда әлемде алғаш рет орақ пішінді аркалар қолданылған. Ежелгі заманда салтанатты сарайлар салынған бұл төбелер моңғолдардың шабуылы мен Иран-Ирак соғысы кезінде және әртүрлі археологтардың осы аймаққа лап беруі салдарынан қиратылды.
Төбелердің ең әйгілісі – Акрополь төбесі. Париждің Лувр мұражайында Акрополь төбесінен алынған құнды ескерткіштердің көбі сақталынған. Солардың арасында ең танымалдары – Намирастун патшайымының мүсіні, Хамурапидің заңы жазылған тақташа және Шуштың қыш тостағаны. Тостағанның түсі қоңыр сары. Оның бетіне тауешкісі өте әдемі қалыпта салынған. Бұл нақыш тостағанның көркемдік құндылығының оның көне болу құндылығынан басым түсуіне себеп болды.