Маусым 30, 2020 22:15 Asia/Almaty
  • Иранның танымал тұлғалары (192)

Бұл бағдарламада Хусейн бен Мансур Халладждың Аттар Нишапуриге тигізген әсері туралы сөз қозғаймыз.

Өткен бағдарламадағы тақырыпты жалғастырып, х.қ.ж.с.б. 3 ғасырда өмір сүрген танымал сопы Хусейн бен Мансур Халладж жайлы сөз қозғаймыз. Ол өз өмірі, сөздері, тіпті өлімімен әлемде өшпес із қалдырды. Ғасырлар өтсе де, ирандық және батыс зерттеушілері ол туралы пікір айтып, зерттеу жұмыстарын жазып жатыр. Өз сөздерімен жалпы мен жалқының жүрегін жалындатқан мистиктің Иран, Үндістан, Түркістан, Қытайда жақтастары көп болған.

Айтып өткеніміздей, х.қ.ж.с.б. 3 ғасырда өмір сүрген сопы Хусейн бен Мансур Халладжды тану үшін шығыстанушылар мен басқа зерттеушілер жасаған талпыныстарға қарамастан, оның шынайы бейнесі көп қырдан әлі күнге дейін белгісіз қалып отыр. Халладждың шын аты – Хусейн. Әкесінің аты – Мансур. Көне мәтіндерде Халладждың туған күні жайлы дерек жоқ. Алайда француз шығыстанушысы Луи Массиньон сияқты кейбір зерттеушілер оның туған жылын х.қ.ж.с.д. 244 жыл, сәйкесінше милади жыл санағы бойынша 858 жыл деп санайды. Кейбіреулер оның туған жылын х.қ.ж.с.д. 248 жыл, сәйкесінше милади жыл санағы бойынша 862 жыл санаған. Халладж Фарс облысының Бейза ауданындағы Тур ауылында дүниеге келген. Бала кезінде жанұясымен бірге Турдан Ирактағы Васет қаласына қоныс аударған. Сондай-ақ, «мақта түтуші» деген мағына беретін "Халладж" сөзі бастапқыда оның лақап аты болған, бірақ біртіндеп оның шын атынан басым түскенін айттық. Халладж жастық шағында білім алу үшін сапарға аттанып, Сәһл бен Абдулла Тастари мен Амру бен Осман Маки сияқты ірі ұстаздар және танымал ирандық мистик Джунейд Наһавандиден білім алып, үлгілі шәкірт атанған. Халладж өмірінде үш рет қажылыққа барған. Қайда барса да, оның жанына жақтастары көп жиналған деседі. Халық Хусейн бен Мансур Халладжға құтқарушы ретінде қараған.  Қалың жұрттың Халладжға ынта білдіруі Бағдад факиһтерін үрейлендіріп, қала билеушілерінің күдігін тудырды. Ақырында Бағдадтың сол кездегі билеушілері мен факиһтері Халладжды жалған айыптармен абақтыға қамады. 8 жылдық сот тергеуінен кейін оған өлім жазасы кесілді. Х.қ.ж.с.б. 309 жылдың зихадже айының 24 күні ол дарға асылды.

Халладж – исламдық сопылық пен мистикадағы ең танымал тұлғалардың бірі. Халладждың ерекше өмірі мен ойлары оның тірі кезінде  де, өлімінен кейін де  әрдайым назарда болып келді. Халладждың өлімінен кейін оның ойларына жақтасатын ірі сопылардың көбі ол туралы абайлап сөйлеп, өздерінің туындыларында Халладж жазаланған кезде көрсетілген қатынас тәсілі жайлы жазған. Халладж өз заманындағы сопылар, мистиктер, ақындар мен кейінгі буынға көп әсер етті. Оның өмірі мен өлімі және ойларының сол замандағы ақындардың туындыларына тигізген әсері ойлануға тұрарлық. Аттар, Моулави, Хафиз және қазіргі заман ақындарынан Шафии Кадкяни мен шетелдіктерден Адонис Халладждың өмірі мен шығармашылығына ерекше назар аударған ақындардың қатарына жатады.

Х.қ.ж.с.б. 6 ғасыр мен 7 ғасырдың басында өмір сүрген ақын әрі сопы Аттар Нишапури – өз өлеңдерінде білдірген ой-пікір мен назарлары бойынша Халладжға қатты ұқсайтын ақындардың  бірі. Ол өзінің өлеңдер жинағы мен поэмаларында Халладждан алған әсерін молынан көрсеткен. «Тазкере ул-Аулиа» атты еңбегінде де Халладждың өмірін асқан жанашырлық және аянышпен баяндаған. Аттар «Мантеқ ут-Тейр» атты еңбегінде Халладждың ойларын кең түрде сипаттаған. Аттардың өлеңдерінен ақынның Халладждың ойларына құштарлығын айқын көруге болады.

Халладж бен Аттардың өмірлері мен ой-пікірлерінде ұқсастықтар көп: Халладждың өмірі бұлыңғырлыққа толы, Аттардың дүниеге келген және қайтыс болған күндері нақты мәлім емес. Екеуі де халықтың арасында болып, олардың қам-қайғысымен жақсы таныс болып, қиындықтарын шешуге тырысқан. Билеушілерге түрлі тәсілмен қарсылық білдіріп отырған. Оларды мадақтаудан бас тартып, зұлымдықпен күресуді көздеген, екіжүзділіктен арылуға шақырған. Олардың мінезінде ықылас тазалығы байқалады. Екеуі жайлы шығарылған аңыз-әңгіме көп. Халладж бен Аттардың рух, ой мен сана тұрғысынан ортақтарының көптігі соншалықты, Халладждың рухы Аттарға берілгендей. Аттардың өзі осы ойды басқа сөзбен жеткізген.

Аттардан ұзақ жылдар өткеннен кейін Моулави Аттардың рухының Халладждан әсер алғаны туралы сөз қозғап, реинкарнацияға сенетінін білдіріп, әулиелердің рухтарының айналымына, олардың әсері мен тасымалына тоқталып: «Мен қайтсам, қорықпаңдар да қайғырмаңдар. Мансурдың нұры 150  жылдан кейін Фаридеддин Аттардың рухында көрініс тапты. Ол Аттардың моршед-ұстазына айналды»,-деді.

Аттар «Мантеқ ут-Тейр» атты еңбегінде Халладждың ойларынан әсер алғанын көрсетеді. Бұл ықпал сопының ойларымен таныс болып, оған тілеулестік білдіруден туындаған. Ол Халладждың ойларын тікелей және жанама түрде баяндаған. Аталмыш кітаптағы көптеген өлең жолдары мұны айқын көрсетеді.

Нишапур қаласындағы Аттардың мүсіні

Аттар Халладждың көптеген ойлары мен сөздерін басқа тілмен баяндап берген. Қозғалған тақырыптар мен ұстанымдар басқа ірі сопылардың еңбектерінде айтылған болуы мүмкін, алайда Аттардың жеткізу тәсілі және Халладждың ойларымен таныс болуы осы жақындықты айқын көрсетеді.  Шын мәнінде «Мантеқ ут-Тейр» Халладждың жан айқайын жұмсақ та өтімді түрде жеткізген. «Мен Хақпын» деп ұрандату, Хақтың болмысына терең бату, Одан басқа ештеңе көрмеу, Оның ұлылығына таң қалу, ғашықтықтан басы айналу, қиындық көру, ауыртпашылықтан қашпау және тағы басқа ойларды «Мантеқ ут-Тейр» өлеңдерінде көруге болады.

Аттар Хақ жолындағы адамның Құдайды танып, дұрыс-бұрысты айыра білуі үшін көкірек көзі ояу болуы керектігі туралы айтқанда Халладждың мына сөзіне сенеді: «Оның сипаттары жайлы сөз қозғау – жеңілтектік, ал Оны дәлелдеуде үнсіз қалу – меңіреулік. Оған жақындауға ұмтылу – дөрекілік, ал Оның алыстығына көну – дәрменсіздік».

Адам шахтанушы болуы керек,

Шахты жүз киімде көрсе де.

Қателесу абыройды түсіреді,

Бұл назар адамды кешіктіреді.

Өкінішке орай, ешбір адамда төзім жоқ,

Көздер соқыр, ал әлем жарыққа толы.

Егер көре алмай, бұл даналықты жоғалтсаң,

Тек оны ғана көріп, өзіңді жоғалтасың.

 

Сонымен қатар, Халладж былай деген: «Хақ дегеніміз Өзінен басқамен көрілмейтін және түсінілмейтін дүние». Аттардың сенімінше, біздің Құдай туралы айтатынымыз өз түсінігіміздің шегінде ғана, сондықтан өзімізге де лайықты емес. Құдайды Оның өзімен тану керек.

Сен Оны өзіңмен емес, Онымен таны

Оған барар жол ақылдан емес, Оның өзінен басталады.

Адамдар Оны сипаттауға дәрменсіз,

Сипаттауға ешкім лайықты да емес.

Бұған тіпті мағрифатты таныған адамның өзі дәрменсіз.

Ол баяндаудан да, сипаттаудан да жоғары.

 

Халладж: «Мүміннің жүрегі айна сияқты. Қашан қарасаң да, онда Құдай көрініс табады»,-дейді. Аттардың сенімінше, мейірбан Құдайды жүрек айнасында көру керек. Оның барын тек таза жүрек арқылы сезінуге болады.

 

Өзіңде болмаса, Самұрықтың көзіне қара,  

Жүрегің айнадай нұрланбаған,  

Адамның көзінде бұл сұлулық болмаса.  

Оның сұлулығынан шексіз сабырлық туындайды.

Мұндай сұлулықпен ғашықтықта жеңілу мүмкін емес.

Ол өз мейірбандығының кемелдігінен айна жасады.

Айна – жүрек. Жүрекке қара.

Сонда жүректің бетінен Оны көресің.

 

Бұл тақырыпты келесі бағдарламада одан ары жалғастырамыз.