Қыр 28, 2020 01:02 Asia/Almaty
  • Иранның туристік тартымдылықтары (14)

Бүгінгі бағдарламаны Чахармахал мен Бахтияри облысына арнаймыз.

Иранның батысына сапарда  Загрос таулы сілеміне жапсарлас Чахармахал мен Бахтияри облысына жеттік. Осы әдемі аймақта бірнеше мыңжылдық тарихы бар жүздеген тарихи ескерткіш пен тұмса табиғат асыл қазынадай жасырынған.

Облыстың орталығы Шахркорд – Иранның ең салқын қалаларының бірі. Теңіз деңгейінен 2066 метр биіктікте орналасқан қала «Иранның төбесі» деген атпен танымал. Адамзат баласы қоныс тепкен ең көне елдімекендердің бірі деп атауға болатын бұл облыста тарихи ескерткіштер, туристік тартымдылықтар мен әдемі табиғи жерлер көп. Шахркорд қаласынан 20 шақырым жерде орналасқан Хафшанджан қаласының көне тарихи ескерткіштері мен ежелгі төбелерден табылған тас құралдар мен қыш бұйымдарға сәйкес бұл облыстың тарихы б.з.д. 7 мыңжылдықта басталады. Яғни Чахармахал мен Бахтияридің 9000 жылдық тарихы бар.  

Хуте-Лутш Иншушинакқа тиесілі орта илам жазба тақташасы Хафшаджанның Ескендір төбесінде табылған.

Загрос тауына жиналған қардан бастау алатын бұлақтар – Иранның орталығы мен оңтүстік-батысындағы ең танымал тұрақты өзендер Карун, Заяндеруд пен Дез өзендерінің қайнар көзі. Емен орманы, долана мен басқа да жалпақ жапырақты өсімдіктер, сарқырамалар, тоғандар, үңгірлер, суы мол бұлақтар, қорғалған аймақтар мен демалыс орындары осы облыстың таңғажайып табиғи тартымдылықтарының қатарына жатады. Сөйтіп, бұл облыс табиғат сүюшілердің жәннатына айналды.

Чахармахал мен Бахтияри облысының халқы чахармахалдықтар мен бахтиярлар болып екіге бөлінеді. Чахармахалдықтар әдетте парсы және түрік тілдерінде және өздерінің ерекше диалектісінде сөйлейді. Бахтиярлар лур тілінің бір тармағы саналатын бахтияр диалектісінде сөйлейді. Бахтияри аймағы бағзы замандардан бері бахтиярлардың көшіп-қонатын жері болып келеді. 

Шахркорд

Ардақты ағайын, табиғи тартымдылықтармен бірге осы қала мен оның айналасындағы басқа қалаларда орналасқан кейбір құнды тарихи ескерткіштермен таныстырамыз.

Орталық мешіт (мәсджед-е джаме) немесе Хан мешіті Шахркорд қаласының орталығына жақын ескі бөлікте орналасқан. Бұл мешіт –х.қ.ж.с.б. 13 ғасырға тиесілі діни-тарихи ғимарат. Ол қажы Мұхаммедреза хан Сотудедің бұйрығымен 2500 шаршы метр ауданда салынған. Мешітке солтүстік, шығыс және батыс жақтан кіруге болады. Мешіт жеті түсті әдемі сырлы кірпішпен безендірілген. Көрген адамның көзі қызығады. Мешітте үлкен аула, төрт терраса, көптеген құжыралар, мұнара мен жазғы және қысқы шабестан-намаз оқитын залдар бар. Ол х.ш.ж.с.б. 1356 жылы Иранның ұлттық мұра тізіміне  1543 нөмірмен тіркелген.

Шахркордтың орталық мешіті

Шахркордтың орталық мешітінің оңтүстік-батысында Хан моншасы орналасқан. Бұл тарихи ғимарат та мешітпен бірге қажы Мұхаммедреза ханның бұйрығымен х.қ.ж.с.б. 1270 жылы салынды. Моншаның архитектуралық жобасы әдемі әрі мықты. Монша мен мешіт құнды тарихи кешен тудырды.

Шахркорд қаласының тағы бір табиғи тартымдылығы – археологиялық  мұражай. Онда жаңа тас дәуіріне тиесілі заттар қойылған. Сондай-ақ, мұражайдан Чахармахал мен Бахтияридің тарихына тиесілі ең көне ескерткіштерді көруге болады. Ең көне заттың тарихы шамамен 9 мың жыл бұрын басталады. Сүйек пен тастан жасалған ірілі-ұсақты құралдар, сазбалшықтан жасалған мүсіндер, қара түсті геометриялық фигуралармен безендірілген қыш ыдыстар, тостаған мен стақан  неолит дәуірінде адам баласы жасаған алғашқы заттар болды. Бұлар осы мұражайда сақталған. Айрышқа шеберлікпен жасалған құралдар мен заттар – сол замандағы мәдениет пен өркениеттің көрсеткіші. Сонымен қатар, бұл мұражайда Ахеменилер дәуіріне тиесілі мық жазуымен жазылған тақташа сақталған.  

Чахармахал мен Бахтияри облысының ең әдемі тарихи ғимараттарының бірін көру үшін Шахркорд қаласынан біршама алшақтап, Чалештар қаласына баруымыз керек. Бұл қала Шахркордтан 8 км қашықтықта орналасқан. Онда Ежелгі Иранның құнды тарихи кешені «Чалештар» қамалы  бар. Қамалдың архитектуалық жобасы еуропалық сәулет өнері мен Қаджарлар дәуіріндегі сәулет өнерінің синтезінен тұрады.   

Сотуде Чалештаридің үйі – «Чалештар» қамалының бір бөлігі. Ол  Қаджарлар билігінің соңында андаруни – ішкі бөлме және билеушілер тұратын жер ретінде салынған. Х.қ.ж.с.б. 14 ғасырдың басында 1323 жылға дейін қамалдың негізгі ғимараты қолданыста болған. Ғимараттың декорациясы көңіл аударуға тұрарлық. Аңыз-әңгімелер желісімен салынған суреттер және шеберлікпен қашалған тас ернеуліктер осы тарихи ғимараттың көркін арттырды. Аталмыш тарихи кешенде «Еңбек мен өмір», «Этнография» және «Тас ескерткіштер» деп аталатын үш мұражай ашылған. Онда тұрмыс заттары, ауыл шаруашылығы құралдары, ауыл киімдері, жазба тақташалар мен тастар жұрт назарына ұсынылған.

Шахркорд қаласының тағы бір көрнекті жері – Әмір Мофхам қамалы (Дезак қамалы). Ол Шахркорд қаласынан 32 км жердегі Дезак ауылында орналасқан үздік тарихи, мәдени және көркемдік ескерткіштердің бірі. Бұл қамал х.қ.ж.с.б. 1325 жылы  Әмір Мофхам деген атпен танымал Лотфәли тарапынан салынған. Қамал екі қабат пен 4 мұнарадан тұрады. Ауданы 5 мың шаршы метрден асады. Бұл ғимараттың бірінші қабатында түрлі архитектуралық безендірулер қолданылған.    

Чахармахал мен Бахтияри облысындағы Дезак қамалы

Қамалдың қонақ күту залы тас нақыштар және әдемі алебастр жапсырмалармен өрнектеліп, айна сынықтарымен безендірілген. Онда ағаштан ойылған есіктер, әрленген пештер бар. Залдың төбесі ағаш қалыпқа салынған. Сондай-ақ, қыш тақташалар мен кірпіштен әдемі жақтаулар жасалған. Қонақ күту залы мен айна бөлмесі қамалдың жоғары қабатында орналасқан. Олар осы ғимараттың ең әдемі әрі тартымды бөліктері. Қамалдың ағаштан жасалған кіреберіс қақпасы үлкен әрі қалың. Ол ауыр тұтқамен ашылады.

Әли Акбар Деһхода Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде біраз уақыт осы қамалда тұрып, оның кітапханасындағы құнды дереккөздерін пайдаланып, өзінің «Лоғатнама» (сөздік) атты еңбегін бастады. Кітапхана қамал тұрғындарының ғылым мен әдебиетке көңіл бөлгенін көрсетеді.

Соңғы жылдары Дезак қамалындағы сарайды оңтайлы пайдалану мақсатында мұнда киім-кешек және тас мұражайлары ашылды. Киім-кешек мұражайында Чахармахал мен Бахтияри облысындағы қалалар мен ауылдардың тұрғындары киетін киімдер таныстырылған. Тас мұражайында тастан жасалған тарихи-мәдени ескерткіштер, соның ішінде бағаналар, бағана бастары, тастан қашалған арыстан, диірмен тасы, өсімдіктен сығынды алатын жердің тас құралы және басқалар қойылған. Бұл қамалда бірнеше тарихи фильм түсірілген. Жыл сайын көптеген туристер осы тарихи ауыл мен қамалды көріп қайтады. Айта кету керек, Дезак қамалының тарихи ғимараты х.ш.ж.с.б. 1368 жылы  1731 нөмірмен Иранның ұлттық мұра тізіміне тіркелді.

Ардақты ағайын, Шахркорд ауданын аралау аяқталды. Осы аймақтың теңдессіз сұлулығының бір бөлігін таныстыра алдық деп үміттенеміз.