Қаз 06, 2020 19:28 Asia/Almaty
  • Иранның танымал тұлғалары (194)

Бұл бағдарламада Моулананың көрнекті ирандық сопы Хусейн бен Мансур Халладж туралы ойын баяндаймыз.

Өткен бағдарламадағы тақырыпты жалғастырып, х.қ.ж.с.б. 3 ғасырда өмір сүрген танымал сопы Хусейн бен Мансур Халладж жайлы сөз қозғаймыз. Ол өз өмірі, сөздері, тіпті өлімімен әлемде өшпес із қалдырды. Ғасырлар өтсе де, ирандық және батыс зерттеушілері ол туралы пікір айтып, зерттеу жұмыстарын жазып жатыр. Өз сөздерімен жалпы мен жалқының жүрегін жалындатқан мистиктің Иран, Үндістан, Түркістан, Қытайда жақтастары көп болған.

Айтып өткеніміздей, х.қ.ж.с.б. 3 ғасырда өмір сүрген сопы Хусейн бен Мансур Халладжды тану үшін шығыстанушылар мен басқа зерттеушілер жасаған талпыныстарға қарамастан, оның шынайы бейнесі көп қырдан әлі күнге дейін белгісіз қалып отыр. Халладждың шын аты – Хусейн. Әкесінің аты – Мансур. Көне мәтіндерде Халладждың туған күні жайлы дерек жоқ. Алайда француз шығыстанушысы Луи Массиньон сияқты кейбір зерттеушілер оның туған жылын х.қ.ж.с.д. 244 жыл, сәйкесінше милади жыл санағы бойынша 858 жыл деп санайды. Кейбіреулер оның туған жылын х.қ.ж.с.д. 248 жыл, сәйкесінше милади жыл санағы бойынша 862 жыл санаған. Халладж Фарс облысының Бейза ауданындағы Тур ауылында дүниеге келген. Бала кезінде жанұясымен бірге Турдан Ирактың Васет қаласына қоныс аударған.  Халық Хусейн бен Мансур Халладжға құтқарушы ретінде қараған.  Қалың жұрттың Халладжға ынта білдіруі Бағдад факиһтерін үрейлендіріп, қала билеушілерінің күдігін тудырды. Ақырында Бағдадтың сол кездегі билеушілері мен факиһтері Халладжды жалған айыптармен абақтыға қамады. 8 жылдық сот тергеуінен кейін оған өлім жазасы кесілді. Х.қ.ж.с.б. 309 жылдың зихадже айының 24 күні ол дарға асылды.

Өткен бағдарламаларда Халладждың ойлары мен туындыларын таныстырдық. Және осы танымал сопының өмірі, өлімі мен ойларының кейінгі буын сопыларына, мистиктері мен ақын-жазушыларына әсері жайлы сөз қозғадық. Аттар, Моулави, Хафиз бен қазіргі заманнан Шафии Кадкани және шетелдіктерден Адонис Халладж бен оның тағдыры мен ойларына ерекше көңіл аударған ақындардың қатарына жатады.

Халладж – ислам тарихында араб, парсы, түркі, үнді және малайзия ақын-жазушыларының туындыларында толық махаббаттың шынайы өкілі. Ол Құдайға ғашықтықтан масайраған қалыпта «Ана әл-Хақ» деп айтқан сөзі үшін дарға асылды. Халладждың жақтастары оның өмірінен осы күнге дейін өздерінің түрлі әдеби туындыларында, әсіресе парсы және араб поэзиясы қалыбында оны мадақтап, оның өмірін шынайы илаһи мистиктің тағдыры деп атап, оны келешек буын үшін игі үлгі деп атады.  

«Моулави» деген атпен танымал Моулана Джалаледдин Мұхаммед Балхи – х.қ.ж.с.б. 7 ғасырда өмір сүрген парсы ақыны әрі сопысы. Ол өз туындыларында Халладждың атын жиі атап, оның ойларын баяндаған. Ол кешкен барлық қиыншылықтарға қарамастан, оны абырой мен бақытқа бөленген адам деп санаған.  

Моулави өзінің туындыларында талай рет Халладждың ахуалы, сөздері мен ойларына жақындауды «тереңге бату» деп сипаттап, Халладждың Құдай есімдері мен сипаттары теңізінің түпсіз тереңіне бойлап, «Ана әл-Хақ» деп айтуын осындай «бату» жағдайынан туындаған ахуал деп санайды. Халладждың көзқарасынша, Хақтан басқа ештеңенің шынайы болмысы жоқ. Моулави «Фиһ ма-Фиһ» атты еңбегінде: «Шыбын жоғары ұшса, қанаты, басы, бүкіл дене мүшесі қозғалады. Ал балға батып кеткенде бүкіл дене мүшесі бірдейленеді. Мүлде қозғалмайды. Толық бату дегеніміз арада болмау, талпынбау, іс-қимыл жасамау. Егер әлі де тыпырлап жатса, оны батты деп айтпаңыз. Немесе «Ой, баттым» деп айқайласа, мұны да батты деп ойламаңыз»,-деді.

Халладждың аты Моулавидің туындыларында көп қайталанған. Оның сөздері Моулавидің еңбектерінде түрлі қалыптарда көрініс тапқан. Афлаки «Монағеб ул-Арефин» атты еңбегінде айтқандай, Моулави Халладж рухы Аттарда көрініс тапты деп есептейді. Афлаки аталмыш кітабында: «Бір күні хазірет Моулана жақын достарын жинап алған деседі. Менің қайтқанымнан қорықпаңдар да, қайғырмаңдар. Мансур Халладждың нұры 150 жылдан кейін Фаридеддин Аттардың рухында көрініс тауып, оның моршед-ұстазына айналды»,-деді. Шамс Табризи болғандықтан Моулавиге Халладждың көрініс табуы қажет емес еді. Бірақ Моулавидің еңбектерінде көрсетілгендей, Халладждың рухани сәулесі әрдайым оған бағыт-бағдар беріп отырған.

Моулави өз өмірінің соңғы кезінде жазған еңбектерінің бірі «Фиһ ма-Фиһ» атты кітабында Халладждың кейбір сөздерін тәпсірледі. Моулави осы кітабында Халладждың «Ана әл-Хақ» деп айтқан сөзі туралы былай деді: «Халық бұл сөзді үлкен уәж деп ойлайды». Негізі «Ана әл-Абд» (Мен Алланың құлымын) деген сөз – үлкен уәж.  Ал «Ана әл-Хақ» деп айтқан сөз – ұлы бойұсыну. Өйткені «Мен Алланың құлымын» деп айтқанда екі болмыс расталады: бірі – өзі, екіншісі – Құдай. Ал «Ана әл-Хақ» деп айтқанда өзін жоққа санап, желге ұшырады». Моулави өз еңбектерінде түрлі қалыптарда осы мәселені түсіндіруге тырысқан.  Ол «Фиһ ма-Фиһ» атты еңбегінің бір бөлігінде: «Мансурдың Құдаймен достығының шегіне жеткені соншалықты, ол өзіне дұшпан болып, өз-өзін жойды. Сөйтіп, «Ана әл-Хақ» деді. Яғни мен фәниге айналдым. Хақ қана қалды. Бұл – бойұсыну мен құлшылықтың шегіне жеткен түрі. Яғни Ол ғана бар, бітті»,-деді.

Моулави «Мәснәуи-е Мәнәуи» атты еңбегінде де Халладждың сөздері мен өлеңдерін астарлы түрде немесе дәйексөз ретінде келтірген. Моулави Халладждың бір сөзін бірнеше рет «Мәснәуиде» келтіріп, осылайша оны түсіндірген.

Тексердім: менің өлімім өмірде

Өйткені бұл өмірдегі жолым – баяндылық.  

Ұстаз Зарринкуб Халладждың сөзін былай түсіндіреді: «Хақ жолына қадам басқан ғашық жанның жүрегіне Хақтан басқа ешкім сыймайды. Ол қай жаққа қараса да, тек Хақты көреді. Халладж «Менің өлімім өмірде» деп айтқанда өз болмысын перде деп білгені». Моулавидің көзқарасынша, Мансур Халладж нұрға жетіп, оған толық батып кеткен. Кез келген адам мұндай жоғары дәрежеге жете алмайды.

Біз көз ашқанда ол Мансур болды

Біз қараңғылықта жүргенде ол нұр болды.

 

Моулави Халладждың сопылық және әлеуметтік ойларын жақтап, қоғамның төменгі топтарымен жақындасып, оларға жанашырлық білдіріп, Халладжды өзінің ойлары мен өнеріне жолбасшы етіп алған.

Келесі бағдарламада Иранның басқа бір танымал тұлғасымен танысқанға дейін аман-сау болыңыздар!

Тегтер