Иран ертегілері мен аңыздары
Мифологиялық ертегілердегі элементтердің бірі – айдаһар мен самұрық сияқты таңғажайып мифологиялық тіршілік иелері.
Кейбір ертегілер мен халық ауыз әңгімелері аңыздан алынған, ал кейбіреулері аңызбен астасып кеткен. Қалай болғанда да мифологтардың көзқарасынша бұл іс қоғамның тәжірибесінің жинақталғандығының нышаны, өткендердің ақыл-кеңестерін жинап, келер ұрпаққа жеткізуге деген ынтаны білдіреді. Зерттеушілердің сенімінше, аңыз – мифтердің өмірін жалғастырудың, олардың ертегі мен әңгіме, әсіресе халық ауыз ертегілері түріне ауысуының бір тәсілі. Мұнда мифологиялық мотивтер халықтың мәдениетіне қатысты басқа мотивтермен араласып, ертегі түріне енген. Осылайша, аңыздардың өмірі жалғасып, сақталып қалады. Өткен бағдарламаларда баяндағанымыздай, айдаһар әлем аңыздарының көбінде қара күш әрі құрғақшылықтың символы саналады. Иранның көптеген ертегілері мен әңгімелерінде және басқа мәдениеттерде айдаһар үңгірде өмір сүріп, қазынаны қорғайды немесе сол үңгірдегі ғажайып бұлаққа иелік етеді.
Аңыздарда айдаһар – құрғақшылықтың символы, бірақ халық ауыз мәдениетінде айдаһар үңгір және қазынамен байланысты саналады. Айдаһардың жері құрғақ деген ойға керісінше, ертегілерден оны бұлақ жағасынан көруге болады. Халықтың суға қол жеткізу үшін айдаһарға баж төлеуден басқа амалы қалмайды. Олар күн сайын бір қызды айдаһарға беріп, су алады. Бұл ертегілерде ақырында бір кейіпкер, шах немесе құтқарушы айдаһарды айламен, болмаса бетпе-бет соғыста шоқпар немесе қылышпен өлтіріп, айдаһардың тұтқынындағы шахзаданы немесе қызды құтқарады.
Енді Иранның аңыз-әңгімелері әлеміне саяхат жасап, «Иран әпсаналары» атты құнды еңбектен сіздер үшін таңдалынып алынған «Самұрық» атты ертегінің жалғасын тыңдауға шақырамыз.
Айтып өткеніміздей, әйел-балаларымен өмір сүріп жатқан бір кедей жұмыссыз адам болыпты. Ол күнде жұмыс іздесе де, таппапты. Бір күні қатты шаршап, үйге құр қол қайтқысы келмей өзін теңізге батыруға бел байлайды. Самұрық оны көріп, құтқарып, оған бір балық береді. Әлгі кедейдің жолында бір қу адам кездесіп, оның балығын бір уыс ұнға айырбастайды. Бұл іс екі рет қайталанады. Самұрық екі рет те оны құтқарып, оған балық береді. Үшінші рет кедей адам суға батпақ болғанда самұрық оған балықтың ішінде алтын мен күміс бар екенін айтады. Осы жолы кедей адамға әлгі қу кездескенде балықты ұнға айырбастағысы келмейді. Сөйтіп олар бір-бірімен керісіп қалып, патшаның алдына барады. Патша болған жайттан хабардар болған соң кедей адамға самұрықты алып келуге бұйрық береді. Кедей көңілі түсіп, құр қол үйге қайтып оралады. Әйелі: «Не болды? Неге ұнжырғаң түсіп кеткен? Ұның қайда?»-деп сұрайды. Күйеуі болған жайттың бәрін әйеліне баяндап: «Енді патша маған самұрықты алып келуді бұйырды. Бұл құсты патшаға қалай алып барамын?»-дейді. Әйел күйеуінің қандай қиындыққа ұшырағанын білмеген екен. Асыл тастар оның көзін тұмшалағаны сондай, бұдан былай өмірде кемдік көрмейміз деп ойласа керек.
Кедей қиналып жатып, түнді таңға жеткізіп, күн шыққанда не істерін білмей, жолға шығады. Бір сәт басына «Бұл елден кетіп, өзімді осы адамдардан құтқарайыншы» деген ой келеді. Содан мүмкін, жол табылар деп, теңізге батып кетпек болады. Барып теңізге қойып кетіпті. Жоғарыда ұшып жүрген самұрық әлгі адамды көріп: «Мына адам әдетке айналдырып, ашкөздікке салынған сыңайлы. Өлсе, өлсін»,-дейді. Бірақ толқын әлгі байғұсты бірнеше рет аударып-төңкергеннен кейін самұрық оны судан алып шығып: «Тағы не істеп жатырсың? Егер өзіңді батырғың келсе, мен көрмейтін жерге барып өл»-дейді. Кедей адам: «Мен балық алуға келген жоқпын»,-дейді. Сөйтіп, болған оқиғаның барлығын самұрыққа айтып береді. Самұрық кедейдің сөзін естігеннен кейін не істерін білмей таң-тамаша қалады. Іштей: «Егер патшаның алдына бармасам, мына байғұстың басын шабады. Егер барсам, екі балапаным аш қалады»,-деп ойлайды. Ойлап-ойлап, әлгі кедеймен бірге баруға бел байлайды. Көзінен жас тамшылаған самұрық көкте ұшып отырып, кедей адаммен бірге патшаның сарайына қарай жолға шығады. Жолда аңға бара жатқан патшаның ұлына жолығады. Шахзада кедейден: «Қайда бара жатырсың?»-деп сұрайды. Кедей адам басынан өткен оқиғаның барлығын баяндап беріп: «Енді, міне, самұрық патша сарайына баруға мәжбүр. Бірақ бұл құс аш қалған балапандарына алаңдап, жылап келеді»,-дейді. Шахзада самұрықтың көз жасын көргенде оған жаны ашып, әлгі кедейге: «Самұрықты босатып жібер. Патшаға самұрықты алып келе жатыр едім, жолда шахзаданы көрдім, ол құсты балапандарына қарайласын деп босатып жіберді деп айт»,-дейді.
Самұрық шахзаданың көмегіне жауап ретінде оған екі қауырсынын беріп: «Қиындыққа ұшырап, шешім жолын таппағанда мына қауырсындарды жақсаң, мен бірден келемін»,-дейді. Құс қанат қағып, ұшып кетеді. Шахзада да атын тебініп, аңға кетеді. Ал әлгі кедей патша сарайына аттанады. Патша сарайына жеткенде болған оқиғаның барлығын айтып береді. Патша ашуланып: «Мына ұл менен самұрықты қызғанады. Ертең патшалық үшін не істемейді? Аңнан қайтқанда жендетке басын алдыртамын»,-дейді. Шахзада екі күннен кейін аңнан қайтып оралып, бірден патшаның алдына барады. Патша: «Самұрықты неге босаттың? Енді құстың орнына сенің басыңды шабамын»,-дейді. Шахзада: «Сен менің әкемсің, не істесең де, өз еркіңде. Бірақ өлтірмес бұрын екі рекат намаз оқуға рұқсат ет»,-дейді. Патша рұқсат береді. Шахзада сарайдың төбесіне шығып, екі рекат намаз оқып, пайғамбарға салауат жолдағаннан кейін бірден самұрықтың бір қауырсынын жаққанда құс ілезде жетіп келеді. Шахзада: «Сені босатқаным үшін әкем мені өлтіргісі келеді»,-дейді. Самұрық бірден оны арқасына отырғысып алып, көрші қаланың қақпасының алдына апарып тастайды. Шахзада бір кемпірді көріп: «Бөтен адаммын. Мұнда ешкімді танымаймын. Бүгін кешке маған түнеп шығар жер бер»,-дейді. Кемпір: «Менде орын жоқ. Үйім тышқанның үйіндей кішкентай. Онымен қоса есектің қодығы, бұзау мен бірнеше балам бар»,-дейді. Шахзада кемпірдің алақанына бірнеше алтын тиын салғанда ол бірден өзгеріп: «Үйіме патшаның бүкіл әскері сыяды, бірақ бір адамнан артық жан жоқ»,-дейді. Шахзада кемпірдің үйіне барып, бірнеше күн қонады. Қаланы жақсы танып қалған кезде кемпірге: «Қалаларыңда екі патша бар сияқты ғой»,-дейді. Кемпір: «Ия, патша мен оның қызы осы бейшара халықты басқарады. Патша бір салық, оның қызы тағы бір салық алады»,-дейді. Шахзада мұны естігенде: «Апатай, тағы бір жақсылығың болсын, мені патша қызына алып баршы»,-дейді. Кемпір: «Алып барайын, тек біліп қой: егер қыз сені жақсы қабылдаса, мәселе жоқ, ал егер әкесі келсе, басыңды алады»,-дейді. Шахзада: «Ештеңе етпейді. Маңдайыма жазылғанын көрермін»,-дейді жігіт. Кемпір: «Патша қызының алдына апарамын, бірақ сен қолыңды орамалмен байлап алуың керек. Егер патша қызы сені ұнатса, ештеңе демейді. Егер ұнатпаса, өзін күзететін қырық қызға сенің быт-шытыңды шығаруға бұйрық береді. Күн сайын қырық адам патша қызын гүлмен безендіреді. Өйткені қыз кішкентай кезінде күнде бір гүлдей өсіп отырған екен. Енді есейгенде мүлдем өзгермейді»,-дейді. Кемпірдің үйі патша қызының сарайына жапсарлас орналасыпты. Ол қалаған уақытында сарайға кіріп-шығып жүреді екен. Сол күні кемпір шахзаданы ертіп, патша қызының бөлмесіне кіргізіп, сол жерде жігіттің қолын орамалмен байлап, өзі қайтып кетіпті. Патша қызы төсектің үстінде отырған күйде жігіттің келгенінен хабардар болады. Күзетші қыздарды босатып, өзінің жақын құрбылары уәзірдің қызы мен уәкілдің қызымен оңаша қалып, «Бүгін халім жақсы болмай тұр» деп сылтауратып, бұл екеуін де бөлмелеріне жібереді. Патша қызы қолын байлап алған жігітті сыртқа шығарып, ешқандай шахзаданың сұлулығының мына жігіттің көріктілігіне жетпейтінін көріп, оған бірден ғашық болып қалады. Бірақ ешкімнің өз сезімінен хабардар болуын қаламайды. Өзі әйелдің киімін әкеліп, жігітке кигізіп, істің артын күтеді. Бірақ бөтен жігіттің бөлмеде болуын қаламаған патша қызы жігітке: «Маған үйлен»,-дейді. Жігіт бірден қызға үйленіп, сол түнді өткізеді. Бірақ әке мен қыз бір-бірімен бәсекелес болғандықтан қыз әкесінің осы некені қолдамайтынын біліп, жігітке: «Некелескеннен кейін өлімге дайындалуымыз керек, өйткені әкем келіспейді»,-дейді.