Сәу 19, 2016 12:11 Asia/Almaty

Айтып өткеніміздей, мифологиялық түсінікте дию – жаман да лас көріністердің барлығы соларға телінетін әдеттен тыс тіршілік иелері.

 Бірнеше бағдарлама барысында ертегілерде келетін олардың кейбір ерекшеліктеріне тоқталдық.

Халық ауыз әдебиетіндегі ертегілерде кейде диюдің барлық табиғаттан тыс зиянды тіршілік иелері үшін ортақ ат болып саналатындығ байқалады. Дию жалпы мағынада метафора ретінде Ахриман, Ібіліс, шайтан, жын, құбыжық және тағы да басқа жалмауыз тіршілік иелерінің орнына ресми және ауызекі әдебиет пен мәтіндерде қолданылады. Фирдоуси «Жылан иықты Заххақ» ертегісінде Ібіліс пен диюді бір деп санап, Заххақтың екі иығына жыланның қалай өскенін баяндайды. Бірде оны Ахриманның ісі деп санаса, бірнеше бәйіттен кейін бұл істі дию істеді дейді. «Шахнаманың» басқа бір жерінде «халық диюі» деген сөз тіркесі қолданылған. «Неснас» – «жын» мен «шайтан».

Закария Қазвини «Аджаеб-е Махлуқат» атты еңбегінде жындар, шайтандар мен құбыжықтардың сыртқы келбеті мен іс-әрекетін сипаттаған кезде оларды дию деген жалпы атаумен атаған. Мысалы, «Манха» атты шайтанды сипаттағанда былай дейді: «Манха – тақуалар мен ғибадат етушілерді алдап, ғажайып дүниелер айтатын дию. Сонда ғибадат етуші диюге алданып, кейбір таңғажайып жайттарды өз қасиетінен туындайды деп ойлап, масаттанады. Осы тәкаппарлық оны ажал құштырады. Тақуалардың бірінің аты – Сумее. Бірде оған қонақ келеді. Күнде кешкі ас кезінде шырақ пен тағам толған дастархан ғибадат етушінің алдына келеді екен. Қонақ таң-тамаша қалып, ғибадат етушіден мұның себебін сұрағанда ол: «Кеш сайын маған осындай тағам әкелінеді. Олар маған мұны менің қасиетім деп сендіргілері келеді. Ал мен басынан-ақ бұның диюдің ісі екенін білемін»,-дейді. Осыны айтқанда шырақ сөніп, дастархан жоғалып кетеді».

Ардақты ағайын, келесі бағдарламада осы тақырыпты одан ары жалғастырамыз. Енді Иранның аңыз-әңгімелері әлеміне саяхат жасап, «Иран әпсаналары» атты құнды еңбектен сіздер үшін таңдалынып алынған «Малек Мұхаммад және бір аяқты дию» атты ертегіні тыңдауға шақырамыз.

Айтып өткеніміздей, ерте замандарда бір патша болыпты. Оның 7 ұлы болған екен. 6 ұл бір анадан, ал жетінші ұл басқа шешеден туыпты. Бұл жетінші ұлдың аты Малек Мұхаммад екен. Ұлдар алтын тордағы тотыны табуға аттанады. Алты ұл тоты мен торды таппақ түгілі, ойынханада қолдарында бар дүниелерінен айырылып, қайыршыға айналады. Ал Малек Мұхаммад басқа ел патшасының қызын диюдан құтқарып, диюдың бір аяғын кесіп алады. Содан кейін Малек Мұхаммад уәзірдің қаласына барып, ағаларын тауып алады. Ол өзін ағаларына таныстырғаннан кейін бәрі бірге тоты мен алтын торды іздеуге аттанып, жолда бір қалаға жетеді. Сол қаланың патшасы өзінің 7 қызын әлгі 7 ағайындыға күйеуге береді.

Патшаның кіші қызы Малек Мұхаммадтың әйеліне айналады. Малек Мұхаммад оған: «Менің атқаратын шаруам бар, бір істі аяқтауым керек, сондықтан отбасылық өмірге берік бола алмаймын. Бұл қатерлі жол. Егер қайтып оралсам, сенімен өмір сүремін. Егер қайтып оралмасам, сен басқаға тұрмысқа шық»,-дейді. Ағайындылар бірнеше күн әйелдерінің жанында болып, содан соң патшадан өз істері бойынша жолға шығуға рұқсат алады. Патша рұқсат беріп, олар әйелдерімен қоштасып, атқа мініп, жолға шығады. Тәулік бойы жолда болып, ақыры төртінші күні түс кезінде бір қамалдың есігіне жетеді. Малек Мұхаммад арқан тастап, хазірет Әлиді еске алып, дуалға өрмелеп, қамалға кіріп, есікті ашқанда ағалары кіреді. Олар қамалда жеті атқора, жеті астау мен жеті бөлменің барын көреді. Ал әрбір бөлмеде бір-бір қазан күріш басылыпты. Бірақ адамзат баласынан ешбір белгі байқалмайды. Малек Мұхаммад: «Кәне, әрқайсымыз бір-бір бөлмеге кірейік. Құдай не қаласа, сол болсын»,-дейді. Әрқайсысы өз бөлмесіне кіріп, түске дейін сонда отырады. Малек Мұхаммад ағаларына алаңдап отырғанда бөлменің есігі ашылып, сұлу қыз кіреді. Қуана күлімдеп бөлмеге кірген қыз бөлменің бір бұрышына отырып, жылай бастайды. Малек Мұхаммад ана қуаныш пен мына жылаудың себебін түсінбей, таң қалады. Орнынан тұрып, қызға жақындап: «Ей, қыз, неге жылайсың?»-дейді. Қыз: «Ей, Малек Мұхаммад шахзада, біз 7 апалы-сіңліміз. Мен ең кішісімін. Біз перілерміз, барлық дүниеден хабардармыз. Мені мен апайларым сенің алтын тор мен тотыны тапқың келетінін білеміз. Екеуміздің ерлі-зайыпты екенімізді біл. Апайларым мені қызғанып, сені өлтіру үшін келгеніңді тосып жүр. Тез бол, апайларым келгенше өзің мен ағаларыңды бір жерге жасыр»,-дейді. Малек Мұхаммад қыздың сөзін ести салып, ағаларына хабар береді. Барлығы жасырынып қалады. 6 перизат апалы-сіңлі өз бөлмелеріне кіргенде онда біреудің болғанын ұғады. Тезірек кіші сіңлілерінің бөлмесіне барып: «Біздің бөлмелерімізге біреу кірген. Сен бізден ертерек келгендіктен мұнда кім болғанын көрдің. Шыныңды айт, әйтпесе сені өлтіреміз»,-дейді. Кіші қыз: «Мен оларды сендерге көрсетемін. Бірақ оларға зиян тигізбейміз деп ант етіңдер. Күнде өзіміз аңға шығудың орнына осыларды жіберейік. Ал өзіміз жай ғана демалып, тамақ ішеміз»,-дейді. Апалы-сіңлілер қабылдаған соң кіші қыз Малек Мұхаммад пен оның ағаларын алып келіп: «Мен сендердің жандарыңды дәл қазір аңға шығады деген шартпен аман алып қалдым»,-дейді. Малек Мұхаммад пен оның ағалары бұл шартты қабылдап, жылдам атқа қонады. Кіші қыз жол нұсқай отырып, Малек Мұхаммадтың құлағына ақырын ғана: «Аман қалғыларың келсе, ағаларыңды ал да, жылдам кет. Мына жолмен жүргенде бір өзенге жетесіңдер. Егер сол өзенге жетіп үлгерсеңдер, апайларым ештеңе істей алмайды»,-деп сыбырлайды. Кіші қыз осыны айтып, бір тал шашын жұлып алып Малек Мұхаммадқа беріп: «Егер бір күні мені сағынсаң немесе қиындыққа тап болсаң, осы бір тал шашты сипа, мен ілезде келемін»,-дейді. Ағайындылар аңға кеткен болып, қамалдан шыққан соң өзенге қарай шаба жөнеледі. Ал апалы-сіңлілер олардың аңшылықтан қайтып оралуын тосып, әңгіме-дүкен құрып отырады. Біраз уақыт өткеннен кейін үлкен қыз: «Мыналар келмеді ғой. Қамалдың төбесіне шығып не істеп жатқандарын көрейік»,-дейді. Кішкене қыз тез орнынан тұрып, дүрбіні алып, үйдің төбесіне шығады. Малек Мұхаммад пен оның ағаларының әлі өзенге жетпегенін көреді. Апайларына қайтып оралып: «Ағайындылар аң аулап жүр»,-дейді. Апалы-сіңлілер қайта айнала отырып, әңгімеге кіріседі. Біраз өткеннен кейін тағы тағаттары таусылып, үлкен қыз үйдің төбесіне шығайын дегенде кіші қыз жүгіріп, төбеге шығады. Қараса, әлгілер өзенге әлі жетпепті. Апайларына қайтып келіп: «Олар келе жатыр»,-дейді. Қыздар қайтадан өз шаруларымен айналысып, әңгімелесіп отырғанда кеш батады. Үлкен қыздың шыдамы таусылып, өзі дүрбіні алып, төбеге шығып қараса, жігіттер өзенге жақындап қалған екен. Мұны кіші қыздың ұйымдастырғанын түсінеді. 7 қыз атқа қонып, 7 жігіттің соңынан қуа жөнеледі. Малек Мұхаммад шауып келе жатып, кіші қыздың сөзін есіне алып, артына қарап еді, 7 перизаттың оларға жетуіне жақын қалғанын көреді. Алты ағасын алдыға оздырып, өзі артта қалады. Ағалары: «Сен неге артта қалдың? Қазір қуып жетеді ғой»-деп сұрағанда Малек Мұхаммад: «Сендер кете беріңдер, мен өлсем ештеңе емес, өйткені мен сендердің туған інілерің емеспін. Ал егер сендердің біреуің өлсеңдер, барлықтарыңның сағың сынады»,-дейді. Осылай арпалысып отырып, өзенге де жетеді. Алты жігіт өзенді кесіп өтеді, бірақ Малек Мұхаммад өтейін дегенде үлкен қыз оған жетіп, атының құйрығынан ұстап алады. Кіші қыз қылышын суырып алып, шапшаң аттың құйрығын кесіп жібереді. Малек Мұхаммад та аман-сау өзеннен өтеді. Үлкен қыз кіші қызға қарап: «Не істегеніңді көрдің бе?»-дегенде кіші қыз: «Ей, апайым, Құдайдың қалауымен бұлар бізден қашып кетті. Мен қылышыммен аттың маңдайынан ұрғым келді, бірақ аттың құйрығын кестім. Енді өкінгеннен пайда жоқ»,-дейді. Перілерге өзеннен өтуге рұқсат етілмегендіктен ұнжырғалары түсіп, қамалға қайтып оралады. Ал Малек Мұхаммад пен оның ағалары өзеннен өткеннен кейін Малек Мұхаммад: «Ей, ағаларым, мына оқиғадан аман құтылдық, енді сендер әйелдеріңнің жанына барыңдар, ал мен тоты мен алтын торды тауып алуға аттанамын. Егер аман-есен тауып алсам, бәріміз бірге елге қайтамыз»,-дейді. Ағалары келісіп, қалаға қайтып оралады. Ал Малек Мұхаммад далаға аттың басын бұрып, жүріп кетеді.  

Тегтер