Сәу 19, 2016 12:13 Asia/Almaty

Айтып өткеніміздей, диюлар әдеттен тыс тіршілік иелері, кез-келген қоғамдағы халықтың мәдениетінің бір бөлігі болып саналады.

 Жаман да лас көріністердің барлығы осы диюларға телінеді. Адамжегіштік, өмір шишасының болуы мен кейпін өзгерте алуы – диюлардың ерекшеліктерінің бірі.

Кейде мифологиялық ертегілердің кейіпкерлері диюларды өздеріне бағындырады. Бағындырылған диюлар өмірлерінің соңына дейін өздерінің қожайынына қызмет етеді. Әдетте диюларды бағындыру үшін олардың құлағына темір шеңбер немесе аттың тағасын тағып қою қажет. Солай жасағанда олар жуасып, үнемі адамға қызмет ететін болады. Диюдан бір зат алу арқылы оны кез-келген уақытта шақырып, жұмыс тапсыруға болады. Олардан шаш немесе қауырсынды кепілге алып, керек кезде жаққанда дию қызмет етуге әзір болады. 

«Шахнамада» кейбір диюлар Рүстемге бағынып, оған қиын өткелдерден өтуге көмектеседі. Соның ішінде Оулад пен Аржанг дию жеті өткелде Рүстемнен жеңілгеннен кейін оған көмектеседі. «Шахнамадан» қатты әсер алған мифологиялық ертегілерде кейде дию ертегі кейіпкеріне бағынады. Манучехр хан Хакимнің «Ескендірнама» кітабында дию Саадан палуанға бағынып, оған қазына табуға көмектеседі. Дию Ескендірдің ұлы Тифурға қолдау көрсетеді. «Мың бір түн» кітабындағы бір ертегіде де дию кейіпкердің бұйрығы бойынша қайырымдылық жасайды.

Диюлар пайда болатын немесе жоғалатын кезде дауыл соғып, құйын көтеріледі. Бұл іс диюдың «тануре кешидан», яғни аспанға көтерілуінен туындайды. «Тануре кешидан», яғни айналып тұрып аспанға секіру. Диюлардың бұл сипаты халық ауыз ертегілерінің көбінде байқалып, көбінесе «дию шыр айналып, аспанға көтерілді» деген сөйлеммен беріледі. Парсы тілінде жерден көтерілетін құйынды «диюбад» деп атайды. Егер дию өз көлеңкесін адамның үстіне түсірсе, адам диюды көріп, одан қорықса немесе дию оның денесіне енсе, оны «диуана» - жынды деп атайды. Яғни адамның қимыл-әрекеті дию сияқты, дию оның жанын бағындырып алған деген сөз.

Ирандық ертегілерде диюлер – сиқыршы. Фердоусидің «Шахнамасындағы» Кавус хикаясында ақ дию сиқырдың күшімен Иран әскерінің үстіне қара бұлт төндіреді. Соның салдарынан олардың бәрі соқыр болып қалады. Халық ауыз ертегілерінде диюлар сиқырды адамдарды бағындыру үшін қолданады.

Енді Иранның аңыз-әңгімелер әлеміне саяхат жасап, «Иран әпсаналары» атты құнды еңбектен сіздер үшін таңдалынып алынған «Малек Мұхаммад пен бір аяқты дию» атты ертегіні тыңдауға шақырамыз.

Айтып өткеніміздей, ерте замандарда бір патша болыпты. Оның 7 ұлы болған екен. 6 ұл бір анадан, ал жетінші ұл басқа шешеден туыпты. Бұл жетінші ұлдың аты Малек Мұхаммад екен. Ұлдар патша тағына ие болу үшін алтын тордағы тотыны табуға аттанады. Алты ұл тоты мен торды таппақ түгілі, ойынханада қолдарында бар барлық дүниеден айырылып, қайыршыға айналады. Ал Малек Мұхаммад патшаның қызын диюдан құтқарып, диюдың бір аяғын кесіп алады. Риза болған патша оған қызын береді. Патшаның уәзірі Малек Мұхаммадқа жала жауып, оның көзін құртып, патшаның қызын өзінің ұлына алып бермек болғанда патшаның бұйрығымен уәзірдің тілі кесіледі. Малек Мұхаммад сол маңға жақын жердегі уәзірдің қаласын көрмек болады. Патша уәзірдің қаласын жинастыруға бұйрық береді. Малек Мұхаммад пен сарай маңындағы үлкендердің бір тобы уәзірдің қаласына қарай аттанады.

Енді дәл сол қалада қайыршы және көмекші болып жүрген Малек Мұхаммадтың алты ағасы жайында тыңдаңыздар. Патшаның күйеу баласының уәзірдің қаласына баратынын естігенде оны көру үшін олар да уәзірдің қаласына баруға дайындалады. Қайыршы үш ағайынды «Уәзірдің қаласында 3 қақпа бар. Әрқайсымыз бір-бір қақпаның алдында тұрып, қорқор дайындап, күйеу балаға берейік. Бізге көңілі ауып, бірдеңе берер» деп ойлап, қорқорды дайындап қояды. Малек Мұхаммад бірінші қақпаға жеткен кезде қолына қорқор ұстаған бір жас жігітті көреді. Жас жігіт жақын келгенде Малек Мұхаммад оны танып қояды, бірақ ағасы Малек Мұхаммадты танымай қорқорды қолына ұстатады. Малек Мұхаммад қорқорды бір-екі тартқан соң иесіне қайтарып, жолын жалғастыра береді. Қалған екі ағасы да Малек Мұхаммадты танымайды. Малек Мұхаммад той болатын жерге жеткенде атынан түсіп, алтынмен апталған таққа отырады. Кенеттен монша иесінің өз көмекшісін бетінен тартып жіберіп: «Ей, жетесіз, қазір патшаның күйеу баласы келеді. Сен әлі ештеңе істемей осы жерде тұрсың ба? Бар, моншаның отын қыздыра түс» дегенін көреді. Малек Мұхаммад жақсылап қарағанда монша иесінің шәкіртінің де өз ағасы екенін көреді. Басқа бір жаққа қарағанда бас аспаз да көмекшісін бетінен ұрып жіберіп: «Қазір түс болады. Патшаның күйеу баласы менен ас сұрайды, ал сен болсаң мына жерде босқа тұрсың» дегенін көреді. Малек Мұхаммад бас аспаздың көмекшісінің де өз ағасы екенін көреді. Басын басқа жаққа бұрып еді, бас-сирақ пісіруші де көмекшісінің құлағынан тартып жіберіп: «Ертең таңертең патшаның күйеу баласы менен пісірілген бас-сирақ сұрайды, ал сен мұнда неғып тұрсың?»-дейді. Бұл жолы да Малек Мұхаммад бас-сирақ пісірушінің көмекшісінің де өз ағасы екенін көреді. Шыдап тұра алмай өз әскеріне уәзірдің қаласына шабуыл жасауға бұйрық береді. Бірақ тілден айырылған уәзір Малек Мұхаммадтың аяғына жығылып, ишарамен етіп одан әскердің алдын алуды сұрайды. Малек Мұхаммад: «Моншашы, бас аспаз бен бас-сирақ пісірушіні менің алдыма алып келсең, әскерімді тоқтатамын»,-дейді. Уәзір әлгі үш адамды да алдыртады. Малек Мұхаммадтың бұйрығымен олар бұдан былай өздерінің жазықсыз көмекшілерін ұрмайтындай болып соққыға жығылады. Өз ағаларын таныған Малек Мұхаммад іштей: «Олар ойынға құмар. Құмар ойынды ойнаушылар ағаларымның ақшаларын алған соң олар осындай күйге түсуі мүмкін»,-деп ойлайды. Содан соң барлық құмар ойын ойнайтындарды алып келіп, сабауға бұйырып: «Мына үш адамнан алған барлық ақшаны қайтарыңдар»,-дейді. Қорыққан ойыншылар олардан қанша ақша мен қымбат тас алды, соның барлығын қайтарады. Содан соң Малек Мұхаммад қақпа алдында өзіне қорқор берген үш қайыршыны алып келуге бұйрық береді. Олар келгенде Малек Мұхаммад өзінің әлгі алты ағасымен оңаша қалған кезде: «Жақсылап қараңдар, мен сендердің інілеріңмін»,-дейді. Ағайындылар қарап, Малек Мұхаммадты таниды, бірақ ұялғаннан бастарын төмен салады. Малек Мұхаммад олардың бұдан бетер ұялуын қаламай, күліп: «Болған іс болды, енді менімен бірге патшаның қаласына жүріңдер»,-дейді. Ағаларына шахзадаға лайықты киім беруге бұйрық береді. Олар Малек Мұхаммадтың тобына қосылып, патшаның қаласына барып, сарайға кіреді. Малек Мұхаммад: «Ей, патша, менің ағаларым біздің елімізден келді. Мен солармен бірге жолға шығып, алтын тордағы тотыны алып келуім керек»,-дейді. Патша сапарға шығуға рұқсат береді. Малек Мұхаммад сапарға қамданып, жолға шығады. Жүріп отырып, жүріп отырып бір қалаға жақындайды. Тағдырдың жазуымен сол кезде қаланың патшасы сарайдың төбесінде тұр еді. Ол алыстан жеті салт аттының келе жатқанын көреді. Іштей: «Мына жас жігіттердің сыртқы келбеттері олардың текті адамнан туғанын көрсетеді. Менің жеті қызым бар, соларды мына жігіттерге тұрмысқа беремін»,-деп ойлайды. Патша бір топ адамды Малек Мұхаммад пен оның ағаларын қарсы алып, қалаға кіргізуге жібереді. Қызметшілер оларды сарайға алып келеді. Патша әлгі жеті жігіттің шахзада екенін білгенде қатты қуанып, оларға ас беріп күткеннен кейін: «Ей, шахзадалар, менде жеті қыздың барын біліңдер. Оларды сендерге тұрмысқа бергім келеді»,-дейді. Малек Мұхаммад пен оның ағалары бұл ұсынысты қабылдайды. Патшаның бұйрығымен қала безендіріліп, жеті күн, жеті түн той болады. Жетінші түні патшаның жеті қызы мен жеті жігіттің некесі қиылады.

Тегтер