Сәу 19, 2016 12:15 Asia/Almaty

Айтып өткеніміздей, диюлер әдеттен тыс тіршілік иелері, кез-келген қоғамдағы халықтың мәдениетінің бір бөлігі болып саналады.

Мифологиялық наным-сенімдерде диюлер жер астында жасырын өмір сүреді. Жаман да лас көріністердің барлығы осы диюлерге телінеді. Адамжегіштік, ұрлық пен кереғар әрекет ету диюлердің ерекшеліктерінің қатарын құрайды.

Наным-сенім тұрғысынан диюлер әртүрлі. Олардың кейбіреулері өзін құдай санайды. Тарсусидің «Дарабнама» атты еңбегінен «құдаймын» деп уәж айтатын диюлерді кездестіреміз. Осы еңбекте: «Ескендір сол аймақта әрбір қаладағы уалаятты басып алып, өзін олардың құдайы деп атайтын дию бар екенін естиді»,-деп оқимыз. Манучехр хан Хакимнің «Ескендірнама» кітабы – жауанмәрттік туралы еңбектердің бірі. Онда «Хезардастан» – Ібіліске табынатын сиқыршы дию.

Мифологиялық ертегілердегі диюлердің орны да әртүрлі. Бұрын айтып өткеніміздей, диюлер адамзат баласынан жасырын өмір сүреді. Олардың кейбіреулері тауларда немесе үңгірлерде тұрады. Халық ауыз ертегілерінде диюлер кейде өте алыс жердегі мифологиялық Қап тауында өмір сүреді. Манучехр хан Хакимнің «Ескендірнама» кітабындағы Хезардастан дию Қап тауын мекендеген.

Айта кету керек, тау – аңыздарда қасиетті мекен, құдайлар орналасқан жер. Кейде диюлер үңгірлер немесе аралдарда өмір сүреді. Хафтсар диюдің үйі – тау ішіндегі үңгір. Манучехр хан Хакимнің «Ескендірнама» кітабында Арчанг дию Мазандерандағы бір үңгірде, Зарринтән дию Фейзбахш аралында тіршілік етеді.

Мифологиялық ертегілердегі осы зұлымдық нышанының келесі бір қабілеті – кейпін өзгерте алуы. «Шахнамада» көрсетілгендей, Акван дию Рүстемге ала құлан кейпінде келіп, осылайша батырды алдамақ болады. Осы мифологиялық мәйек кейде халық ауыз ертегілерінде де байқалады. Манучехр хан Хакимнің «Ескендірнама» кітабында Хезардастан өзін Саадан батыр кейпіне енгізеді.

Халықтың наным-сенімдері мен мәдениетінде жақсылық пен жамандық ешқашан жеңіске жетпейді, диюлердің көбісінің өмір шишасы бар. Диюлердің жаны, рухы немесе өмірі бір шишаға сақталынған, диюлер оны қорғайды. Егер шиша сынса, дию түтінге немесе күлге айналады. Көптеген ирандық ертегілердің мәйегі кейіпкердің диюдің өмір шишасын қолға түсіруге талпынуына негізделеді. Кейіпкер шишаны сындырып, диюді өлтіру арқылы тұтқындағы қызды құтқарады. Сондай-ақ, диюлердің өмір сүретін жері мен орындарынан қазына, алтын мен қымбат тастар көптеп табылады. Дию темір мен басқа да қымбат емес металдарды алтын мен қымбат бұйымдарға айналдыра алады. Диюдің өмір шишасын сындырған адам осы қымбат қазынаға ие болады.

Енді Иранның аңыз-әңгімелер әлеміне саяхат жасап, «Иран әпсаналары» атты құнды еңбектен сіздер үшін таңдалынып алынған «Малек Мұхаммад және бір аяқты дию» атты ертегіні тыңдауға шақырамыз.

Айтып өткеніміздей, ерте замандарда бір патша болыпты. Оның 7 ұлы болған екен. 6 ұл бір анадан, ал жетінші ұл басқа шешеден туыпты. Бұл жетінші ұлдың аты Малек Мұхаммад екен. Бір күні патша көрген түсінің негізінде ұлдарына алтын торға қамалған тотықұсты алып келуді тапсырып, кімде-кім бұл істі орындай алса, тақтың мұрагері болатынын айтады. Алты ұл барып, құр қол қайтып оралады. Малек Мұхаммад әкесінен тапсырманы орындауға аттануға рұқсат сұрайды. Содан соң жолға қамданып, бірнеше асыл тас алып, жүйрік атына мініп, жолға шығады. Ағалары артынан жүріп отырып, далада Малек Мұхаммадты соққыға жығып, өлімші халде тастап кетеді. Бірақ Малек Мұхаммад хазірет Әлидің (ғ.) қолдауымен аман қалады. Ол өзіне пана берген кемпірдің үйінде сол қаланың қыздарын әкететін диюдің барын біледі. Сол түні патшаның қызының кезегі болыпты. Малек Мұхаммад диюмен күресу үшін патша қызы отырған мұнараға барады. Дию қызды әкетуге келгенде Малек Мұхаммад қылышымен оның бір аяғын шауып түсіреді. Малек Мұхаммадтың батылдығын көрген дию қорыққаннан бір түйір бұлтқа айналып, аспанға ұшып кетеді.

Қыз бен Малек Мұхаммад бір-біріне таңғала қарайды. Диюдің нашар иісі кеткеннен кейін екеуі де құдайға шүкіршілік айтады. Таң атқанда азаншы мұнараға қарама-қарсы мешіттің төбесіне шығып, азан айтпақ болғанда кенеттен көзі қоқыстың үстінде жатқан бір үлкен затқа түседі. Қорыққаны соншалықты азан шақырғанда жаңылысып қалды. Қызын қайғырып, есіл-дерті мұнараға ауып, ұйықтай алмаған патша азаншының дауысын естіп, оны алып келуге бұйрық береді. Қызметшілер азаншыны алып келеді. Патша оның жағдайын көргенде: «Не болды?»-деп сұрайды. Азаншы: «Әлемнің құбыласы, не болғанын білмеймін. Дию тоймай қалып, мұнараның астында жатқан сияқты. Қалада қалғысы келуі де мүмкін»,-дейді. Патша бір кәрі адамды шақырып алып, оған ақша беріп, мұнарадан хабар алып келуге жібереді. Байқұс шал ақшаны алып, қорқып жолға шығыпты. Ақырын-ақырын жүріп отырып күмбезге жақындаған кезде таң рауандап ата бастаған еді. Ол диюдің мұнараның жанында жатпағанын, оның аяғының жерде жатқанын көреді. Шал өзін ұйықтап тұрған шығармын деп ойлайды. Жақындағанда дұрыс көріп тұрғанын түсінеді. Диюдің не істегенін білуге қызығып, өз-өзіне келіп, қорқа-қорқа баспалдақпен жоғары көтеріліп, мұнараға кіреді. Кіргенде патша қызы мен келбетті жас жігіттің мұнараның ішінде ұйықтап жатқанын көреді. Шал қуанып, жылдам патшаға қайтып келіп: «Ей, патша, дию мұнараның жанында жатқан жоқ. Ол жерде оның кесілген бір аяғы жатыр. Сенің қызың мұнараның ішінде аман-сау ұйқтап жатыр, келбетті жас жігіт те сонда»,-дейді. Патша шалдың сөзін естігенде қуаныштан есі шығып: «Мұны сол жас жігіт істеді. Адам жіберіп әлгі екеуін қалай жатыр сол күйінде менің тағымның жанына әкеліңдер»,-дейді. Ал енді бір уәзір туралы естіңіздер. Оның бір ұлы болыпты. Ол патшаның қызына ғашық болған екен. Уәзір қыздың аман-сау қалғанын естігенде іштей: «Менің ұлым ақырында өз тілегіне жетеді»,-деп ойлайды. Сөйтіп, патшаға қарап: «Ей, патша, оларды ұйықтаған күйінде неменеге алдыртасыз? Таңның атуын тосайық. Ұйқыдан тұрғанда оларды алып келуге жібереміз. Содан әлгі ұлға жала жауып өлтіреміз де, қызды менің ұлыма үйлендіреміз»,-дейді. Патша ашуланып: «Жендет, уәзірдің тілін кес»,-дейді. Дайын тұрған жендет уәзірдің тілін кесіп алады. Содан соң патша: «Барыңдар да, екеуін де алып келіңдер»,-деп бұйырады. Бірнеше адам оларды алып келіп, тақтың жанына жатқызады. Кенеттен Малек Мұхаммад ұйқыдан оянып кетіп, патша тағының жанында жатқанын көреді. Патша: «Ей, жігіт, сен кім болсаң да, менің қызымды құтқарып қалдың, менің халқымды да ана диюден құтқардың»,-дейді. Патша осы сөзді айтқанда қыз да оянып, түнде мұнарада болған барлық оқиғаны әкесіне айтып береді. Патша Малек Мұхаммадтың жауанмәрттігін естігенде: «Ей, жігіт, сен енді менің қызыма үйленуің керек. Оны саған тұрмысқа беремін»,-дейді. Малек Мұхаммад қабылдайды. Патша қаланы безендіруге бұйрық беріп, жеті күн, жеті түн тойлатады. Жетінші түні патша қызын Малек Мұхаммадқа тұрмысқа береді. Түн болғанда Малек Мұхаммад қызға: «Мен сапарға шығуым керек. Жол қауіпті. Егер қайтып оралсам, сен менің әйелім боласың. Егер қайтып оралмасам, басқаға күйеуге шық»,-дейді. Қыз Малек Мұхаммадтың жауанмәрттігіне риза болады. Сол түні ұйықтап, ертеңінде таң атқанда Малек Мұхаммад патша қаласының маңында уәзірдің қаласының барын біліп: «Патша, бүгін уәзірдің қаласын көргім келеді»,-дейді. Патша уәзірдің қаласын тазалатып, жинатады. Малек Мұхаммад пен сарай маңының бір топ қайраткерлері уәзірдің қаласына барады.

Тегтер