Иран ертегілері мен аңыздары
Айтып өткеніміздей, сиқыршы мен сиқыршылық – халық ауыз ертегілерін тудыруда лайықты рөл атқаратын ең көрнекті мифологиялық элементтердің бірі.
Сонымен қатар сиқыршылықты сипаттай келіп, сиқырдың дауыстап айтылған немесе ән түрінде жырланған сөздердің ықпалынан туындайтын күш екендігін, халық ауыз ертегілерінде оның жағымсыз күш ретінде қарастырылатын айттық. Бұл ертегілерде сиқыршылар ертегілердің кейіпкерлері мен мұсылмандарға қарсы қойылған, мұсылмандар онымен күреседі.
Сиқыршылар әдеттен тыс әрекеттер жасай алады. Мысалы, олар ұша алады. «Ескендірнама» кітабында былай деп жазылған: «Ахриман сиқырлы сөз айтқанда, таяқтар жерден көкке көтеріліп, жетінші аспанға жетті». Сонымен қатар, сиқыршылар ауа райын өзгерте алады. Олар сиқырлы айла-шарғылар арқылы табиғаттың элементтеріне әсер етеді. Мысалы, Ходжвири Керманидің «Самнама» атты еңбегінде сиқыршы сиқырлы сөз айтып, жойқын найзағай тудырады. «Ескендірнамада» осы қасиетке ерекше көңіл бөлінген. «Маржан сиқыршы» деп аталатын сиқыршы мұсылмандардың әскерін осылайша қиындыққа ұшыратады: «Маржан сиқыршы орнынан тұрып, леген мен сыпыртқы алып, таудың басына барып, сиқырлауға кірісті. Ол үлкен от жағып, легенді суға толтырады. Сыпыртқыны легенге малып алып, отқа бұлғайды. Оттан бу шығып, бұлтқа айналып, аспанға көтеріледі, содан найзағай ойнап, күн күркірейді... Барлығы ызғарлы суықтан дірдектейді».
Сиқыршылардың тағы бір қасиеті – «қалыпты алмастыру». Яғни тылсым күштерді пайдаланып, сыртқы қалыпты өзгерту. Халық ауыз ертегілерінде бұл қасиет перілермен бірге сиқыршыларға да тән. Олар өздерін әртүрлі қалыптарға енгізе алады. Халық ауыз ертегілерінде сиқыршылар қалыпты алмастыру үшін әртүрлі жануарларды пайдаланады. «Мың бір түн» кітабында бұл құбылыс жайлы ертегілер басқа тақырыптарға қарағанда көбірек. Көңіл аударарлық нәрсе: тіпті жәуәнмәрттік туралы «Ескендірнамада» да әртүрлі қалыптарға енудің жайттары жетерлік. «Атақты әмір Арслан» атты ертегіде де уәзір кейіпкердің алдына айдаһар кейпінде келеді.
Ардақты ағайын, келесі бағдарламада осы тақырыпты одан ары жалғастырамыз. Енді Иранның аңыз-әңгімелер әлеміне саяхат жасап, «Иран әпсаналары» атты құнды еңбектен сіздер үшін таңдалынып алынған «Қара Мұхаммад тазша» атты ертегінің жалғасын тыңдауға шақырамыз.
Айтып өткеніміздей, анасымен бірге өмір сүріп жатқан Қара Мұхаммад есімді тазша болған екен. Бір күні ол әкесінен мирасқа қалған мылтықты алып, аңға шығады. Ол бір жағынан нұр төгіліп, екінші жағынан ән мен күй шығып жатқан бір ғажайып жануарды ұстап алады. Патшаға хабар жетіп, ол Қара Мұхаммад тазшаны сарайына шақыртып, аңды одан алып, сыйақы ретінде оған уәзірлік лауазымды бермек болады. Мансабынан айырылғысы келмеген уәзір «Баба Колаһ» есімді өзінің сиқырлы қалпағынан жолнұсқау сұрағанда қалпақ оған: «Тазшадан патша үшін қырық биенің сүтін алып келуді талап етіңдер»,-дейді. Қара Мұхаммад тазша бұл ауыр істі анасының жолнұсқауымен және өзімен бірге алып барған заттардың көмегімен атқарып, қырық биені патшаның сарайына айдап әкеледі. Тағы да оған уәзірлік лауазымы уәде етіледі. Бұл жолы да уәзір Баба Колаһтан көмек сұрайды. Баба Колаһ оған «Одан айдаһарды өлтіруді талап етіңдер»,-дейді. Уәзір таң сәріде патша сарайына барғанда патша одан: «Уәзір, тағы не болып қалды?»-деп сұрайды. Уәзір: «Тақсыр, кеше түнде түс көрдім»,-дейді. Патша: «Жақсылық болғай әйтеуір, айт»,-дейді. Уәзір: «Түсімде Қара Мұхаммад тазшаның айдаһарды өлтіріп, аман-есен қайтып оралғанын көрдім»,-дейді. Патша күліп: «Не деп тұрсың? Біздің әскеріміздің жартысынан көбі айдаһармен айқаста қаза тапты, ал оның бір тал шашы да түспеді. Осындай жағдайда сен мына тазшаны жападан-жалғыз айдаһармен күресуге жібер дейсің бе?»,-дейді. Уәзір: «Патша аман болсын, өзінің алғашқы аңшылығында бір жағынан нұр төгіліп, екінші жағынан ән мен күй шығып жатқан бір жануарды ұстап алған, содан соң қырық биені айдап келген адам осындай істі те атқара алады»,-дейді. Патша уәзірдің сөзінің қисынсыз еместігін түсініп, бұйрық беріп, Қара Мұхаммад тазшаны алдыртып, оған: «Сені айдаһарды жеңіп, тірідей немесе өлі денесін алып келген кезде ғана өзімнің уәзірім етемін»,-дейді. Тазша іштей: «Бұлар мені өлтірмей тынбайды»,-деп ойлайды. Үйіне қайтып оралып, шешесіне: «Күлшені орамалға орап бер. Жол жүретін болдым»,-дейді. Кемпір: «Олар тағы не ойлап тапты?»,-деп сұрайды. Тазша: «Патша маған айдаһарды тірідей не өлігін әкелуге бұйырды»,-деп жауап береді. Кемпір: «Балам, отпен ойнама. Бұл іс еш жақсылыққа жеткізбейді. Айдаһар патшаның осыншама әскерін жұтты. Бірде-бір адам оның аузынан аман құтылмады. Бұл жануарды өлтіру әркімнің қолынан келмейді. Уәзір сенің көзіңді құртқысы келеді»,-дейді. Қара Мұхаммад тазша: «Анашым, міндетті түрде баруым керек. Басымнан айырылсам да, барамын. Бұл сөздердің орнына, оның жолын айт»,-дейді. Кемпір: «Баруға бел буып, тілімді алмайды екенсің, онда тыңда, жолын айтайын. Айдаһардың ұзындығы алпыс кез. Ол сайдың түбінде жатыр. Жолыңда алдыңнан бір биік тау шығады. Сол таумен жоғары көтерілесің. Таудың ұшар басына жетіп қарағанда барлық заттардың қозғалыста екенін көресің. Құстар, жануарлар, жорғалаушылар, жыртқыш аңдардан бастап, шөптер, бұталар, ағаштар мен тастарға дейін қатты жылдамдықпен сайға қарай тартылады. Балам, сайға аяқ басушы болма, әйтпесе сен де төмен қарай тартылып, айдаһардың аузына түсесің. Сосын қиямет күніне дейін ол жерден шыға алмайсың. Таудың ұшар басын панала да, айдаһар ұйықтап, барлығы тынышталғанға дейін тос. Құстар ұшып, тастың өз орнында тыныш жата алатынын көргенде тез сайға қарай тарт. Сайдың түбіне жеткенде айдаһардың қорылдап ұйықтап жатқанын көресің. Сол кезде оны өлтіре аласың. Бірақ саған тағы да айтамын: айдаһар ояу кезде сайға түссең, мың жаның болса да, аман қалмайсың»,-дейді. Қара Мұхаммад тазша «жарайды» деп, күлше оралған орамалды беліне байлап, аяқ киімін киіп, жолға шығады. Ол желдей жүйткіп биік таудың етегіне жетеді. Тоқтамастан тауға өрлейді. Таудың басына жеткенде шешесі айтқандай барлық заттар – жануарлар мен өсімдіктерден бастап, бұталар мен тастарға дейін сайдың түбіне қарай ағылып жатыр екен. Қара Мұхаммад тазша осыдан-ақ айдаһардың ояу екенін, барлық затты өзіне қарай тартып, жалмап жатқанын түсінеді. Бір бұрыш тауып, тығылып, күтумен болады. Жағдай тынышталған кезде таудан түсіп, сайдың түбіне жеткенде көзі тілмен айтып жеткізгісіз алып айдаһарға түседі. Айдаһар зор денесімен сайдың ұзындығы мен енін толтырып, бір қырына қисайып, қорылдап ұйықтап жатыр екен.