Сәу 19, 2016 12:25 Asia/Almaty

Өткен бағдарламада аңыздардың алғашқы қауым адамдарының діни наным-сенімдері екендігін, сол себепті адамзат мәдениетінің маңызды құрылымдық элементі болып саналатындығын айттық.

 Аңыз деген ежелгі адамның болмысты түсіндіруі, шын мәнінде адамның өзін, содан соң Құдайды тану жолында жасаған талпынысы болып табылады. Аңыздардың діни және мазхабтық қырлары көп. Халық ауыз ертегілері мен аңыздар әртүрлі бағыт-бағдарды ұстанғандықтарына қарамастан, терең үңілу арқылы аңыздардың халық ертегілеріне әсерін көруге болады. Сиқыр және сиқыршылық – халық ауыз ертегілерін тудыруда лайықты рөл атқаратын аңыздың ең айшықты ерекшеліктерінің бірі.

Халық ертегілерін зерттеушілердің сипаттамасында: «Сиқыршылық – дауыстап айтылған немесе ән түрінде жырланған сөздердің ықпалынан туындайтын күш. Адам рухани тіршілік иелеріне әсер еткені сияқты сөздер мен ерекше әрекеттер арқылы табиғатқа әсер ете алады».

Сиқыршылық халық ауыз ертегілерінде көбінесе жағымсыз күш ретінде көрінеді. Сиқыршылардың болуы үнемі кейіпкерлердің қорқынышы мен жиіркенішін тудырып отырады. Жәуәнмәрттік туралы кітаптардың бірі болып саналатын «Ескендірнамада» үнемі жәуәнмәрттігі мен ептілігіне байланысты ақиқаттың жалғанды жеңуіне себеп болатын Мехтар Насим сиқыршылар қатысатын сапарға барудан бас тартады.

Бұл ертегілерде сиқыршылар мұсылмандарға қарсы тұрады. Нақиб әл-Мүлк жазған «Әмір Арслан» атты ұзақ ертегіде шебер сиқыршы болған Қамар уәзір мұсылман Шамс уәзірге қарсы тұрады. «Мың бір түн» кітабында да отқа табынушы сиқыршылардың қаласында мұсылмандарды құрбандыққа шалу үшін қамауда ұстайды. Бұл ой ирандықтардың мәдениетінде Ахриман (қара, теріс күш) мен сиқыршылықты қабылдамаудан қалған.

Енді Иранның аңыз-әңгімелер әлеміне саяхат жасап, «Иран әпсаналары» атты құнды еңбектен сіздер үшін таңдалынып алынған «Қара Мұхаммад тазша» атты ертегінің жалғасын тыңдауға шақырамыз.

Айтып өткеніміздей, анасымен бірге өмір сүріп жатқан Қара Мұхаммад есімді тазша болған екен. Бір күні ол әкесінен мұраға қалған мылтықты алып, аңға шығыпты. Ол бір жағынан нұр төгіліп, екінші жағынан ән мен күй шығып жатқан бір жануарды аулайды. Патша Қара Мұхаммад тазшаны сарайына шақыртып, ауланған аңды одан алып, сыйақы ретінде өз уәзірінен уәзірлік лауазымды тазшаға беруге бұйырады. Мансабынан айырылғысы келмеген уәзір «Баба Колаһ» есімді өзінің сиқырлы қалпағынан жолнұсқау сұрағанда қалпақ оған «Тазшадан патша үшін қырық биенің сүтін алып келуді талап етіңдер» дейді. Уәзір патшаға: «Түс көрдім. Сол түс орындалу үшін Қара Мұхаммад тазшаға қырық биенің сүтін алып келуді тапсырыңыз»,-дейді. Патша күліп: «Уәзір, көрген түсің қайырлы болғай. Қырық биенің сүтін алып келу үшін біздің әскердің жартысынан көбінің жойылғанын, бірақ қолымызға ештеңе түспегенін өзің білесің ғой. Мына тазша жападан жалғыз бұл істі қалай орындайды?»,-дейді. Уәзір: «Тақсыр, бұл іс бірінші аңшылығында бір жағынан нұр төгіліп, екінші жағынан ән мен күй шығып жатқан жануарды аулай алған адамға қиын болмас»,-дейді. Патша уәзірдің қисынсыз сөйлемейтінін көреді. Сөйтіп, бұйрық беріп, тазшаны алдыртады. Қара Мұхаммад тазша: «Патша аман болсын, өзім-ақ алдыңызға келер едім. Сыйлық беруге неге сонша асықтыңыз?»-дейді. Патша: «Сыйлығың сақтаулы. Бірақ оны алмас бұрын маған қырық биенің сүтін алып келуің керек»,-дейді. Қара Мұхаммад тазша ішінен: «Қырық биенің не екенің өзің білесің бе? Мені неменеге оны әкелуге жібересің?»,-деп ойлайды. Ішінен осылай ойлағанымен патшаға онысын білдірмей: «Тап қазір жолға шығамын»,-дейді. Үйіне тез қайтып оралып, анасына қарап: «Анашым, маған бір күлшені орамалға орап бер, жол жүрейін деп жатырмын»,-дейді. Кемпір: «Қайда барайын деп жатырсың?»-деп сұрайды. Ұлы: «Патша қырық биенің сүтін алып келуге бұйырды»,-деп жауап бергенде анасы: «Балам, олар сенің көзіңді құртуды ойластырған екен. Бұған дейін қаншама палуан осы іске жұмсалды. Солардың барлығы бастарынан айырылды. Осыны біле тұра қырық биенің сүтін алып келуге сенің қалайша дәтің барады?»-дейді. Қара Мұхаммад тазша: «Басқа шарам жоқ. Осы жолда басымнан айырылсам да баруға мәжбүрмін»,-дейді. Кемпір: «Баруға мәжбүрмін, уәдеде тұруым керек деп тұр екенсің. Ондай болса, патшаға бар да маған 40 торсық шарап, 40 қап әктас пен 40 қап мақта бер деп айт. Сонан соң үйге қайтып кел. Мен саған жол нұсқаймын»,-дейді. Қара Мұхаммад тазша патшаның алдына барып, анасы айтқан заттарды алып, үйге қайтып оралғанда анасы: «Балам, шарап, әктас пен мақтаны алып, теңізге жеткенше жүр. Теңізге жеткенде мақта мен әктастан бір үлкен хауыз жаса да, шарапты соның ішіне құй. Содан соң сол маңнан бір шұңқыр қаз да, ішіне түсіп жасырын. Біраздан кейін аспанның түнеріп, гүрілдегенін естисің. Теңіз тулап, су қақ айырылып, асқар таудай бие судың ортасынан сыртқа атып шығып, оның артынан таудай 39 құлын теңізден шығып, көгалға барып жайылады. Соңсоң олар шөлдеген кезде су ішуге қайтып оралады. Байқа, сені көріп қоймасын. Әйтпесе, құрисың. Қырық бие шарап құйылған хауызға жақындап, оны иіскейді де жайылымға қайтып оралады. Тағы да шөлдегенде шарап құйылған хауызға келіп, бұл жолы да тек иіскеп, жайылымға қайтып оралады. Ал үшінші рет шөл қысып, шыдай алмаған кезде шарапты қанып ішеді. Сол кезде жылдам атып тұрып, үлкен биенің үстіне қарғып мініп, жұдырығыңмен биенің маңдайынан қатты ұруың керек. Содан кейін көңілің жайланса да болады, өйткені биенің өзі желдей ұшып шаба жөнеледі. Құлындары түгелімен артынан ереді»,-дейді. Қара Мұхаммад тазша оралған нанын беліне байлап, аяқ киімін киіп, жолға шығады. Желдей есіп, таулар мен сайлар және далалардан өтіп, селдей жүйткіп, белдерден түседі. Жүріп отырып, жүріп отырып теңіздің жағасынан бір-ақ шығады. Анасы айтқан барлық істі істеп, қырық биенің келуін тосып отырады. Көп уақыт өтпей, кенеттен аспан қарауытып, бие мен оның құлындары теңізден шығып, жайыла бастапты. Олар шарапты ішкен кезде Қара Мұхаммад тазша мүмкіндікті пайдаланып, биенің үстіне қарғып мініп, екі жұдырығымен аттың маңдайынан ұрады. Шарапқа масайған бие қатты кісінеп, көкке атылып шапқанда 39 құлыны артынан еріпті. Шауып отырып, қалаға жетеді. Қара Мұхаммад тазша қырық биені үйіне апарып, аулада сауып, сүтін патшаға жібереді.

Ал енді өсекші кемпір жайлы тыңдаңыздар: ол Қара Мұхаммад тазшаны қырық биемен көрген кезде патшаға барып: «Ей, патша, неменеге отырсың? Қара Мұхаммад тазша қырық биенің сүтін ғана алып келген жоқ, бие мен оның 39 құлынын да алып келіп, оларды өзінің қара балшықтан салынған тамының ауласына босатып жіберді»,-дейді. Патша Қара Мұхаммад тазшаны алып келуге бұйырады. Ол келгенде: «Қырық биені де алып келгенің рас па?»-деп сұрайды. Қара Мұхаммад тазша: «Уа, патша, осы жолы да дұрыс жеткізген екен»,-деп жауап береді. Патша: «Тез арада оларды маған алып кел. Қырық бие патшаның атқорасында ғана болуға лайық»,-дейді. Тазша үйіне барып, қырық биені алып келіп, патшаның атқорасына кіргізеді. Патша уәзірге: «Уәзір, енді орныңды мына тазшаға беруің керек»,-дейді. Уәзір: «Тақсыр, бүгін емес, ертең келіп алсын»,-дейді. Уәзір кеш болғанын тосып, содан соң Баба Колаһты алып, алдына қойып: «Ей, Баба Колаһ! Өзің білесің ғой, мен уәзірліктен бас тартып, орнымды адамзат баласына ешбір жері ұқсамайтын, ештеңе білмейтін мына тазшаға жайдан-жай бере алмаймын. Қайдан шыққаны белгісіз, ол менің орнымды алғысы келеді. Мансабымнан айрылмауым үшін не істейін, айтшы»,-дейді. Уәзірдің ұнжырғасының түскенін көрген Баба Колаһ: «Ей, уәзір, алаңдама. Бұл істің шешімі су ішкеннен де жеңіл. Ертең бар да, патшаға айт: тек осы тазша ғана жарық күнді түнертіп, әскердің жартысынан көбін жұтқан айдаһарды жеңе алады. Ей, патша! Мына тазшадан басқа ешбір батырдың айдаһарға қарсы тұра алмайтынын өзің білесің. Соны айдаһарға жібер деп айт. Ей, уәзір, ешбір адам айдаһардан аман қайта алмайды»,-дейді. Уәзір қуанып, көңілі орнығып, ертеңінде ертелетіп патшаның сарайына барды.