Сәу 19, 2016 12:27 Asia/Almaty

Бұрын айтып өткеніміздей, әрбір елдің халық ауыз ертегілері – оның ұлттық мәдениеті мен ой өрісінің көрінісі.

Олар халықтың армандары мен қиялдарынан туындайды. Шын мәнінде бұл ертегілер адамдардың алғашқы сенімдері мен салт-дәстүрлерінен бастау алады. Аңыздар әрбір елдің көне мәдениетінің бір бөлігі саналатындықтан олар халық ауыз ертегілерінің жасампаз элементтерінің бірі болып табылады. Аңыздар бен ертегілердің әрқайсының бір бастаудан нәр алатынын айтқан жөн. Бірақ олардың бағыт-бағдары әртүрлі. Иранның халық ауыз ертегілері ең көне түрінен ең жаңа заманғысына дейін: жын-перілер туралы ертегілерден бастап, романдар мен жәуәнмәрттік туралы әңгімелерге дейін аңыздарда берілген наным-сенімдерге толы.

Орыстың этнограф ғалымы Владимир Пропп «Тайпалық наным-сенімдер мен әдет-ғұрыптарды қуаттау – фольклордың рөлдерінің бірі. Бұл маңызды істі көбінесе аңыздар атқарады» деп жазды.

Аңыздар алғашқы қауым адамдарының діни наным-сенімдерінен туындаған. Сол себепті олар адамзат мәдениетінің маңызды құрылымдық элементі болып табылады. Бірнеше бағдарлама барысында халық ауыз ертегілеріндегі аңыздардың элементтері мен сенімдері жайлы сөз қозғауды көздеп отырмыз. Аңыз бір жағынан ежелгі адамның болмысты түсіндіруі, екінші жағынан адамның өзін, содан соң Құдайды тануға талпынысы деп айтуға болады. Сондықтан аңызды қасиетті бастау дәуірінде орын алған қасиетті рауаяттар деп атаған.

Аңыздардың діни және мазхабтық қырлары көп. Өйткені олар адамның Құдайды іздеуінің нәтижесінде қалыптасқан сенімдері. Осыдан аңыздың діни сипаты туындаған. Аңыздар мен халық ауыз ертегілерінің айқын да айшықты айырмашылығы осы мәселеде жасырынған деп айтуға болады. Ертегілер көбінесе ақлақтық және әлеуметтік сипатқа ие. Оларда аңыздарға қарағанда діни мәселелерге азырақ көңіл бөлінеді. Халық ауыз ертегілері мен аңыздардың әртүрлі бағыт-бағдарды ұстанғандықтарына қарамастан терең ойлау арқылы аңыздардың халық ауыз ертегілеріне тигізген әсерін көруге болады. Өйткені мұндай ертегілер халықтың наным-сенімдері негізінде қалыптасқан. Ал аңыздар біртіндеп мәдениетте арнайы орынға ие болған халықтың алғашқы наным-сенімдері болып табылады. Сиқырлау, дуалау, дию, жануарлар, өсімдіктер мен төрт элемент (су, ауа, жер мен от) – аңыздың ең көрнекті тақырыптары. Бұл тақырыптар халық ауыз ертегілерінің құрылымында да айрықша рөл атқарады.

Енді Иранның аңыз-әңгімелер әлеміне саяхат жасап, «Иран әпсаналары» атты құнды еңбектен сіздер үшін таңдалынып алынған «Қара Мұхаммад тазша» (Мам сиах кәчәл) атты ертегіні тыңдауға шақырамыз.

Ерте, ерте, ертеде... мейірімді Құдайдан басқа ешкім болмаған кезде Қара Мұхаммад есімді тазша бала болыпты. Оның өмірдегі бар қадірлісі тек қарт анасы болған екен. Бір күні Қара Мұхаммад тазша анасынан: «Анашым, марқұм әкем дүниенің байлығынан маған мұраға ештеңе қалдырған жоқ па?»-деп сұрайды. Кәрі кемпір: «Ия, мына қабырғада ілінген мылтық әкеңнен қалды»,-дейді. Қара Мұхаммад тазша мылтықты алып, иығына асып, түн жамылып, аң аулауға шығады. Үйден аса ұзамай жатып, кенеттен бір жағынан нұр төігіліп, екінші жағынан ән мен күй шығып жатқан бір жануарға көзі түседі. Қара Мұхаммад тазша жануарды нысанаға алып, шүріппені басып қалады. Алға жүргенде оғының аңды жаралағанын көреді. «Әзірге осы аң да бізге жеткілікті. Үйге апарып нұрын пайдаланып, ән мен күйін тыңдап дүниеден ләззат алайын»,-деп ойлапты. Осыны айтып, жануарды атқа өңгеріп, үйге қарай жүреді. Үйге жетіп, есік қаққанда анасы есіктің алдына келіп: «Түн жамылып жүрген бұл кім?»-деп сұрайды. Қара Мұхаммад тазша: «Менмін»,-деп жауап бергенде кемпір: «Неге тез қайтып келдің? Нан тауып әкелмей, мен сені үйге кіргізбеймін»,-деп айқайлайды. Қара Мұхаммад тазша: «Құр қол келген жоқпын. Аң аулап әкелдім. Дүние дүние болып жаратылғалы ешбір патша мұндай аң аулай алған жоқ. Есікті аш, енді түтіндеп жанатын шырақтан құтылдық»,-дейді. Кемпір есікті ашып, ұлының бір жағынан нұр төгіліп, екінші жағынан ән мен күй ойнаған жануарды алып келгенін көреді. Қара Мұхаммад тазша жануарды сүйретіп әкеліп, бөлменің төріне тастап, өзі қабырғаға сүйеніп отырады. Екі аяғын айқастырып қойып, өзін әлемнің қам-қайғысынан айырылғандай сезінеді. Кенеттен есік қағылады. Бір кемпір Қара Мұхаммад тазша мен оның аулаған аңын көріп, патшаға жеткізген екен: «Патша, неменеге отырсың? Қара Мұхаммад тазша өзінің алғашқы аңшылығында бір жағынан нұр төгіліп, екінші жағынан ән мен күй шығатын аң аулап әкелді. Патшаға лайық осындай аңның тазшаның қолына түскені өкінішті емес пе?»-дейді. Патшаның жендеттері Қара Мұхаммад тазшаны патшаның алдына ертіп келгенде патша одан: «Бірінші аңшылығыңда патшаларға лайық аң аулап алғаның рас па?»-деп сұрайды. Қара Мұхаммад тазша: «Әлемнің құбыласы аман болсын. Сізге дұрыс жеткізген екен»,-деп жауап береді. Патша: «Тез бар да, оны алып келіп, маған сыйла. Мұндай теңдессіз аң сенің қара балшықтан жасалған лашығыңа лайық емес»,-дейді. Қара Мұхаммад тазша патшаның алдында тағзым етіп: «Патша дұрыс айтады. Тура қазір барамын да, жануарды алып келемін»,-дейді. Сарайдан шығып, жылдамдатып үйіне жетіп, жануарды патшаға алып келеді. Патша Қара Мұхаммад тазшаға қандай сый берерін білмей басы қатады. Ақыры көзі уәзірге түсіп: «Ия, таптым»,-дейді. Уәзір: «Әлемнің құбыласы аман болсын. Не тауып алғаныңызды айтыңыз, қайта жоғалып кетпеу үшін мен оны сақтайын»,-дейді. Патша: «Уәзір, тез ғана өзіңнің уәзірлік мансабыңды Қара Мұхаммад тазшаға бер. Менде оған беретін басқа сый жоқ»,-дейді. Уәзір: «Әлемнің құбыласы аман болсын. Бүгін кешке емес, ертең келіп менен қабылдасын»,-дейді.

Енді мынаны тыңдаңыздар: әлгі уәзірде «Баба Колаһ» деп аталатын сиқырлы қалпақ болыпты. Қиын жағдайға тап болғанда уәзір осы «Баба Колаһ»-пен ақылдасып, одан істің түйінін шешуді сұрайды екен. Уәзір тез сарайдан шығып, сол кеште қалпақты алдына қойып: «Ей, Баба Колаһ, айналайын. Қандай қиындыққа тап болғанымды өзің көріп отырсың ғой. Қара Мұхаммад тазшаның кенеттен қайдан пайда бола қалғанын білмеймін. Енді менің орнымды алайын деп отыр. Өзің айтшы, мен уәзірліктен бас тартып, орнымды адамзат баласына ешбір жері ұқсамайтын, ештеңе білмейтін мына тазшаға қалай беремін»,-дейді. Баба Колаһқа тіл бітіп: «Ей, уәзір! Алаңдама, бұл істің шешімі су ішкеннен де жеңілірек. Ертең патшаға бар да, егер мына Қара Мұхаммад тазшаны жақсылап танығыңыз келсе, қырық биенің сүтін алып келуге жіберіңіз деп айт. Қырық биені іздей шыққан жанның ешқайсысының қайтып оралмайтынын өзің білесің»,-дейді. Уәзірдің көңілі орнығып, рахаттана тыныс алады. Ертеңінде уәзір күн шықпай тұрып патшаның алдына барғанда патша: «Уәзір таң атпай не істеп жүрсің?»,-деп сұрайды. Уәзір: «Әлемнің құбыласы, кеше түнде түс көрдім. Соны сізге айтуға келдім»,-дейді. Патша: «Ол қандай түс?»- деп сұрағанда уәзір: «Тақсыр, Қара Мұхаммад тазшаның сізге қырық биенің сүтін алып келгенін көрдім. Осы түсім орындалу үшін тазшаны сапарға аттандырыңыз»,-дейді.