Сәу 19, 2016 12:28 Asia/Almaty

Өткен бағдарламаларда айтқанымыздай, перілер туралы ертегілердің негізгі кейіпкерлерінің бірі – перілер.

Олардың бірнеше ерекшеліктері, соның ішінде өз кейпін өзгерте алу қабілеті, өзіндік мінез-құлқы, сиқырлау қабілеті, диюлермен қатынасы, ертегі кейіпкерінің перілерді қолға түсіру тәсілдері жайында айтып өттік.

Мұсылмандардың қасиетті кітабы Құран Кәрімдегі «Нәмл» сүресінің 17-аяты мен «Саба» сүресінің 12-аятында Сүлейменнің кейбіреулер перілер деп аударған жындарды өз қарамағында ұстағаны жазылған. Бұл тақырып парсы әдебиетінде кең таралып, кейбір ақындар мен жазушылардың шығармаларының мәйегіне айналды. Бұл мазмұнды парсы ауыз әдебиетінен де көруге болады. «Сүлейменнің мөрі» мен перілердің хазірет Сүлейменнің бағына қатынап тұруы осы сөзіміздің дәлелі бола алады.

Перілер туралы ертегілердің бірінде былай дейді: «Кілем ұшып келіп, хазірет Сүлейменнің қызының бағына қонды. Шахзада бақты айнала диюлердің күзетіп тұрғанын көреді. Бақтың ортасындағы үш сәкіде хор қыздары мен перілер отыр екен...».

Перілердің тағы бір ерекшелігі – олардың ажалсыз болуы. Перілер өлмейді, тек қалыптарын өзгертеді. Олар ұдайы бір қалыптан екінші қалыпқа еніп отырады. Мәселен, олар көбінесе өсімдікке, кейде жануарға немесе кейде маржан түйіріне айналып, ақырында өзінің алғашқы қалпына қайтып оралады.

Ертегілердің бірқатарында перілерді қолға түсіріп, бағындыру тек арнайы тәсілдер арқылы жүзеге асырылады. Егер басқа тәсілдер қолданылса, перілерге жету былай тұрсын, олар өздерін іздеген кейіпкерге зиян тигізуі немесе оны өлтіруі мүмкін. Әдетте перілерге жетудің жолы мынадай: періні қолға түсіруді қалайтын адам оның шашынан мықтап ұстайды немесе оның шашын төрт шегеге мықтап байлайды. Сосын пері ант етпейінше оны босатпайды. Бұл ерекшелік перілер туралы ертегілердің көбінде бар. Мысалы, «Челгезму қыз» (Қырық тарам шашты қыз) атты ертегіде осындай тәсіл баяндалған.

 «Дию: «Неменеге келдің?»,-деп сұрайды. «Челгезму қыздың орнын көрсетші деп сұрай келдім»,-дейді. Дию: «Жарайды, өз өміріңе тойған екенсің, айтайын. Бір қойдың құйрығы мен 7 болат шеге аласың да пәлен жолмен жүріп отырып, Челгезму қыздың сарайына жетесің. Алдымен алдыңнан мысық шығады. Құйрықты мысықтың алдына таста. 40 баспалдақ пен үлкен айнаға жетесің. Айнаға қараушы болма. Айнаға теріс қарап, баспалдақпен жоғары көтерілесің. Әрбір баспалдақта бір пері ұйықтап жатыр. Үніңді шығармай баспалдақпен көтерілесің. 7 болат шегені жерге қағасың да, пері қыздың шашын шегеге байлайсың. Ол өз денесінің оң жағымен ант етпейінше, босатпайсың»,-дейді».

Перілер туралы ертегілердің көбінде кемпірлер немесе диюлер кейіпкерге пері қыздың мекені мен оны ұстаудың жолдарын айтып береді. Егер естеріңізде болса, «Ақ кептер» ертегісінде кейіпкер пері қызды өзі де перизат ақ құстың көмегімен жоғарыда баяндалған тәсіл арқылы қолға түсіреді.

Ирандағы перілер туралы ертегілердің ерекшеліктерінің бірі – перілердің 40 санымен байланысы. Бұл санның Ислам дінінде де өзіндік ерекшелігі бар. Әлемнің әртүрлі жерлерінің ертегілерінен ерекше назарға алынып, бірнеше рет қайталанған сандарды байқаймыз. Иранның ертегілері де бұл ережеден тыс емес. Иран ертегілеріндегі ең маңызды сандар – 3, 7 және 40. Осы сандардың арасынан 40 саны көп жағдайда перілерге қатысты қолданылған.

«Шахпариан қызының қырық бөлмесі бар. Оларды қырық дию күзетеді. 40 бөлменің кілті сарай дуалының үстінде жүретін мысықтың қолында. Егер мысықты садақтың оғымен атып, сарай дуалының сыртына құлата алсаң, кілттерді қолға түсіресің. Қырық бөлме мен қырық диюден өткен соң, Шахпариан қызының ұйықтап жатуын тіле»,-дейді Самұрық».

40 санының маңыздылығы соншалықты, кейбір перілердің аттарында да келтірілген. Мысалы, Чехелгис немесе Челгезму қыз.

Енді Иранның аңыз-әңгімелері әлеміне сапар шегіп, "Иран әпсаналары" атты құнды кітаптан сіздер үшін таңдап алынған "Ақ құс" атты ертегінің жалғасын тыңдаймыз.

Айтып өткеніміздей, Құдай ұзақ жылдар бойы ұрпақ сүймеген патшаға бала берген екен. Сол заманда патшаның уәзірі оның әйелін өлтіреді. Бірақ оның Ширзад есімді ұлы аман қалады. Кейін бұл бала ағасының көмегімен құтқарылып, патшалықты қайтарып алады. Ширзадтың ағасы өз ұлдарының қызғанышын басып, Ширзадтың батылдығын дәлелдеу үшін үшеуіне өзі осы күнге дейін көрмеген затты әкелу арқылы ержүректіктерін дәлелдеуді тапсырады. Өзінің екі ұлының талпынысы сәтсіз аяқталады. Ал Ширзад майсыз жанатын шырақ тауып алады. Сол шырақтың екіншісі Ширзадтың керуен сарайда танысқан адамының қолында болады. Ол Ширзадқа диюлердің қамалынан бір жұп кептер әкелсе ғана өзінің шырағын беретінін айтады. Ширзад ақ құстың жол сілтеуімен кептерлерге жетеді, бірақ көрсеқызарлық танытып, екі жұп кептер алғандықтан диюлердің қолына түсіп қалады. Диюлер Ширзадтың тағдырын естігеннен кейін басқа бір диюлердің қамалынан бір себет жүзім әкелсе, бір жұп кептер беруге келіседі. Онда да Ширзад ақ құстың ескерткеніне қарамастан, қомағайлық танытып, тұзаққа түсіп қалады. Мұнда да диюлер Ширзадқа ақ диюдің қызын алып келсе, бір себет жүзім беретінін айтады. Ширзад ақ құстың жолнұсқауымен ақ диюдің қамалына барып, ат қораға кіріп, асау атқа мініп, ақ диюдің қызына барады.

Үлкен қиындықпен қызды атқа өңгеріп, өзімен бірге алып кетеді. Жолда дауыл мен басқа да қиындықтардан өтіп, ақырында диюлердің қамалына жетеді. Ақ құс өзін қыздың қалпына енгізіп, Ширзад оны қыздың орнына диюлерге беріп, бір себет жүзім алады. Келесі қамалда да ақ құс бір себет жүзімге айналып, Ширзад оны диюлерге беріп, бір жұп кептер алады. Керуен сарайда ақ құс кептер бейнесіне еніп, Ширзад оны әлгі ер адамға беріп, олардың орнына шырақ алады. Ширзад осы істерден кейін өз ағасының қаласына қайтып оралып, қол жеткізген заттардың барлығын ағасына береді.

Патшаның бұйрығымен қыз бен Ширзад үйленіп, қырық күн, қырық түн той жасайды. Бір күні түнде Ширзад бөлмесіне барғанда ақ құс та оған ілесіп бөлмеге кіреді. Ширзад бұған ашуланып қалады. Патша құсты шақыртып, одан осы ісінің себебін сұрағанда: «Ширзадтан мен оған жамандық жасадым ба деп сұраңыз»-дейді.

Ширзад қабағын түйіп: «Бұл құс дауылдан қашып, пана іздеуіме жол бермеді. Сонымен қатар, алтын әбзелді атты ұстап алуыма кедергі келтірді. Кеше біздің жеке өмірімізге араласты»,-дейді. Ақ құс күрсініп: «Ана дауылда аттан түсірмей, пана таптырмаған себебім – ол дауыл мына қыздың әкесі еді. Сен аттың үстінде болғандықтан ол саған ештеңе істей алмады. Бірақ ол сені жерге алып ұрып, өлтіргісі келді»,-дейді. Ақ құс қызға қарап: «Қызым, солай емес пе?»,-деп сұрайды. «Ия, дұрыс айтасыз»,-дейді қыз. Ақ құс сөзін жалғастырып: «Егер әлгі алтын әбзелді атты ұстатпасам, оның себебі мынада: әлгі ат – мына қыздың ағасы. Егер сенің қолың атқа жетсе, сені жерге алып ұрып өлтірер еді»,-дейді. Ақ құс тағы да қызға қарап: «Қызым, солай емес пе?»-деп сұрайды. «Ия, дұрыс айтасыз»,-дейді қыз. Ақ құс сөзін жалғастырып: «Кеше сендердің бөлмелеріңде қалған себебім: қыздың інісі қара жылан кейпіне еніп, сені өлтіру үшін сенің бөлмеңде жасырынған еді. Сен кешке ұйқыға кеткенде әлгі жыланды өлтірдім. Міне өлексесі»,-дейді. Осыны айтып, жыланның өлексесін жерге лақтырып, қыздан: «Қызым, солай емес пе?»,-деп сұрайды. «Ия, дұрыс айтасыз»,-дейді қыз. Ақ құс күрсініп: «Менің тағдырымда бір адамға көмектесу керек екендігім жазылған. Егер ол шынымен ержүрек адам болса, оның әйелі боламын, әйтпесе өлемін. Енді, міне, менің өмірім аяқталды, қазір өлемін»,-дейді. Ақ құс осыны айтыпты да, бірден жан тапсырып, тасқа айналыпты. Сол жерде болғандардың барлығы оны жоқтап, жылаған екен.      

Тегтер