Сәу 19, 2016 12:29 Asia/Almaty

Өткен бағдарламаларда перілердің ерекшеліктері туралы сөз қозғадық.

Ертегілердің көбінде перілер өте әдемі бақта өмір сүреді. Бақ кейде жер астында, кейде су астында орналасады. Перілердің бағының таңғажайып сиқырлы қасиеттері бар. Мысалы, бір ертегіде перінің өмір сүретін жері адамның таңданысын тудыратын бақ болғаны, жегің келген жемістің ағашының өзінің басын иетіндігі айтылған.

Ертегілерде кейде перілердің бағы құдықта орналасады. Перілердің өмір сүретін жерінің тағы бір ерекшелігі – олардың алыста орналасып, қолжетімсіз болуы. Перілердің бағы немесе қаласы әдетте ешкім көрмеген өте алыс жерде орналасады. Оған жету үшін жылдар бойы жол жүру қажет. Кейбір ертегілерде перілердің қаласына жетудің қиындығын баяндауда оны «Қап тауы» немесе тіпті жұмақ деп атайды. Кейбір ертегілерде теңіз перілері немесе белден төмен жағы балыққа ұқсас теңізде өмір сүретін перілер туралы айтылады. Мәселен, бір ертегіде: «Хатам теңіз жағасына келіп, киімін шешіп жумақ болғанда судан бір қол шығып, Хатамның мойнынан ұстап алады. Басқа бір қол киімдерін жинап, Хатамды теңіздің түбіне тартып әкетеді. Теңіздің түбіне жеткенде Хатамды бір баққа апарғанда ол жерде денесінің жартысы балық, жартысы адам бір әдемі пері отыр екен» дейді.

Кейбір перілер жемістің ішінде өмір сүріп, сол жемістің атымен аталады. Мысалы, «Торандж бен Норандж» қызы немесе «Анар пері».

....«патша бақтағы ағаштардың арасында серуендеп жүрген кезде анар ағашына көзі түседі. Бір кезде ағаштан бір анар жерге құлап, бір қозғалып барып, күндей сұлу қызға айналыпты. Патша одан: «Сен кімсің?» деп сұрағанда қыз: «Анар пері» деп жауап береді». «Торандж бен Норандж» қызы немесе «Анар перімен» қоса, кейде перілер қияр, алма мен қарбыз сияқты жемістер мен көкөністерден де шығады.

Перілердің тағы бір ерекшелігі – олардың диюлермен қатынасы. Перілердің диюлермен қатынасы ертегілерде екі түрге бөлінеді. Кейде диюлер перілердің дұшпаны болып, оларды тұтқынға алады немесе сиқырлап тастайды. Тіпті кейде оларды білектің күшімен өзіне үйлендіргісі келеді немесе диюлер перілердің қол астында болып, оларға қызмет етеді.

Енді Иранның аңыз-әңгімелері әлеміне сапар шегіп, "Иран әпсаналары" атты құнды кітаптан сіздер үшін таңдап алынған "Ақ құс" атты ертегінің жалғасын тыңдаймыз.

Айтып өткеніміздей, Құдай ұзақ жылдар бойы ұрпақ сүймеген патшаға бала берген екен. Жауыз уәзір патшаны өлтіріп, тақты иеленіп алып, патшаның әйелі мен баласын өлтіруге бұйрық береді. Бала аман қалып, бір арыстанның үңгірінде өсіп, ер жетеді. Бір күні жауыз патшамен күресуді мақсат тұтқан өлген патшаның ағасы бір топ адаммен тауға барып, баланы тауып алып, атын Ширзад қояды. Ақырында Ширзад пен ағасы жауыз патшаны жеңіп, қаланы азат етеді. Ширзад патшалықты ағасына береді. Алайда ағасының екі ұлы Ширзадты қызғанғандықтан, патша ержүрек адамды анықтау үшін әлгі үшеуіне өзі осы күнге дейін көрмеген затты алып келуді тапсырады. Бірінші ұл сапарға аттанып, қызыл жақұт алып келгенде әкесінің жақұтқа толы бір бөлмесінің барын ұғады. Екінші ұл алтын жеміс әкелгенде ол да әкесінің алтын жеміске толы бір бөлмесінің барын түсінеді. Кезек Ширзадқа келгенде ол патшаның атына мініп жолға шығады. Алдымен майсыз жанатын бір шам тауып алады. Шамның үстінде тағы бір осындай шамның бар екендігі жазылған екен. Ширзад екінші шамды тауып алу үшін сапарын жалғастырып, ақыры оны тауып алады. Шамның иесі Ширзадқа өз шамын диюлердің қамалынан бір жұп кептер алып келсе ғана беретінін айтып шарт қояды. Ширзад ақ құстың жол көрсетуімен кептерлерге жетеді. Бірақ ақ құстың ескертіп айтқанына қарамастан, ашкөздік танытып, екі жұп кептерді өзімен бірге алып кетпек болғанда диюлердің қолына түсіп қалады. Диюлер Ширзадтың тағдырын естігеннен кейін оған сол маңдағы басқа бір диюлердің қамалынан бір себет жүзім әкелсе, бір жұп кептерді беретіндіктерін айтады. Мұнда да Ширзад ақ құстың ескертпелеріне қарамастан, қомағайлық танытып, диюлердің қолына түсіп қалады. Олар Ширзадқа ақ диюдің қызын әкеп берсе бір себет жүзім беруге уәде береді. Ширзад ақ құстың жол нұсқауымен ақ диюдің қамалына жетіп, атқораға барады. Атқа қарғып мініп, оны байлаған арқандарды үзіп, ақ диюдің қызына қарай бұрып, шауып отырып діттеген жеріне жетеді.

Қараса, қыз өте сұлу екен. Еңкейіп, белінен алып көтермек болғанда көтере алмайды. Ақ құс айтқандай, тізеге дейін тас болады. Тағы да қызды белінен қапсыра құшақтап көтермек болады. Қыз сәл ғана орнынан қозғалғанымен көтерілмепті. Ширзад белге дейін тасқа айналады. Аттың басын қатты тартып: «Ант етемін, егер осы жолы қызды көтере алмасам, аттың белін үземін»,-дейді. Тағы да қызды белінен қапсыра ұстап, қатты күш салып көтеріп, аттың алдына өңгеріп, жүріп кетеді. Сол кезде тасқай айналған денесі қайтадан өз қалпына келеді. Жүйткіп келе жатқанда арттан «Ей, ұстаңдар. Қашып кетпесін» деген дауыстарды естиді. Бірақ Ширзад басын бұрып қарамастан, алға қарай жүре береді. Біраз өткен соң дауыстар басылады. Ширзад атқа қамшы салып, жүйткіп келе жатқанда ақ құс пайда болып: «Ширзад, тыңда мені. Мына қыздың оянуына 1 сағат уақыт қалды. Оянған кезде қатты шыңғыратыны соншалықты, тау мен дала сілкініп, құлақты жарады. Сондықтан аттан түсіп, қызды ағашқа байлап, шұңқыр қазып, өзің сонда жасырын. Есіңде болсын, ол анасының сүтімен ант еткенге дейін шұңқырдан шықпа»,-дейді. Ширзад аттан түсіп, қызды ағашқа байлап, ақ құс айтқандай, шұңқыр қазып, сонда жасырынады. Бір сағат өткеннен кейін қыз оянып, шыңғырғанда Ширзад шұңқырда жатып дірілдеп кетеді. Ширзад: «Қандай сұлу қыз! Шіркін, менің әйелім болғанда ғой. Бірақ, 7 сағат ұйықтағаннан кейін осылай шыңғыратын болса, қалада құлағы сау адам қалмайды»,-деп ойлайды. Қыз айналасына көз тастайды, бірақ ешкімді көрмейді. Жалынып-жалбарынуға кірісіп: «Ей, сен кімсің? Ана жерден шық та, мені босат. Мен енді сенікімін. Немен болса да, ант етемін»,-дейді қыз. Бірақ қыз ана сүтімен ант еткенге дейін Ширзад шұңқырдан шықпайды. Қыз ант еткен соң Ширзад шұңқырдан шығып, оны ағаштан босатып, атқа отырғызып жолға шығады. Жолда ауа райы өзгеріп, қатты жел соға бастайды. Желдің қаттылығы соншалықты, Ширзад аттан түсіп, пана іздемесе, желдің оларды ұшырып әкететінін сезеді. Айналаға қарағанда бір жерден қамалдың сұлбасы көрінеді. Аттың басын қамалға қарай бұрып, аттан түсе бергенде ақ құс пайда болады. Осы жолы ол жылдам шабуыл жасап, Ширзадты аттан түсірмеу үшін тұмсығымен шоқиды. Ақырында ат үркіп қашып, ақ құс артынан қуалайды. Ширзад дауылдың тұрғанына қарамастан аттан түспей жүріп отырады. Бір кезде дауыл басылып, ақ құс көкке өрлеп ұшып кетеді. Ширзад пен қыздың да көңілдері жайланып, тыным табады. Қараса, бір егіс алқабына жеткен екен. Онда ер-тұрманы алтыннан жасалған өте әдемі бір ат жайылып жүреді. Ат жұмыртқаның қабығындай аппақ екен. Қыз: «Ширзад, шамам келсе, мына атты ұстап алып мінер едім. Сол кезде саған да, маған да жеңіл болар еді»,-дейді. Қыздың сөзі аяқталмай жатып, ат кісінеп, оларға қарай жақындайды. Ширзад аттың тізгінін ұстай бергенде ақ құс аспаннан жасындай атылып, Ширзадтың қолын шоқып, атты қуып жібереді. Ширзад ақ құстың бұл ісіне ренжиді. Бірақ ләм-мим деп тіл қатпайды. Жүріп отырып, жүріп отырып, бірінші диюлердің қамалына жетеді. Ақ құс келіп: «Ширзад, сабыр ет. Мына қыз екеуіңнің көңілдерің жарасқан екен. Мұндай жағдайда қызды диюлерге бергенің жігіттікке жатпас»,-дейді. Ақ құс сиқырлы сөз айтып, өзі әлгі қызға ұқсас қалыпқа еніп, Ширзадқа: «Қызды осында қалдырып, оның орнына мені апар да, диюлерге бер»,-дейді. Ширзад өз қызын қамалдың сыртында қалдырып, қызға айналған ақ құсты диюлерге беріп, олардан бір себет жүзім алады. Қамалдан қайтып келіп, қызды атқа мінгізіп жолға шығады. Жүріп отырып екінші диюлердің қамалына жетеді. Тағы да ақ құс бұлардың алдынан шығып: «Ширзад, тұра тұр. Жүзімнің орнына мені бер»,-дейді. Ширзад ақ құстың ісіне таң-тамаша қалады. Қысқасы, осы жолы да бір себет жүзімнің орнына диюлерге бір себет жүзімге айналған ақ құсты беріп, бір жұп кептер алады. Тағы да жолға шығып, керуен сарайға жетеді. Ол жерде шамның иесі бар еді. Мұнда да кептерлердің орнына ақ құсты беріп, шамды алып ағасының сарайына қарай тартады. Жүріп отырып өз қаласына жетеді. Патша оның келгенінен хабардар болғандқтан қарсы алуға шығады. Ол Ширзад әкелген затқа қарап, оның маңдайынан сүйіп: «Ұлым, сен ержүрек адамсың»,-дейді.