Иран ертегілері мен аңыздары
Өткен бағдарламаларда айтып өткеніміздей, перілер туралы ертегілердің атынан мәлім болғандай бұл ертегілердің негізгі кейіпкерлерінің бірі – перілер.
Перілердің бірнеше ерекшеліктері, соның ішінде адамға ұқсас болуы, өз кейпін өзгерте алу қабілеті, олардың жынысы мен үйленетіндіктері туралы айтып өттік.
Перілер туралы айтуға тұрарлық ерекшеліктердің бірі – олардың мінез-құлқы. Перілердің көбінің мінез-құлқы жақсы. Олар мейірбан болып келетіндіктен қиын жағдайларда адамдарға көмек көрсетеді. «Бибі Негар» ертегісінде хор қызы мен пері Бибі Негарға көмекке келіп, оны құтқарады.
Кейбір ертегілерде перілер сәбилерге ізгі қасиеттер сыйлайды. «Гүлхандан» ертегісінде осындай оқиға орын алады. Осы ертегінің бір бөлігінде мынадай оқиға баяндалады: «Байқұс әйелдің толғағы күшейе түскенде кептер кейпіндегі үш апалы-сіңлі пері қираған қамалдың қабырғасына қонып, үш рет айналып, үшеуі де әйел кейпіне енеді. Олардың бірі жүкті әйелге босануға көмектесіп, екіншісі оның қолтығынан демеп, үшіншісі азық-түлік пен киім әкелуге кетеді. Сол кезде өте әдемі қыз бала дүниеге келеді. Кептерлердің бірі: «Апайларым, келіңдер, мына сәбиге ат қойып, әрқайсымыз оған естелікке бірдеңе берейік»,-дейді. Сол кезде перілердің әрқайсысы сәбиге сиқырлы сыйлық беріп, атын «Гүлхандан» деп қояды».
Бірақ тура осы перілердің қатігез әрі рақымсыз болатынын да назарда ұстауымыз керек. Олардың қимыл-әрекеттері ертегілердегі диюлердің амал-әрекеттеріне ұқсас болып келеді. Мысалы, «Чин-мачин қызы» ертегісінде «Чин-мачин» қызы немесе пері өз бағына кірген кез-келген адамды сиқырлап тасқа айналдырады екен. Перілердің осы рақымсыз әрекеттеріне байланысты ертегінің кейіпкері перілерді қолға түсірген кезде кейіпкерге зиян тигізбеуге, оның талаптарын орындауға уәде берген соң ғана оларды босатады. Өйткені кері жағдайда өзі ажал құшады.
Енді Иранның аңыз-әңгімелер әлеміне сапар жасап, "Иран әпсаналары" атты құнды кітаптан сіздер үшін таңдап алынған "Ақ құс" атты ертегінің жалғасын тыңдауға шақырамыз.
Айтып өткеніміздей, Құдай ұрпақ сүймеген патшаға бала берген екен. Жауыз уәзір патшаны өлтіріп, тақты иеленіп алып, патшаның әйелі мен баласын өлтіруге бұйрық береді. Жендеттер әйелді өлтіргенімен сайға лақтырылған баланы өлдіге санап жайына қалдырыпты. Бала бір арыстанның үңгірінде ер жетеді. Жауыз уәзір-патшамен күресуді мақсат тұтқан өлген патшаның ағасы бір топ адаммен тауға барып, баланы тауып алып, атын Ширзад қойыпты. Жауыз патша Ширзад пен ағасының көзін жою үшін жоспар құрады. Бірақ сәттілікке қол жеткізе алмай, ақырында Ширзад пен ағасы жауыз патшаны жеңіп, қаланы азат етеді. Ширзад патшалықты ағасына береді. Алайда оның екі ұлы Ширзадты қызғанып, оның көзін құртуды ойластырады. Ширзадтың ағасы өз ұлдарының ниетінен хабардар болып, олардан өздерінің ержүректігін көрсетуді талап етіп: «Кімде-кім менің атымның аяғы жетпеген жерден мен көрмеген нәрсені алып келсе, сол батыр»,-дейді.
Үлкен ұл сапарға шығып, әкем көрмеді деп ойлап, қызыл жақұт алып келеді. Әкесі ұлының маңдайынан сүйіп, оған кілт беріп: «Қала маңындағы тауда 40 бөлмелі үңгір бар. Мына қызыл жақұтты апар да, он бірінші бөлмеге сал»,-дейді. Үлкен ұл үңгірге барғанда өзінің жақұтына ұқсас тастарға толы бөлмені көреді.
Патшаның екінші ұлының кезегі жеткенде ол жолға шығып, үш ай бойы таулар мен шөл даланы басып өтіп, бір орманға жетеді. Қараса, ағаштардың бұтақтарында жақсы жемістер өсіп тұр екен. Ағашқа жақын барып, бірнеше жеміс алып жемек болады. Сол кезде ол жемістердің бәрінің алтыннан екенін көреді. Қоржынын толтырып алып, үйіне қайтып оралады. Патша сарайына жеткен кезде әкесі оның маңдайынан сүйіп: «Мыналарды үңгірге апар да, жиырма бірінші бөлмеге қой»,-дейді.
Бала қоржынды алып, алтын жемістерді үңгірге қоймақ болады. Қараса, бөлме өзі әкелгендей алтын жемістерге толы екен. Ақырында кезек Ширзадқа жетеді. Ол патша тағын төрт жағынан сүйіп, тағзым етіп: «Аға, сіздің атыңызбен сапарға шығуға рұқсат беріңіз»,-дейді.
Патша атын Ширзадқа беруге бұйрық береді. Ширзад атқа мініп жолға шығады. Аз ғана жүргеннен кейін аттың басын босатып, өз еркімен жібереді. Ат ешқайда бұрылмай, өз жолын бетке алып, жүре береді. Осылайша олар 6 ай жүріп, жетінші айда ат кенет тоқтап, кісінеп, жер тарпып, содан соң артқа қарап, кісінеп, тартыншақтай бастайды. Ширзад аттың бұдан ары бармайтынын түсініп, аттың басын тартып, «шу» деп дауыстап, ақырындап алға жүреді. Ат біраз жүріп, жан-жақты жақсылап барлай қарайды. Ширзад қараса, жерде бір нәрсе жанып тұр екен. Аттың басын тартып тоқтатып, одан түседі. Қараса, майсыз жанып, айналасын нұрландырып тұрған шам екен. Шамды қолына алып қарап, оның бетінен «Мына шамды тауып алған адамға: бұл дүниеде мұндай шамнан тек екеу бар»,-деген сөзді оқиды. Ширзад «Бұл шамның екіншісін тауып алмай, үйге қайтпаймын» деп ойлайды. Атына мініп бұрынғыдай жолын жалғастырады. Барлық жерді шарлап, қатты шаршағанымен жолын одан ары жалғастыра береді. Ақырында бір қалаға жетеді. Бірнеше күн дем алмақ болып деп керуен сарайға қонады. Керуен сарайдың бастығы бір түні тағы бір жолаушыны оның бөлмесіне жібереді. Ширзад әлгі жолаушының қоржынынан бір шам алып шығып жаққанын көреді. Анықтап қараса, оның шамы өзі тапқан шамнан аумайды екен.
Ширзад жаңа келген адаммен достасып, оған өзінің басынан өткенін баяндап: «Шамыңды маған сатасың ба?»,-деп сұрайды. Жолаушы: «Шамды саған беремін, оның есесіне сен де маған бірдеңе беруің керек»,-дейді. Ширзад: «Не қаласаң, соны беремін», -дейді. Жолаушы: «Бұл жерден диюлердің қамалына дейін 1 айлық жол жатыр. Оларда жақсы кептерлер бар. Егер барып маған бір еркек, бір ұрғашы кептер алып келе алсаң, мен мына шамды саған беремін»,-дейді. Ширзад бұл шартты қабылдап, жолды сұрап, кетуге дайындалады. Ертеңінде ерте тұрып, қоштасып жолға шығады. Сайлар мен тауларды басып өтіп, әлгі қамалға жеткенде қамалдың жанындағы таудың етегінен бір дауыс естиді. Айналасына қараса, таудың басында бір ақ құс отыр екен. Сол шақырып тұрған көрінеді. Ширзад тоқтағанда құс: «Ей, жігіт, кім сені өлімге жіберді? Бұл диюлар кептерлерді өздерінің әкелерінен артық жақсы көреді. Сен түн жарымына дейін, олар қалың ұйқыға шомғанға дейін сабыр етіп, содан соң қамалға бар»,-дейді. Ширзад аттан түсіп, түн жарымын тосады. Содан соң қамалдың дуалына жеткен кезде тағы да ақ құстың дауысын естиді. Ол: «Ширзад, ашкөздікке салынба. Байқа, бір жұптан артық алма»,-дейді. Ширзад дуалдан жоғары шығып, ар жағына секіріп түсіпті. Содан соң еңбектеп кептерлердің ұясына барады. Кептерлерге жетіп, қараса өте әдемі құстар екен. Олардың әдемі болғандығы соншалықты, адам бірнеше сағат тамашалап отыра беруден жалықпайды екен. Алдымен бір жұп кептер алады, бірақ өз-өзін ұстай алмай өзі үшін тағы бір жұп кептер алады. Кептерлер тура осы сәтті тосып тұрғандай шулай жөнеліпті. Олардың шуынан диюлар оянып, Ширзадты ұстап алады. Ширзад диюларға өзінің басынан өткенінің барлығын баяндап бергенде диюлар: «Біз саған бір жұп кептер береміз, тек бір шартымыз бар: осы маңда өмір сүретін диюлардың қамалынан жүзім алып кел. Олардың жүзімдері жақсы»,-дейді.