Иран ертегілері мен аңыздары
Өткен бағдарламаларда айтып өткеніміздей, «Сиқыршылық туралы ертегілер» деген атпен танымал перілер туралы ертегілерде әртүрлі сипаттағы кейіпкерлер бар.
Осы ертегілердің басты кейіпкері – перілер. Перілердің ерекшеліктерінің бар екендігін, біріншісінің адамға ұқсас болуы, екіншісінің өз кейпін өзгерте алу қабілеті жайлы айтып өттік.
Перілер туралы ертегілердің көбінде кейіпкер періге үйленуді қалап, оны іздеуді. Кейде бұл тілек ешбір шартсыз орындалып, кейіпкер періге қол жеткізеді. Кейде пері кейіпкерге тұрмысқа шығу үшін шарт қояды. Егер оның шарттары аяқ асты етілсе, ол өзінің күйеуін мәңгілікке тастап кетеді. Перілер туралы ертегіде былай дейді: «Шахзада бір есікті көреді. Есік баққа қарай жол бастайды екен. Баспалдақпен төмен түседі. Бақта перілер шахының қызы мен қолын қусырып оның күңі тұр екен. Пері қыз: «Ей, шахзада, өз үйіңе қош келдің. Сені күткелі біраз уақыт болды. Сонау садақ тартып, оқ атқан кезіңнен күтудеміз...» дейді. Содан думандатып той өткізіп, пері қыз шахзаданың әйеліне айналыпты. Пері қыз тұрмысқа шықпас бұрын шахзадаға «Ешқашан бақтан шықпайсың. Егер шыққың келсе, менімен бірге шығасың» деп шарт қойған еді. Бірнеше күн өткеннен кейін шахзада пері қызына берген уәдесін ұмытып, атына мініп, аң аулауға кетеді. Пері қызы шахзаданың бақтан шығып, уәдесін бұзғанын көргенде ренжіп: «Оған қара кілем ақ болғанда ғана маған жететінін айтыңдар»,-дейді».
Перілердің ерекшеліктерінің біріне болжам айту жатады. Кейбір ертегілерде перілердің ғайыптан хабары бар. Осы хабардарлықтың арқасында олар ертегілердегі кейіпкерге көмектеседі. «Самандар Челгис» атты ертегіде пері қыз ертегінің кейіпкерін болатын оқиғадан хабардар етіп, олардан өтудің жолын үйретеді. Бірақ кейбір ертегілерде перілердің ғайыптан хабардар болуы былай тұрсын, өздері оңайлықпен алданып қалады.
Енді Иранның аңыз-әңгімелер әлеміне сапар жасап, "Иран әпсаналары" атты құнды кітаптан сіздер үшін таңдап алынған "Ақ құс" атты ертегінің жалғасын тыңдауға шақырамыз.
Айтып өткеніміздей, Құдай перзент сүймеген патшаға бала берген екен. Патша өз баласының жаны аман қалу үшін оны шешесімен бірге сарайдан тысқары жерде өмір сүруге жібереді. Патшаның қара ниетті уәзірі жылдар бойы билікті қолына алуды көздеп, патшаны өлтіріп, өзі таққа отырып алады. Ол патшаның әйелі мен ұлын өлтіруге бұйрық береді. Жендеттер әйелді өлтіреді, бірақ анасы сайға лақтырып жіберген баланы өлдіге санап тастап кетеді. Алайда бала аман қалып, ер жетеді. Бір күні тақты тартып алған жауыз патшамен күресу үшін бір топпен тауға аттанған әкесінің ағасы оны тауып алып, атын «Ширзад» қояды. Уәзір Ширзад пен оның ағасын өлтіруге жоспар құрады. Енді ертегінің жалғасын тыңдайық:
Патшаның тағын тартып алған уәзір біраз уақыттан кейін өзінің қызына ауа райы жайлы жерден жаздық үй салып, қызын сонда жібереді. Бұл әдемі қыз да айла-шарғы жөнінен әкесі сияқты әккі болған екен. Бір күні Ширзад жалғыз өзі серуендеп жүрген кезде бір қамалдың қабырғаларының ортасына салынған осы үйге жетеді. Өзі қатты ашыққан екен. Аспанда ұшқан құсты көріп, садағымен оны атып түсіреді. Құс патша қызының үйінің ауласуына түседі. Ширзад жақын барып, арқанын лақтырып, қамалдың қабырғасымен жоғары шығып, қараса, сұлу қыз есіктің алдында отыр екен.
Қыз Ширзадты көргенде жылдам барып есікті ашып, оны үйге кіргізеді. Қыз өз әкесіне жаушы жіберіп, уақытты оздырмай тездетіп жетуді сұрайды. Ширзад тамақ ішіп отырып, бөлменің терезесінен сыртқа қараса қалың қол келе жатыр екен. Ол мұның қыздың қастандығы екенін түсініп, қызға келіп, оны қылышын бір сермеп өлтіріп, қабырғадан секіріп, сыртқа шығады. Атқа мініп, қамалды айналып өтіп, қылышын сермеп, патшаның әскеріне қарай шабады. Ширзад жалғыз болған соң қалың жаудың әскерін қанша қырса да, таусылмапты. Олар Ширзадты қоршап алады. Батыр шамасы келгенше айқасады. Өлуге шақ қалғанда «Келдім, інішегім, қорықпа!» деген бір дауысты естиді.
Ширзад ағасының дауысын естігенде көзі ашылып, білегіне қосымша күш бітіп, жаумен өршелене айқасады. Бұрын-соңғы болмаған соғыс болады. Патша әскерінің көбі қырылып, талайы тұтқынға түседі. Содан соң Ширзад пен ағасы өздерінің әскерімен қалаға басып кіріп, залым патшаны өлтіріп, қаланы азат етеді. Ширзад патшалықты ағасына беріп, өзі сарайға барып тыныш өмір сүреді.
Жаңа патша, яғни Ширзадтың ағасының екі ұлы болыпты. Патша Ширзадты өзінің екі ұлынан да артық жақсы көреді екен. Патшаның ұлдары мұны байқап,Ширзадқа кек сақтап қалады. Патша өз ұлдарының не ойлап жүргенін ұққанда ұлдары мен Ширзадты шақырып алып: «Үшеуің де менің ұлымсыңдар. Бірақ мен батылырақ адамды көбірек жақсы көремін. Сендердің қайсың батылсыңдар?»-деп сұрағанда олардың әрқайсысы өзін нұсқап көрсетеді. Патша мұны көргенде: «Әрқайсың өзіңді батыл да батыр санайсыңдар ма? Егер солай болса, сендерге қояр бір шартым бар. Кімде-кім менің атымның аяғы жетпеген жерден мен көрмеген затты әкелсе, сол батыр»,-дейді.
Патшаның үлкен ұлы жылдам алдыға шығып, әдеп білдіріп тағзым етіп, өзінің дайын екенін айтқанда патша оған сапарының қаржысын беріп, аттандырады. Патша ұлы атқа мініп, жолға шығады. Жүріп отырып, жүріп отырып, күнді түнге, түнді күнге ұластырады. Екі ай жолда болады. Бір күні бір жерден өтіп бара жатқанда кенеттен аты кісінейді. Аттың басын тартып, қараса, ағаштың жанында бір үлкен жақұт тасы жатыр екен. Аттан түсіп, «егер әкем осы жерден өткен болса, міндетті түрде бұл жақұтты алып кетер еді» деп ойлап, жақұт тасты алып, аттың басын бұрып, қалаға қарай шаба жөнеледі. Біраз уақыттан кейін қалада патшаның үлкен ұлы қайтып келе жатыр деген хабар тарайды. Патша сарай қызметкерлеріне ұлын қарсы алуға баруға бұйырады. Сол күннің ертеңінде сарай безендіріледі. Патша ұлы келгенде бәрі ресми түрде киініп, өздерінің орындарына жайғасады. Патша ұлы әкелген жақұтты кішкене дастарханға қойып, патшаның алдына апарғанда патша ұлының маңдайынан сүйіп, оған кілт беріп: «Қаланың жанындағы таудың астында үңгір бар. Сол үңгірде менің 40 бөлмем бар. Бұл қызыл жақұтты апар да, 11-бөлмеге қой»,-дейді.
Патша ұлы үңгірге барып, 11-бөлменің есігін ашып қараса, ол бөлме өзі әкелгендей жақұт тастарға толы екен. Мұны көрген жігіт әкесінің оған жақсы сабақ бергенін ұғады.