Сәу 19, 2016 12:36 Asia/Almaty

Өткен бағдарламаларда сіздермен бірге перілер туралы ертегілердегі сиқырлы құралдар мен көмектесуші элементтер жайында сөз қозғап, олардың әрқайсысының қолданыс аясы жайлы баяндадық.

 Сиқыршылық туралы ертегілер деген атпен да танымал перілер туралы ертегілерде әртүрлі кейіпкерлер, соның ішінде қаһарман, залым, дию, пері мен сиқыршы да бар. Олардың әрқайсысы өзіндік ерекшеліктерге ие. Осы ертегілердің басты кейіпкерлерінің бірі – пері. Ертегілердегі дию, дәу, пері, сиқыршы мен тағы да басқа табиғаттан тыс кейіпкерлердің арасында халыққа перілер көбірек ұнайды. Табиғаттан тыс кейіпкерлер қатысып, қалыптан тыс оқиғалар тудыратын ертегілердің «перілер туралы ертегілер» деп аталуы да бәлкім, олардың осы қасиетіне байланысты болар.

Ирандықтардың көбінің көзқарасы бойынша, пері – сұлу, әдемі, мейірімді де кешірімді, заты – әйел мақұлық. Ертегілерде де әдетте басты кейіпкер періні қолға түсіруді көздеп, осы жолда көптеген қиыншылықтарды басынан өткереді.

Ирандық ертегілерде перілер адам кейпінде көрінетін өте сұлу кейіпке ие. Әдетте олардың сұлулығы ертегілерде сипатталады. Перілердің басқа сыртқы ерекшеліктерінің ішінен олардың қанаттарының болуын айтуға болады. Бұл жаппай көрініс таппайды, тек кейбір ертегілерде ғана аталып өтіледі. Перілердің арасында су перісі денесінің жоғары жағы адамға, төменгі жағы балыққа ұқсас деп сипатталады.

Перілердің тағы бір ерекшелігі – олардың кез-келген қалыпқа ене алуы. Сол себепті перілер әдетте адам көзінен тасада қалып отырады. Олар қапқа ие-мыс. Олар көп уақытта сол қаптың ішінде болып, тек қажет болған жағдайда ғана шығады. «Қап» – бір жануар немесе құстың кейпі деген сөз. Әдетте перілер адамдардың көзінен тасада қалу үшін осы кейіпке енеді. Олардың қабы әртүрлі қалыпта болуы мүмкін. Бірақ көп жағдайда кептер, құлан мен жылқы түрінде келеді. Перілер қапсыз жүріп-тұра алмайды. Егер қаптары жоғалып кетсе, өздерін адамдардың көзінен жасыра алмайды. Сол себепті оларды қақпанға түсірудің бір жолы – алдымен қабын қолға түсіруде. Өйткені перілер қабын қайтарып алу үшін бәрін істеуге әзір. Егер перілердің қабын жойып жіберсе, олар мәңгілікке өз жерлеріне кетеді. Бұл жағдайда оларды табу өте қиын. Себебі, әдетте перілердің мекені өте алыс жерде, оған жету үшін ұзақ жол жүру қажет.

Енді Иранның аңыз-әңгімелер әлеміне сапар жасап, "Иран әпсаналары" атты құнды кітаптан сіздер үшін таңдап алынған "Аймаңдай" атты ертегінің жалғасын тыңдауға шақырамыз.

Айтып өткеніміздей, ерлі-зайыпты адамдар Шахбану есімді қыздарымен бақытты өмір сүріп жатқан екен. Бір күні Шахбану мектептің мұғалімі Моллабаджидің сөзіне алданып, өз шешесін сірке суы құйылған құмыраға итеріп жіберген екен. Сөйтіп, мұғалім олардың өміріне енеді. Сол күннен бастап мұғалім Шахбануды күң сияқты жұмысқа салыпты. Бір күні Шахбану диюмен танысады. Дию оған жұмыстарын атқаруға көмектесіп, бір жолы Шахбануға бетін ерекше сумен жууды тапсырады. Мұны істегенде қыздың маңдайына ай, иегіне жұлдыз шығып, бұрынғыдан бетер сұлуланып кетіпті. Мән-жайды түсінген Моллабаджи да өз қызын диюға жібереді. Бірақ оның қызы диюмен жаман қарым-қатынас жасағандықтан бетіне жылан мен шаян шығыпты. Бір күні сол өлкенің патшасының ұлы шахзада Шахбануды көріп қалып, оған ғашық болып, қиын болса да, оны тауып алады. Сондай-ақ, айтып өткеніміздей, Моллабаджи шахзада мен Шахбанудың үйленуіне өзінің қызын уәзірдің ұлына тұрмысқа берген жағдайда келісетіндігін айтқан екен. Құда түсушілер оның шартын қабылдапты. Шахбану сарайға барар алдында шешесін көру сылтауымен диюға барады. Дию қыздың үстіне киім, басына тәж берумен қоса Моллабаджи тудыратын қиындықтардан шығудың да жолын көрсетіпті. Содан соң Шахбану құда түсуші әйелдермен бірге сарайға қарай жолға шығады. Сарайға жеткенде барлық тұрғындар таң-тамаша қалыпты. Шахзада Шахбануды шешесінің бөлмесіне апарғанда ол Аймаңдайдың сұлу жүзін көргенде таңданып: «Осы күнге дейін бетінде ай мен жұлдыз жарқыраған қыз көрмеппін»,-дейді. Патша сарайында неке қию рәсімін өткізіп, кешке той жасапты. Әншілер ән айтып, музыкалық аспапта ойнап, халық билепті. Тойға патша, уәзір, уәкіл, сарайдың ақсақалдары мен ақсүйектері де қатысқан екен. Тойдан кейін шахзада мен Шахбану тынығыпты.

Ал енді Моллабаджи мен оның қызы жайлы тыңдаңыздар. Өгей шеше бірінші түні сарайдағылардың Шахбануды жәбірлеп үйден қуып шығатынын күткен болатын. Ол түске дейін тосқанымен еш хабар болмапты. Шыдамы таусылып, бір хабарын білу үшін сарайға барады. Моллабаджи анадан бір, мынадан бір сұрап Шахбануды тауып алады. Қараса, маңдайында ай, иегінде жұлдызы жарқыраған Шахбану басына ақықтан тәж, үстіне жібектен көйлек, мойнына зүміреттен моншақ, қолына алтын білезік, саусағына алмаздан жүзік тағып қуаныш пен шаттыққа бөленіп, нөкерлер мен күтушілер айналасында көбелектей елпілдеп қызмет көрсетіп жүр екен. Моллабаджи ішінен: «Ісімнің оңғарылмай қойғанын қарашы. Мына Шахбанудың бәріне жаман көрінуі үшін қаншама айла-шарғы жасадым, бірақ ол керісінше күн сайын жоғарылап барады»,-деп ойлапты. Тез үйге қайтып оралып, қараса, уәзірдің құда түсушілері өзінің қызын әкету үшін не беру керегін білуге келіпті. Моллабаджи: «Сүт ақысы ретінде 50 күміс тиын, қалың мал ретінде 100 алтын тиын, үйлену тойының бірінші күніне сақина, тәж және сырғамен бірге жеті түсті жеті киім әкеліңдер»,-дегенде әйелдер: «Шахбануға 2 метр кенеп пен 1 кг сарымсақ және пияз сұратып едің, ал мына қыз үшін бәрін алдыртып жатқаның қалай?»,-деп сұрайды. Моллабаджи болса: «Мына қыздың ана қызға не қатысы бар. Осы уақытқа дейін ешбір ер адам оның дауысын естіген емес. Өте инабатты әрі ізгі ниетті қыз»,-депті. Құда түсушілер ештеңе айтпай, патшаның бұйрығымен қызды уәзірдің ұлына әперу үшін Моллабаджи сұратқан заттың барлығын әкеледі. Моллабаджи қыздың бетіндегі жылан мен шаянды түбінен кесіп, маңдайы мен иегін әдемі жібек орамалмен жауып, қалыңдық киімін кигізіпті. Құда түсірушілер салтанатты түрде келіп, қызды уәзірдің үйіне алып кетеді. Қыз уәзірдің үйіне жете салысымен уәзірдің ұлы оны қарсы алуға шығады. Бірақ ол қыздың сұрықсыздығынан оған қараудың мүмкін емес екенін түсінеді. Бірақ патшадан қорқып, бірдеңе айтуға батылы жетпейді. Тез арада қыз бен жігіттің некесін қиып, той жасайды. Моллабаджидің қызы сарымсақты көп жеген екен. Оның аузынан шыққан жағымсыз иіс айналасындағылардың мазасын алыпты. Уәзірдің ұлы тіпті жылап жіберуге шақ қалған екен. Тойдан кейін барлығы ұйқыға кетіпті. Түн жарымында уәзірдің ұлы тұрып, шамды жағып, көзі қыздың бетіне түскенде жылан мен шаянды көріпті. Қорыққаннан қатты айғайлап, бөлмеден атып шығып, шешесінің бөлмесіне барып, көргенінің бәрін айтып беріпті. Шешесі болған оқиғаны уәзірге айтқанда уәзір патшаға жеткізіпті. Патша өзінің әйеліне айтады. Әйелі өз ұлы шахзадаға хабар береді. Шахзада Шахбанудан: «Қыздың бетіндегі жылан мен шаян қайдан шыққан?»,-деп сұрағанда Шахбану өз басынан өткен оқиғаны басынан аяғына дейін оларға баяндап беріпті. Патша уәзірді шақырып алып: «Менің бұйрығыммен осындай қиындыққа тап болғаннан кейін есесін қайтару үшін өз қызымды ұлыңа беремін»,-депті. Уәзір: «Мына қыз бен оның шешесін қайтемін?»,-деп сұрағанда патша: «Оларды қаланың дуалынан орға лақтыруға бұйрық беремін»,-дейді. Ұлан-асыр той жасап, патшаның қызын уәзірге беріпті. Осылайша, барлық іс орын-орнына келіпті. Бәрі тынышталғаннан кейін Шахбану өз шешесін есіне алып, оның алыстығынан күн өткен сайын қайғыра беріпті. Бір күні таңертең далаға жол тартып, құдықтың ішіне түсіп, диюмен амандасып: «Дию, сен маған үнемі көмектестің, бірақ мен шешем болмаса өмір сүре алмаймын»,-дейді. Дию сары сиырды алып келіп, алмаздың жүзімен сиырдың терісін сыпырады. Сиырдың терісін сыпырып болғанда шешесі шығып, Шахбануды мойнынан құшақтап: «Қызым-ау, шешесін құмыраға лақтырғанды қай заманда көрдің?»,-дейді. Шахбану басын төмен салып, жауап бере алмай, шешесін көргеніне қуанып, жылап жібереді. Дию: «Енді жылаудың қажеті жоқ. Бақыт пен шаттықта бірге өмір сүріңдер»,-дейді. Шахбану диюмен қоштасып, анасын қолынан жетектеп, сарайға қайтып оралады. Шахзада өзінің осындай тамаша енесінің барын көргенде қуанып, ата-енесіне арнап әдемі бір үй салдыртады. Олар ұзақ жыл барлығы бақыт пен шаттықта өмір сүреді. Біздің кейіпкерлеріміздің мұраттарына жеткені сияқты сіздер де өздеріңіздің қалаған арман-тілектеріңізге жетерсіздер деп үміттенеміз.

Тегтер