Сәу 19, 2016 12:38 Asia/Almaty

Өткен бағдарламаларда сіздермен бірге перілер туралы ертегілердегі сиқырлы құралдар мен көмектесуші элементтер жайында сөз қозғадық.

Көмектесуші элементтер арасынан көмектесуші адамдар, сиқырлы жануарлар мен диюдың өмір шөлмегі туралы айтып өттік.

Көмектесуші элементтердің тағы бір түрі – тылсым күштерге ие достар. Бұл достар таңғажайып қабілеттерге ие. Олар әдетте ешқандай кіріспесіз кейіпкермен бірге жолға шығып, оған әртүрлі қиындықтарды шешіп, ауыр істерді орындауға көмектеседі. Олардың әдеттен тыс қасиеттерінің кейбіреулеріне қомағайлық, желаяқтық, үлкен көлемде сұйықтық ішу, үлкен тауларды немесе ғимараттарды қозғалту сынды істер жатады. Кейде кейіпкерге көмектесетін диюларды да тылсым күштерге ие достардың қатарына жатқызуға болады.

Кейіпкердің қолына түсетін сиқырлы заттар мен элементтер және оларды иелену жолдары арасында ешқандай нақты бір байланыс жоқ. Мысалы, кейіпкер жануарлардың көмегіне ие болу үшін үнемі оларға жәрдем бермейді, керісінше кейде оларды тауып алады, кейде жануарлар ешбір дәлелсіз кейіпкерге жол сілтейді. Бірақ ертегішілердің сақтайтын ережелері де бар. Тіпті ирандық ертегілердің ешқайсысында көмектесуші жануарлар шарт немесе талапты орындаудың есесіне кейіпкерге көмектеспейді. Кейіпкер Сүлейменнің сақинасын бір нәрсенің орнына ала алады, сатып немесе тауып ала алады, болмаса бір ізгі істің нәтижесінде сыйлық ретінде ала алады.

Кейде кейіпкерді өлтіру немесе оның қанының жерге тамуы нәтижесінде бір зат пайда болады. Бұл зат кейін қылмыстың сырын әшкерелейді. Әдетте ертегінің соңында құрбан болған кейіпкер тіріліп, аман-сау шығады. Перілер туралы ертегілерді зерттеушілер осындай мазмұндар алғашқы замандардағы тайпалардың ескі наным-сенімдерінен бастау алады деп санайды. Алғашқы наным-сенімдерге табиғатқа сену, заттарды тірі деп сезіну, өмірдің қайта жаңғыртылатыны мен сиқырлыққа сену жатады. Осы ежелгі наным-сенімдерді зерттеу арқылы ирандықтардың алғашқы ата-бабаларының наным-сенімдерінің қалайша ертегілердің негізгі тақырыбына айналғанын көруге болады.

Енді Иранның аңыз-әңгімелер әлеміне сапар жасап, "Иран әпсаналары" атты құнды кітаптан сіздер үшін таңдап алынған "Аймаңдай" атты ертегінің жалғасын тыңдауға шақырамыз.

Айтып өткеніміздей, ерлі-зайыпты адамдар Шахбану есімді қыздарымен бақытты өмір сүріп жатқан екен. Бір күні Шахбану мектептің мұғалімі Моллабаджидің сөзіне алданып, өз шешесін сірке суы құйылған құмыраға итеріп жіберіпті. Осылайша мұғалім олардың өміріне енеді. Сол күннен бастап мұғалім Шахбануды күң сияқты жұмысқа салыпты. Бір күні Шахбану диюмен танысады. Дию оған жұмыстарын атқаруға көмектеседі. Ол Шахбануға бетін ерекше сумен жууды тапсырған екен. Мұны істегенде қыздың маңдайына ай, иегіне жұлдыз шығып, бұрынғыдан бетер сұлуланып кетіпті. Мән-жайды түсінген Моллабаджи өз қызын диюға жібереді. Бірақ оның қызы диюмен жаман қарым-қатынас жасағандықтан бетіне жылан мен шаян шығыпты. Моллабаджи мен қызы үйлену тойына барғанда Шахбануды өздерімен бірге ертіп апармайды. Керісінше, оған істесін деп көп жұмыс беріп қояды. Бірақ Шахбану диюдың көмегімен жұмыстарын тез тындырып, дию берген әдемі киімді киіп, тойға барыпты. Тойдан қайтып келе жатқанда шахзада оны көріп, ғашық болып қалады. Бірақ ол қыздың тек бір сыңар аяқ киіміне ғана қол жеткізе алыпты. Шахзада Шахбануға деген ғашықтықтан төсек тартып қалады. Патшаның әйелі қаланың дәрігерлерін шақырып, олардан ұлын емдеуді сұрайды. Дәрігерлер шахзаданың бір қызға ғашық болып қалғанын ұғады. Оның қолында тіпті қыздың бір сыңар аяқ қиімінің бар екенін де көреді. Патшаның әйелі мұны түсінгенде ұлын жұбатып: «Көңілің тыныш болсын. Қалаған қызыңды Қап тауының ар жағында болса да, тауып алып, саған жеткіземін»,-депті. Патша әйелінің бұйрығы бойынша, келесі күні бірнеше егде әйел бір сыңар аяқ киімді алып, қаладағы үй-үйді аралапты, бірақ әлгі аяқ киімнің иесін таба алмаған екен. Аяқ киімді әрбір қыздың аяғына кигізгенде не кішкентай, не үлкен болып шығады. Кезек Шахбанудың әкесінің үйіне жеткенде Моллабаджи Шахбануды нан пісіретін пешке тығып, бетін бір табақ тарымен жауып, оның бетіне шоқып жеп, шу шығарып жүрсін деп әтешті босатып жіберіпті. Сөйтіп, Шахбану сөйлеймін десе де, дауысы естілмейтіндей іс жасапты. Сарайдың әйелдері үйге кіріп: «Үйде қыз бар ма?»,-деп сұрағанда Моллабаджи: «Әрине, бар. Жақсы қызымыз бар»,-деп, жылдам барып, қызын ертіп келіпті. Әйелдер аяқ киімнің бір сыңарын қызға кигізеді. Алайда қыз қанша тырысса да, аяқ киім аяғына сыймайды. Бұдан басқа үй қалмағандықтан, сарайдың әйелдері: «Үйде бұдан басқа қыз жоқ па?»,-деп сұрағанда Моллабаджи: «Менің тек бір-ақ қызым бар»,-дейді. Сол кезде әтеш шақырып: «Тары табағы пештің үстінде. Аймаңдай пештің ішінде. Тары табағын алып тастап, Аймаңдайды шығарып алыңдар»,-дейді. Әйелдер әтештің шақырған үнін естігенде таң-тамаша қалып: «Мына әтеш не деп тұр?»-деп сұрағанда Моллабаджи тас алып, әтеш жаққа лақтырып жіберіп: «Бұл бейуақытта шақыратын әтеш. Ертең оны бауыздаймын да, құтыламын»,-дейді. Әтеш тастан қашып, қабырғаның үстіне секіріп мініп, әлгі әніне қайта басыпты. Егде әйелдер бір-біріне қарап: «Пешті ашып көрейік»,-деп, пештің аузын ашып қараса, оның ішінде он төртінші түннің айындай толықсыған бір сұлу қыз отыр екен. Әйелдердің бірі Шахбанудың қолын ұстап, пештен шығарып: «Маңдайында ай, иегінде жұлдызы бар қызды кім көрген»,-деп қуаныпты. Басқалар жүгіріп келіп, аяқ киімнің сыңарын қыздың аяғына кигізіпті. Қараса, аяқ киім Шахбанудың аяғына дөп келеді екен. Моллабаджиге қарап: «Шахзада мына қызға ғашық. Ғашықтықтан күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айрылды. Енді не сұрасаң да береміз, тек мына қызды алып кетуге рұқсат ет»,-дегенде Моллабаджи: «Біз сізден артық ештеңе сұрамаймыз: екі метр көк кенеп алып келіңдер де, қызды әкете беріңдер. Тек бір-ақ шартым бар: мына қызды да уәзірдің ұлына қосуға алып кетіңдер»,-дейді. Сарайдың әйелдері: «Бұл шартыңды патшаға айтамыз. Патша өз уәзіріне бұйрық беріп, екінші қызды оның ұлына міндетті түрде алдыртады. Бірақ маңдайында ай, иегінде жұлдызы бар осындай әдемі қызды неге сонша арзанға беріп отырғаныңды түсінбейміз»,-дегенде Моллабаджи Шахбануды жамандай жөнеліпті. Әйелдер: «Мұндай істер бізге қатысты емес. Шахзада оған ғашық»,-деп тыйып тастапты. Ертеңінде сарайдың әйелдері екі метр көк кенеп, жарты килограмм сарымсақ пен пияз алып, Моллабаджидің үйіне келіп: «Қызды шахзадаға алып кетуге келдік»,-дейді. Сонда Моллабаджи: «Ана екінші қызды қашан алып кетесіңдер?»-деп сұрағанда әйелдер «Кешке шахзаданың тойынан кейін екінші қызды уәзірдің ұлына апарамыз»,-дейді. Моллабаджи: «Олай болса, қалыңдықты кешке алып кетіңдер»,-дейді. Әйелдер: «Неге кешке?»,-деп сұрағанда Моллабаджи: «Қалыңдықтың киімін тігемін»,-дейді. Құда түсушілер келісіп, қайтып кетеді. Моллабаджи матадан кең көйлек тігіп, Шахбануға кигізеді. Кеш батарда сарайдың әйелдері қайтып оралып, Шахбануды Моллабаджиден алып, патша сарайына апармақ болады. Үйден шыққан бетте Шахбану: «Қаланың сыртына барайықшы, анаммен қоштасқым келеді»,-дегенде әйелдер «Мына әйел шешең емес пе еді?»-деп сұрайды. Шахбану: «Жоқ, ол өгей шешем»,-дейді. «Сені пешке неге тығып қойғанын, соншама жамандағанын, неге арзанға бергенін енді түсіндік»,-дейді. Шахбану әйелдердің жолын далаға қарай бұрып, құдыққа жеткенде: «Сіздер осы жерде күте тұрыңыздар. Мен шешеммен қоштасып келейін»,-дейді. Қыз тез арада құдыққа түседі. Оны көрген дию: «Мына киіммен қайда барасың?» деп сұрайды. Шахбану: «Мені күйеу жігіттің үйіне апара жатыр»,-деп, болған оқиғаның барлығын бастан-аяқ баяндап бергенде дию көзді ашып-жұмғанша Шахбануға бір жібек көйлек, ақықпен әрленген тәж, алмас жүзік, зүмірет тағылған алқа мен алтын кебіс береді. Шахбану жылдам киініп алады. Дию оған: «Шахзада саған қандай сусын берсе де, ал. Бірақ білдіртпей ғана төгіп отыр»,-деп кеңес береді. Шахбану диюмен қоштасып, құдықтан шығып, сарайдың әйелдеріне барыпты. Олар Шахбануды көргенде таң-тамаша қалып, қызды патша сарайына қарай алып жүрген екен.