Сәу 19, 2016 12:39 Asia/Almaty

Өткен бағдарламаларда сіздермен бірге перілер туралы ертегілердегі сиқырлы құралдар мен көмектесуші элементтер жайында сөз қозғадық.

Көмектесуші элементтер арасынан көмектесуші адамдар, сиқырлы жемістер, сиқырлы жануарлар мен Сүлейменнің заттарына тоқталып өттік.

Перілер туралы ертегілердегі сиқырлы құралдар мен көмектесуші элементтердің тағы біріне диюдың өмір шөлмегі жатады. Өйткені диюдың өмір шөлмегін сындыру арқылы оны өлтіріп, одан құтылуға болады. Бұл шөлмек әдетте диюдың дұшпаны, яғни адам баласының қолы жетпейтін алыс жерде жасырылады. Тек диюдың өзі ғана мұны біледі. Бұл шөлмекке қол жеткізу оңай емес. Мысалы, «Танбалу» (Жалқау) атты ертегіде дию өз өмірінің шөлмегі жасырынған жерді былай деп сипаттайды: «Осы жерден 6,5 шақырым (1 фарсанг) жерде бір ағаш бар. Соның астында беті таспен жабылған құдық бар. Тасты алып тастап, құдықтың түбіне түсуің керек. Ол жерден орманды көресің. Орманда бір сиыр жайылып жүр. Сиырдың қарнында бір көл бар. Ол көлде бір балық жүзіп жүр. Менің өмірімнің шөлмегі сол балықтың ішінде». Әрине, ертегішінің қиялы диюлардың өмір шөлмектерін жасыру үшін мың бір қатпар құрастыра алады. Бірақ кейде диюдың өмір шишасы бір қуысқа қойылады. Дию әдетте өз өмірінің шөлмегі жасырынған жерді өзі жақсы көретін немесе соған жетуге үміттенетін қызға айтады. Өмір шөлмегі сынса дию өледі. Сондықтан ол бұл шөлмекті ертегі кейіпкерінен қайтарып алу үшін кез-келген істі істеуге дайын.

Перілер туралы ертегілердегі сиқырлы құралдардың бір тобында шипалық қасиет бар. Бұл құралдар кейде өлі адамды тірілту үшін қолданылады. Мысалы, Сүлейменнің майы, кейде бір қауырсын соқырлық, жындылық пен қояншық сияқты ауруларды емдейді. Кейбір ағаштардың тамыры немесе сабағы, кейбір жағдайларда мысық, ит немесе адамның миы емі жоқ ауруларды жазуда қолданылады. Сонымен қатар «Гүл шоғының күлуі мен інжудің жылауы» ертегісінде тумысынан сиқыршылық қасиетке ие ертегі кейіпкері өзінің сілекейімен өзінің жарасын жазады.

Енді Иранның аңыз-әңгімелер әлеміне сапар жасап, "Иран әпсаналары" атты құнды кітаптан сіздер үшін таңдап алынған "Аймаңдай" атты ертегінің жалғасын тыңдауға шақырамыз.

Айтып өткеніміздей, ерлі-зайыпты адамдар Шахбану есімді қыздарымен бақытты өмір сүріп жатқан екен. Бір күні Шахбану мектептің мұғалімі Моллабаджидің сөзіне алданып, өз шешесін сірке су құйылған құмыраға итеріп жіберген екен. Сөйтіп, мұғалім олардың өміріне енеді. Сол күннен бастап мұғалім Шахбануды күң сияқты жұмысқа салыпты. Бір күні Шахбану диюмен танысады. Сол дию оған жұмыстарын атқаруға көмектеседі. Ақырында дию Шахбануға бетін ерекше сумен жууды тапсырған екен. Мұны істегенде қыздың маңдайына ай, иегіне жұлдыз шығып, бұрынғыдан бетер сұлуланып кетіпті. Мән-жайды түсінген Моллабаджи өз қызын да диюға жібереді. Бірақ оның қызы диюмен жаман қарым-қатынас жасағандықтан оның бетіне жылан мен шаян шығыпты. Моллабаджи мен қызы үйлену тойына бармақ болады. Бірақ Шахбануды өздерімен бірге апармайды. Оған істесін деп көп тапсырма беріп кетеді. Бірақ Шахбану диюдың көмегімен жұмыстарын тез тындырып, дию берген әдемі киімді киіп, тойға барады. Сол тойдан қайтып келе жатқанда оны шахзада көріп, артынан жүріп отырады. Жолда Шахбанудың бір аяқ киімі түсіп қалады. Шахзада қызға жете алмайтынын білгенде түсіп қалған аяқ киімді алып, патша сарайына қайтады.

Ал енді Моллабаджи мен оның қызы жайлы тыңдаңыздар. Шеше мен қыз ашуланып, тойда бастарына шашылған күлдің сазайын Шахбанудан алу үшін асығыс үйге оралыпты. Үйге кірмей жатып Моллабаджи: «Шахбану, тез мұнда кел. Кесені көзіңнің жасыңмен толтырдың ба, жоқ па?»-деп айқайлағанда Шахбану көздің жасындай суға толы кесені жылдам Моллабаджидің қолына ұстата қояды. Моллабаджи оны татып көріп, тұзды екенін сезеді. Кесеге үңіліп қарап, оның мөп-мөлдір екенін көреді. Содан кейін «Дәндерді не істедің?»-деп сұрайды. Шахбану бөліп салып қойғанын айтып, Моллабаджиді жетектеп алып жүріп, бөлінген дәндерді көрсетеді. Моллабаджи қыздың бәрін бөліп жинап қойғанын көріп, таң қалып, ішінен «Адам ден қойып, сабырлық танытып жұмыс істедім дегеннің өзінде осыншама дәнді бір айдың ішінде де бөліп жинай алмайды. Шахбану бір жағынан көзінің жасын төгіп, екінші жағынан осындай ауыр жұмысты жарты күнде қалай бітірді екен?»- деп ойлапты. Моллабаджи Шахбануды үй жинауға жіберіп: «Таңданысымда шек жоқ. Бұл қыздың ісін түсінсем бұйырмасын»,-деп ойлайды. Сонда Моллабаджидің қызы: «Біреу көмектескен болуы керек»,-дейді. Моллабаджи: «Мына сары сиыр Шахбанудың шешесі сияқты. Сол не істеу керек екенін көрсетіп отырғанға ұқсайды. Бұл сиыр тірі жүргенде мына қыз бізден айласын асырып отыратын болады. Сондықтан сиырдың көзін құртуымыз керек» деп шешім қабылдайды. Содан соң Моллабаджи киімін ауыстырып, дәрігерге барады. Өзі ауырып қалып, дәрігерді шақыртқанда ол «емің – сары сиырдың еті» деп айтатын болып келісіп алады. Тез үйге қайтып, күйеуі келер алдында төсек тартып жатып: «Ой, белім-ай, ой, ішім-ай... Құдай-ау, дерттен өлетін болдым. Маған көмектесер ешкім жоқ»,-деп зарлай бастайды. Күйеуі сасқалақтап, оған шөптен шай демдеп беріп ішкізгенімен Моллабаджи ауруы жазылмағандай мүләйімсіпті. Ертеңінде Моллабаджи бетіне сары ұнтақ жағып, қатқан нанды төсегінің астына салып қойып, күйеуі үйге келер алдында бірден төсекке жатып алып, бір қырынан екінші қырына аунай беріпті. Ол қозғалғанда кепкен нан қырт-қырт сыныпты. Моллабаджи: «Құдайым-ай, не істейін? Сүйектерім ауырғаннан сынып жатыр»,-деп зарлапты. Күйеуі жылдам барып дәрігерді ертіп келіпті. Дәрігер әйелдің жүрек қағысын тексеріп, жақсылап тексерген соң: «Бұл әйелдің дертінің емі тек сары сиырдың етінде. Егер етті бүгін кешке немесе ертең тапсаңдар жақсы, болмаса кебіні мен қабірін дайындауды ойлай беріңдер»,-дегенде күйеуі қуанып: «Құдайға шүкір, өзімізде сары сиыр бар. Ертең таңертең бауыздап, етін әйеліме беремін»,-дейді. Шахбану осы сөзді естігенде қатты алаңдап, не істерін білмей сарсылыпты. Өйткені ол сиыр шын мәнінде өзінің шешесі еді. Өз шешесін құтқару үшін не істесем болады деп ойласа да, шешімін таппай ақырында: «Диюға барып, содан ақыл сұрағаным жақсы» деп шешеді. Сол түні барлығы ұйқыға кеткенде ақырындап үйден шығып, құдыққа түсіп, диюға сәлем беріп, болған оқиғаны баяндап береді. Сонда дию: «Бұл қайғыратын нәрсе емес қой. Тез үйге қайт та, сары сиырды далаға жібере сал. Мен соған ұқсас сиырды сендердің қораларыңа жіберемін»,-дейді. Шахбану ілезде үйге қайтып оралып, сиырды далаға шығарып, босатып жібереді. Диюға қайтып барғанда ол сары сиырға ұқсас сиырды әкеліп: «Мынаны апар да, сары сиырдың орнына байла. Қасапшы оны бауыздағанда етін жеме, сүйектерін қораға апарып көм»,-дейді. Шахбану әлгі сары сиырды үйге апарып, шешесінің орнына байлап қояды. Таңғы азанға бірнеше сағат қана уақыт қалған екен. Ол көңілі жай тауып, ұйқыға бас қояды. Таңертең әкесі үйге қасапшыны ертіп келеді. Ол сары сиырды қорадан шығарып, бақшаның жанында бауыздайды. Содан соң үйдегілер сиырдың етінен кәуап жасап жейді. Бірақ қалай өтінсе де, Шахбану кәуаптан ауызына алмай, диюдың айтқанындай орайын тауып, сиырдың сүйектерін жинап, қораға апарып көмеді. Моллабаджи сары сиырдың етін жегеннен кейін ақырындап тұрып жүре бастайды. Моллабаджи ішінен «Барлық мұратыма жеттім. Енді Шахбануға көмектесетін ешкім жоқ» деп ойлайды. Бірақ ол шахзаданың Шахбануға көзі түскеннен бастап, ес-түссіз ғашық болып қалғанын, оның аяқ киімін түнде жастығының астына салып жатып, оның шаңын көзіне сүрме ғып жағып жүргенін білмепті...

Тегтер