Иран ертегілері мен аңыздары
Өткен бағдарламаларда сиқырлы құралдар мен көмектесуші элементтер жайлы сөз қозғап, әртүрлі элементтердің арасынан көмектесуші адамдар мен сиқырлы жемістер туралы, көмектесуші адамдардың әдетте сапар барысында ертегі кейіпкерімен кездесіп, оған көмектесетіндігін айттық.
Олар көбінесе кейіпкерге сиқырлы күші бар бір құрал немесе зат береді.
Перілер туралы ертегілердегі сиқырлы құралдар мен элементтердің қатарына жылқы, кептер, құмырсқа, түлкі сияқты жан-жануарлар мен самұрық сияқты аңыз құс жатады. Бұл жануарлар кейіпкердің көмегіне жауап ретінде немесе кейде ешбір қозғаушы факторсыз-ақ оған өздерінің бір тал шашы немесе қауырсынын беріп, оны қажет жағдайда жағу керек екендігін айтады. Сиқырлы қауырсын немесе шашты жаққан кезде көмектесуші жануарлар пайда болып, кейіпкерге жәрдемдеседі. Сиқырлы қауырсын немесе шашты жаққаннан кейін көмектесуші жануарлардың келуі әлемнің көптеген халықтарының ертегілерінде кездесетін басты негіз болып табылады. Жануарлармен қоса, кейде диюлар мен перілер де кейіпкерге қызмет етіп, оған өздерінің шаштарын береді. Ол да жоғарыда айтылған тәсілде пайдаланылады. Кей жағдайда жануарлардың ешқандай сиқыры жоқ, тек кейіпкер өздеріне көмектескеннен кейін ғана оған қызмет етеді. «Шүкіршіл балықтар» атты ертегіде наубайшы күнде нан берген балықтар оны суға батып кетуден құтқарады. «Қытай қаласының қызы» атты ертегіде шахзада қақпанға түсіп қалған арыстанды құтқарады. Арыстан болса соның есесіне патшаның арыстанымен айқасып, оны жеңеді.
Сиқырлы құралдар мен элементтердің бірі – Сүлейменнің заттары. Иран ертегілерінде хазірет Сүлейменге тиесілі деп саналатын ең маңызды сиқырлы заттардың қатарын кілемше, аса таяқ, дорба, сақина, шахнафир-керней, кяшкуль-садақа жинайтын кесе, дастархан, тақия құрайды. Бұл заттардың қолданыс аясы әрқилы. Кілемше ұшады; дастархан, кяшкуль-садақа жинайтын кесе мен дорба кейіпкер қалаған кез-келген тағамды береді; кернейді ойнағанда қалың әскер кейіпкерге көмекке келеді; тақияны басқа кигенде көзге көрінбей, ғайып болып кетуге болады. Дән және сақинамен шамамен барлық істі, мысалы, қымбат тастар мен бағалы зергерлік бұйымдар тиелген түйелерді дайындауға, алтын мен күмістен сарай салуға, ғайып болып кетуге және қызмет етуге дайын диюларды шақыруға болады
Енді Иранның аңыз-әңгімелер әлеміне сапар шегіп, "Иран әпсаналары" атты құнды кітаптан сіздер үшін таңдап алынған "Аймаңдай" атты ертегінің жалғасын тыңдауға шақырамыз.
Айтып өткеніміздей, ерлі-зайыпты адамдар Шахбану есімді қыздарымен бақытты өмір сүріп жатқан екен. Бір күні Шахбану мектептің мұғалімі Моллабаджидің сөзіне алданып, өз шешесін сірке су құйылған құмыраға итеріп жіберген екен. Сөйтіп, мұғалім олардың өміріне енеді. Сол күннен бастап мұғалім Шахбануды күң сияқты жұмысқа салыпты. Бір күні ол өгей анасының бұйрығымен үлкен көлемдегі мақтадан жіп иіруге тиіс болатын. Сол күні қыз диюмен танысып, дию оған көмектесіп, ақырында бетін ерекше сумен жууды тапсырған екен. Мұны істегенде қыздың маңдайына ай, иегіне жұлдыз шығып, бұрынғыднан бетер сұлуланып кетіпті. Моллабаджи мән-жайды білген кезде өз қызын да әдемі болсын деп диюге жібереді. Бірақ оның қызы диюмен жаман қарым-қатынас жасағандықтан бетіне жылан мен шаян шығыпты. Сол күндері көрші әйел Моллабаджиді үйлену тойына шақыады. Ол тойға бармақ болады. Моллабаджи өз қызына жаңа киім кигізіп, әшекей бұйымдарын тағып, жылан мен шаянды ешкім көрмесін деп жібек орамалмен оның маңдайы мен иегін жауыпты. Өзі де үстіне жаңа киім киіп, жеті түрлі бояумен бояныпты. Шахбану бір бұрышта қызыға қарап тұрған екен. Моллабаджи Шахбануға қарап: «Тойға барғың келе ме?»,-деп сұрағанда Шахбану барғысы келетіндігін білдіріп басын изейді. Сонда өгей шешесі: «Жақсы, сен туралы да ойластырармын»,-деп, қоймаға барып, 3-4 қап асбұршақ, бадана мен жарманы араластырып, қайтадан қаптарға салып, Шахбанудың алдына әкеліп: «Біз қайтып келгенше мынау сенің тойың болады. Мына кесені көзіңнің жасыңмен толтырып, мына асбұршақ, бадана мен жарманы бір-бірінен бөліп жинауың керек»,-дейді. Моллабаджи осыны айтып күліп, өз қызын қолынан жетектеп, кетіп қалады. Шахбану қайғырып, бір бұрышқа отырып: «Енді қайттым? Мына кесені көз жасына қалай толтырамын? Үш қап асбұршақ, бадана мен жарманы бір-бірінен қалай ажыратамын?» деп ойлапты. Кенеттен есіне диюдың «Қиын жағдайға тап болғанда маған кел» деген сөзі түседі. Орнынан тұрып, далаға барады. Құдыққа түсіп, диюды көрген кезде онымен амандасып, өгей шешесінің оған не жұмыс тапсырғанын айтады. Дию оған: «Бұл қайғыратын нәрсе емес қой»,-дейді. Жылдам барып, бір уыс теңіз тұзын әкеліп, қызға беріп: «Кесеге су құй да, мына тұзды сал»,-дейді. Дию Шахбануға дәндерді бір-бірінен бөліп, жинау үшін өзінің үйіндегі әтешіне ұқсас бір әтеш береді. Алайда дию қызға өгей шешесі түсініп қоймас үшін алдымен өз үйіндегі әтештің көзін жою керектігін айтып: «Өйткені мына әтеш бір күні керегіңе жарайды, егер тойға баруды қаласаң, керек-жарағын дайындап беремін»,-дегенде Шахбану: «Тойға барғым келеді»,-дейді. Дию бір сандық алып келіп, Шахбанудың алдына қойып, ішінен бір той киімі мен әдемі аяқ киім алып шығып, Шахбануға береді. Оған інжу моншақ, бір алтын білезік пен алмас сақина беріп: «Үйге жеткенде киіміңді ауыстыр да, тойға бар. Бірақ тойдан кейін қонақтардан бұрын сыртқа шығып, үйге қайт та бұрынғы киіміңді киіп ал»,-деп тапсырады. Дию осыны айтып, төсегінің астынан бір кішкентай қыш ыдыс алып шығып, тезірек жүруі үшін Шахбанудың аяғына май жағып, содан соң қыздың бір қолына гүл ұстатып, екіншісіне бір уыс күл сеуіпті де: «Тойға барғанда күлді Моллабаджи мен оның қызының басына шаш та, гүлдерді қалыңдық пен күйеу бала мен қонақтардың басына шаш»,-дейді. Шахбану жылдам үйге қайтып оралып, дию айтқан барлық істі орындапты. Содан соң ескі киімін шешіп, қораға жасырып қойып, үстіне жаңа киімді киіп, бояныпты. Әдемі болып кеткені соншалықты, оны көрген адам «адамзат баласы ма, әлде жұмақтағы хор қызы ма?» деп таңқалатындай болыпты. Осы күйде тойға барады. Шахбану той болып жатқан жерге кірген бетте таңданған дауыстар шығыпты. Бәрі қалыңдыққа қараудан қалып, барша жұрт Шахбануға көз тігіп, бір-бірінен: «Осыншама сұлу бұл кім болды екен?»,-деп сұрапты. Барлығы таң-тамаша қалып, мұндай әдемі адамның барына сенбепті. Халық осылай қарап тұрғанда Моллабаджидің қызы шешесіне қарап: «Шеше, бұл келіп тұрған Шахбану сияқты ғой»,-дейді. Моллабаджи: «Құдай саған аздап ақыл берсе екен. Шахбану қазір дәндерді бір-бірінен бөліп, азырақ таяқ жеу үшін кесені толтыру үшін көзінен жас шығарамын деп қиналып жатыр»,-дегенде қызы: «Барлық жері Шахбануға ұқсайды: қасы-көзі, бойы бәрі келіп тұр»,-дейді. Шешесі болса: «Бұл сөзді қой, бақшаға барсаң, бір-бірінен айнымайтын жүздеген баклажанды көресің. Сен бір қалада бір-біріне ұқсайтын екі адам табылмайды деп ойлайсың ба?»-деп бой бермепті. Той аяқталарда Шахбану гүлді қалыңдық пен күйеу бала жаққа қарай лақтырғанда гүл жер мен көктің ортасында бір қырман гүлге айналып, қонақтарды гүлге орапты. Екінші қолын Моллабаджи мен оның қызына қарай сермегенде күл өгей шеше мен оның қызының бетіне қоныпты. Қонақтар «Бұл қыздың барлық қонақтарға гүл шашып, Моллабаджи мен оның қызына күл шашуында қандай сыр бар екен?» деп таңқалады. Қалай ойласа да, осыншама гүл мен күлдің қайдан пайда болғанын түсінуге ақылдары жетпейді. Шахбану қонақтардың таңданыспен анда бір, мұнда бір қарап, көңілдері алаң болып тұрғанын көріп, той болып жатқан жерден шығып, жылдам үйге қарай бет алады. Тағдырдың жазғанымен шахзада аңшылықтан қайтып келе жатып, Шахбанумен кездесіп қалып, ішінен: «Қалада мұндай қыздың бар екенін қалайша білмегенмін»,-деп ойлайды. Осыны ойлап, қыздың артынан жүріп отырыпты. Шахбану жүрісін жылдамдатып, арықтан секірмек болғанда сасқалақтап, бір аяқ киімін түсіріп алады. Ол арықтың арғы бетінде қалып қойыпты. Шахбану егер арықтың арғы бетіне қайта секіріп, аяқ киімді алатын болса, шахзаданың оған жетіп алатынын түсінеді. Сөйтіп бір аяқ киімін тастап, желдей есіп үйге жетеді. Шахзада әлгі қызды қуып жете алмаған соң, қайта оралып, түсіп қалған аяқ киімді алып, патша сарайына кетеді.
Ал енді Моллабаджи мен оның қызы жайлы тыңдаңыздар. Шеше мен қыз ашуланып, тойда бастарына шашылған күлдің сазайын Шахбанудан алу үшін асығыс үйге оралыпты.