Сәу 19, 2016 12:49 Asia/Almaty

Өткен бірнеше бағдарлама барысында сіздермен бірге перілер туралы ертегілерді талдап, әлемнің түрлі аймағындағы ертегілердің бір-біріне ұқсас болып келуінің себептерін талқылап, осы жөніндегі әртүрлі болжамдарды баяндадық.

Болжамдардың көптігіне байланысты ертегілердің ұқсастығы жайындағы теориялардың әрқайсысын бір жағынан дұрыс, екінші жағынан бұрыс деп айтуға болады. Яғни кейбір ертегілердің бір-біріне ұқсастығы табиғи жағдайдың ұқсастығы мен бірдейлігінен болуы мүмкін, ал кейбіреулері соғыстар, көші-қон, сауда-саттық, пікір алмасу және т.б. жолдар арқылы бір халықтан екінші халыққа тасымалданып отырғандықтан бір-біріне ұқсас болып келеді. Бірақ бұл факторлардың ешқайсысы ұқсастықтың жалғыз факторы бола алмайды. Тағы бір маңызды жайт ол ұқсастықтың адамдардың танып-білмеген ортақ заттарынан байқалуы. Бұл әпсана-ертегілердің тууына себеп болған. Бізді үнемі алғашқы қауым адамдары, жаратылыстың орын алуы, әлемді жаратушыны тану, ақиқатқа жету жолы, адамның бақыты, адам тағдыры және тағы да басқа көптеген дүниелер туралы сұрақтар мазалайды. Бұл сұрақтар әрдайым және әр жерде адамды ойлануға итермелейтін. Бүгінде біз де ата-бабамыз үңгірде отырып ойлаған осы философиялық сұрақтардың жауабы туралы ойланамыз. Бір ғажабы, адамзат баласын ойландыратын сұрақтарға жауап іздеген сайын өзіміздің көп нәрсені білмейтіндігімізді түсінеміз.

Осы білмейтін дүниелерге жауап іздеуге талпыну бір-бірін жақыннан көрмесе де, алдын ала келісіп алмаса да, адамдардың қимыл-әрекеті мен ойларының көбінде ұқсастықтардың байқалуына себеп болған шығар. Егер әпсаналарды балаларды тәрбиелеуге арналған қарапайым ақлақтық әңгімелер емес, әлеуметтік және философиялық ойларды қамтитын дүние деп санайтын болсақ, олар жайында да жағдай осылай.

Адам өзінің бағалаушы санасына байланысты әлемді және ондағы барлық затты жалпы екі полюске – жақсылық пен жамандыққа бөлген. Бұл жақсылық пен жамандық әу бастан алғашқы қауым адамдарының санасында бір-бірімен қарама-қайшылықта болған. Бүгін де бұл текетірес жойылған жоқ, тек басқа пішін мен қалыпта жалғасып жатыр. Егер өз санамызға назар аударсақ, осы бөлініс пен бағалауды көреміз. Біз кейбір заттарды жақсылықтың бастауы деп, ал басқа бір заттарды жамандық пен зұлымдықтың көзі деп санаймыз. Ислам дінінде абсолютті жақсылық – Алла, ал абсолютті жамандық – шайтан. Жақсылық пен ізгілік Алладан бастау алады. Алланың құзырынан қуылған шайтан – жамандықтар мен бұрыс істердің себепкері. Әпсаналарда да осы екі ұғымның мәңгілік таласы жайлы сөз қозғалады. Жақсылықтың символы болып табылатын әпсананың кейіпкері жолнұсқау алып, ізгі іс атқарып, кешірім жасап, жанпида етеді. Әпсаналардағы жамандықтың символдары толығымен айқын. Жақсылық пен жамандық арасындағы талас – әпсаналарда қайталанатын негіз.

Осы жақсылық пен жамандық арасындағы күрес көп адамдардың әпсаналарды тек қарапайым ақлақтық әңгіме деп санауына негіз болуы мүмкін. Бірақ осыған дейін айтып өткендерді саралау бұл мәселенің әпсананың тууының немесе олардың ұқсастығының жалғыз себебі бола алмайтынын көрсетеді. Мұнымен қоса, философиялық мәселелер жөніндегі ортақтықтар да әпсаналардың бір-біріне ұқсастығының жалғыз факторы бола алмайды.

Ал енді Иранның аңыз-әңгімелер әлеміне сапар жасап, "Иран әпсаналары" атты құнды кітаптан сіздер үшін таңдап алынған "Норандж бен Торандж қызы" атты ертегінің жалғасын тыңдаймыз.

Айтып өткеніміздей, шахзада Норандж бен Торандж қызын табуға аттанып, көптеген қиыншылықтарды басынан өткерді. Мандариндердің әрқайсысын ашқан кезде ішінен сұлу қыздар шығып, нан мен су сұрап отырыпты. Шахзада олардың қалауын орындаған кезде қыздар өліп қала беріпті. Ақыр соңында шахзаданың басына Норандж бен Торандж қызы туралы ойды салған кемпір оған: "Қыз нан сұраса, су бер, су сұраса, нан бер. Сөйтсең, қыз аман қалады",-дейді. Шахзада кемпірдің айтқанын істегенде қыз аман қалыпты. Бірақ шахзада Норандж бен Торандж қызын сарайға әкелу үшін алғышарт дайындау мақсатында сарайға кеткен кезде сол маңда өмір сүріп жатқан бір қара күң Норандж бен Торандж қызын өлтіріп, өзі оның орнын басып алады. Қыздың қаны тамған жерге мандарин ағашы өсіп шығады. Шахзада оны өзінің сарайының бағына апарып,отырғызады. Бірақ шахзада Норандж бен Торандж қызының орнын басып алған, бірақ оған мүлде ұқсамайтын мына күңмен не істерін білмепті. Осыншама қиындықты басынан өткергеннен кейін өзіне тек осындай сұрықсыз қыздың бұйырғанына қайғырыпты. Жанын бекерге қатерге тікпеуге кеңес берген өз ата-анасы мен жақындарына не айтарын білмепті. Әрине, олар жазғыратын болады. Бірақ, егер қыз біраз уақыт көлеңкеде болса, күнге тотыққан жүзі ағарып, мандариннен шыққан қыздай болады деген үмітін үзбепті. Бірнеше күн өткеннен кейін шахзада мен қара күң мандарин ағашының жылдам өсіп кеткенін көріпті. Жел тұрғанда әлгі ағаш уілдеп, жылағандай дыбыс шығарады екен. Қара күң бұл ағаштың қыздың қанынан өскенін, сондықтан оны тезірек құрту қажет екенін түсініп, шахзадаға қарап: "Ағаш ұстасын шақырт, маған төсек жасасын",-дейді. Күңнің басында не ойы барын білмеген шахзада қандай бұйрық берер екен деп, сарайдың ағаш ұстасын күңге жіберіпті. Күң ағаш ұстасына шахзаданың бөлмесінің алдындағы мандарин ағашын тамырымен жұлып алып, оның ағашынан төсек жасауға бұйрық беріпті. Ағаш ұстасы ағашты жылдам жұлып алып, өз шеберханасына апарып, ортасынан кесейін дегенде ағаш зарлап жылап жібереді. Ағаш ұстасы қайран қалады. Осы арада Норандж бен Торандж қызын шахзаданың ойына салған кемпір ағаштың бір бұтағын ағаш ұстасынан алып, өзіне ұршық жасатып алады. Ол өзінің ұршығы сынып қалған кезде осы жаңа ұршықты қолданбақ болады. Ұршық дайын болған кезде оны сөреге қойып қояды.

Бірнеше күн өткен соң кемпір жүн сатып алу үшін таңертең базарға кетіп, түске дейін сонда болады. Үйге қайтып келсе, үй жақсылап сыпырылып, ыдыс-аяқ жуылып, аула тап-таза жинастырылған екен. Кемпір «Үйіме келіп, тазалап кеткен кім болды екен» деп таң қалыпты. Қатты ойланыпты, бірақ мәнісін түсіне алмапты. Екі күннен кейін бір жұмыспен базарға барып, қайтып келіп қараса, тағы да біреу келіп, үйдің жұмыстарын тындырып кетіпті. Мен жоқта қандай жын мен пері келіп, үйдің шаруасын істейді екен деп ойлапты. Осы құпияның сырын ашпаққа шешім қабылдайды. Бірнеше күн өткен соң шәлісін тағып, бас киімін киіп, үйден шығуға бет алған сыңай танытады да, үйдің есігін қатты жауып, сыртқа шығады. Бірақ ешқайда кетпей, ауладағы бір ағаштың артына тығылып қалады. Үйінен дыбыс шыққанда аңдап басып, есікке жақындап, кенеттен есікті айқара ашып, үйге ентелей кіріпті. Қараса, күндей сұлу бір қыз үйін жинастырып жатыр екен. Кемпір таң-тамаша қалып, қыз да не істерін білмей, сасқалақтап қалады. Кемпір жақын келіп, қыздың бет-жүзін сипалап: "Сен кімсің? Менің үйімнің жұмысын неге істейсің?",-депті. Қыз бала өзінің басынан өткен оқиғаның бәрін кемпірге баяндап беріпті. Сөзі біткен кезде сөреде тұрған ұршық жарылып кетіпті. Кемпір: "Мен сені жақсы көремін, менің қызым бол. Жақын арада жұмысыңды оңалтып беремін",-дейді. Сол күннен бастап кемпір бүкіл дүниеге ие болғандай қыздың жаныннан шықпайтын болады. Кешке қарай шам жағып, бір-бірінің жанына отырып алып, әр нәрсе жайлы сөйлесетін болыпты.

Енді шахзада мен қара күңнің жағдайын баяндайық. Шахзада Норандж бен Торандж қызын ойлаудан арыла алмапты. Өзімен өзі отырып сөйлегені соншалықты, ауырып қалыпты. Патша мен оның әйелі де ұлының неден ауырғанын, оған не істеу қажет екенін білмей сарсылып, тәуіпті шақырады.

Тегтер