Сәу 19, 2016 12:56 Asia/Almaty

Халық ауыз әдебиетінің ең сүйікті әрі ең әсерлі түрлерінің бірі – перілер туралы ертегілер.

Мұндай ертегілер ауыз әдебиетінің бір бөлігі саналады. Мұндай хикаялар мен ертегілер ауызша кең таралумен қоса, миллиондаған оқырманды көптеген жазба жинақтары арқылы баурап алды. «Перілер туралы ертегілер» деп танылған туындылардың көпшілігі – атадан балаға, ұрпақтан ұрпаққа жеткен халықтың мәдени туындылары. Бүгінде жанкүйерлер оларды қағаз бетіне түсіріп, қалың жұртшылықтың назарына ұсынды.

Ауыз әдебиетін зерттеушілердің көзқарасынша, перілер туралы ертегілер – алғашқы адамдардың санасында әрбір зат пен құбылыс сиқыршылық пен әдеттен тыс құдіретке ие, адамның шектеулі қабілетінен жоғары болып көрінген заманнан қалған естеліктер. Ол замандарда, адамдар қиындыққа тап болған шақта сиқырлы күш көмекке келіп, қатерден құтқарады деп сенген еді.

Әпсаналар мен аңыздар адамдар танылмаған әлемде өмір сүрген және өзі танымаған нәрсенің бәрін перілер мен табиғаттан тыс күштерге балаған замандардан қалған. Халық мәдениетін зерттеушілер сиқыршылық жайлы әпсаналардың мазмұнын талдай келіп, алғашқы адамның ойлау жүйесінің ежелгі астарларын, соның ішінде заттарды кейіптеу, өсімдіктер, жануарлар мен басқа планеталық тіршілік иелерімен сөйлесу қабілетін түсінуге болады деп санайды. Осы ертегілер арқылы алғашқы адамдардың табиғаттың танылмаған кейпімен кездескен сайын әлсіздіктерін сезініп, әртүрлі тәсілдер арқылы айналасындағы мықты күштерден көмек алуға тырысқандықтарын түсінуге болады.

Кадден (Cadden) әдеби мәдениетінде перілер туралы ертегілер әралуан ғажайып оқиғаларды басынан кешіріп, содан соң шаттыққа толы өмір сүретін басты кейіпкер – әйел адам немесе ер адамның бақыты мен бақытсыздығы туралы проза тілінде жазылған шығарма. Ертегілердің бұл тобында шын мәнінде аспандық және илаһи тіршілік иелерімен де, ғарыштық және ұлттық оқиғалармен де байланыс жоқ, бірақ таңғажайып оқиғалар бұл ертегілерде басты рөл ойнайды.

 

Құрметті достар, осы тақырыпты келесі бағдарламада жалғастырамыз. Енді сіздермен бірге Иранның аңыз-әңгімелері әлеміне саяхат жасап, "Иран әпсаналары" атты құнды кітаптан сіздер үшін таңдалынып алынған "Титтей" атты ертегінің жалғасын тыңдауға шақырамыз.

Күйеуі үйден қуып шыққан әйел "Титтей" деген дене тұрқы өте-мөте кішкентай бір адам тұратын үңгірге жетіпті. Титтей әлгі әйелді анасындай қабылдап, оған өз үйінде тұруға рұқсат беріпті. Біраз уақыт өткеннен кейін әйел "Титтейдің" рұқсатымен өз күйеуі мен балаларын да үңгірге әкеліп алыпты. "Титтей оларды да әкесі мен бауырлары ретінде қабылдапты. Бір күні "Титтей" әкесінен патша қызына құда түсуге баруын сұрайды. Әкесі келісіп, үстіндегі көнетоз киімімен патша сарайына барыпты. Патша келеке етпек болып, оған қызына құда түсу үшін шарт қойып, өз үйінен патша сарайына дейін тізелері қара түйелерге алтын мен күміс артып, алып келуге бұйырыпты. Әке үйге қайтып оралып, "Титтейге" патшаның қойған шартын айтыпты. "Титтей" бұл шартты қабылдап, өз үйінен патша сарайына дейін түйе жіберіпті. Ал енді ертегінің жалғасын тыңдайық:

Патша түйелерді жинауға бұйрық беріпті. Қараса, түйелердің артынан ешкінің мүйізіне мінген титтей бір адам да келіпті. Патша оған бажайлап, зер сала қарапты. Бұрын-соңды мұндай кішкентай адам көрмесе керек. "Титтей" патша сарайына жеткен бетте сәлемдесіпті. Патша оны қошеметпен қарсы алады. "Титтей" жерге өзінің тері төсенішін жайып отырыпты. Кедей адам: "Мен осы ұлым үшін сіздің, патшаның қызына құда түсе келдім",-депті. Патша таң-тамаша қалыпты, бірақ берген уәдесін бұза алмайтын болғандықтан амалсыздан қызын "Титтейге" беріпті. Қала шырақтармен көмкеріліп, жеті күн, жеті түн тойлапты. Жетінші түні екеуінің некесін қиып, "Титтей" тері төсенішін ешкінің үстіне артыпты да, өзі ешкінің мүйізіне отырып, үңгірге келіпті. Әлі де таңданыстан арыла алмаған патша бірнеше адамды қалыңдық пен күйеу жігіттің артынан олардың қайда баратынын білу үшін жіберіпті. Тыңшылар әлгі екеуінің артынан жүріп отырып, үңгірге жетіпті. Ішіне кірсе, үңгір емес, үлкен үй екен. Ішінде не керектің бәрі бар екен. Үңгірге қанша адам кірсе де, сыя беріпті. Келген адамның бәріне сол кезге дейін олар бұрын жемеген тамақ ұсынылыпты. Тыңшылар қанша қараса да, тамақ жасаған адамдарды таба алмапты. Ол патша сарайына қайтып келіп, көрген-білгендерінің бәрін патшаға баяндап беріп, Титтейдің дию ма, әлде пері ме екендігін түсінбегендіктерін айтыпты. Патша болар іс болып, енді оны өзгерте алмайтынын біліпті. "Титтей" мен патша қызы бірге қуаныш пен шаттықта өмір сүріпті. Бір күні "Титтей" әйеліне: "Мен малды өріске алып кеткен кезде мына тері төсенішіме ие бол, жанып кетпесін. Бұл менің құйрығым. Егер жанып кетсе, мені бұдан былай көрмейсің. Ол кезде аяғыңа темір етік киіп, қолыңа темір таяқ алып, мені іздеуің керек болады. Темір етігің теңгедей, темір таяғың тебендей болған кезде ғана мені табасың",-депті. Патша қызының саусағына сақина тағып: "Бұл сақинаның қасиеті бар. Бір күні керегіңе жарайды",-депті. Бір-екі жыл өткеннен кейін бір күні патша қызы өзіне: ""Титтей" күнде жанып кетпесін деп айта беретін тері төсеніш не өзі? Бір рет сынап көрейінші, не болар екен",-депті. Патша қызы тері төсенішті пештегі отқа лақтырып жіберіпті. Тері төсеніш жана бастаған кезде "Титтей" пайда болып, "Жандым, өртендім" деп айқайлапты да, әйеліне қарап: "Неге былай істедің? Енді мен жоғалып кетемін. Бұрын айтқанымдай, мені табу үшін аяғыңа темір етік киіп, қолыңа темір таяқ қолыңа ұстауың керек",-депті. Патша қызы істеген ісіне өкініп, қайғыдан не істерін білмепті. Ұстаға барып, темір етік пен темір таяқ жасауға тапсырыс беріпті. Темір етік пен темір таяқ дайын болғаннан кейін жолға шығып, жүре беріпті, жүре беріпті. Далалар, таулардан, өзендер мен көлдерден өтіпті. Темір етігі теңгедей болып, темір таяғы тебендей жіңішкерген кезде бір қалаға жетіпті. Бірақ онда адамзат баласы көрінбепті. Қаланы аралап қараса, бір топ адам бір құдықтың басына жиналып, су тартып алып, бір адамның үстіне құйып жатыр екен. Әлгі адам "Жандым, өртендім" деп қайталай береді екен. Патша қызы өзіне: "Мынау "Титтей" болып жүрмесін",-депті. Кенет күйеуі берген сақина есіне түсіп, соны суға толы шелектің ішіне салыпты. Сол суды әлгі адамның үстіне құйғанда тынышталып, бір бұрышқа барып отырыпты. Патша қызы өзінің күйеуін таныпты. Күйеуі: "Маған не істегеніңді көрдің бе? Мен саған тері төсеніштің менің құйрығым екенін айттым ғой. Неге оны өртедің?",-депті. Патша қызы кешірім сұрапты. Екеуі де істің аяқталғаны үшін Құдайға шүкіршілік етіпті. Бірге жолға шығып, өз үңгірлеріне қайтып оралыпты. Қараса, әкесі, шешесі мен бауырлары түйелері мен сиырларын, қойлар мен ешкілерін бағып жүр екен. Олар "Титтей" мен патша қызын көргенде қуанып, құшақ жайып қарсы алып, беттерінен сүйіпті. Осы кезде "Титтей": "Мен перімін. Өз туыстарыма өкпелеп, осында келгем. Мына үңгірде өмір сүріп, мал мен жанның иесіне айналдым",-депті. Барлығы тағы да Құдайға шүкіршілік етіп, сол жерде қалып, бақытты өмір сүріпті.

Тегтер