Иран ертегілері мен аңыздары (58)
Өткен бірнеше бағдарлама барысында қиссашылар мен олардың ауызша және жазбаша дерек көздері жайында сөз қозғадық.
Енді қиссашылардың тыңдарманмен байланысына тоқталайық.
Қиссашылықта тыңдарман мен қиссашы арасындағы байланыс өте жақын. Қиссашы кейде жазылған мәтінге өзі бірнеше сөйлем қосады, кейде әңгіменің ортасында өлең шумақтарын, әзіл-қалжың немесе өзі қалаған кез-келген дүниені баяндайды. Қиссашы өз ойында көрерменнің көңілін аулайтын драма жасайды. Ол тыңдарманды өзінің ойы бойынша біртіндеп ілгерілеуге итермелейді. Ол көрермендердің алдында кейіпкерлерді қалыптастырады. Мәселен, кейде бір палуанның денесін зорайтып сипаттайтындығы соншалықты, оның төбесі жеті қат көкке жетеді-мыс. Қиссашының қиял қабілеті жоғары. Ол көрерменнің ойында бір оқиғаның әртүрлі бейнелері қалыптасатындай жағдай жасайды. Қиссашының барлық талпынысы тыңдарманды тақырыпқа еліктіріп, оларды өз қиялының артынан ерітуге бағытталған. Сөйтіп оларды осы дүниеге деген тәуелділіктен босатып, өз қиялында әдемі дүние жасауға шақырады.
Иранның ауыз әдебиетін зерттеуші доктор Мұхаммад Джафар Махджубтың пайымдауынша, "Қиссашы болғысы келетін кез-келген адам қиссашылықпен жылдар бойы айналысып, өзі таңдаған ұстаздың жанында талмай еңбек етуі қажет. Мұнымен бірге халық қалайтын дүниені жаттап алу үшін өте зерек болуы тиіс. Көрермендердің көңілін аулап, толғанысқа түсіру болып табылатын өз өнерін көрсету үшін күш-қабілеті мол, зерделі болуы қажет".
Қиссашылық барлық көрермен бірдей көретін драмалар мен қойылымдар сияқты емес. Онда әрбір көрермен тақырыпты өз көзқарасы бойынша көреді. Қиссашы дәріс беруге немесе тақырыпты мәжбүрлі түрде түсіндіруге тырыспайды. Ол бір тақырыптан екінші тақырыпқа оп-оңай ауысып жүре береді. Осылайша көрерменді асқан шеберлікпен қайғыдан қуанышқа жетелейді. Оның міндеті – халықтың көңілін аулау. Біра ол бұл іспен саналы түрде айналысады. Ол өзі баяндайтын әңгімелерден ақлақтық және ұлттық нәтижелер шығарып отырады.
Қиссашы өзінің ұстазынан адамды толғандыру үшін сөйлемдерді қалайша баяндау керектігін үйренеді. Қиссашының барлық зейіні көрерменге бағытталады. Бірнеше рет қайталанған хикаялар да қиссашының шебер баяндау тәсілінің көмегімен жаңа туындыдай болып көрінуі мүмкін. Бұл - қиссашының шеберлігі. Қиссашының қимылы мен дауыс ырғағы ерекше бір мақсатта жұмсалады. Мысалы, қиссашы хикаяны баяндау барысында кенеттен қолдарын бір-біріне соғады. Бұл оқыстан орын алған оқиғаны білдіреді. Кейде аянышты дыбыс шығарады. Бұл қайғылы оқиғаның орын алып жатқанын білдіреді. Қиссашы өзі үйренген әртүрлі өнерлерді пайдаланып, бірнеше дастанды қатар айтады немесе бірнеше кейіпкерді бірге сипаттайды. Оның бұл істі эмоционалды түрде орындайтындығы соншалықты, көрермен кейіпкерлердің өзгергенін сезбей қалады.
Ардақты ағайын, бүгінгі әңгімені келесі бағдарламада жалғастырамыз, енді сіздермен бірге Иранның аңыз-әңгімелері әлеміне саяхат жасап, "Иран әпсаналары" атты құнды кітаптан сіздер үшін таңдалынып алынған "Титтей" атты ертегінің жалғасын тыңдауға шақырамыз.
Өткен бағдарламада айтқанымыздай, бір кедейдің жалғыз сиыры болыпты. Ол сиырды сойып, ішек-қарынын тазалаймын дегенде оны байқаусызда тесіп алыпты. Содан әйеліне тесілген қарынмен су әкелуді тапсырады. Әйелі су әкеле алмаған кезде оны үйінен қуып шығыпты. Қар мен суықта қалған әйел пана іздеп жүріп, әдемі де таза үңгірге жетіп, сонда тұрақтап қалады. Үңгірдің иесі "Титтей" есімді бір адам екен. Оның бір қора малы болыпты. "Титтей" күнде бір қой сойып, етін асып қойып, өзі қой бағуға кетіп, кешке қайтып келіп, ет жейді екен. Ол әлгі әйелді өз анасындай қабылдап, өз үңгірінде қалуға рұқсат етіпті. Бір күні әйел балаларын сағынып, "Титтейден" оларды көруге рұқсат алыпты. Содан азын-аулақ піскен ет алып, үйіне қарай аттаныпты. Ал енді әңгіменің жалғасын тыңдайық:
Әйел өз үйіне жетіп қараса, есік жабық тұр екен. Төбеге шығып қараса, күйеуі мен балалары аштықтан әлсіреп, қимылсыз жатыр екен. Сойған сиырдың еті таусылып, үйде тіске басар дәңене қалмапты. Балалар аштықтан жан тапсырайын деп жатыр екен. Осылай қарап тұрғанда кіші ұлы:"О, Құдай, менің ризығымды бер",-депті. Әйел оған жоғарыдан азғантай ет лақтырыпты. Екінші ұлы етті көрген кезде басын жоғарыға қаратып: "О, Құдай, менің де ризығымды бер",-депті. Әйел оған да ет лақтырыпты. Үшінші ұл інілерінің дұғаларының қабыл болғанын көріп: "О, Құдай, менің де ризығымды бер",-депті. Әйел үшінші ұлына да ет лақтырыпты. Бірақ күйеуі ризық сұрағанда әйел оған қарай кірпіштің сынығын лақтырыпты. Күйеуі: "Мұндай ризықты қаламаймын. Басқалардағыдай маған да ризық бер",-депті. Әйел балаларына "есікті ашыңдар" депті. Балалар шешелерінің дауысын естігенде қуанып, есікті ашыпты. Әйел үйге кіріп, күйеуіне қарап: "Мені қуып шықтың. Сиырдың етін жалғыз өзің жедің бе? Қыс бітті, сиырдың еті бітті, мен өлген жоқпын",-депті. Күйеуі: "Жағдайың қалай?",-депті. Әйел: "Паналайтын жер тауып, өмір сүріп жатырмын. Заттарыңды алыңдар да, менімен бірге жүріңдер",-депті. Әйел үйдегі барлық затты жиып-түйіп, күйеуінің арқасына артып, балаларының қолынан алып жолға шығыпты. Жүріп-жүріп үңгірге жетіпті. Қараса, ғажап үй екен. Не қаласа, бәрі табылады екен. Қазан ошаққа қойылып, ішінде ет пісіп жатыр екен. Жайғасып болғанда күн де батыпты. "Титтей" бір табын малымен қайтып оралыпты. Түйелер, қойлар, ешкілер мен бұзаулар өз қораларына жайғасыпты. Бір ешкінің мүйізінде отырған "Титтей" әйелдің күйеуі мен балаларын көріпті. Тез түсіп, олармен сәлемдесіпті. Өте мейірімді "Титтей" әйелдің күйеуін өз әкесіндей, ал балаларды өзінің аға-інілеріндей қабылдапты. Балаларды күнде өзімен бірге далаға алып кетіп отырыпты. Ерлі-зайыптылар үйде қалып, оны жуып-жинастыратын болыпты. "Титтей" мен оның жанұясы осылайша біраз уақыт өмір сүріпті. Бір күні "Титтей" малдан қайтқаннан кейін әкесіне: "Маған патшаның қызын айттыр",-депті. Әкесі ештеңе демепті, тек "осындай түрмен патша сарайына қалай барар екенмін, патшаның сұлу қызын бойы бір қарыс мына ұлға берсін деп қалай айтамын" деп ойлапты. Ол байғұстың тіпті киетін таза киімі де болмапты. Бірақ "Титтей" сұрап тұрған соң амал қанша?... Басына бір жапырақ мата, беліне шәлі байлап жолға шығыпты. Қалаға жетіп, патшаның сарайы қайда деп сұрағанда барлығы оны масқаралап күліпті. Бірақ қалай болғанда да патша сарайына жетіпті. Күзетшілер "Не шаруаң бар?" деп сұрапты. Ол патша қызына құда түсе келгендігін айтыпты. Күзетшілер біраз күлу үшін жылдам оған жол ашыпты. Бірақ сарай ішінде оның жолын бөгемек болғанда патша: "Тиіспеңдер оған. Байғұс қайыр сұрай келген шығар",-депті. Сарайда оны ешкім жылы қарсы алмапты. Бірақ патшаның өзі ишара жасап, жанына отырғызыпты. Бұған барлық адам қызғанышпен қарапты. Бірақ патша артынан жұпыны киінген бұл адамның өз қызына құда түсе келгенін білген кезде барлығы күлетіндей оны аздап келеке етпек болып: "Шартым бар: менің қызымды алғысы келген адам өз үйінің алдынан патша сарайына дейін алтын мен күміс теңгерілген тізесі қара түйелерді алып келуі керек",-депті. Байғұс әке қабылдап, сарайдан шығып, үңгірге қайтып оралып, "Титтейге" патшаның қандай шарт қойғанын айтыпты. "Титтей" қуанып: "Бұл ештеңе емес қой",-депті. Тізесі қара түйелерді тез дайындап, алтын-күмісті қапқа салып, түйелерге артып, бірінші түйенің жүгенін әкесінің қолына ұстатыпты да, өзі ешкінің мүйізіне отырып, түйелердің соңынан жүріп отырыпты. Патша таң-тамаша қалып, амалсыздан жұпыны киген адамды кіргізуге рұқсат береді. Бірақ халық түйелер мен олардың жүгін көрген кезде жұпыны киінген адам осыншама дүниені қайдан алды деп қайран қалыпты.