Сәу 19, 2016 13:01 Asia/Almaty

Қиссашылар мен ертегішілердің шебер психолог екендерін және көрерменнің жағдайына қарай бағдарламаларын орындайтындықтарын айттық.

Олар көрерменді толқытып, толғанысқа түсіруге епті шебер әртістер сияқты. Сонымен қатар, қиссашылық пен ертегі айтуда басқа бір әңгіменің басталуы үшін бір дастан мен хикаяның аяқталуының қажет еместігін, екі немесе бірнеше ертегі-дастанның бір-бірімен араласып, бір хикая болып бітетіндігін айттық. Кейбір зерттеушілердің пікірі бойынша, кез-келген жаңа әдеби шығарманың негізін өткеннен, әсіресе Шығыс әдебиетінен іздеу қажет. Олардың пікірінше, қиссашылықтың осы ерекшелігі, яғни екі немесе бірнеше хикаяның бір-бірімен араласуын қазіргі заман шығармаларының тамыры деп санауға болады.

Қиссашылардың дерек көздері әрбір салада әрқалай. Батырлық-эпикалық жырлар – Иран халқы мәдениетінің ең маңызды бөлігі. Ол үш түрлі тәсілмен жеткізілген: жазбаша баяндау, қиссашылардың баяндауы және тұмарлар жазу. Жазбаша баяндауға жазбаша түрде барша жұртқа, соның ішінде қиссашылардың қолына жеткен ежелгі туындылар жатады. Ал екінші топқа, яғни қиссашылардың баяндауына еш жерде тіркелмеген, тек ауызша ұрпақтан ұрпаққа таралған және ол жөнінде нақты зерттеулер жүргізілмеген ауызекі туындылары жатады. Үшінші топқа, яғни тұмарлар жазуға әу баста ауызша баяндалып, кейін қағаз бетіне түсіріліп, жинақталған туындылар жатады.

Қиссашылар қолданатын материалдардың бірі болып табылатын жазбаша туындылар Фердоусидің «Шахнамасымен» қоса, «Борзунаме», «Гершасбнаме», «Бахманнаме», «Хафт пейкар», «Самнама» сияқты көптеген еңбектер және тарихи-эпикалық поэмалар болып табылатын басқа да бірқатар туындылардан тұрады. Олардың көбісі парсы поэзиясының маңызды әрі беделді мәтіндерінің қатарына жатады. Осы жазбаша дереккөздерінің басқа бір тобы – ауызекі шығармалар. Мысалы, «Хамза құпиялары», «Жәуәнмәрт Самак», «Хұсейн Күрд-е Шабестари», «Әбумуслемнама» мен «Әмір Арслан Намдар». «Жәуәнмәрт Самак» сияқты хикаялардың кейбіреуі Седқ бен Абулқасем Ширази есімді қиссашының аузынан жазылып алынған. Бұл кітапта қиссашылықтың кейбір әдептері, соның ішінде көрерменнен сыйақы сұрау салты баяндалған. Хикаяның негізгі кейіпкері жәуәнмәрт Самак Селжұқтар дәуірінің соңында өмір сүрген. «Жәуәнмәрт Самак» (Самак Айар) романы х.қ.ж.с.б. 6 ғасырда жазылуы мүмкін. Бұл шығармалар парсы әдебиетінің ержүректік пен жәуәнмәрттік жайындағы ең маңызды әдеби туындыларының қатарына жатады.

Енді Иран ертегілері әлеміне саяхат жасап, «Иранның әпсаналары» атты құнды кітаптан таңдалынып алынған «Шүкіршіл Фарамарз» қиссасының жалғасын тыңдаймыз.

Айтып өткеніміздей, бұрынғы өткен заманда бір саудагердің үш ұлы болыпты. Ол ‎қартайған ‎шағында кәсібін ұлдарына қалдырып, өзі ғұмырының соңына дейін ғибадат ‎етпекке шешім қабылдапты. Ол осы ниетпен ұлдарына 100 ‎тұманнан беріп, оларды сынапты. Үлкен ұлы мен ортаншы ұлы зергерлік бұйымдар мен тауар сатып алудың орнына ақшаны сауық-сайранға салыпты. Ал үшінші ұлы 100 тұманды өлген адамның қарызын өтеуге жұмсапты. Әкесі ұлының бұл ісін мақұлдап, тағы бір 100 тұман беріп, зергерлік бұйымдар мен тауар сатып алуға жібереді. Ол әкесінің айтқанын қалтқысыз орындапты. Әкесі өз кәсібін үшінші ұлға тапсырады. Әлгі жігіт Фарамарз есімді нөкерімен бірге сапарға аттанады. Олар орта жолда демалу үшін керуен сарайға тоқтайды. Фарамарз оларды тонағысы келген 40 ұрының көзін жояды. Екінші күні су қоймасына тоқтап, демалады. Фарамарз қасқыр мен түлкінің әңгімесін тыңдап, қала патшасының қызының жынданып кеткенін және оның емінің иттің миы екенін түсінеді. Ол иттің миын қолға түсіріп, оны орамалға орап алып, патша сарайына аттанады. Сарайға келгенде өзін дәрігер деп таныстырады. Қақпашылар оны патшаға ертіп апарады. Фарамарз сәлемдескеннен кейін: «Қызыңызды емдеуге келдім»,-дейді. Патша: «Егер сәтсіздікке ұшырасаң, басқалар сияқты басыңнан айрыласың»,-депті. Фарамарз: «Басым олардан артық емес»,-деп жауап беріпті. Патша оның айтқанын қабылдап: «Енді саған не қажет?»,-деп сұрапты. Фарамарз: «Бір манғал мен бір кесе сірке суын дайындаңыздар»,-депті. Патша барлығын тез арада дайындауға бұйрық беріпті. Патша Фарамарзға қызын ертіп келіпті. Қыз есінен ауысқандықтан, тыпыршып, Фарамарздың бет-аузын тырнапты. Фарамарз иттің былжыраған миынан аздап алып, қыздың мұрнына жағыпты да, кеседегі сірке суының жартысын қыздың басына құйыпты. Қыз дір етіп: «Мына бөгде адам бұл жерде не істеп жүр?»,-депті. Фарамарз қызды тыныштандырып, өзін оны емдеуге келген дәрігермін деп таныстырыпты. Содан соң патшаға қызың жазылды деп хабарлаңдар депті. Патша әйелімен келіп қараса, қыздары ақыл-есі дұрыс, бір бұрышта отыр екен. Патшаның бұйрығымен қаланың түкпір-түкпіріне шырақтар іліпті. Фарамарзды салтанатпен патшаның алдына апарыпты. Ол Фарамарзға шапан жаппақ болыпты. Бірақ Фарамарз оны қабылдағысы келмейтіндігін айтыпты. Патша: «Фарамарз менің қызымды емдеп, жазғандықтан оған үйленуі керек»,-депті. Бірақ Фарамарз әйел алуды қаламайтындығын, бірақ өзінің қожайыны барын, сол қаласа, патша қызын оның қожайынына бере алатындығын айтыпты. Содан соң керуенге қайтып оралып, қожайынына басынан өткен оқиғаның барлығын баяндап беріпті. Содан соң екеуі бірге патша сарайына келіпті. Патша алтын орындық әкелуге бұйрық береді. Үшінші ұл сол орындыққа отырғанда патша: «Менің қызыма үйленуің керек»,-депті. Жігіт алдымен келіспейтіндей сыңай танытқанымен, бірақ артынан келісім беріпті. Патша қызы мен әлгі жігіт некелесіпті. Қала халқы жеті күн, жеті түн тойлапты. Біраз уақыт өткеннен кейін олар зергерлік бұйымдар тиелген 50 жүк, 10 нөкер мен күңді алып, жолға шығыпты. Келесі бір мекенге жеткенде Фарамарз: «Енді көңілім тыныш, өйткені нөкерлердің саны көбейді»,-депті. Сол жерге жайғасыпты. Фарамарз әдеттегідей жүктердің үстінде жатса, бір адам басқа бір адамның басын ұстап алып, келе жатыр екен. Жеткен кезде басты Фарамарздың алдына, жүктің үстіне қойыпты. Фарамарз қылышын алып, әлгінің мойнын үзейін деп серпігенде қылыш оның мұрнына тиіп, мұрынның бір бөлігі жерге түсіп қалыпты. Фарамарз жылдам әлгі қиындыны алып, қалтасына салып қойыпты. Таң атыпты. Керуеншілер таңғы астарын ішіп болған соң, Фарамарз жүкті жинап жолға шығыпты. Сөйтіп, бір қаланың қақпасына келіпті. Қақпашы есікті ашқанда патша ұлының басының жүкттң үстінде жатқанын көреді. Фарамарзды ұстап алып, қолын байлап патша сарайына апарып: «Патшаның ұлын өлтірген кісі осы»,-депті. Патша оны өлтіруге бұйрық беріпті. Фарамарз: «Мен ешкімді өлтірген жоқпын. Бірақ патша ұлын өлтірген адамды көрсете аламын. Бірақ ол үшін патша барлық адамға менің алдымнан өтуге бұйрық беруі керек»,-депті. Халықтың барлығы алдынан өтіпті. Фарамарз: «Бұлар емес, тағы бір адам қалып тұр»,-депті. Патша кімнің келмегенін жақсылап тексеруге бұйрық беріпті. Патшаға тек уәзірдің ұлы ауырып төсек тартып жатқандықтан келмегені хабарланады. Фарамарз: «Келуі тиіс»,-депті. Патша уәзір ұлын алып келуге бұйрық беріпті. Ол келген кезде жұрт оның өз бетін орамалмен таңып алғанын көріпті. Фарамарз оны көргенде қалтасындағы мұрынды алып шығып: «Патшаның ұлын өлтірген осы»,-депті. Содан соң болған оқиғаны патшаға баяндап беріпті. Патша уәзірдің ұлын дарға асуға бұйрық берген соң, Фарамарзға қарап: «Ұлымды өлтірген адамды тапқандықтан менің қызыма үйленуің керек»,-депті. Фарамарз әйел алуды қаламайтындығын, өзінің қожайыны барын, егер патша қаласа, сол қожайынына қызын тұрмысқа бере алатынын айтады.

Тегтер