Иран ертегілері мен аңыздары (54)
Қиссашылардың шайханалар мен басқа да қоғамдық орындарда қарапайым халық үшін батырлық дастандарды баяндайтындығын айттық.
Әрбір қиссашы дастанның бір түрін айтудың шебері болып табылады. Біреуі «Шахнама» дастандарын айтады. Екіншісі ғашықтық дастандарды баяндайды. Сондай-ақ, қиссашының тыңдарманды тарту үшін әртүрлі құралдарды пайдаланатындығын айттық. Олардың ең маңыздысы – оның дауыс ырғағы мен баяндау тәсілі.
Қиссашылар – тәжірибелі психологтар. Олар тамашалаушылардың хал-ахуалына орай бағдарламасын орындап, жұрт назарын өзіне көбірек аударуға тырысады. Қиссашылар өзін де, тамашалаушыны да жақсы бақылауда ұстайды. Өзінің дауыс ырғағымен өзі қалаған немесе дұрыс деп санаған жерде элементтерді үлкейтіп көрсетіп, тіпті сәл-пәл тоқтау арқылы тыңдарманның назарын өзіне аударады.
Қиссашы қолы мен басын қозғалту арқылы, әсіресе қол шапалақтау немесе аяқпен жер тебіну, сондай-ақ дастанды ең қызықты жерінде тоқтату, тыңдарманды толқыған күйде қалдыру ісі бойынша ерекше шебер. Ол шын мәнінде сахнасы да, сансыз әріптесі де жоқ шебер әртіс. Оның қойылым сахнасы – сол мінбер. Оның қабырғасына жабыстырылған суреттер көбіне тарихи тұлғалар, батырлар немесе Пайғамбар әулетінің ұрпақтарын бейнелейді. Қиссашы кейде дастанның ортасында музыкалық қолдаусыз ән айтады. Қиссашылық оңай жұмыс емес. Басқасын бастау үшін дастанның аяқталуы қажет емес. Кейде екі немесе бірнеше дастан бір-бірімен араласып, бір дастан ретінде аяқталады.
Ал енді Иран ертегілері мен аңыздары әлеміне сапар жасап, «Иранның әпсаналары» атты құнды кітаптан алынған «Шүкіршіл Фарамарз» қиссасының жалғасын тыңдаймыз.
Бұрынғы өткен заманда бір саудагердің үш ұлы болыпты. Ол қартайған шағында кәсібін ұлдарына қалдырып, өзі ғұмырының соңына дейін ғибадат етпекке шешім қабылдапты. Ол осы мақсатына жету үшін ұлдарына 100 тұманнан беріп, сынапты. Үлкен ұлы саудаға қажетті зергерлік бұйымдар мен тауарларды сатып алудың орнына ақшаны ойын-сауыққа салыпты. Екінші ұл да теріс жолға түсіп, 100 тұманды бір күнде жоқ қылып, ішімдік пен ойынға салған екен. Бірақ үшінші ұлы 100 тұманды талапкерлері сабап жатқан өлген адамның қарызын өтеуге жұмсайды. Осылайша бір өлген адамды құтқарады. Әкесі оның бұл ісіне разы болып, тағы да 100 тұман беріп, саудаға қажетті зергерлік бұйымдар мен тауарлар сатып алуға жібереді. Ол әкесінің айтқанын істейді. Әкесі баласының қолынан іс келетінін түсінгенде оған өзіне нөкер таңдап алуға тағы бір 100 тұман берді. Ол жұмыс іздеп жүрген «Фарамарз» есімді жалаңаш адамды өзіне нөкерлікке таңдап, оған сапардың керек-жарақтарын дайындауға бұйрық береді.
Фарамарз бұйрықты орындап, таңертең ерте тұрып, елу қашырды дайындап, жүкті тиеп, қожайынының нан-шайын даярлап болған соң, оны оятады. Қожайын тұрғанда барлық нәрсенің дайын екендігін көріп, Фарамарзға: «Жарайсың! Епті де шапшаң екенсің. Жұмысты дұрыс атқара алады екенсің»,-дейді. Ол таңғы асын тезірек ішіп, әкесімен қоштасыпты. Әкесі оған «Мына жолмен жүрсең, жол бойында керуен сарай мен су қоймасы орналасқан. Естеріңде болсын, керуен сарайға да, су қоймасына да қонбаңдар. Сол жерге жақынырақ бір жерге тұрақтаңдар» деген кеңес береді. Баласы әкесіне оның кеңесін ұмытпайтындығын айтып сендіреді. Содан соң әкесімен қоштасып, Фарамарзбен бірге жолға шығады. Жүріп келе жатып, жүріп келе жатып керуен сарайға жетіпті. Фарамарз жүкті түсіргенде қожайыны оған: «Әкемнің керуен сарайға қонбаңдар дегенін ұмытып кеттің бе?»,-дегенде Фарамарз оған: «Алаңдамаңыз, ештеңе болмайды»,-деп жауап береді. Қожайыны үндемейді. Фарамарз кешкі асты дайындап, қашырларды байлапты. Олар кешкі астарын ішіп, қожайын ұйықтаған кезде Фарамарз жүктің үстіне жатыпты. Біраз өткеннен кейін қараса, алыстан шам жарығы көрінеді. Ол ақырын-ақырын жақындап келеді екен. Фарамарз орнынан тұрып, қараса, қашырлардың арасында асау қашыр жатыр? екен. Сол жануарды тез тұрғызып, жарыққа қарай жіберіпті. Біраз уақыт өткеннен кейін қараса, жақын келген жарық сөніп қалыпты. Асау қашыр беті-басы қанға бөгіп, қайтып келіпті. Фарамарз орнынан тұрып, қашырдың арқасынан сипап, аузына тәтті салып еркелетіпті де, орнына барып жатыпты. Ертеңіңде таңертең керуен сарайдың сыртына барып қараса, 40 мәйіт жатыр екен. Тез қайтып келіп, қожайынын оятыпты да, таңғы астарын ішіпті. Қожайын асау қашырды анадай күйде көрген кезде Фарамарздан: «Мына асау қашырдың беті неге қанға бөккен?»,-деп сұрапты. Фарамарз қожайынын ертіп, сыртқа апарып: «Мына өліктердің кімдер екенін білесің бе?»,-деп сұрапты. Қожайыны қайран қалып: «Не болды? Мыналар кімдер?»,-деп сұрапты. Фарамарз: «Бұлар әкең қорыққан ұрылар»,-депті. Қожайын қуанып, Фарамарзге «жарайсың» деп, жүкті тиеп, жолға шығуға бұйрық беріпті. Керуен жолға шығып, біраздан соң су қоймасына жетіпті. Фарамарз жүкті түсіріпті. Қожайын осы жолы да көзі су қоймасына түскен кезде: «Әкемнің түнде мұнда қонбаңдар деп айтқан кеңесін ұмытып кеттің бе?»,-депті. Фарамарз: «Ештеңе болмайды»,-депті. Керуен сарайдағыдай жүкті түсіріп, кешкі асты дайындапты. Қожайын тамағын ішіп алғаннан кейін ұйқыға кетіпті. Фарамарз жүктің үстіне жантайыпты. Біраз уақыттан кейін қараса, су қоймасына қарай қасқыр мен түлкі келе жатыр екен. Қасқыр түлкіден: «Түлкі аға, мұнда не істеп жүрсің?»,-деп сұрапты. Түлкі оған: «Сен өзің бұл жерде не істеп жүрсің?»,-деп жауап беріпті. Қасқыр: «Мен күнде кешке бұл жерге аң аулауға келемін. Қазір жақын жерде бір отар қой жайылып жүр. Шопанның үлкен иті бар. Ол аң аулатпайды. Бүгін қарным қатты аш. Қала жаққа барып қарасам, бірнеше адамның кесілген басын дуалға іліп қойыпты. Бұл адамдар не істеп қойды деп сұрасам: «Бұл қаланың патшасының қызы жынданып кеткен. Оны жаза алмаған дәрігердің басы кесіліп, мұнараның басына ілінеді деп жауап берді»,-депті. Фарамарз қасқыр мен түлкінің барлық сөзін естіп алып, таңның атқанын күтіпті. Алдымен қожайынының ас-суын беріп, сосын ақша алыпты да, «тез қайтып келемін» деп жолға шығыпты. Содан соң қой баққан шопанға барып: «Итіңді сатасың ба?»,-депті. Шопан: «Егер итім болмаса, қойларымнан ештеңе қалмайды»,-депті. Фарамарз: «Қойларың қанша тұрады?»,-депті. Шопан: «100 тұман тұрады»,-депті. Фарамарз шопанға 100 тұман беріпті де: «Мынау қойларыңның ақшасы. Егер қасқыр оларды жарса, міне ақшасы. Егер аман қалдырса, сен пайда табасың»,-депті. Шопан итін беріпті. Фарамарз итті он қадам ары қарай апарып, оған бір тілім нан беріпті де, арқасынан сипапты. Фарамарз өзімен бірге тас алып келген екен. Ит ұйқыға кеткенде, таспен оның басынан ұрып, миын алып, орамалға орап, қалтасына салып алыпты да, әлгі патшаның жынданған қызы тұратын қалаға қарай аттаныпты. Фарамарз халықтан: «Сендердің қалаларыңда неге адам басы ілінген?»,-деп сұрапты. «Бұл қала патшасының қызы жынданған. Оны емдеуге барған адам қауқарсыз болып шықса, басы кесіліп, мұнараға ілінеді»,-деп жауап беріпті. Фарамарз патша сарайына барып, өзін дәрігер деп таныстырыпты.