Иранның ертегілері мен аңыздары (53)
Қиссашылардың шайханалар, қоғамдық орындар немесе алаңдарда ерекше әдет-ғұрыптар негізінде эпостық, батырлық және ұлттық дастандарды баяндайтындығын айттық.
Қиссашылардың негізгі тыңдармандары – қарапайым халық. Қиссашылықта декорация жасау болмайды, қиссашы тіпті киімін де ауыстырмайды. Тек таяқшасын құштарлық пен толқыныстың белгісі ретінде ерекше әрекеттермен қозғалтады. Қиссашы алдымен дұға оқиды, содан соң салауат айтып, өзінің таяқшасымен хикая айтуды бастап, оны ырғақпен қозғалтады.
Қиссашыны тыңдап отырған халық тамақ жеуге, сусын ішуге, кіріп-шығуға ерікті. Бірақ қалай болғанда да, олардың көңілдері қиссашыда болады. Қиссашының дастанды нақышына келтіріп баяндайтындығы соншалықты, «Рүстем мен Сұхраб» дастаны баяндалғанда «Сұхрабтың өлімі» деген бөлімге жеткен кезде тыңдармандардың барлығы жылайды. Кейбіреулер Сұхрабтың өліміне жеткен кезде жиынды тастап, сыртқа шығып кетеді. Тіпті кейбіреулері Сұхрабтың Рүстемнің қолынан өлтірілетін жерін айтпауы үшін қиссашыға ақша береді. Мұны «гүлризан» (гүл шашу) деп атайды.
Қиссашылар кейде маңызды отырыста үстеріне сауыт киеді. Мұндай жиындарда Сұхрабты өлтіру сахнасына ақсақалдар шақырылады. Қиссашылық жиындардың көбі жұма күні кешке таман өткізіледі.
Қиссашылар көбінде ақлақтық қорытынды шығарады. Ұлттық рәсімдерді жандандыратын қиссашылық әдетте диалог және өлеңмен қатар жүреді. Шамамен 200 көрермен сыятын кеңістікте 1-2 сағатқа жуық уақытқа созылады. Қиссашының дастанның басты кейіпкерін әсерлі сипаттайтындығы соншалықты, тыңдармандар оған еліте түседі. Қиссашы кейде өз қалауы бойынша тақырыпты ауыстырады. Егер көрермендердің шаршағанын байқаса, олардың көңілін көтеріп, дастанға тартуға тырысады.
Әдетте бір қиссашы дастанның бір түрін баяндауға шебер. Біреуі «Шахнама» айтудан алдына жан салмайды. Бұл қиссашылықтың ең маңызды түрі. Ал екіншісі өлеңмен өрілген ғашықтық дастандарды баяндауға шебер. Қиссашының дауысы көрермендерді тартуда маңызды рөл атқарады. Оның баяндау қабілеті тәжірибесіне байланысты. Кейбір қиссашылар бала кездерінен басқа қиссашыларды тыңдап, біртіндеп осы іске қызығып, өздері де хикая-дастан айтушыға айналады. Қиссашылық мұра ретінде берілмейді. Қиссашының жанұясынан біреудің әке жолын жалғастыруы өте сирек кездеседі.
Ардақты достар, әңгіменің жалғасын келесі бағдарламаға қалдырамыз. Енді сіздермен бірге Иранның аңыз-әңгімелер әлеміне саяхат жасайық.
Бұрынғы өткен заманда бір саудагер болыпты. Оның үш ұлы бар екен. Ол қартайып, қауқары қайтқан шағында үлкен ұлын шақырып алып: «Мен енді қартайдым. Енді жұмысқа жарамаймын. Кәсібімді бұдан былай сенің қолыңа тапсырғым келеді. Бірақ алдымен сенің бұл іске жарайтындығыңа сенімді болуым қажет»,-депті. Саудагер өзінің ұлын сынамақ болып, оған 100 тұман береді. Осы ақшаға зергерлік бұйымдар немесе өзі қалаған тауарды сатып алып, сонымен сауда қылсын деп ойлапты. Ұлы әкесінің сөзін қабылдап, 100 тұманды алып, жолға шығыпты. Ол бар ақшасын сауық-сайранға жұмсапты. Ертеңінде қалтасы бос, әкесінің үйіне құралақан қайтып оралыпты. Әкесі ұлының жағдайына қарап, оның сауық-сайран құрып, бүкіл ақшаны далаға шашқанын түсініпті. Бірақ сонда да одан: «Не істедің?»,-деп сұрапты. Ұлы: «Ақшаны құрттым»,-депті де, не істегенінің барлығын әкесіне баяндап беріпті. Әкесі басын шайқап: «Сен саудаға лайық емессің. Не істесең де, өзің біл»,-депті. Содан соң нөкерін екінші ұлды шақырып әкелуге жіберіпті. Екінші ұл келгенде: «Кеше ағаңды шақырттым. Оған өз жұмысымды атқарып болғанымды, енді шаршап, қартайғанымды айттым. Қолына ақша ұстатып, менің орныма барып кәсіп ашуға жібердім. Бірақ жетесіз ағаң барды да бүкіл ақшаны сауық-сайран құруға жұмсады. Ол жұмыс істейтін адам емес. Енді одан ештеңе шықпаған соң, саған 100 тұман беремін. Сен де ағаң сияқтысың ба, әлде керісінше еңбек пен талпыныстың адамы ма екенсің, көрейін. Егер осы істе өзіңді жақсы көрсетсең, саудамды саған тапсырамын. Ал өзім өмірімнің соңын ғибадат етумен өткіземін»,-депті. Ұлы әкесінің сөзін қабылдап, ақшаны алып, базарға аттаныпты. Бірақ екінші ұл да бірнеше нашар жолдасының тұзағына түсіп, бір түнде 100 тұманды ішімдік пен ойынға салып құртып, ертеңінде құрқол үйге қайтып оралыпты. Әкесі: «Ақшаны не істедің?»,-деп сұрапты. Бұл да ағасындай жауап қайтарыпты. Әкесі оған да: «Жөніңе кет. Сен де ағаң сияқты әкеңнің орнын басуға лайық емессің. Мұндай іспен екеуіңді де сормаңдай тағдыр күтіп тұр»,-депті.
Әке соңғы оғын садаққа салып, үшінші ұлын шақыртып алып: «Ағаларың еңбек пен саудаға лайық емес екендіктерін көрсетті. Оларды ауыр болашақ күтіп тұр. Енді сен мына 100 тұман ақшаны ал да, базарға барып, қалаған тауарыңды сатып алып, басқа қалаға бар да, саудамен айналыс»,-депті. Ұлы 100 тұманды алып, базарға қарай бет алыпты. Орта жолда біреулердің бір ер адамды ағашқа байлап, оны шыбықпен ұрып жатқанын көріпті. Жақындап келіп: «Оны не үшін ұрып жатырсыңдар?»-деп сұрапты. Оған: «Жөніңе кет. Басқаның ісіне араласпа»,-депті әлгілер. Сонда бала: «Араласқым келмейді. Тек маған болған оқиғаны баяндап беріңдер, мүмкін сендердің қиындықтарыңды шешіп бере алармын»,-депті. Ұрып жатқандардың біреуі: «Мына адам бізге 100 тұман ақша қарыз. Ол өліп қалды. Енді одан ақшамызды қайтару үшін шыбықпен ұрып жатырмыз»,-депті. Бала: «Өлген адам ештеңені түсінбейді ғой. Тезірек босатындар, жуып, кебінге орап, жерлеңдер. Сосын мен сендерге оның 100 тұман қарызын қайтарамын»,-депті. Әлгілер баланың бұйрығын орындапты. Жұмыстары біткен соң бала оларға 100 тұман ақшасын беріпті де үйіне қайтып оралыпты. Әкесі: «Сен ақшаны қайда жұмсадың?»,-деп сұрапты. Ұлы: «Өлген адамды құтқардым»,-деп жауап беріп, болған оқиғаны әкесіне баяндап беріпті. Әкесі: «Өте жақсы іс жасадың. Енді мына 100 тұманды ал да, тауар сатып ал»,-депті. Ұлы ақшаны алып, зергерлік бұйымдар мен керек-жарақ сатып алып, әкесіне қайтып оралыпты. Әкесі бұл баласының еңбекке бейім екенін көргенде оған өзіне нөкер сатып алуға тағы да 100 тұман беріпті. Бала базарға барып, қанша айналса да, нөкер таппапты. Сөйтіп жүргенде қаланың қақпасына жетіпті. Сол жерде үстінде лыпасы жоқ жалаңаш адамның қақпадан кіріп келе жатқанын көріпті. Ол оған «Нөкерің болайын» депті. Әлгі бала өзіне нөкер болатын адам таппаған соң, жалаңаш адамды ертіп, әкесінің үйіне қайтып келіпті. Әкесі оны көре салып: «Жалаңаш адамды неге ертіп әкелдің?»,-деп сұрапты. Ұлы: «Қанша жар салсам да, ешкімді таппадым. Нөкер болғысы келетін тек осы адамды көрдім. Кісі таппаған соң, осыны ертіп келдім»,-депті. Саудагер жалаңаш адамнан атын сұрапты. Ол «Фарамарз» деп жауап берген соң, оның үстіне киім oеріпті. Содан соң: «Ертең таңертең жолға шығамыз. Жүктерді тиеп, таңғы асты даярлап қоюың керек. Күн шығысымен аттанамыз»,-депті.