Сәу 19, 2016 13:05 Asia/Almaty

Қиссалардың көбінесе қиял-ғажайып сипатқа ие екендігін және қиссашы мен тыңдаушының арасындағы қатынас мұғалім мен шәкірттің арасындағы қарым-қатынастай екендігін, қиссашының дастан арасында ақыл-кеңес беріп отыратындығын айттық.

Сонымен қатар бүгінде қиссашылардың шайханалар, қоғамдық орындар немесе алаңдарда ерекше әдет-ғұрыптар арқылы эпостық, батырлық және ұлттық дастандарды баяндайтындығын айттық. Қиссашының өзі –актер, өзі – диктор, өзі – режиссер.

Зерттеушілер қиссашылықты тайпалық қоғамнан, яғни от маңы мен орманда билеуден басталады деп санайды. Олардың пайымдауынша, қиссашылық алдымен бір оқиғаны әртүрлі жағдайда баяндайтын бір адамның қойылымы түрінде болды. Кейбіреулер оны бірнеше адамдық қойылымның бастауы дейді. Кейбір куәлер мен тайпалардың ақсақалдарының сөздеріне сүйенетін болсақ, алдымен бір тайпаның адамдары немесе бір топ адам бір ортаға жиналып, тайпа көсемінің айтқандарын тыңдаған деп айтуға болады. Онда шынайы оқиға, аңыз-әңгіме мен сиқыршылық туралы хикаялар баяндалатын болған.

Қисса мен дастан көбінесе азаматтық қоғамдарда халық арасында әртүрлі қалыптарда таралған. Ибн Надим «әл-Фехрест» атты еңбегінде қисса айтудың тарихын алғашқы ирандықтармен байланыстырады. Қиссашылар халық жиналатын жерлерге барып, әртүрлі қиссалар айтатын. Қазіргі қалыптағы қиссашылық х.қ.ж.с.б. 10 ғасырда (16 ғасырда) өте кең таралып, көбінесе «Шахнаманың» дастандарына арналды. Қиссаның ең негізгі тыңдарманы қарапайым халық болып табылады. Иранда «Шахнама» оқу қоғамдық және ұлттық театр сияқты қарапайым адамдардан құралады және ешбір топ пен идеологияға немесе жүйеге жатпайды.

Қиссашылықта жалпы декорация жасау деген болмайды. Қиссашы тіпті киімін де ауыстырмайды. Тек өзінің таяқшасын толғаныс пен толқынды білдіретін ерекше белгілермен қозғалтады. Таяқша – оның жұмыс құралы. Қиссашы үнемі көрерменге қарап сөйлеп, оларды дастанға сендіруге тырысады. Қиссашы көрермендерден сәл жоғары жерде тұрады, бірақ кейде ақша жинау үшін көрермендердің арасына кіреді. Қиссашының жалақысын шайхананың иесі береді, бірақ кейде көрермендер де оған сыйақы ретінде ақша ұсынады.

Қиссашы қай жерде бағдарлама орындағысы келсе де, оның негізгі жұмыс құралы – бір қарапайым сахна мен таяқша. Әдетте тұрып дастан айтатын қиссашының алдына жеткіншек бала, қиссашының достарының бірі немесе одан кейін қиссашы болатын адам отырып алып, ән айтқанда негізгі қиссашы сахнаға көтеріледі. Егер ашық алаңқайда сахна болмаса ол халықтың ортасында тұрады. Негізгі қиссашы дұға оқып, содан соң салауат айтып, дастанын бастап, таяқшаны дастанның ырғағымен қозғалтады.

Ардақты ағайын, бұл тақырыпты келесі бағдарламада жалғастырамыз. Енді Иранның ертегілер әлеміне сапар шегіп, «Келиле мен Демне» кітабынан алынған «Тағдыр» атты хикаяның жалғасын тыңдауға шақырамыз.

Өткен бағдарламаларда төрт адамның бір-бірімен жолда кезіккенін айттық. Бірі – шахзада, ‎екіншісі – саудагердің баласы, үшіншісі – сұлу жігіт, ал ‎төртіншісі күш-‎құдіреті мол егіншінің баласы болған екен. Олардың барлығы кедей болыпты. Олардың әрқайсысы табыс табудың өзіндік идеясы мен сипаттамасына ие болыпты. Әлгі төртеу шаршап-шалдығып келіп, қала маңына орналасыпты. Күнде әлгі төртеудің біреуі өзі айтқан табыс табудың сипаттамасы бойынша қалаға барып, достары үшін азық тауып әкеліп жүріпті. Сондай-ақ өзінің ойын қаланың дарбазасына жазып қойыпты. Төртінші күні шахзаданың кезегі келіпті. Оның қалаға бару кезегі сол қаланың патшасының өлімімен дөп келіпті. Ол сонда тыңшы ретінде қолға түсіпті. Шахзада өзінің өткен өмірін қаланың үлкендеріне баяндап беріпті. Қала үлкендері ол патшаның ең жақсы орынбасары бола алады деген нәтижеге келіпті. Жас патша әлгі жазбалардың жанына: «Ақыл, талпыныс пен сұлулық тек ‎Құдайдың қалауы мен тағдырдың орайы ‎болып тұрған кезде ғана нәтиже ‎береді. Мына менің біркүндік бақытым – ‎осы сөзімнің дәлелі‎»,-деп жазуға бұйрық беріпті. Ол достарын қасына алып келуге бұйрық беріп, олардың әрқайсысын бір лауазымға тағайындайды. Ол содан кейін ақсақалдар мен ғұламаларды жинап алып, оларға өзі мен достарының ойларын баяндап беріп, «Барлық іс Құдайдың ‎қолында. Оның қалауынсыз ақылды деген адамның өзі ‎де ештеңеге ‎жетпейді»‎ деген нәтиже шығарды.

Халықтың ортасынан қарт адам тұрып: «Ғұмыр жасың ‎ұзақ болсын, жас патша. Сіздің айтқандарыңыздың барлығы ақыл ‎мен ‎даналықтың кемелдігінен шығып отыр. Егер Құдайдың қалауы ‎болмаса, сіз ‎осы патшалыққа жетпеген болар едіңіз. Егер рұқсат етсеңіз, бастан кешкен бір оқиғаны баяндап берейін»,-деді.

Жылдар бұрын, жастық шағымда сол замандағы үлкендердің біріне қызмет еттім. Жастық шағым желдей есіп өте шықты. Мен біртіндеп «Бұл дүние жалған, құнсыз» деген нәтижеге жеттім. Бір түні ойланып, өз-өзіме: «Мыңдаған патша мен билеушінің кеудесінен кері итерген дүниеге жаныңды бердің. Мүмкіндік барда өз-өзіңе кел, уақыт аз, өмір қысқа»,- деп ескерту жасадым. Шешімімді қабылдап, қызметтен кетіп, ғибадат етуге кірістім. Бір күні базарда жүргенімде қолына екі құсты қондырып алып, сатып алушы іздеп жүрген аңшыны көрдім. Мен әлгі екі құсты құтқарғым келді. Одан құстардың бағасын сұрадым. Аңшы: «2 дирхам»,-деді. Менде де 2 дирхамнан басқа ақша жоқ еді. Егер оған осы екі дирхамды берсем, өзіме ештеңе қалмайды деп ойладым. Не істеуім керек еді? Ішімнен бір үн: «Оларды сатып алма»,-деді. Ал екінші үн: «Екі дирхамды бер де, оларды сатып ал. Құдай Ұлы! Ол ризық беруші»,-деді. Құстарға жаным ашыды. Тәуекел еттім де, құстарды сатып алдым. Тордың есігін ашып, құстарды босатып жібергім келді. Бірақ басқа біреу оларды ұстап алар деп қорықтым. Қаланың сыртына бардым да, әлгі екі құсты жасыл орманға жібердім. Құстар қуаныштан бұтақтан-бұтаққа секіріп, шаттықтың күйін шертті. Олар маған рахметтерін айтып: «Сен біз үшін үлкен іс істедің. Бізді 2 дирхамға сатып алдым деп ойлама. Сен екі құсты қапастан құтқардың. Оларға өмір мен бостандық бердің. Егер біз мыңдаған қазынаны сенің аяғыңа төксек те, саған деген борышымызды өтемеген боламыз. Біз қазір мына ағаштың түбінен үлкен қазына көріп отырмыз. Жерді қазып, қазынаны өзіңмен алып кет»,-деді.

Қатты таң қалып: «Сендер жер астындағы қазынаны көресіңдер, бірақ қалайша аңшының торына түсіп қалдыңдар?»,-дедім. Олардың бірі: «Құдайдың қалауы солай болған шығар. Бізді торға түсіріп, қазынаны көргізген – Құдайдың хикметі»,-деп жауап берді. Жерді қазып, үлкен қазына таптым. Бірақ өзімді дүниенің затымен ластағым келмеді. Сол жерде қазынаны жасырып қойдым. Егер патша қаласа, оны әкеп беремін.

Жас патша: «Жоқ, бұл қазына саған лайық. Сен бұл ісіңмен ізгіліктің ұрығын тараттың. Егер шынымен-ақ саған қажет болмаса, алып кел, кедейлердің қажетіне жаратайық»,-деді.

Осылайша жолда кездесіп, белгісіз тағдырға аяқ басқан біздің қиссаның 4 кейіпкері Алланың қалауымен бақыт пен шаттыққа кенелді. Олардың барлығы Құдайдың қалауының ең биік қалау екендігін, әрбір адам тағдырының Оның қолында екендігін түсінген еді.

Тегтер