Сәу 19, 2016 13:11 Asia/Almaty
  • Иран ертегілері мен аңыздары (15)

Бағдарламамыздың өткен бөлімдерінде мақалдардың ерекшеліктерін, соның ішінде мақалдың қысқа болғандығына қарамастан нұсқа мағынаны жеткізетіндігін қарастырдық.

Мақалдардың тағы бір ерекшелігі – олардың халық арасында кең таралуы. Халық арасында таралу дегеніміз – қарапайым халықтың мақалдарды олардың құрылымын өзгертпестен, сөз арасында қолдануы. Зерттеушілер бір сөйлемнің, не өлең жолдарының мақалға айналуының негізгі шартын оның халық арасында қолданылуы деп санайды, сонымен қатар олардың пікірінше, халық мақалдарға өміршеңдік сыйлап, әдемі өлең жолдары мен дана сөздер немесе бір сөйлемнің кең таралуына себеп болады. Нақты айтқанда, белгілі бір үндеуге ие сөз халық арасында қолданысқа ие болып, сөз арасында көп қайталанған кезде ғана мақалға айналады. Мақалдың ерекшеліктерінің қатарына оның ғибрат пен тағылымға ие болуы да кіреді. Мақалдардың ғибратты әрі өнегелік сипаты оларды сөз арасында бір істің орындалуына немесе орындалмауына дәлел ретінде айтуға қолайлы жағдай туғызады. Мақалдың дәл осы ерекшелігі үшін зерттеушілер оны қоғамдағы ахлақи ұстамдылықтың факторы деп атайды. Мақал мейірімді ұстаз сияқты қарапайым тілі және жүрекке қонымды сөздерімен адамдарды әдеп пен әдетті үйренуге шақырады. Әрбір адам мақалды тыңдағаннан ләззат алады әрі оны үйренуден жалықпайды. Бүгінгі күні парсы мақалдарының молдығы Иран халқының арасында ахлақи тағлымдардың көп болуы мен олардың кең таралуын және халық арасында ахлақтың үстем болуын білдіреді. Иран халқының ерте заманнан даналықпен аты шыққан. Ал парсы әдебиетіндегі сопылық, ахлақи және тағлымдық туындылардың молдығы соған айғақ. Бағдарламамыздың бүгінгі бөлімінің тақырыбына сүйене отырып, назарларыңызға халық арасында мақалға айналып кеткен "Ұрының серігі, күзетшінің досы" атты тағылымы мол хикаяны ұсынамыз. Бұрынғы заманда саудагерлер өз тауарларын жылқыға немесе түйеге артып, бір қаладан екінші қалаға апарып, сатып, сауда жасап, пайда табатын болыпты. Бірақ жол қауіп-қатерге толы еді. Жолдардың бұрылыс-қалтарыстарында қарақшылар сауда керуендерін торуылдайды екен. Керуендер жеткен кезде түн қараңғылығын пайдаланып, оларға шабуыл жасап, бар мүліктерін тонап кетеді екен. Сол себепті ұрылардың шабуыл жасауына мүмкіндіктерді азайту үшін саудагерлер топ-топ болып сапар шегетін болыпты. Күндердің күнінде бір керуен басқа бір қалаға сапар шегіпті. Ол керуенде бірнеше саудагер бар еді. Саудагерлердің әрқайсысы бара жатқан қалада сату үшін өздерімен бірге біраз мөлшерде тауар алыпты. Керуен бір-екі күн жүргеннен кейін қарақшылардың шабуыл жасауы үшін қолайлы бұрылыс-қалтарысы мол бір жерге жетеді. Саудагерлер шабуылдан қорқып, көңілдері алаңдаулы еді. Күн батқаннан кейінгі түн қараңғылығы керуен адамдарының қаупін арттыра түсті. Керуенбасы қауіпті жолға жеткенге дейін тынығып алу үшін бір жерді таңдап, сол жерде түнеп шыққан соң күн жарығымен жолды жалғастыруға ұсыныс жасады. Себебі күндіз ұрылар шабуыл жасауға көп бата қоймайды. Барлығы келісіп, керуеншілер жүктерін жылқылар мен түйелердің үстінен түсіреді. Керуенбасы саудагерлерге: "Ұрылар шабуыл жасай қалса, таба алмауы үшін қымбат заттарды бұл жерден біраз алысырақ, тастардың арасына тығып қойыңдар" деп нұсқау береді. Саудагерлер керуенбасының бұл ұсынысымен келісіп, бағалы заттарын тығуға кіріседі. Саудагерлердің арасында тауарларының көп болғанына қарамастан, алаңсыз жүрген бір адам бар еді. Ол басқа саудагерлерге олардың құнды заттарын қолайлы жерге жасыруға көмектесіп жүрді. Барлығына көмектесіп болғаннан кейін ол өз заттарын қолжетімді жерге жасырып қойды. Саудагерлер кешкі астарын ішіп болғаннан кейін, көңілдері байыз таппай, алаңдаған күйде демалып жатқан еді. Басқаларға көмектескен саудагер: "Бұлай болмас, кезекпен ояу отырып, ұрылардың шабуылдарынан абай болғанымыз дұрыс" дейді. Басқалар оның ұсынысымен келіскеннен кейін саудагер тұрып: "Сендер ұйқтаңдар, бірінші мен ояу қалып, күзетемін. Екі сағат өткеннен кейін біреуіңді оятамын да, өзім ұйықтармын" дейді. Алаңдап әрі шаршап отырған жолаушылар мұндай ұсынысқа қуана келісіп, араларынан бір адамның қайсарлық танытқанына қуанып, ұйқыға кетеді. Саудагер біраз күтеді. Барлығының ұйықтап қалғанына көзі жеткен ол абайлап, жолсеріктерінен алшақтап, жол қалтарысына қарай бет алады. Қараңғыда бір көлеңкені көргенге дейін жүреді. Тоқтап: "Егер сіз ұры, қарақшы болсаңыз менің сөздеріме құлақ салыңыз. Мен жалғызбын, қолымда қаруым жоқ. Мені өзіңіздің басшыңызға алып барыңыз, оған айтатын бір құпия бар" дейді. Ұрылар оны бас салып, қол-аяғын байлап, басшыларының алдына алып барады. Ұрылардың басшысына жеткен кезде саудагер оған осы жерден әудем жерде қонып жатқан саудагерлердің бірі екенін айтады да: "Егер менің заттарыма қол салмай, керуеннен ұрланған мүліктің бір бөлігін маған бөліп беруге сөз берсеңіздер, сіздерге бір құпияны ашамын" дейді. Ұрылардың басшысы тұрып: "Айт, сөз беремін!" дейді. Саудагер керуенмен бірнеше адамның сапар шегіп келе жатқанын және олардың бағалы заттарын тастардың арасына қалай жасырғанын айтып береді. Барлық заттардың жатқан жерін білетін көпес құнды тауарларды жасырған жерлерді ұрылардың басшысына көрсетеді де асығып керуенге қарай жүреді. Оның барып, келуі екі сағаттан артық уақыт алған еді. Сол себепті керуенге жете салысымен жолсеріктерінің бірін оятып: "Менің күзеткеніме екі сағаттан артық уақыт өтті, қатты ұйқым келіп тұр. Сен де екі сағат күзет. Шаршаған кезде басқа біреуді оят" дейді де, жатып өтірік ұйықтап қалады. Жаңа күзетшінің оянғанына жарты сағат өтер-өтпестен қарақшылар келіп керуенге шабуыл жасайды. Күзетші айғай салып барлық керуеншілерді оятып, ұрылардың келгенінен хабар береді. Қарақшылар саудагердің көрсеткен жағына барып, олардың жасырған бар мүліктерін алып кетеді, бірақ ешқайсысы кұпияны ашқан саудагердің заттарына жоламайды. Саудагерлер таң атқанша заттарының тоналғанына қайғырып, көз ілмейді. Таң атқаннан кейін тоналған керуен жүруге дайындалады. Бірнеше адам: "Тоналған соң сататын затымыз қалмады, кері қайтқанымыз жөн болар" десе, енді біреулері: "Келесі қалаға жеткен соң достарымыз бен таныстарымыздан қарызға ақша аламыз" деп ақылдасып жатты. Бірақ керуеншілер бір саудагердің мүлігінің тоналмағанына таң қалуда еді. Біреуі: "Ол қайсар адам, бәрімізге заттарымызды жасыруға көмектесті. Оның таза жүрегі оған көмектесті, заттары тоналмады" десе, басқа біреуі: "Ол жақсы адам, керуенді күзетемін деп суырылып шыққан да сол еді. Жақсылығының жемісі ғой бұл" деп жатты. Енді бір адамдардың пайымдауынша, ол өз заттарын тастардың арасына, қолжетімді жерден алысқа жасырмағандықтан ұрылардың көзінен таса қалыпты-мыс, себебі, қарақшылар мүлікті тек тастардың арасынан іздепті-міс. Саудагер жолсеріктеріне рахметін айтып: "Жолсеріктерімнің қайғылары қабырғамды қайыстырып барады. Енді керуеннен бөлек кетіп, қалған жолды жалғыз жүрмекпін" деп, заттарын екі-үш ат пен түйеге тиеп, жол жүріп кетеді. Шыға сала қарақшылар отырған жерге барып, келіскендері бойынша, олардан өзінің үлесін алып кетеді. Екі-үш күн өткеннен кейін керуен бір қалаға жетеді. Саудагерлер жора-жолдастарын тауып, олардан қарызға ақша алуға немесе ұрылардан қалған арзан заттарын сату үшін базарға барады. Олар базарда заттарын сатуға қойған өздерімен сапарлас саудагерді көреді. Көпестердің біреуі оның сатылымға қойған тауарлардың кейбірінің керуеннен ұрланған заттар екенін көреді. Ол өзінің серіктерін жинап алып, көргенін айтып береді. Олар жергілікті сотқа барып, шағымданады. Сот көпесті ұстап, оны алып келуді бұйырады. Сот саудагерді көрген бетте: "Ғажап, ұрының серігі, күзеттің досы сен екенсің ғой. Енді басыңа пәле жаудыртам!" дейді. Осы оқиғадан кейін өз мүлкін сақтап қалу үшін әр іске баратын, тіпті, дұшпан үшін тыңшылық жасайтын екіжүзді адамдарға "Ұрының серігі, күзетшінің досы" деп айтылады болыпты.