Иран ертегілері мен аңыздары (14)
Өткен бөлімде айтып өткеніміздей, мақалдың ең маңызды ерекшеліктерінің бірі – оның "қысқа әрі нұсқа" болуы.
Тәжірибелерге сүйену – мақалдың ерекшеліктерінің қатарына жатады. Әдебиеттанушылардың пікірінше, мақалдар - халықтың тәжірибелерінен туындаған даналық. Оның халық сөзіндегі рөлі жеке ойдағы философияның рөліне тең. Мақалдар ұзақ тәжірибелер мен парасатты ойлардың нәтижесінде пайда болды. Мақалдардың қайнар көзі халық тәжірибесі болып табылады. Әрбір адамның өмірінде кездесуі мүмкін қарапайым әрі күнделікті бір оқиға даналыққа ие сөйлемнің негізін қалайды. Мақалдардағы сөздер мен сөз тіркестерін зерттеу нәтижелері көрсеткендей, бұл сөздер халық өмірінің барлық тұстарын қамтитындықтан халық өмірінің айнасы болып табылады. Мақалда өмір жанды және тартымды түрде көрсетілген, сонымен қатар мақал қоғамдық, ахлақи және діни заңдарды қарапайым тілмен жеткізеді. Мақалдар – халықтың ілімдері мен жеке тәжірибелерінің нәтижесі болып табылады. Халықтың тәжірибесі қарапайым әрі күнделікті өмірден алынатындықтан, мақалдар да осындай ерекшеліктерге ие. Мақалдардың тағы бір ерекшелігі – бірнеше мәселені қамтуы. Мақалдар бір кішкене мәселені көтергенімен, шын мәнінде ауыспалы мағынада тұрғандықтан, жалпыхалықтық даналықты баяндайды. Мысалы, "Күрек ұстамадым, бірақ көлеңкеде жүзім жедім" (парсы мақалы) мақалы еш талпыныс жасамай, пайда күту мағынасын жеткізу үшін айтылады. Мақалдардың бірнеше мәселені қамтуы олардың кең қолданыла бастағанына себеп болды. Бұл жағынан мақал-мәтелдер қарапайым болғандықтан халық арасында таралып кеткен ұлы тұлғалардың айтқан немесе көрнекті туындылардан алынған қанатты сөздеріне ұқсайды. Құрметті достар, мақал мен оның ерекшеліктері туралы әңгімемізді келесі бөлімде жалғастырамыз. "Қай жер жақсы? Жүрекке жағымды жер жақсы" атты ғибратқа толы ертегімен танысуға шақырамыз. Ертеде бір қарт әйел ұлымен бірге кедейшілікте өмір сүріп жатыпты. Бір күні ұлы анасына: "Мына жерде жұмыс жоқ. Басқа қалаға барып, сол жерде жұмысқа тұрып ақша табайын" дейді. Амалы таусылып отырған анасы ұлының қолына соңғы алтын тиыны мен жол азығын ұстатып: "Жолың болсын! Алла жар болсын" деп шығарып салады. Жігіт біраз жол жүрген соң базарда отырған бір қарт дәруішке жетеді. Қарт дәруіш: "Менің өмірлік тәжірибемді бір тиынға сатып алатын адам бар ма?" деп айқай салады. Бірақ дәруіштің сөздерін тыңдау үшін бір тиын беретін адам табылмайды. Жас жігіт ішінен: "Менде бәрібір ештеңе жоқ. Мына тиынды қартқа берейін" деп ойлайды да тиынды қартқа беріп жатып: "Енді өмірлік тәжірибеңді маған айт" дейді. Қарт: "Ешбір адам өзінің тұрып жатқан жеріне разы емес. Сондықтан бақытты болу үшін басқа жерге бару керек деп ойлайды. Бірақ менің ойымша, адамның жүрегі қалаған жерде ғана бақытты бола алады. Жер мен мекен емес, ең маңыздысы - бақытты болу" дейді. Жігіт қайтадан жолға түсіп бір шөл далаға жетеді. Ол жерде бір құдықтың басында жиналып тұрған адамдарды көріп, жақындап келіп не болғанын сұрайды. Жиналғандардың бірі: "Біздің керуен мына құдықтан су алу үшін осы жерге келді, енді өзіміз де, төрт аяқты малымыз да шөлдеп тұрмыз. Бірнеше рет құдыққа арқанмен шелек түсірдік, бірақ, шелектер құдыққа түсіп кетіп жатыр. Құдықтан шелектерімізді алып шығуға бір адамды да жіберіп көрдік, ол да қайтпады. Құдықта не болып жатқанын білмейміз" дейді. Үйінен жұмыс іздеп шыққан жас жігіт бай саудагерлерге өзінің күшін көрсету үшін жақсы мүмкіндік туды деп ойлайды. Ол керуеншілерге қарап: "Маған құдыққа түсіп не болғанын біліп келуге рұқсат беріңіздер" дейді. Құдыққа түсуге батылдары жетпей тұрған керуеншілер келісе кетеді. Жас жігіттің беліне арқан байлап, оны құдыққа түсіреді. Жігіт құдықтың қабырғасына жабысып, ептеп төменге түсіп, суға жетеді. Шелектерді табу үшін суға түсуге ұмтыла бергенде бір үлкен қара дию пайда болып жігітке: "Мұнда не ғып жүрсің? Егер жылқы құдыққа келсе қорыққаннан тағасын лақтырады, егер тауық келсе қауырсынын лақтырады" дейді. Жігіт қатты қорқып, диюға сәлем береді. Дию күліп: "Сәлем амандық алып келеді. Сыпайы жігіт екенсің, саған бір сұрақ қоямын. Егер дұрыс жауап берсең, құдықтан су алып, аман-есен қайтып оралуыңа рұқсат беремін. Егер сенің де жауабың сенің алдында келген адамның берген жауабы сияқты қисынсыз болса, құдықтың қапасына қамап қоямын" дейді. Жігіт ішінен: "Не де болса тәуекел етіп, мына қара диюдың не ойлағанын көрейін" деп ойлайды да: "Келістім. Сұрағыңды қой!" дейді. Дию: "Наның жоқ еді, суың жоқ еді, құдыққа не себеппен келіп едің? Бірақ қай жер жақсы?" деп сұрайды. Жігіт: "Түсінікті ғой. Жер үстінде бақ пен саябақтың ішінде жақсы" деп ойлайды. Әйтсе де тағы біраз ойланып: «Егер осылай жауап берсем, оны ренжітіп аламын. Себебі оның үйі қараңғы құдықта ғой» деп ойлайды. Бір кезде есіне қарт дәруіштің сөздері түсіп, қуанып: "Қай жердің жақсы екені мәлім ғой. Жүрекке жайлы жер жақсы. Қай жер болмасын, жүрекке жағымды болса, сол жерде бақыт та болады" дейді. Дию қатты қуанып: "Сенің зерек әрі тәжірибесі бар жігіт екенің көрініп тұр. Сенің алдында құдыққа түскен адам ең жақсы жерді жер үстіндегі бақтар мен саябақтар деген еді. Шелектеріңді ал, саған үш анар беремін. Үйіңе жеткенше оларды ешкімге көрсетпе" дейді. Жігіт диюға алғысын айтып, шелектерді алып, оларды суға толтырған соң құдықтан шығады. Сыртқа шыққан соң керуеншілерге қара дию туралы әңгімелеп береді, бірақ анарлар туралы тіс жармайды. Керуеншілер жігітке рахметтерін айтады. Жігіт керуенмен бірге өз қаласына қайтып келеді. Сол жерде керуендегі бір адам жігітке бір сиыр мен бір қой беріп: "Біз біраз уақыт осы қалада боламыз. Қайтар кезде, сен де бізге қосылып жұмыс істе" дейді. Жігіт керуеншілермен қоштасып, үйіне келеді. Анасы ұлын көріп қуанышы қойнына сыймай: "Қайтып келгенің қандай жақсы болды. Жақын арада сені көремін деп ойлаған жоқпын" дейді. Жігіт: "Маған Алла көмектесті. Осы уақыт ішінде бір қой мен бір сиыр табыс таптым. Оған қоса, бұдан былай керуенмен сапарға шығып, керуеншілермен бірге жұмыс жасайтын боламын" дейді. Кешкі астарын ішкен соң, анасы шаршап, ұйқыға кетеді. Ал жігіт анардың біреуін алып, аршып көреді. Анардың дәндерінің әрбіреуі нұр шашып тұр екен. Жас жігіт бұл анардың дәндерінің ең жақсы судың інжу моншағы екенін түсінеді. Ол керуенмен бірге сапарға бармайтын болды. Інжу моншақтың бірнешеуін базарға апарып сатып, содан түскен ақшаға дүкен ашады. Осы оқиғадан кейін бір кісі лайықты емес жерде, кедейшілікте өмір сүріп, бірақ әрқашанда көңілді әрі бақытты адамды көрсе "Қай жерде жақсы? Жүрек қалаған жерде жақсы" деген мәтелді айтады екен.