Иран ертегілері мен аңыздары (13)
Сәу 19, 2016 13:13 Asia/Almaty
Мақал – халықтық нақыл сөздердің бір түрі әрі ауыз әдебиетінің бір элементі.
Мақал-мәтелдердің кең қолданысқа ие болуы халықтар мәдениетінің қалыптасуында маңызды рөл атқарды. Мақал-мәтелдер – халықтардың мәдениеті, қоғамдық нормалары, наным-сенімдері, көзқарастары мен өмір сүру стилінің айнасы болып табылады. Мақал-мәтелдер әр халықтың сөздері, сөз тіркестері, тұрақты сөз тіркестері мен тілінің сақталуына және сол тілдің құдіреттілігі мен байлығына себепкер болады. Мақал-мәтелдер қысқа әрі мағыналы болып келеді. Зерттеушілердің пікірінше мақалдар дәл осы қасиеті үшін қоғамдық ахлақ, әдет-ғұрып пен ойға әсер ете алады. Парсы және араб сөздіктерінде ағылшын тіліндегі баламасы proverb болып табылатын мақал сөзі үшін көптеген анықтамалар берілген: «дастан», мақал-мәтел, ғибратты әңгімелер. Парсы тілінде мақалды «дастан» деп те атайды. "Дастан" парсы тілінде «хикая» және «аңыз» деген мағынаны білдіреді, "дастан айту" "мақал келтіру" деген мағынада айтылады. Зерттеушілер мақал мен мысал қасиеттеріне ие дастандарды айыру тұрғысында былай дейді: "Бір хикая сюжеті мен кейіпкерлері тұрғысынан тыңдарманның хал-жағдайымен оның ұқсастығын білдіретін бір ерекшелікке ие болып, сонымен қатар қарсы тарап үшін бір үкім немесе дәлелді қамтыса мысал болып саналады". Итальяндық атақты ақын Сервантестің пікірінше, «мақалдар - ұзақ тәжірибелердің нәтижесінде туындаған қысқа сөйлемдер". Бір бақалшының дүкенінде айлакер тышқандар ұя жасап алыпты. Түнде бақалшы үйіне қайтқан кезде, тышқандар тойлатып, көңіл көтере бастайды екен. Бірі құрт іздеп, екіншісі сұйық май ыдысына шабуыл жасап, тағы бірі күріш пен асбұршақтың қаптарын тесіп, соңында тапқан заттарын ұяларына тасиды екен. Енді бір тышқан тойғанша жаңғақ пен бадам жейді екен. Қысқасы, әр тышқан бір азықтың соңында жүріпті. Бақалшы бейшара қанша жерден тұзақ құрып, у шашса да тышқандардан құтыла алмапты. Екі тышқан өлсе орнына төрт тышқан дүниеге келіпті. Бақалшы достарының кеңесімен іздеп жүріп семіз бір мысық тауып алады да, дүкеніне алып келеді. Мысық күндіз ет, ірімшік пен шелпек жеп, дүкеннің алдында жүріпті, ал кеш батысымен өзінің өткір көздерімен ар жақ бер жағына қарап, тышқандардың ұядан шыққанын аңдитын болыпты. Бір тышқан көріне салысымен, мысық тышқанды ұстап алып, қылғытатын болыпты. Мысық пайда болысымен тышқандардың бұрынғысынша дүкендегі азық-түлікке жолауға жүректері дауаламапты. Ісінің оңалғанын көрген бақалшы қатты қуаныпты. Мысық та күндіз тамақтандырып, жақсылап дем алуына мұрсат беретін өз иесіне дән риза болыпты. Бақалшы да түнде тышқан аулап, дүкендегі заттардың ұрлануына жол бермейтін мысықтың ісіне көңілі толыпты. Мысық көп тышқан аулап, олардың бақалшыға зарар тигізуінің алдын ала алғанымен, мысық ұйықтап жатқан кезде қаптың бір ұшын тесіп, өзі және басқа тышқандарға аз да болса азық ұрлайтын тышқандар да жоқ емес еді. Бақалшы мысықтың жұмысына риза болғанымен, сол бір-екі тышқанның ұрлығының қалай алдын-алуға болатынын ойластырады. Осы оймен бір күні көбірек тышқан ұстауы үшін мысыққа тамақты азырақ береді. Бақалшының бұл жобасы бір-екі аптада жүзеге асады. Семіз мысық біртіндеп арықтап, түнде көбірек тышқан аулай бастайды. Сол себепті тышқандардың дүкенге шабуылы қайталанбайтын болыпты. Өзінің қулығымен тышқандардың ұрлығының алдын алған бақалшы қатты қуанады. Бірақ мысық бұрынғысынша қуанышты емес еді. Оның тышқанды да, ірімшік пен шелпекті де қатар жегісі келді. Мысық күннен-күнге арықтап бара жатқанын және бақалшының өзіне селқос қарап жүргенін байқайды. Бақалшы мен мысықтың жағдайынан азды-көпті хабардар болып отырған тышқандар бір күні жиналып, пікір алмасып, бір жоспар құрыпты. Түн батқанда батыл әрі өмірін осы жоспар үшін қиюға дайын жанкешті бір тышқан таңдап алынады. Ақылды тышқан күріш, асбұршақ және құрт салынған қаптардың арасынан басын шығарып мысыққа: "Мені бас салмас бұрын, бір минут менің сөзімді тыңда. Біріншіден, мен қашар жолымды алдын-ала белгілеп қойдым. Сондықтан маған жете алмайтыныңа сенімді бол. Бірақ егер сөздеріме құлақ салсаң, өзіңе пайдасы тиеді" дейді. Мысық алдымен тышқанды бас салмақ болып, кейін райынан қайтып, ішінен: "Не айтатынын естиін" деп ойлайды да: "Сөйле! Айтарыңды айт!" дейді. Тышқан: "Сен дүкенге келгеннен бері біздің жағдайымыз нашарлап кетті, біз аштықтан өлуге шақ қалдық" дейді. Мысық тышқанның сөзін аяқтатпастан, атып тұрып: "Басқа не күтіп едіңдер? Мен мысықпын, сендер тышқансыңдар, бәрі түсінікті ғой" дейді. Тышқан: "Дұрыс айтасың, бірақ ақылды іске қосқан да жаман іс емес. Бақалшы адам, ал біз хайуанбыз, мүмкін бір келісімге келерміз" дейді. Мысық тышқан оның намысына тиюге тырысып жатыр деп ойлап, орнынан атып тұрып, бас салмақ болады. Бірақ тышқан қаптардың арасына жасырынып: "Сен мысықсың. Менің сөздеріме құлақ сал. Соңғы екі-үш аптада бақалшы саған тамақты аз бергені соншалық, бір-екі күнде тышқан аулайтын күшін де қалмайды" дейді. Тышқанның шындықты айтып тұрғанын түсінген мысық біраз түсін жылытып: "Сенде шаруам жоқ, айтатыныңды айт енді" дейді. Тышқан қайтадан басын шығарып: "Білем. Сен де дүкеннің кейбір заттарына қол салғың келеді. Мысалы, ірімшік пен шелпек жемегеніңе біраз уақыт өтті. Егер, біз, тышқандар басқа ұяға кетіп қалсақ, сен мына жерде аштықтан өлесің. Біздің ұсынысымыз: сен әр түні жарты сағат ұйқыға кетесің, сол уақытта біз дүкеннен барлық қажетті заттарымызды алып, ұямызға тасып аламыз. Оның орнына, сенің қалағаң нәрсеңді алып келіп, бір бұрышқа дайындап қоямыз. Сенің өзіңнің үлкен тырнақтарыңмен біз сияқты қаптардан құрт пен ірімшікті ала алмайсың" дейді. Тышқаннан басқа тағамдарды сағынған мысық ішінен: "Бір түн мың түн емес қой, бүгін бір рет не болатынын көрейін" деп ойлайды да тышқанға: "Не болса да мен бүгін шаршадым. Ұйқым келіп тұр. Сендер не істегілерің келеді, өз еріктерің" дейді. Тышқан мысықтың оның ұсынысымен келіскенін түсінеді. Ұясына қайтып келіп, басқа тышқандарға мысықтың келіскенін айтады. Сол түні тышқандар абайлап, көңілдері қалаған азықтарды бас салып, қалағандарынша жеп, қалағандарынша ұяларына тасып алады. Біразын мысыққа да алып қояды. Тышқандар өз ұяларына қайтқан кезде мысық өзіне арналып дайындалған азықтарды жеп алады да, ұйқыға кетеді. Бұдан былай мысық пен тышқандардың жоспарлары жүзеге асып жатады. Тышқандар да, мысық та өз істерінен риза болыпты. Бірақ бейшара бақалшы!... Ол өзінің еккен ағашының жемісін көріп отырғанын түсінбейді. Мысық пен тышқандардың әріптестігі жайлы хикая халыққа тарап, сол уақыттан кейін ел арасында екі дұшпанның ортақ пайдалары үшін достасқанын және осы достықтың басқаларға тиетін зиянын көрсету үшін: "Мысық пен тышқан келісті, бақалшының халы мүшкіл " деген мәтел айтылатын болыпты.